Мұны сұрақ деуге сірә болмас, мен өзімді жегідей жейтін өмірімнің қателіктері туралы айтайын деп отырмын. Негізі қазір ойланып отырсам, тіпті өзіме өзім жауап бере алмаймын. бірақ өкініш өзегімді өртеп барады, ең өкініштісі сол, өз өмірімді күл талқан еттім. Бұл жағдай осыдан 7 жыл бұрын болған еді, ол кезде менің жасым 17де. Ата ананың жалғыз қызымын, ерке болдым. Барлығы дәл басқа қыздардыкіндей болды, бір жігітті сүйдім ойлаппын, оны сүймегенімді енді түсіндім. Жігітпен 1 жылдан астам жүрдім оның соңы екеуміздің төсекте қосылуымызбен аяқталды. Іс біткен соң қатты өкіндім өзімді жек көруге дейін бардым. Сол түн біздің соңғы кездесуіміз болды, содан кейін оны көргім келген жоқ көрмедім де. Сол кезден бастап ешбір жігітпен таныспадым және ескі таныстарымнан бас тарттым. Мен сөніп бара жатқан шоқтай болдым.Арада 1 жыл уақыт өткен соң бір жігітпен таныстым. Ол өзі сыпайы қарапайым және өте ақылды жігіт екен. Қазір ол менің некелі жарым. Мен оны қатты ұнаттым, ол да мені ұнатыпты. Біраз уақыт кездескеннен соң маған қос ғашық болуға сөз салды(үйленуге емес). Сол кезде мен бірден өзім жайлы бар жағдайды жайып салдым. Ол көп ойланбастан, ештеңе етпейді өмір болған соң қателіксіз болмайды деді. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаспын. Ол мен үшін қараңғы түнектегі шырақтай болды. Біздің жұбымыз ажырамады. Менің оған деген ыстық ықыласым арта түсті. Уақыт өте келе біз екеуміз жақындастық. Бәрі менің көңілімнен шықты. Бірақ... Күндердің күні мен тағы қателікке бой алдырдым. Менің одан айырылып қаламын деген қорқынышым мені жеңді. Мен оған жүктімін дедім. Бірақ оның өтірік екенін өзім білдім. Бұл ісім оны өзіме байлау болды. Қандай ақымақ едім, қазір сол қылығым үшін ұялам. Ол маған үйленетінін айтты. Мен не істеп қойғанымды сол кезде бірақ білдім. Мұның алдын алу мақсатында шара қолдануға міндетті болдым. Оның қалада еместігін пайдаланып, түсік тастадым дедім. Ол өте қайғырды. Бірер күннен кейін ол қайтып оралып, бәрібір үйленетінін айтты. Сөйтіп біз үйлендік. Балалы болдық, қос қос дипломнан алдық. Бірақ мен оның көзіне қараған сайын ішім қуыстанып, өзімді кінәлай бердім. Күндердің күні оған бәрін айтуға бел будым. Айттым. Ол мен мұның бәрін білгем деп жауап берді. Мен кірерге тесік таппай қалдым. Мен оны шексіз сүйем. Өмірімді жарыма, оның отбасына арнаймын. Осы күнге дейін оған қарсы келіп немесе отбасына ауыр сөз айтқан күнім болған емес. Болмайды да. Себебі мен шексіз ризамын, алғыстан басқа айтарым жоқ. Мендей ақымақ әйел осыдан басқа не тілесін! Мен өзіме адал жар, сыпайы келін болуға сөз бердім. Себебі кінә менен. Бірақ көкейімде жүрген сұрақ көп. Мен оның бағын байлаған жоқпын ба? Ол шын мәнінде бақытты ма? Әлде балаларым үшін үндемей жүр ма? Т.с.с. Мен жарыма өмір бойы қарыздармын, ол өте төзімді жан. Күнделікті мен ол үшін тағы не істей алам? қайтсем бақытты қылам? деген сұрақтар қоям өзіме. Үйленгенімізге 6 жыл болды. Бірақ ол бақытты ма? Маған көңілі тола ма? Мені кешіре ала ма? Ол қиналып жүрген жоқ па? Әлде іштей тынып жүр ма? Мұны мен сұрай алмаймын, себебі ескі жараның аузын тырнағым келмейді. Құдайым маған күнәсін арқалап жүрсін дегендей, ж сүйікті жар, сабырлы да ақылды ата ене, сүйкімді бүлдіршіндер және табысты қызмет сыйлады. Алла өзі көп көрмесін, бірақ мен бұған лайықты емес сияқтымын.