«Жау – батырлық өлшемі іспеттес құбылыс. Жаумен шайқас майданы – батырлық мінездің көріну алаңы», – дейді сұхбатымыздың бүгінгі қонағы, философ Дәулетбек Раев. Рас, біз үшін батыр тек жаугершілік заманда ғана болған сияқты көрінеді. Патриоттық, отансүйгіштік сезім туралы айтқанда да соғыста көрсеткен ерлігімізбен мақтанамыз. Ал, шын мәнінде, біз батырлықты қалай түсінеміз? Егер шығу тарихына көз жүгіртсек, Батырлар жырының пайда болу кезеңін ғалымдар үш топқа бөліп қарастырады: алғашқы кезеңдегі эпостық жырлар, тарихи кезеңдер мен жаңа дәуір эпосы. Сонау мифтік дәуірден бері қалыптасып келе жатқан батырдың бейнесі көне дәуірде жеке отбасы, қалыңдық үшін күреске шығумен суреттелсе, біртіндеп ол халықтың бостандығы, елдің бірлігі, көптің тілегі мен мүддесі үшін қызмет етуге ұласты. Ал, қазіргі таңда батырлық өлшемді қалай ұстанып жүрміз? Екінші Дүниежүзілік соғысқа байланысты «Бүгінгі бейбіт өмірдегі өрлік пен ерліктің, азаматтық пен жоғары парасаттылықтың, жалпы, батырлықтың өлшемі қандай?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Батырлық туралы айтқанда, көбінесе, эпостық сарынға салып, көз алдымызға қиял-ғажайыптағыдай «күн сайын өсіп, алты күнде күлген, алпыс күнде жүрген, алты жылда жігіт болған» батырды елестетеміз. Шын мәнінде, бағзы заманғы батырлардың құралайды көзге атқан мергендігі, аң аулап, құлан алғаны, күрескенін жыққан палуандығы сөз етіледі. Ал бүгінгі таңда біз, шын мәнінде, батырлық өлшемді қалай ұстанып жүрміз?
Дәулетбек РАЕВ, философ:
– Батырлықты эпостық жырларда сіздің айтқаныңыздай, интенсивті динамикада көрсетуінің өзінде терең мән жатқан сияқты. Оны, ең алдымен, қазақ даласындағы тарихи-саяси жағдай логикасымен түсіндіруге болатын сияқты. Саяси реализмнен туындаған, лингвистикалық шығармашылық рефлексия биігі, филогемдік тұғырнама деуге болады. Екіншіден, бұл тарихи кеңістік пен уақыт талабының жылдамдығымен байланысты болған десек қалай болады. Демек, батырлыққа қажеттілікті айқындайтын жағымды тұрғыдағы «темпоцентризмді» көрсеткісі келген сияқты. Батырлық мәселесіне әлеуметтік философиялық тұрғыдан талдау жасауға қадам жасағандардың бірі итальяндық философ Вико «батырлық» ұғымын адамзат дамуы тарихының белгілі бір кезеңін атау үшін қолданды. Мысалы, «құдайлар дәуірінен» кейінгі болған және «адамдар дәуірінің» жалғасы саналатын «батырлар дәуірін» немесе батырлық дәуірді атап көрсетеді. Үшіншіден, бұл қазақ фольклорындағы парадокстік стильдің байлығын аңғартса керек. Жалпы, қазақ көркем әдебиетіндегі парадокстік амал шығармашылық ойдың тереңдігін көрсетіп, сөз саптау стилистикасының символикалық шеберлігін білдірмек. Төртіншіден, қазақ батырының мергендігі мен палуандығы жалпы батырға тән тұлғалық бітімнің ерекше сапалық қасиетін айтқаны болар. Демек, батырлық – елдің қуаттылық әлеуетін көрсететін әлеуметтік-саяси өлшем. Сондықтан қазақ эпосындағы батырдың қалыптасу динамикасының ерекше сипатталуы саяси-әлеуметтік стратегия тұрғысындағы ұлттық идеология.
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ, тарихшы:
– Батырлық туралы айтқан кезде эпостық жырлардағы батырлар бейнесі ойға оралып жатқаны қалыпты құбылыс деп ойлаймын. Ол біріншіден, халқымыздың ұлттық қасиетіне, тарихи санамыздың сергектігіне байланысты, яғни халықтың тарихи-әлеуметтік жадында тарихи іздің әлі өше қоймағандығының белгісі. Қазақ халқы ұзақ уақыт бойы отарлық жағдайда өмір сүрген халық, сондықтан өзінің өткен тарихынан ондай батырларды іздеуі, олардың ерліктерін еске түсіруі өте орынды.
Екіншіден, әрине, отбасы, мектеп, жоғары оқу орнында алған білім мен тәлім-тәрбиеден болса керек. Өйткені, оларды білу үшін белгілі дәрежеде білім мен тәлім-тәрбие де қажет қой...
Дәстүрлі қазақ қоғамында батырлыққа ерекше мән берген. Халық екінің бірін батыр ретінде мойындай бермеген. Ел мен жерді жаудан қорғауда, елінің азаттығы мен тәуелсіздігі, тұтастығы жолындағы ерен ерлік көрсеткен, жаумен жекпе-жекке шығып, жеңіп үлгі болған, ержүрек, қайсар мінезі, т.б. қасиеттері бар тұлғаларды ғана батыр деп мойындаған. Батырлардың атқаратын өзіндік қоғамдық қызметі, қоғамдағы басқа әлеуметтік топтармен ара-қатынасын реттейтін этикалық нормалары, басқа да ерекшеліктері болған.
– Жалпы, бүгінгінің түсінігіндегі батырлық туралы айтқанда нені ескерген жөн?
Дәулетбек РАЕВ:
– Батырлық – біздің халықтың рухани таным-түсінігімен біте қайнасып, қалыптасқан ұғымдардың бірі. Әйтеке бидің сөзімен айтқанда, батыр – «өмірім өзгенікі, өлімім ғана өзімдікі» дейтін қоғамшыл, отаншыл, мемлекетшіл тұлға. Батыр – елдің, қоғамның саяси әлеуетін білдіретін жиынтық образ, қоғамдық рух. Ал батырлық – елдің қоғамдық санасы. Міне, осыны келер ұрпаққа терең сіңіруіміз керек. Бүгін ақыл мен ой батырлығының заманы келуде. Қазақ даласындағы батыр қара күштің ғана иегері емес, терең ақылды-лықтың иесі болған. Қазақ батырлықтан ақылдылықты тани білген. Бүгінгі батыр ұшқыр ойдың, батыл шешімнің, өткір мінездің эпицентрі болғанын қалар едік. Осыған байланысты кезінде әлемді бағындырған, өзінің батырлық дәстүрі мен жауынгерлік рухының күштілігімен тамсандырған көшпелілер ұрпақтары өздерінің батырлық рухы мен идеалынан жатсынып бара ма дейтін ой туады. Келешек ұрпақты халқымыздың жауынгерлік рухы мен ерлік тарихы негізінде тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан бүгінгі таңда қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымында, мәдени-рухани жүйесінде өзіндік орны болған батырлардың ролі мен қызметін қайта зерделеу, оны жас ұрпақ арасында дәріптеу кезек күттірмес мәселе. Ол қазақ халқының құндылықтарын орнықтырудың, ұлттық тұлғаның өзіндік бірегейленуін іске асырудың бірден-бір жолы болмақ. Тарихтың діни тұрғыдағы белсенді бастамасы туралы қағиданы ескере отырып, Карлейль «батырлар культі» концепциясын жасады. ХХ ғасырдың орта шеніндегі әдебиеттерде батырлықты «күшті» тұлғаның ерікті ісі ретінде қарастырған көзқарастар да болды. Мысалы, жапондық философ Китаяма «батыр әлемде ешқандай нәрсемен есептеспейді, керісінше, әлем онымен жиі санасуға тура келеді» деген тұжырым жасайды.
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ:
– Осыдан біраз жыл бұрын газеттердің бірінде «қазақтарда батыр көбейіп кетті, әр бұтаның түбінен бір-бір батыр шығарып жатыр» дегенге саятын пікір айтылды. Бұл қаншалықты орынды айтылғаны белгісіз... Бірақ жүз жылдан аса уақыт жоңғар шапқыншылығына қарсы (бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп жүріп отырған) соғысқан, кейін Ресей империясының отарлық езгісіне қарсы азаттық үшін күрескен қазақ халқынан батырлардың көптеп шығуы заңды құбылыс. Сондай-ақ, қазақ батырлары өзге елдің батырларынан (Еуропаның «рыцарьларынан», орыстардың «богатырларынан») еш кем емес. Қазақтарға Еуропаның «көзімен», орыстың «көзімен» қарап баға бергісі келетіндер бар, ондай пікір өзіміздің қазақтардың ішінде де кездеседі. Ол дұрыс емес, біз өзімізге өзіміздің «көзімізбен» қарағанымыз жөн. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегенді әр кез есте сақтағанымыз дұрыс болар...
– Қазір сол замандағы батырлық өлшемін оңайлатып алған жоқпыз ба?
Дәулетбек РАЕВ:
– Біздің пікірімізше, батырлықты оңайлату батырлықтың болмысына сыймайтын нәрсе. Себебі, батырлық әр пенденің табиғатына беріле бермейтін жалқы дүние. Мысалы, ағылшын философы Карлейль өзінің «Батырлар және тарихтағы батырлық» деген еңбегінде батырлықты құдайдан болатын ерік-бостандықтың көрінісі болып табылатын жеке тұлғаның ұлы іс-әрекеті ретінде қарастырады. Батырлық – қоғамның тарихи дамуына, халық мүддесіне жауап беретін және адамнан ортақ мүддені іске асыруда белгілі бір өзін-өзі құрбан етуге дайын болуды талап ететін, қоғамдық мәнге ие болатын ерекше іс, мінез көрсету арқылы көрініс табатын моральдық сапаны білдіретін болмыстық саяси-әлеуметтік категория. Батырлық әрекет әр кезде адамдағы жоғары моральдық қасиетпен және оның физикалық қабілетімен тығыз байланысты, адамның жеке басындағы ерекше ерлік қуатты, табандылықты, қайсарлық пен қажырлықты талап етеді. Мәселен, Ницше үшін батыр идеалы – ол «жоғары адам», «ізгілік пен зұлымдықтан жоғары тұратын» және қоғамдық нормалар мен ұстанымдарға бағынатын адам. Осыған байланысты батырлық мәселесін қарастыруда батырлықтың өлшемі, оның тарихи формалары, жеке тұлғаның тарихтағы ролі туралы мәселелер туындайды.
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ:
– Батырлықты оңай қылып жібердік деп ойламаймын. Батырлық ұғымы кең ауқымды ұғым. Ол атадан балаға мұра болып қалатын дүние емес, олардың асынған қару-жарағы, сауыт-сайманы мұраға қалуы мүмкін, бірақ батырлық рух балаға мұра болып қала қоймайды. Батырлық, батырлықтың өлшемі туралы айтқанда әр тарихи кезеңді, тарихи жағдайды ескерген жөн. Әр заманның өзіндік ерекшеліктері бар, тарихи уақыт пен тарихи кеңістік дегенді дұрыс түсінуіміз қажет. Белгілі бір тарихи жағдай, тарихи оқиғалар болмаса батырлар да шыға қоймас. Күні кеше өткен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болмаса, біз Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты батырларды біле қоймас едік...
Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры деген атақ 1990 жылға дейін берілмей келді, бірақ оған қарамастан халық оны батыр деп мойындады. Ең бастысы, халықтың мойындауы. Ол кісінің батырға лайық ержүрек мінезі, қайсарлығы, ерік-жігері, рухы болды, соған қарай халық та оны батыр деп білді. Батырларды заманына қарай бағалай білуіміз керек.
– Қазақ тарихында «Батыр» атағын алған ержүрек, қайсар, өжет жандар аз емес. Десек те, тарихты жазу барысында батырлар өз деңгейінде жазылды деп айта аласыздар ма? Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевтың екі жүзге жуық жау танкісін жойғанын көпшілік біле бермейді. Мысалы, Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов сынды біртуар азаматтардың батырлығын қалай ашып жатырмыз?
Дәулетбек РАЕВ:
– Кәсіби тарихшы болмағандықтан, бұл сұраққа философиялық тұрғыдан жауап беріп көрейін. Жалпы, қазақтың тарихы көнеден келе жатқан мәдениетінің көптеген түрлері – эпостар, тастағы жазулар мен суреттер, балбал тастар осы батырлар аруағына табынудан туған жәдігерлер. Француз халқының санасында рыцарьлық рухтың, жапондықтар санасында самурайлық рухтың көрініс тапқаны сияқты, батырлар қоғамдық топ ретінде жойылып кеткенмен, батыршылдық рух та ұлттық қасиетіміздің бір сипаты болып қалды. Мамандығы ретінде әскери істі таңдаған қазақтың бүгінгі кәсіби әскерилері – қолбасшылары мен офицерлері де осы күні бар құрметке лайықты, олар да еліміздің қазіргі тәуелсіздігінің тірегі. Оның басты ұстанымы – «Хас батырда ұйқы жоқ...» (Майқы би), – деп келетін перцепция. Бүгінде офицерлік құрамды ғана емес, бүкіл әскерді кәсібилендіру болашақта батыршылық рухты қайта жаңғыртары сөзсіз. Мысалы, ел жадындағы Едіге әрі батыр, әрі көсем, әрі ақылгөй дана болғаны белгілі. Сондықтан халық арасында: «Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екен», – деген жыр жолдары бар. Қаныш Сәтбаев «Ер Едіге» жинағына жазған алғысөзінде: «Едіге – қазақ батырларының ішіндегі ең маңдайлы, аруағы күшті, көсемі, сәулесі күшті шолпаны есебінде... Сыпыра жырау Едігені Шыңғыс, Әз Жәнібек, Ақназар сынды ерлерден де артық сипаттайды», – деп ардақ тұтады. Олай болса, бүгінгі қазақ азаматы үшін оның өз тарихында үлгі боларлық тұлғалардың болғандығын ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі жастарды батырлық пен қаһармандық рухта тәрбиелеу ел парызы, мемлекет межесі болғаны лазым. Сондықтан өнегелі батыршылдық жадының негізінде қалыптасатын мықты батырлық сана бүгінгі отансүйгіштік сезімнің тұғырнамасы деп айтуға негіз бар. Бүгінгі әр қазақ азаматы: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген ұлттық идеологемді естен шығармағаны жөн.
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ:
– Әрине, тарихымызда талай батырлар бар, бірақ олардың барлығы өз деңгейінде жазыла қойды деп айту қиын. Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жөнінде де толыққанды жазылған еңбектер жоқ деуге болады, бар болса да оны екінің бірі біле бермейді. Жалпы, батырлар жөнінде жан-жақты қамтылып жазылған ғылыми еңбектер де, әдеби шығармалар да аз. Батырлар туралы насихат та өз деңгейінде емес. Көп жағдайда белгілі бір тарихи даталар жақындағанда әкімдіктер, мектеп, т.б. ұйымдар түрлі шаралар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары хабарлар ұйымдастырып, жаппай мақалалар жариялап жатады. Ал ол өткен соң саябырсып қалады. Негізі насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгені жөн. Түрлі кинолар мен мультфильмдер арқылы насихатталса да бәлкім, нәтижелі болар еді. «Жаужүрек мың бала» фильмі жарыққа шыққанда халық бір серпіліп, әсіресе, жастардың рухы көтеріліп қалғандай болды. Осындай фильмдер көптеп түсірілсе... Өкінішке қарай, бізде ұлттың рухын көтеретін кинолар өте аз. Оның орнына қай-қайдағы түсініксіз фильмдерді экранға шығарады. Мысалы, Ресейде «Скорая помощь» деген кино шығып еді, аз уақыт өткен соң бізде «Жедел жәрдем» фильмі беріле бастады, «Сваты» шығып еді, «Құдалар» пайда болды. Мұндай көшірме фильмдерді ел қызығып көре қоймайтын сияқты, көшірме емес дегеннің өзінде сәтсіз шыққан деп ойлаймын. Кейде біздің актерлеріміздің шеберлігі де жетіспей жатады, жасанды ойнайтын сияқты көрінеді. Мұндайларды тізбектей берсең бірталайын айтуға болады. Ең өкініштісі, осы фильмдерге қыруар ақша жұмсалды ғой. Сол ақшалар елдік мүдде мен ерлік дәстүрге қызмет жасайтын түрлі фильмдер түсіруге жұмсалса нәтижелі болар еді-ау...
– Қазіргі қазақ әдебиеті, жалпы қай кезеңнің болсын, көркем шығармалары батырлықты қалай суреттеген еді? Осы тақырыпты қаузаған әдеби шығармалар туралы не айтар едіңіздер?
Дәулетбек РАЕВ:
– Қазақ қоғамында батырлық белгілі бір топтың өкілі ретінде адамға тән қаһармандық қасиеттердің жиынтығы ретінде қарастырылады. Батырлық – адамның әлеуметтік мұратына, қызметіне сай болатын өзіне ғана тән ұстанымымен, өмір салтымен, психологиялық жүйесімен, наным-сеніммен, дәстүрімен ерекшеленетін феномен. Қазақ даласындағы батырлық түсінік жеке тұлға мүддесінің халық, туған ел, туған жер, Отан, әлеумет мүддесімен байланысты көрініс табатын кешенді құбылыс болған. Батырлық сана, ең алдымен, ар-намыс, борыш, азаматтық аманат, парыз және т.б. ұстанымдарға құрылатын әлеуметтік қызмет формасы. Ал батырлық мінез – қазақ санасында әр кезде әлеумет мүддесіне негізделетін, қоғамдық сипат алатын мінез түрі. Көшпелілер дүниетанымында батыр адамның өмір салты, тіршілік дәстүрі, халықтың өмір жағдайымен, дәуірлік уақыт пен кеңістікке тікелей байланысты. Ал қоғам тағдыры батырдың әлеуметтік тарихи роліне тәуелді түрде қарастырылады. Батырларға жоғарыдағы ұстанымға сай өте жауапкершілік, адалдық, әділдік, тазалық, кісілік, шыншылдық, сөзге беріктік және т.б. сияқты ерен моральдық сапалар тән. Сол ұстанымдармен жүріп, сол моральдық сапалар көрініс табуы үшін олардың бойында ер жүректілік, бір сөзділік, табандылық, қайсарлық, жауынгерлік, қаһармандық, уәдеде тұру, батылдық, т.б. қасиеттер болуы шарт.
Жалпы, жау – батырлық өлшемі іспеттес құбылыс. Жаумен шайқас майданы – батырлық мінездің көріну алаңы дегенге саяды. «…Батыр болсаң жауға найзаң тисін; …батыр болып жауға найзаң тимесе, елден ала бөтен үйің күйсін» (Әйтеке би), «...Құлдық ұрсаң дұшпанға, еркек болып туды деп, мына сені кім айтар?», – деген сөздер бар. Осы бір түсініктің онтогенездік табиғатының бар екендігін айтқан жөн. Демек, жеке адам өмірін қоғамнан бөліп қарауға болмайды дейтін қорытынды жасауға болады. «Батыр ортақ, бақ жалқы», – деген қазақ мақалы соның дәлелі. Батырлық – әлеуметтік саяси қызметтің көрініс табуы. Ерлік пен батырлық – қоғамдық іс этосы. Олай болса, батырлық феномені қазақ азаматының ел-жұрты, Отаны алдындағы қоғамдық жауапкершілігін білдіретін әлеуметтік-саяси сана формасы.
«Батыр жинап, ел шаппай, қылыш жинап, оқ атпай, ...қазақтың кегін алғаның», – деп толғаған жоқтау жырынан батырлықтың көріну формасының тағы бір жолы мен тәсілін аңғаруға болады. Мұнда Қазыбек бидің шешендік тіл мен ұтқыр сөзді қару еткен рухани батырлығы сипатталады. Бұл орайда қазақтың дәстүрлі саяси мәдениетіндегі «батыр – ой», «батыр – сөз», «батыр – тіл» сияқты концептсферасын айтуға болады. Осыдан еліміздің ұлттық қоғамдық семантика жүйесінде «батыл ой», «сөз батырлығы», «өткір тіл» деген сияқты әлеуметтік-саяси константтар қалыптасқан. Осыған байланысты қазақ тілінің «батырлық рухы» туралы өзекті мәселе туындайтынын айтқан жөн. «Батырдың сөзі мың теңгелік», – деген соның кепілі.
Мөңке би қалдырған:
Сұрасаң арғы атамды батыр Бөлек,
Тірескен аспанменен бір бәйтерек.
Ерегіс, екіталай іс болғанда,
Талайлар паналаған көлеңкелеп, –
деген сөз бар. Мұндағы ой желісі ел қорғаны болу, ел намысын сақтау, халық алдындағы борышты өтеу, өз білімің мен күшіңді халық игілігіне жұмсау және оны орнымен қолдана білу, дос пен жауды дұрыс айыра білу, өз арың – халық ары деп білу дегенге саяды. Бұл ұстанымдар мен қағидалар бүгінде төл әскери-патриоттық тәрбиенің негізі бола алады деп айтар едік.
Елдің, халықтың күш-қуаты, тәуелсіздігі кәсіби әскерилер – батырларға байланысты болғандықтан, батырларды дәріптеу, аруағына сыйыну, есімдерін елдің ұранына айналдыру, ұстаған заттарын кие тұту халықтық салтқа айналып, ұлттық санамыздың құрамдас бөлігі болып қалыптасты.
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ:
– Қазақ халқының тарихи жадын құрайтын ауыз әдебиетінің үлгілері: шежірелер, аңыздар, батырлық жырлар, жыраулардың поэзиясы – барлығы бір-бірімен сабақтас, бірін-бірі толықтырып тұратын тарихи деректер жүйесінің әртүрлі бөлшектері. Олар бірінсіз-бірі толық мәлімет бере алмайды.
Қазақтың батырлық жырларының этникалық сипатын танып-білуге терең мән беріп, оған арнайы зерттеу жүргізген көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан. Ол қазақ эпостық мұраларының пайда болуына себеп болған бес «батырлық кезеңді» атап, өз жіктемесін ұсынады: 1) Ежелгі дәуір. Ерте түрік тайпаларының ислам дәуіріне дейінгі мифтерін, аңыз-әңгімелерін жатқызған; 2) Оғыз-қыпшақ дәуірі – далалық эпостың барынша дамыған кезеңі (VІ-ХІІ ғ.ғ.); 3) Ноғайлы дәуірі – далалық эпостың өркендеген кезеңі (ХІІІ-ХVІ ғ.ғ.); 4) Қазақ-жоңғар дәуірі (ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ.); 5) Патшалы Ресей құрамындағы дәуір.
Осы кезеңдердің ішінде «қазақ-жоңғар дәуірі» мен «патшалы Ресей құрамындағы дәуірге» қатысты бірталай әдеби көркем шығармалар жарық көрді. Кеңестік кезеңдегі Ұлы Отан соғысының батырлары жөнінде де шығармалар біршама бар. Бірақ ол кітаптарды елдің бәрі оқи бермейтін сияқты. Таралымы да аз. Жалпы, халықтың кітап оқу мәдениеті төмендеген, әсіресе, жастар кітап оқуға құлықсыз. Кейде әңгімелесе қалсаң, қарапайым сөздердің мән-мағынасын түсінбейтінін байқайсың. Ол – әдеби кітап оқымағаннан деп ойлаймын...
– Екінші Дүниежүзілік соғыс туралы әр ел өзінше жазды. Қалауына қарай бұрмалаған тұстары да болған шығар. Себебі, басқа елдердің еңбектерінде қазақтың соғысқа қосқан үлесі мардымсыз деген пікірлер айтылады. Жалпы, Жеңісті бағалау барысында ұлы халықтардың кіші елдерге деген көзқарасы анық байқалып қалады. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ:
– Тарихты әркім өзіне қарай бұра тартып жазатынына қынжылуға болмас. Ондай жағдай тек Екінші Дүниежүзілік соғыстың тарихы ғана емес, басқа тарихқа байланысты да көптеп кездеседі. Әр ел өзінше тарих жазуы, онда өздерін ерекше көрсету, бұрмалап жазу бұрын да болған, қазір де бар.
Қазақтың соғысқа қосқан үлесі жөнінде мардымсыз пікірлер айтылып жүр. Егер қателеспесем, Ресей Президенті В.Путин бір сөзінде «Ұлы Отан соғысында Орта Азиясыз да жеңіске жетер едік» деген пікір айтып қалды-ау. Бұл ұшқары айтылған, шындыққа жанаспайтын пікір деп ойлаймын.
Егер Орта Азияның көрсеткен адами көмегі, әскери, түрлі материалдық көмегі болмаса, жеңіс оңайлықпен келе қоймас еді. Ұлы Отан соғысында өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, 100-ден аса қазақ ұлтының өкілі «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленді. Ол атақты сталиндік жүйе жай ғана бере салған жоқ қой. Майдан даласында көрсеткен ерен ерліктері мен батырлықтары үшін берді ғой. Осыны неге ескермейді екен... Бірақ оған таңқалуға да болмас. Себебі, Ресей империялық пиғылынан айырыла қойған жоқ қой. Керісінше, кейінгі кездері онысы күшейіп бара жатыр...