ЕҢБЕК ТУРАЛЫ
Еңбек - өмір ажары.
Еңбек - дәулет, бедел - сәулет.
Еңбек - ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы.
Еңбек ширатады, өмір үйретеді.
Еңбексіз өмір - сөнген көмір.
Еңбек түбі - зейнет.
Еңбек - адамның екінші анасы.
Еңбек шаһар түзетеді.
Еңбексіздік жүдетеді.
Еңбекке қарай құрмет,
Жасына қарай ізет.
Еңбектің наны тәтті,
Емшектің сүті тәтті.
Еңбегіне қарай өнбегі.
Еңбек ептілікті сүйеді.
Еңбектікі екеу болар.
Еңбегі аздың өнбегі аз.
Еңбек етсең - емерсің,
Ерінбесең - жеңерсің.
Еңбегі ештің күні кеш.
Еңбектің көзін тапсаң,
Байлықтың өзін табарсың.
Еңбек етсең ерінбей,
Қарның тояр тіленбей.
Еңбек етсең, ерінің асқа тиер,
Ілбіп кетсең, иегің тасқа тиер.
Еңбектен қашқан дөңбекке жолығар.
Еңбек түбі - береке,
Көптің түбі - мереке.
Еңбексіз іс бітпейді,
Еріншектің қолы жетпейді.
Еңбек ерлікке жеткізер,
Ерлік елдікке жеткізер.
Еңбексіз өмір жоқ,
Ауырсыз жеңіл жоқ.
Еңбегің сайлы болса,
Ішің майлы болады.
Еңбегі ештің тұзы сор.
Еңбек қылмай ер оңбас,
Бірлік қылмай ел оңбас.
Еңбекпен ер өседі,
Егізбен төл өседі.
Еңбек ет те, егін ек,
Жарымасаң, маған кел.
Белді бу да, бейнет қыл,
Байымасаң, маған кел.
Әдірә қалды бақ, дәулет,
Еңбек енді шын дәулет.
Ердің атын еңбек шығарар.
Ер дәулеті - еңбек.
Ер еңбекке бір түйсін.
Еңбек патшалықты асырайды.
Азығымен жер мүсінді,
Еңбегімен ер мүсінді.
Ащы еңбекке тұщы нан.
Емініп тапқанның,
Екі көзі шығады.
Еңбекпен тапқанның,
Екі бүйірі шығады.
Кедейшілік кетсін десең, еңбек ет,
Молшылық жетсін десең, еңбек ет.
Есесі қайтпас еңбек жоқ.
Ерте тұрғанның есесі артық.
Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық,
Ерте тұрған еркектің ырысы артық.
Ерте шықсаң, алдыңнан күн шығады,
Кеш шықсаң, алдыңнан түн шығады.
Кім еңбек етсе, сол тоқ.
Әлің барда еңбек ет,
Еңкейгенде емерсің.
Көп еңбегі көңілді.
Адал еңбек елге жеткізер,
Арам еңбек елден кеткізер.
Көрнекті іс көмілмейді.
Күш жақсы, күштен іс жақсы.
Күшіңе сенбе, ісіңе сен.
Бүгін тындырар ісіңді ертеңге қалдырма.
Сен істі сүйсең,
Іс саған бас иеді.
Бітер істің басына,
Жақсы келер қасына.
Жігіттің жұмсаған күшін сұрама,
Бітірген ісін сұра.
Бейнет көрмеген берекесіздік істейді.
Істің ақыры жігіттің пақырына қалады.
Беріле істеген берік болады.
Өнерлі істе жеміс бар,
Өрелі істе жеңіс бар.
Өнімсіз іске өңмендеме.
Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді.
Есесі қайқан еңбек игі.
Қимылдаған қыр асар.
Қолы қимылдағанның ауызы қимылдар.
Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ,
Ауызы қимылдаған адамға аштық жоқ.
Жаңбыр жауса - жер тоқ,
Егін ексе - ел тоқ,
Бұлақ ақса - көл тоқ,
Еңбек етсе - ер тоқ.
Халық қазанын қайнаттым,
Қолымның, кәне, қарасы.
Ер қазанын қайнаттым,
Етімнің, кәне, жарасы.
Түйір нан - тамшы тер.
Тамыр тартқан тарықпас.
Ексең егін, ішерсің тегін.
Не ексең, соны орарсың.
Еккен орар, берген алар.
Екпей егін шықпас,
Үйренбей білім жұқпас.
Егіннің жайын еккен білер,
Арбаның жайын жеккен білер.
Жеріне қарай егін ек,
Жолына қарай жегін жек.
Егін ексең, тыңға ек,
Онан өнер өнім көп.
Еге білсең, егін тасқа да шығады.
Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды.
Тердің қадірін төккен білер,
Егіннің қадірін еккен білер.
Ерте еккен бүтін алар,
Кеш еккен отын алар.
Арпа егіп, бидай алам деме.
Егін піспей қам сайла.
Егіндікті күзде суар,
Күз суарсаң, жүз суар.
Тамырың қашса, тары ек,
Келер жыл тағы ек.
Тамырың келер қасыңа,
Қайыры тиер басыңа.
Бабасы еккенді баласы орады.
Көктемде жерге түскен бір дән,
Күзгі күнгі мың дән.
Оқпанды жерге егін салма,
Жанжалды жерге жақын қонба.
Атасы жер жырта білмегеннің,
Баласы тұқым себе білмейді.
Су келтірер бір кісі,
Егін егер мың кісі.
Су - ырыстың көзі,
Еңбек - кірістің көзі.
Жер жастанып, су сүйеніп жүрген.
Еккенің тікен болса,
Орғаның балауса болмас.
Арық қазған су ішер,
Араздасқан у ішер.
Жылай-жылай арық қазған,
Күле-күле су ішер.
Орайы келсе, орақ ор,
Кезі келсе, кетпен шап.
Кезі келсе, кетпен шап,
Майрылмаса, қайрылсын.
Жер жыртқанда ізің болмаса,
Қырманда жүзің болмайды.
Диірмен тас та болса,
Жұртқа жейтін ас береді.
Диірменнің бір тасына тұтқа салып айналдырсаң, ұн аласың;
Екі тасына бірдей тұтқа салып айналдырсаң, құм аласың.
Малды тапқанға бақтыр,
Отты шапқанға жақтыр.
Қыста малыңды бақ,
Жазда шөбіңді шап.
Қорасында айыры жоқтың малға қайырымы жоқ.
Мал баға білмеген пайда таба білмейді.
Малды жақсы баққаның,
Өзіңе абырой тапқаның.
Малды жаман баққаның,
Келген бақты қаққаның.
Мал жайған малдың жайылғанына тояды.
Қойшыны таяғы,
Қасқырды аяғы асырайды.
Малды баға біл, бабын таба біл.
Белгілі малшың болмаса,
Беліңді бу да, малға бар.
Күндіз қойын күтерсің,
Түнде жүнін түтерсің.
Бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың,
Бәрің бірдей тойшы болсаң, қу боларсың.
Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді.
Құдықтан су ішкен,
Қазғанға рахмет айтады.
Ағашты көлеңкелеген,
Еккенге рахмет айтады.
Егін ексең, шығырыңды майла,
Мал бақсаң, өрісіңді сайла.
Бейнетсіз рахат жоқ.
Бейнет түбі - зейнет.
Екі қолға - бір күрек.
Бір қолын екі еткен.
Жазған құлда жату жоқ.
Қарманған қарап қалмайды.
Күрекке боқ көп.
Жұмыстың жаманы жоқ.
Шаруаның мұңы бір.
Жақсы жұмыс жанға тыныш.
Жұмыс басты - ер қашты.
Тек жүргенше тегін істе.
Қызмет қыл да, міндет қыл.
Жұмысы жемістінің өмірі келісті.
Жұмыстың көзін тап,
Қисықтың тезін тап.
Бола көрме жұмыссыз,
Жұмыссыз адам ырыссыз.
Құлдай қызмет етсең,
Бектей жатып жейсің.
Есің барда етек жап,
Қайратың барда мал тап.
Есектің артын жу да, мал тап.
Бейнетің қатты болса,
Тапқаның тәтті болар.
Маңдайы терлемегеннің,
Қазаны қайнамайды.
Қолыма жұмыс бергенің,
Жаныма тыныс бергенің.
Жүйесін тауып жұмыс қыл,
Жерін тауып тыныс қыл.
Көрінген төбенің алысы жоқ,
Көтерген жүктің ауыры жоқ.
Аузың айтқанды қолмен істе.
Тамыздығын тапсаң, тас та жанады.
Сен бұтаны көтерсең,
Бұта сені көтереді.
Биыл ізі болса,
Келер жылы өзі болады.
Айыр - пішен қасында,
Кісен - кереге басында.
Сөз қуған пәлеге жолығар,
Шаруа қуған дәулетке молығар.
Шаруаның иті де ұрғашы болсын.
Жаңбырмен жер көгерер,
Еңбегімен ер көгерер.
Жарғақ құлағы жастыққа тимейді.
Ұқсата білген ұтады.
Сыпырғы келсе шаң қашар.
Ұйқы тынықтырады, жұмыс шынықтырады.
Кетпенім сай, шотым сай,
Қазсам суға жетемін.
Атаным сай, атым сай,
Көшсем нуға жетемін.
Жасында жалықпаған
Қартайғанда тарықпайды.
Ер - егіз, еңбек - жалғыз.
Епсіздің еңбегі еш.
Әрекет түбі - берекет.
Алма ағашын бергеніне қарап бағала,
Адам баласын еңбегіне қарап бағала.
Еңбегің - дәулетің.
Сабақты ине сәтімен.
Өзің илеген терінің пұшпағы.
Қатты жерге қақ тұрар,
Қайратты ерге мал тұрар.
Ойланбай істеген іс опық жегізеді.
Жер - байлықтың көзі,
Еңбеккер иесінің өзі.
Арқа еті арша, борбай еті борша.
Қайраты бар кісінің берекеті бар ісінің.
Там салғанның тамтығы қалмайды.
Істеп салдым бір істі,
Алла оңғарсын бұл істі.
Малдың жайын баққан білер,
Оттың жайын жаққан білер.
Бір түйір дәнде бір тамшы тер бар.
Тынымсызды жұмсасаң, бүлдіріп келер,
Тынымдыны жұмсасаң, тындырып келер.
Алманы шөлге ек, салыны көлге ек.
Істеу қиын, сынау (айту) оңай.
Күздік ексең, үздік ек.
Бүлдіру оңай, түзету қиын.
Өзің таппаған дүниенің қадірі жоқ.
Шапіу оңай, жинау қиын.
Жақтырмасаң, қойыңды бақтырма.
Біткен іске сыншы көп,
Піскен асқа жеуші көп.
Еңбексіз тапқан мал есепсіз кетер.
Алтын шыққан жерді белден қаз.
Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар,
Өзгенікі дегенде, анау-мынау ісім бар.
Түйменің инесіз күні жоқ.
Байлықтың атасы - еңбек, анасы - жер.
Ат шабысымен қадірлі,
Ер табысымен қадірлі.
Ер тынысы — еңбек,
Ез тынысы — ермек.
Ерінбегеннің саулығы егіз, қозысы семіз.
Ауыр жол атанды сынайды,
Ауыр іс адамды сынайды.
Мал баққанға бітеді,
Отын жаққанға бітеді.
Егін еккенге бітеді,
Жерін тауып сепкенге бітеді.
Жер астында алтын бар,
Қаза берсең, табасың.
Бау бар жерде жеміс бар,
Кеулей берсең, табасың.
Мехнат түбі - кейіс,
Рахат түбі - пейіш.
Ұқыптының тоны тозбас,
Ұқыпсыздың ісі оңбас.
Біреуге елден береді,
Біреуге жерден береді.
Қурай тартсаң, күй шығар,
Ағаш тартсаң, үй шығар.
Құрал-сайман саз болса,
Машақатың аз болар.
Төзе алмасаң бейнетке,
Қолың жетпес зейнетке.
Жұмсақты қию оңай,
Жұқаны жию оңай.
Ерінбеген елекпен су ішеді.
Көңілсіз басталған іс көпке бармайды.
Еңбекқорға әр күн сәт,
Еңбексізге бір күн сәт.
Әр нәрсенің сәті бар.
Серт берген шегінбес,
Еңбектенген ерінбес.
Қойшы көп болса, қой арам өледі.
Десе де Құдай құрасын,
Еңбек етіп тұрасың.
Қой иесі бірге санаса,
Қойшы басқа санайды.
Келісті сөз - күміс,
Жемісті жұмыс - алтын.
Еңбек өмірді ажарлайды.
Білім алып құрасын,
Еңбек етіп сұрасын.
Ердің ісі - келісу,
Ездің ісі - керісу.
Жолаушыны жол,
Шеберді қол асырайды.
Әр мехнатқа бір рахат.
Жақсыға ісің түссе,
Үзігіңді жалғайды;
Жаманға ісің түссе,
Бүтініңді жалмайды.
Екпесең, жер қысырайды,
Күтпесең, көл қысырайды.
Ісі білмес, кісі білер.
Адал еңбек аздырмас,
Сұмдық бойды жаздырмас.
Қары ауырмағанның басы ауырмайды.
Жұмысты адам емес, азбар істейді.
Қисық істің
Қырың жылдан кейін де қиығы шығар.
Қол - күрек: шабуылда қалқаның, бекіністе қорғаның.
Куәлі істі куә табар,
Куәсіз істі күмән табар.
Ер еңбегі елге ортақ.
Аз ақшаға алданып,
Өнбес іске жалданба.
Тілекке еңбек тірек.
Еңбек ет те, міндет ет.
Куәсіз істі күмән табады.
Тегін істің түбі шикі.
Көрікті қызған кезде бас.