Сіріңке– бір жақ ұшына оңай жанатын қоспа жағылған жіңішке ағаш таяқша (шырпы). Сіріңке қорабына жағылатын қоспа құрамында қызыл фосфор, күкіртті сүрме, темір жосасы, пиролюзит, тері желімі, бор, декстрин және гуммитрагант болады.[1] Шығу тарихы[өңдеу] Сіріңкені XIX ғасырдың басында ағылшын өнертапқышы Джон Уолкердің ойлап тапқандығын біреу білсе, біреу білмес. Бір қызығы әуел басында Джон дәрігер болып жұмыс істеген. Кейіннен химия саласына қызығып, сол салаға түбегейлі бет бұрған. Отты алудың жолдарын табу оны көп ойландырған. Күндердің күнінде ол сульфид пен сүрменің қоспасымен тәжірибе жасауды ұйғарады. Қоспаны араластырып жатып, Джон қолындағы таяғын абайсызда қабырғаға жанып жібергенде таяқтағы қоспа қалдығы жанып кетеді. Осылайша сіріңке зертханада ойлап табылған екен. Ол танымал ағылшын өнертапқышы Уильям Конгривтің құрметіне сіріңкеге «Конгрив» деген атау береді. Және ол аз ғана уақыт ішінде өзі жасаған сіріңкенің қорабын сатуға қол жеткізеді. Дегенмен, сіріңкені ойлап тапқан Уолкер танымал тұлға да, бай да бола алмайды. Оның есімі өзі өлгеннен кейін ғана ауызға алынып, белгілі бола бастайды.