Арғы атасы қажы едi
Бейiстей татқан шәрбәттi.
Жарықтықтың өнерi
Айтуға тiлдi тербеттi
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермептi,
Мал түгiл жанға мырза едi.
Әр қиынға сермептi.
Мұңды, шерлi, жоқ-жiтiк
Аңсап алдын кернептi.
Бәрiнiң коңiлiн тындырып,
Бiреуiн ала көрмептi.
Әдiл, мырза, ер болып
Әлемге жайған өрнектi.
Тәубесiн еске түсiрiп,
Тентектi тыйып, жерлептi.
Қазақтың ұлы қамалап,
Iздеген жүзiн көрмек-тi.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермек-тi.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкiм келмептi.
Өлмейтiн атақ қалдырып,
Дүниеге көңiлiн бөлмептi.
Жарлығына алланың
Ерте ойлаған көнбек-тi.
Олар да тiрi қалған жоқ,
Тiрлiк арты өлмек-ті
Оны да алды бұл өлiм,
Сабыр қылсақ керек-тi.