Кредит, Несие | 613 қаралды
613 қаралды
Несие мен депозиттің айырмасы қандай?

3 жауап

Несие

Бірнеше жыл бұрын «басында несиесі бар, не жоқ» деп бөлінетін қазақ қоғамы бүгінде «банкте несиесі бар» және «банктен депозит ашқан» деп шартты түрде екіге бөлінетін болды. Тамыз айының бел ортасындағы дерек бойынша Қазақстанда 6 345 407 несие алушы тіркелген. Осы қарызгерлердің 6 274 510-і жеке тұлға, қалғаны – заңды тұлғалар.

2014 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстан банктерінің несие қоржыны өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 7,7%-ға артқан. Еліміздің несие нарығына қатысушы 38 банктің экономикаға үлестірген несиелерінің жалпы көлемі 12 трлн 163,3 млрд теңгені құрады. Енді осы көрсеткіштің 37%-ын «жаман қарыздар», яғни төлем мерзімінен 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген қарыздар құрайды. Демек, банктерден алынған несиелердің үштен бірі «жұмыс істемейді». Мәселелі несиелер санатына жатады.

Қайтарымсыз берілетіндей асыға-үсіге «несиеге отырғандардың» уақыты келгенде өтеуден ат-тонын ала қашып, не төлеуге шамасы келмей, не ықыласы болмай банк алдындағы борышын еселей түсетіні бар.

Бұған бір банктегі қарызын басқа банктен қарыз алып жабуды ойлайтын пақырларды қосыңыз. Осы ретте Қазақстандағы несие нарығының олқылықтары мен-мұндалап шыға келеді. Банктен тапқан танысына «тиын» үлестіріп несие ресімдейтін, не болмаса өз табысын асыра көрсетіп сенімді клиенттің кейпін жасайтын қарызгерлерге қатысты қатал шектеулер қойылмағаны да жағдайды қиындатты. Несие беру тәуекеліне баруды әр банк өзі шешетіндіктен үкімет тарапынан араласуға болмайтыны да жағдайды өршіте түседі. Нәтижесінде, көңілі алаң, ойы шашырап, шарасы таусылған азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Әрбір үшінші қазақстандықтың дербес несие тарихы бар. Десе де несие алушылардың арасында өз несие тарихының маңыздылығын жіті түсінбейтіндері де жоқ емес. Осы ретте несие тарихына қатысты әр қарызгер білуге тиісті нәрселерді сіздің назарға ұсынып отырмыз.

1. Өз несие тарихыңызбен танысу қиындық туғызбайды, ұзаққа созылмайды және қымбатқа түспейді. Заңнамаға сәйкес әрбір қазақстандық өз несие тарихы туралы дербес несиелік-есепті жылына бір рет тегін алуына болады. Бір жылда несиелік-есепті қайтара алу үшін жеке тұлға 400 теңге, ал заңды тұлға 800 теңге көлемінде ақы төлейді.

Дербес несиелік-есеп төрт жолмен беріледі: «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің Алматы қаласында (Алматы қ., Самал-3 ш/ауд., 25 үй) және Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында (Мирзоян көш., 25 үй; Республика д., 43 үй) бар. Алматылықтар мен астаналықтар, не болмаса осы қос қалаға жолы түскен азаматтар көрсетілген мекенжайдан өз дербес несие тарихы туралы есепті алуына болады.

Бұл қос қаладан тыстағы қазақстандықтардың да өз дербес несие тарихын біліп алуына арадағы қашықтық кедергі емес. Шекара дегенді елеп ескермейтін интернет деген дүниенің тілін білсеңіз, www.egov.kz электронды үкіметінің сайтынан, болмаса www.myth.kz қаржы порталынан онлайн түрінде өзіңізге қажетті ақпарды білуге жағдай жасалған. Бастысы, электронды цифрлы қолтаңба болса болғаны. ЭЦҚ арқылы көрсетілген сайттардың кез-келгеніне дербес несие тарихы туралы есеп жасатуға тапсырыс беріледі.

«Первое кредитное бюро» ЖШС мәліметтер базасының 2014 жылдың тамыз айының ортасындағы статистикасы бойынша, Қазақстанда
6 345 407 бірегей несие алушы тіркелген, олардың 70 897-сі заңды тұлғалар, ал 6 274 510–і жеке тұлғалар. Мәліметтер базасында тіркелген несие келісімшарттарының саны – 22 723 000.

Бұл тәсілдерден бөлек, почта қызметі де ұсынылады.

2. Тұлғаның алған несиелері туралы ақпарат «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен қызметтестік шартқа отырған кез келген ұйымға қолжетімді. Қазір мұндай қаржы және несие компанияларының саны – 79. Есте ұстайтын бір жайт, сіздің несие тарихыңыз туралы ақпарат тек сіздің жазбаша келісіміңізден кейін ғана беріледі.

3. Қолма-қол ақшамен несие алмаған болсаңыз, бірақ бөліп төлеу түрімен тауар рәсімдеп, несие картасын қолдансаңыз, онда «Бірінші кредиттік бюрода» сақталатын несие тарихы жүргізілуі мүмкін.

4. Дербес несие тарихы – бағалы актив іспеттес дүние. Несие тарихы жақсы болса, онда банктің ең тиімді шарттарын пайдалануға жол ашылады. Өйткені, банктер де несие тарихы жақсы клиенттерді жіберіп қоймауға тырысады.

5. Бірінші кредиттік бюро – банктің бөлімшесі емес. Несие беру, не бермеу туралы шешім қабылдамайды. Несие беру туралы шешімді әрбір банк өздігінен қабылдайды. Бюро тарапынан тек сан мен мерзімге негізделген ақпарат ғана беріледі.

6. Несие тарихы мінсіз болуы үшін төлемді бірде-бір рет кешіктірмеу керек деген түсінік қалыптасқан. Алайда, әрбір несие-гер қарызгердің несие тарихын өз несие саясаты аясында бағалайды. Ондайда аз мөлшерде және сирек болатын кешіктірулерге көз жұма қарауы мүмкін.

8.Дербес несие тарихының құпия сақталу қауіпсіздігі заң талаптарымен қорғалады. «Бірінші кредиттік бюродағы» қарызгердің несие тарихы банктер мен несие ұйымдары тарапынан ұсынылған ақпараттар негізінде ғана құрылады.

9. «Бірінші кредиттік бюродағы» барлық несие тарихтары заңға сәйкес соңғы жаңартудан кейін 10 жыл мерзім бойына сақталады.

10. Қажет болған жағдайда нақты дәлелдермен несие тарихына түзету енгізуге болады. Өйткені, «Бірінші кредиттік бюро» банктер мен несие ұйымдары тарапынан ұсынылған ақпараттарды сақтаумен айналысады. Банк, не несие ұйымдары тарапынан жіберілген қате мәліметтерді түзету үшін шағымдануға рұқсат етіледі. Бірақ, сіздің есебіңізден кешіктіріп төлеу, қарызды толықтай өтемеу сынды мәселелер өзгертуге жатпайды. Несие тарихы несие төлемдерін уақытылы және толықтай төлеу арқылы жақсартылады.

Депозит

Қоғамның бір жартысы несиесімен басы қатып жүргенде, екінші бір шағын бөлігі банк-тен депозит ашып, ертеңінің іргетасын қалап жатыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі депозит көлемі 18,5 пайызға молайып, 11 трлн 955 млрд теңгеге жеткен.

Әсіресе, жеке тұлғалардың салымдары айтарлықтай көбейді. Маусым айындағы есеп бойынша жеке тұлғалардың мерзімдік және шартты депозиттерінің қоржыны 3,8 триллион теңге болған. Осылайша, жұртшылықтың салымы ұжымдық депозиттердің үлесін басып озып, 54,8 пайызды құрады.

Дәл қазіргі таңда Қазақстан жұртшылығы үшін ең қауіпсіз инвестициялық құрал – депозит болып отыр. Өйткені, жеке тұлғалардың салымдары мемлекет тарапынан кепілдендіріледі.

Депозиттерді міндетті сақтандыру жүйесіне 37 банк қатысады. Олардың әрбірі кемінде 1 депозит бағдарламасын ұсынады. Мемлекет тарапынан 5 млн теңгеге дейінгі депозит кепілдендіріледі.

Осындайда инфляция мөлшерінің тоқтаусыз өсуі халықтың депозитке деген ықыласын арттырғанын байқатады. Өйткені, экономика сарапшыларының сөзінше, ақшаны үйде емес, банкте ұстау тиімді. Депозиттің сыйақы мөлшерлемесі иеліктегі ақшаны инфляцияның жеп қоюынан аман сақтайды.

Үйде сақтау демекші, қаржысын қолында ұстауды құп көрген жан үшін доллар тиімді болмақ. Ал, депозитке салмақ болса, онда теңге оңтайлы. Себебі, теңгемен ашылған депозиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары.

Жалпы банкте табысының бір бөлігі өздеріне салынған депозит қаржысын несие түрінде үлестіріп, үстеме пайыздан түскен кірістің бір бөлігін депозиттің сыйақы мөлшерлемесіне беріп, қалғанын пайдаға айналдырудан құралады. Демек, жоғарыда келтірілген 37 пайыз «жаман қарыздың» банктер үшін де қаупі мол.

Түйін:

Сонымен, несие дегеніміз белгілі-бір мерзім бойына пайдаланып, қайтарылу үшін пайыз төлеу шартымен берілетін қарыз. Ал, депозит болса несиенің көзі деп айтуға жарайды. Өйткені, депозитті несие мекемесіне сақтауға береді. Өз кезегінде несие мекемесі депозит арқылы келген ақшаны табыс келтіретін қаржы операцияларына салады. Табыстың белгілі бір мөлшері депозит ресімдеген кезде көрсетілген пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бойынша негізгі салымға жамалып отырады.

Жәнібек НҰРЫШ

Ақпарат көзі: http://kz.otyrar.kz/2014/09/nesie-men-depozitti%D2%A3-ajyrmasy-%D2%9Bandaj/

Жақсы Жауап
Несие деген кредитке ақша алу,ал депозит деген ақшаны банкте сақтап қою.
Несие деген банктен белгілі бір пайзбен қарызға ақша алу. Ал депозит ақшаны %пен банкке сақтап қою,
118,439 сұрақ
305,386 жауап
153,303 пікір
67,823 қолданушы