0 дауыс
3.5k көрілді

Менің атым Асылхан. Кәсібім орысша-қазақша аударма қызметі. Қойғым келген сұрағым мынадай: орыс тілінде "обращение" деген сөз бар (мәселен "обращение к акиму города" деген мағынада), оны біз "жүгіну" деп те, "өтініш білдіру" деп те аударып жүрміз. Аталған аудармаларды жекелеп қарасақ, "жүгіну" дегеніміз - "коленопреклонение", ал "өтініш білдіру" - "выражение просьбы" емес пе. Содан, көптеген түркі тілдерінде осы тілдің синонимін іздей келе, олардың көбісінде араб тілінен енген "муражаат" сөзінің қолданылатынын аңғардым. Aраб сөздері қазақ тіліне жат емес болғандықтан, бұл сөзді қазақ тіліне де енгізуге болар еді "мұражат" қалпында. Бұл хаққында айтар ойларыңыз қандай болады, құрметті ағайын-апайын.

1 жауап

0 дауыс

ф.ғ.к., доцент Б.Ж.Исхан

Орыс тіліндегі барлық сөзді аударып, оның жетегіне ілесе беруге болмайды. Сөйлемнің немесе мәтіннің айтайын деген негізгі ойын дәл беріп, қазақшалау қажет. Орыстың «обращение» сөзі «обратиться» етістігінен туындайтыны белгілі. Сол себептен осы етістіктің жалпы мағынасы біреуге немесе бір нәрсеге «көңіл бөлу, назар аудару», «бірдеңені арнау, бағыттау» екені де түсінікті. Өзімнің ойымша, «обращение» сөзі жаңағы мағынаға жуық түсінікте қазақшалануы керек. Мысалы, «Обращение к народу РК президента Н.А.Назарбаева» деген атаулық сөйлемді «Президент Н.Ә.Назарбаевтың ҚР халқына арнаған жолдауы» деп аударып жүрміз ғой. Айта кететін бір уәжіміз – «араб сөздері қазақ тіліне жат емес» деп, өзге тілдердің сөздерін зорлықпен енгізудің қажеті жоқ. Өзге тілдік сөздер қандайда болсын бір тілге табиғи жолмен енуі қажет. Тіліміздің сөздік қоры мен құрамы бай. Оның әлеуеті кез келген ой-пікірді айтуға әбден жетеді. «Егер белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, бұны тіліміздің оралымсыздығынан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігімізден көру керек», – деп М.В.Ломоносов айтқандай, біз де тіліміздің бар мүмкіншілігін сарқа пайдалана алмай жүрміз-ау!
http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/suraq-jawap

...