«Еспенбет» поэмасы
Ақынның ел өмірінің ескі бір тақырыбына құрып, жазба әдебиет үлгісінде шығарылған бұл поэмасы XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті үшін жаңалық еді. Поэма:
Еспенбеттей ер қайда?
Еспенбеттей ер туса,
Ер күтетін ел қайда? —
деген жолдармен аяқталады. Шығарма, міне, осы аңсардан, яғни ақынның күллі шығармашылығына ортақ елге тірек ер, көсем шықса, халық соның қасынан табылса деген идеядан туған. Хан-сұлтандар халқынан бөлініп, жатқа жағынған, батырлары «қазан бұзар үй тентекке айналған» заманда ер мен елдің бірлігі идеясын халықтың көкейіне жеткізіп, еңсесін тіктемек болған. Сол мақсатпен айбынды бейнелері халық жадынан өшпеген Ер Қосай, Қабанбай, Ақтамберді батырлар заманындағы қазақтардын, қалмақтарға қарсы бір шайқасын өзек етіп алып, батырлық дастан тудырған. «Еспенбет» поэмасы батырлар жырының үлгісінде жазылғанымен, онда, қиял-ғажайып оқиғалар, тылсым күштер, нанымсыз әсірелеулер атымен жоқ. Бас қаһарман Еспенбет те, оның Ақберте аты да, қалмақ, қазақ батырлары да – бәр-бәрі өмір шындығы аясында алынып, суреттеледі.
Жырау поэмасын бастаған жерден бас қаһарманын:
Ер Еспенбет кешегі
Ерекше ер деседі.
Тіл біткеннің шешені,
Топта бермес есені.
Үлгі айтса – көшелі,
Жауға шапса – көсемі, –
деп марапаттай таныстырғанымен,
Өзі болған жігіттен
Сұрама кім деп ата-анаң, –
дегеніне қарағанда, Еспенбет қандай да бір, артықшылығымен ел көзіне түспеген, қарапайым ғана кісінің баласы. Міне, осы Еспенбет жас күнінде әке-шешеден бірдей жетім қалып, нағашысы Ер Қосайдың (тарихта болған адам, батыр) қолында, уақ елінде өседі. Қосай жиенді бөтен санамайтын қазақ салты бойынша да, «Еспенбеттей ұрпағын өте жақсы көргендіктен» де оған жетімдік көрсетпей өсіреді. Ер жеткенде таңдап жүріп қалыңдық айттырып, басына үй тұрғызып бермек ойда жүреді.