0 дауыс
1.8k көрілді

2025-ші жылға латын әліпбиіне көшеміз деген мақсат белгілеп қойдық. Алайда, бұл асығыс шешім деп ойлаймын өз басым. Себебі, тілімізде шешілмеген әлі көптеген мәселелер бар. Солардың бірі - қазақ тілінің орфографиясы. Орфографиямыз өте әлсіз, өйткені қандай да бір сөйлемді жазған кезде, орфоэпияға сүйеніп жазамыз. Ал бұл болса, дұрыс емес әрине. Басқа түркі тілдерінің орфографиясы менен қазақ тіліміздің орфографиясы арасында жер менен көктей алшақтық жатыр. Мәселен, түркі тілдері менен қазақ тілінің арасында бұл жайында салыстырмалы мысал келтіруге де болады: сығыр (түрікше), сыйыр (қарақалпақша, қырғызша) - сиыр (қазақша); аўырыў (қарақалпақша), ағырығ (хақасша) - ауру (қазақша). Көріп жатқаныңыздай, алшақтық білініп-ақ тұр. Осындай осал орфография түзетілмейінше, латынша әліпбиге көше алмаймыз. Себебі, осындай әлсіз орфография менен латын әліпбиіне көшкеннің өзінде де, кейін көптеген қиыншылықтар және машақат орын алады, қазақ тілінің жағдайы одан сайын нашарлай түседі. Ең алдымен, қазақ тілінің орфографиясын ретке келтіріп алу керек, ал латын әліпбиіне көшу мәселесі - ол бөлек әңгіме. Қазақ тілінің дұрыс жазылу үлгісін келесі мысалда келтіргім келеді: «Мемлекеттік тілді дамытыў институты» ЖШС мемлекеттік тілді қолданыў менен дамытыўға өз тарапынан үлес қосыў үшін құрылған. Негізгі қызметтері: Орыс және өзге тілдерден қазақ тіліне, қазақ тілінен өзге тілдерге аудармалар жасаў. Түрлі мәтіндердің қазақ тілінің нормасына сай құрылғандығын тексеріў, редакциялаў, корректуралық тексеріўлерден өткізіў, лингвистикалық кеңестер беріў».

2 жауап

+2 дауыс

Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к., доцент

Сұрақ қойып, біздің сайт қызметін пайдаланғаныңызға рақмет! Көтерген мәселеңіз орынды. Расында да қазіргі қазақ емлесінде (орфографиясында) бірталай қайшылықтар мен қиындықтар бар. Өз басым әліпби ауыстырудың ең басты себебі – солардан арылу деп ойлаймын. Алайда қазіргі қазақ қоғамы ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдарламалық, электронды құрал-жабдықтық, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, педагогика-психологиялық, тарихи-мәдени байланыстық (түркілік ұлттардың бірдей әліпби пайдаланып тұтасуын) және т.б. себептерді алға тарттып жүр. Біздің ойымызша, бұлардың бәрі – жанама себептер. Біз, негізінен ұлттық-танымдық, ұлттық-лингвистикалық мәселені қазақ жазуын латыншаға ауыстыру арқылы оңтайлы шешуге болады дейтіндер жағындамыз. Ал сіздің «2025-ші жылға латын әліпбиіне көшеміз деген мақсат белгілеп қойдық. Алайда, бұл асығыс шешім деп ойлаймын өз басым» деген пікіріңізбен келіспейміз, белгіленген уақытқа дейін дайындақ жұмыстары үздіксіз мұқият жүргізілетін болса, ешқандай «асығыстық» емес. Өзіңіз атап көрсеткендей, дауыссыз дыбыстардан кейін келетін «и» әрпін (би, ки, жи, си (сиыр, жиын т.б.), ми, ти, ли) 1950 жылдардағыдай етіп, «ый», «ій» деп жазамыз ба, әлде жазу экономиясы үшін (акад. І.Кеңесбаевтың идеясы) осы қалпында қалдырғанымыз жөн бе деген мәселелерді шешіп алу керек. Сол сияқты өзгетілдік қоғамдық-саяси сөздер мен ғылыми-техникалық терминдер (университет, уран, курс т.б.) құрамында ғана қолданылатын дауысты «у» дыбысын болашақ латынша қазақ әліпбиінен шығарып тастау да қазақ емле ережесіне үлкен өзгеріс әкеледі. Ал «бу», «ту», «жу», «қу» сияқты т.б. дыбыс тіркестеріндегі «у» да жазу экономиясы үшін қабылданған әріп. Олардың сіз мысалға келтірген «дамытыў», «беріў» деген және тағы басқа да толып жатқан өзге сөздердегі дыбыстық таңбасы, яғни транскрипциясы «ұу» және «үу». Ал «редакциялаў» деген сөзіңізде дауысты дыбыстан кейін келіп, өз қалпында дауыссыз дыбыстың әрпі ретінде қолданылған. Кейбір тілші ғалымдар айтып жүргендей, үнді дауыссыз дыбыс «у»-дың «ыу», «іу» деген нұсқалары тілімізде жоқ. Себебі қос еріндік «у» дауыссыз дыбысы езулік «ы», «і» дауысты дыбыстарымен еш уақытта тіркесе алмайды. Мысалы, «оқы» етістігіне «у» жұрнағы жалғанса, «оқу» болып жазылады. Оның транскрипциясы – [оқұу]. Сол себептен «ыу», «іу» дыбыс тіркесімі біздің тілімізге мүлдем жат. Сізге жауап пікіріміздің тоқ етері – тіліміздің емле ережесі түзелмейінше, емле (орфография) сөздігімізде ала-құлалық бола береді. Ал қазақ тілі емле ережесін түзеу, ең алдымен, тіліміздің төл әліпбиін құрастырып алудан басталады.
http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/suraq-jawap?start=15

0 дауыс
Басқа түркі тілдерден ерекшелігіміз осы емес пе, басқа тілдерге теңеп-теңестіру қажет емес. Ыбырай атамыздың сара жолынан таймайық.
...