+4 дауыс
47.7k көрілді
Қамбар батыр деген тақырыпқа шығарма керек?

3 жауап

+6 дауыс
 
Жақсы жауап

«Қамбар батыр»  эпосы да қазақ халқына көптен мәлім, мейлінше кең тараған. Қазақстанның қай түпкірінде болсын, ел сүйсіне тыңдап, сүйіп оқитын шығармасының бірі.
            «Қамбар батыр» туралы аңыз ел аузынан жазылып, алғашқы рет 1865 ж. басылады. Бұдан кейін 1868 ж. «Қисса Қамбар», 1903 ж. «Тоқсан үйлі тобыр» деген аттармен Қазанда басылып, ең толығырақ түрі «Қамбар батыр» деген атпен 1922 ж. Ташкентте шығады. «Қамбар батырдың» бұл вариантын баспаға даярлаған А.Диваев. Бізше, Диваев варианты тек толығы ғана емес, ең көркемі, ең жақсы варианты. Диваевтың 1922 жылы бастырған «Қамбар батырын» Сәкен Сейфуллин (1933 ж.), Сәбит Мұқанов (1939 ж.) жолдастар шығарған батырлар жинағында өзгертілмей, қайта басылды. Ең соңғы рет басылуы - 1957 ж. Мұнда «Тоқсан үйлі тобыр», «Қамбар батыр» екі вариант қатар берілген. Бұл баспасында «Қамбардың» басылу тарихы, версия, варианттары жайлы ақпар, мәліметтер болғандықтан, ол жағына біз тоқталмайық.
            Бізде күні бүгінге дейін дұрыс көңіл аударылып, анықталмай келген бір мәселе - «Қамбар батыр» эпосын қазақ халқы тарихындағы қай дәуір, қай кезеңге жанастыруымызға болады деген мәселе. Бұл айтуға оңай болса да, дәлелдей қою қиын. Әйтсе де шығарманың мазмұны суреттелетін оқиға, тартыстарға сүйене отырып, кейбір топшылаулар жасауға болмайды емес.
Бүгінгі қазақ атанып отырған елдердің көптеген рулары ноғайлы, өзбек хандықтарының қарауында болғандығы, ноғайлы хандығының өзі сол рулардың құрамасы екендігі Қазақ ССР тарихында да, басқа тарихи еңбектерде әлдеқашан дәлелделініп, қорытылған пікір. Бұл мәселе жөнінде «Ер Тарғын» эпосымен байланысты толық айтылады. Бізше, «Қамбар» эпосы да сол ноғайлы дәуіріндегі қалмақ пен ноғайлылықтардың араларындағы қарым- қатынастардың негізінде туған эпос. Бірақ бұл ноғайлы хандықтарының өзара туыстарының қырсығынан әлсіреген, сондықтан қалмақ хандықтарының ноғайлыларды өзіне бағындырып алуға құдірет-күшіміз жетеді деген сенім туа бастаған кезді меңзейтін тәрізді. Эпоста екі елдің аттары аталады: ноғайлы және өзбек. Бірақ жырдың ұзын-ырғасын алып қарасақ, Әзімбай да, Қамбар да ноғайлылықтар екендігі аңғарылады. Алдымен Қамбар жайлы. «Қамбар батырдың» бас жағында-ақ:
          Қазақ емес, сарт емес,
          Қамбардың түбі ноғайлы -                             
десе, Назымды Қамбарға беру туралы Алшыораздың сөзін қостаған ағасы Дараз:
 
 Осы екен істің мақұлы,
Кекті болып кетпесін,
Ноғайлының батыры.
Азулымен өшіксең,
Тигізер зиян ақыры, -
дейді.
            Келмембет:
Ноғайдың Қамбар деген батыры бар...
Келмембет ұрып мініп жорғасына,
Жөнелді ноғайлының жолбарысына...
Назым:
Туғызып сіздей сұлтан ноғайлыдан,
Құдайдан айналайын батыр қылған, -
деген сөздерден біз Қамбардың ноғайлы батыры екенін көрсек, сонымен қатар Қамбар мен Назымның сөйлескен сөздерінен  ол «Алпыс үйлі арғын, тоқсан үйлі тобырдың батыры да» екендігі байқалады. Кейбір баспада (арабша жазылған текстіде) «Алпыс елді Арғын» деп те келеді.
            Қамбар:
        Қабатыма аламын,
        Алпыс үйлі арғын мен
        Тоқсан үйлі тобырды, -
десе, Назым:
        Мейман бол, қонып кет дей келіп:
        Алпыс үйлі арғынға
        Асықпасаң барарсың,
        Қардар емес, бізден ол, -  
дейді.
            Назым «арғын, тобыр», «ноғайлы» деген сөздерді бір мағынада қолданады. Бұл жерде «Асықпасаң барарсың, алпыс үйлі Арғынға» десе, екінші жерінде:
         Туғызып сіздей сұлтан ноғайлыдан,
         Құдайдан айналайын батыр қылған. -
дейді.
Назымның бұл сөздері «арғын, тобырлар» сол ноғайлы атанған елдің бір бұтағы, бөлімі екендігін меңзейді. «Тоқсан үйлі тобырда» Қамбардың ата-тегі кім, қай елге жатады, эпос осыдан басталады:
           Бұрынғы өткен заманда,
         Ер Қамбар деген бар екен.
         Әзімбай деген бай екен,
         Солардан қалған сөзімді
         Баян қылып айтайын:
         Он сан үйлі Аят бар,
         Қырық сан үйлі Қият бар,
         Алпыс үйлі Арғын бар,
         (Сексен үйлі Ыбыр бар)
         Он сегізде жасы бар,
         Адал қара дегеннен
         Қара тұлпар аты бар,
         Қамбар деген ері бар, -
деп келеді. Бұл үзіндідегі кейбір рулардың аты қазір белгісіз. Ондай рулар болды ма, жоқ па, ол - өз алдына мәселе. Бірақ Қамбардың тегі арғын, қият елдері болушылық пен жоғарыда келтірілген үзінділердің бәрінде де оны Ноғайдың батыры деушіліктің тамырын іздесек, тағы да сол ноғайлы дәуіріне тірелеміз.

  Ноғайлы басындағы шындық жайт осылай бола тұрса да, халық - әрдайым оптимист. Жақсылықты алдағы өмірден күтеді. Болашаққа сенімі мол. Сондықтан ол Қамбарды мықты жаулары қалмақтарға қарсы шығарып жеңдіреді. «Ноғайлы да ел ме еді» деп менменсінген Қараман ақыры күлкі болып қалады. Елдікті аңсаған ел тілегі Қамбар сықылды ерді, оның атымен байланысты эпостық поэманы туғызды.
                                                 Қысқаша мазмұны төмендегіше:
Қамбар батыр                  Әзімбай дегеннің  алты  ұлы,   бір    қызы     
                                                       болады. Әзімбай қызын  сүйгеніне  бермек
болып, Ноғайлы он екі  баулы өзбекті шақырып, қызының алдынан өткізеді. Іштей Қамбарды сүйетін Назым ешкімді ұнатпайды. Тойға қатынаспаған Қамбар тоқсан үйлі Тобырын аңмен асырап күнелтуші батыр, бір күні арыстанға жолығып, оны өлтіреді. Сондай бір күндері қыз Назымның ауылының үстінен өтіп бара жатып Назымға көзі түседі. Қыз қанша амал-айла жасаса да, Қамбар оған тоқталмайды. Екінші оралғанында қызбен тіл қатысып, аулақ жүргенін мақұл көретіндігін аңғартады. Бұлардың сөйлесіп тұрғанын қыздың ағалары көріп, Қамбарды өлтірмек болады. Бірақ Назымның кіші ағасы Алшыораз  басқаларын тоқтатады. Қамбар өз бетіне кетеді.
            Назымның сұлулығын естіп, көршілес қалмақтың ханы Кедей ұлы Келмембетті жіберіп, Әзімбайдан қызын сұратады. Қыздың ағасы Алшыораз Келмембеттің құлақ, мұрнын кесіп кейін қайтарады. Хан әскер жиып келіп, күшпен алмақ болады. Әзімбайлар «береміз» деген амал, айла  қолданып, Қамбарға елші жібереді, Қамбар барамын деп уәде береді. Келеді. Ноғайлының батырын көрмекші болып, Қамбарға қалмақ ханы Қараман да кісі жібереді. Қамбар келісімен-ақ хан екеуінің арасында алыс-шалыс сөз болып, жекпе-жекте Қамбар Қараманды өлтіреді. Қалмақтармен соғыс салып, Қамбар мен Алшыораз оларды жеңіп қуады. Қамбарға Назымды қосады. Той жасап, жасау жабдықтап, еліне қайтарады.
            Біз жоғарыда Қамбар батырдың атымен байланысты эпостың бірнеше версия, варианты бар дедік. Соның бірі  - «Тоқсан үйлі тобыр» . Бұл варианттың жоғарғы, қысқаша мазмұнын келтірсек, өткен варианттан өзгешелігі аз. Оқиға желісі, ондағы тартыстардың себебі, дәлелі, байланыс іздері бір, тек кейбір кісі аттарында өзгешеліктер бар: Қараман - Махтым, Керей ұлы Келмембет - Кедей ұлы Келмембет, Назым - Лазым т.б. кейбір сөз сөйлемдері басқаша болып келеді. Бірақ, негізінен алғанда, бірінен бірі не идея жағынан, не құрылысы жағынан пәлендей айырмашылығы жоқ. «Қамбар батырда» әртүрлі өмір құбылысы молырақ, кеңірек қамтылады да, «Тоқсан үйлі тобырда» сол құбылыс, эпизодтар қысқа көлемде баяндалып, қысқаша түрде суреттеледі.
            Қолдағы мәліметке қарағанда, «Тоқсан үйлі тобыр» варианты «Қамбар батырдан» әлдеқайда бұрын жазылынып, бұрын басылып шыққан. Бұл екеуінің қайсысы ескірек, қайсысы жаңа, ол жөнінде үзілді-кесілді пікір айту қиын. Кейбір жолдастар «Тоқсан үйлі тобыр» варианты «Қамбар батыр» аталатын варианттан гөрі ескірек деп жүр. Бірақ келтірген дәлелдері әлсіз. «Қамбар батыр» вариантының кейін жиналып, кейін басылуы ол дәлел болып жетпейді. Бұрын шығып, кейін басылуы, кейін шығып, бұрын басылуы екеуі де мүмкін нәрсе.

 Жай оқығанда, әңгіме сұңқар, қаз, қарақұс, құмай тазы, аққу, төбет ит туралы. Бірақ бұл - символ, айтайын дегенін, ой-пікірін бейнелеп сөйлеу. Қамбар өзін сұңқар, құмай суретінде бейнелесе, Қараманды зорлықшыл қарақұс, төбет ит кескінінде бейнелейді.
            Сөйтіп, айтайын дегенін кейде ашып айтпай, әдейі бүркемелеп бейнелеу түрінде берушілік - «Қамбар»  эпосының өзіне тән ерекшелігі. «Қамбар» эпосындағы поэтикалық тілдің ерекшелігі «Тарғындағыдай» психологиялық параллелизм болмай, символ болуының өзі де, бұл поэманың анағұрлым бергі заманда шыққандығын аңғартады.
            Қорыта айтқанда, «Қамбар» бір кезде ноғайлы хандығына қараған қазақ руларының соңғы бір кезеңдерін елестетін  жаулаушыларға қарсы  елдің бірлігі мен елдігін, ердің ел үшін қызмет етуін аңсау тілегінен туған, құрылыс, көркемдігі шебер, құнды мұрамыздың бірі.

бұны көрдім тағы басқа жауапыныз үшін рахмет
0 дауыс

«Қамбар батыр» жыры өзге эпикалық туындылар тәрізді батыр тұлғасын, оның ел үшін еткен еңбегі мен ерлігін дәуір рухына сай көркемдеп жеткізуді мақсат еткені анық. Жырдың 12 варианты бар. Осыған орай кейбір нұсқаларда біршама ауытқушылықтар кездеседі. Алайда барлығына ортақ нәрсе - өз бойына көне сюжеттерді сақтай отырып, ел қауіпсіздігі маңызды болған тарихи кезеңді жырлау болғаны ақиқат. «Қамбар батыр» жыры батырдың есейіп, ел қамқоры болған тұсынан басталады. Күмістен тағып қарғысын, соңына ертіп тазысын, аңшылықпен айналысып жүрген Қамбардың белсенді қимыл-әрекеті кереметтей тартымды. Күш-қуаты кемеліне келген нағыз жігіттік шағынан басталған оқиға сол рухта аяқталады. Өз ауылы, Әзімбай ауылы және жау елі (қалмақ) - жырдағы кеңістік осылар. Батырдың ерекше болмысы екі жағдайда көрінеді. Біріншісі, көне эпос салтына тән жолбарыспен алысқандағы ерлігі болса, екіншісі - ел шетіне жау келгенде қорған бола білген қаһармандық іс-әрекеті. Сондай-ақ әлеуметтік жігі айқындала бастаған екі түрлі өмір сипатталады.

Қамбармен алғашқы ерлігіне дейін тұтас бір рудың қамын күйттеп, аш-арығын тойдырып, жетпегенін жеткізу жолында жүрген қарапайым аңшы-мерген бейнесінде танысамыз.
Түске дейін ілгені,
Төбедей болып қалады.
Көтеріп тастай береді,
Жарлының шығып көңілінен,
Қызыққа мейірі қанады, - деген жолдар оның аңшылық қасиет пен осы кәсіпке ерекше мән беретіндігінің дәлелі болса керек. Тіптен аң-құс атаулы мергеннің атының сыбдырын ес­тігеннен-ақ қашып жасырынады екен. Жыр бол­мысын ерекшелендіретін елеулі оқиға - Қам­бардың жолбарыспен жалғыз айқасып жеңуі.
Қамбар да қайтпай ұмтылып,
Бар қайратын шақырды.
Құйрығынан көтеріп,
Айналдырып басынан,
Лақтырып кеп жіберді,
Қырық қадам жерден асырып,
Мықтылығын ел көрді.
Жырдың айтарлықтай тағы бір ерекше­лігі - Назымның күйеу таңдап жар салған сынағына Қамбар қатыспайды. Бұл жағдайды жыршы әртүрлі себептермен түсіндіреді. «Бір жаман келіп малы көп, Алып кетсе айырып, Қайғыменен басылар, Ат басындай жүрегім», - деп сұлудан тартынуына кедейлігін сылтау етеді. Осыған қоса «Кедей демесең, одан артық адам жоқ» дейтін хабаршының сөзі бар. Демек, сол жерде Қамбардың бар кемшілігі - кедейлігі екені айқын айтылады. Қыздың құрған өрмегіне де мән бермей, кідірмей өте шығады.
Қамбар бейнесінде жеке отбасын құрудан гөрі руының, тобының қамын жеу басым. Назым тарапынан өзіне деген көңілді сезгенімен оған құлай кетпейді. Қайта бойын аулақ ұстаудың түрлі жолдарын табады. Батырдың ойы былайша беріледі:
Осыған көңілім бөлініп,
Ұмытып кетсем жұртымды,
Құдайдың мені ұрғаны.
Назыммен сөйлесіп тұрғанын көріп қалып, дау-жанжал шығарған қыздың алты ағасының ғайбат сөздерінен Қамбарды кемсіту байқалады.
Назымға қалмақтың ханы сөз салғанымен, жүрегін жаулай алмайды. Қалың нөкеріне сенген жат жұрттың билеушісі қызды зорлықпен алмақшы болған әрекеттеріне байланысты ел ішінде түрлі жағдайлар орын алады.
Ноғайлы билері Қамбарға тарту-та­рал­ғыларымен келіп, сырт жаудың басым­дылығынан қорғау жөнінде ұсыныс айтады. Сол кезде Қамбар тоғыз күннен кейін баруға уәде етеді. Өйткені өзіне қараған тоқсан үйлі тобырының қамын жасап, яғни аң-құс атып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп кетуді ойлайды. Қамбар Әзімбайдың сәлеміне «Әуелі, Алла, екінші жұрт үшін белді буайын. Әзімбайдың ақымақ алты ұлына өкпелеп, Жаманның ісін қылмайын» деуі батырдың табиғатының зеректігін айғақтайды. Қамбар мен Назымның алты ағасының арасында болған реніштер елдің тәуелсіздігі ұғымының жанында жай кикілжің есепті болып қалыс қалады.
Қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келген тұсынан бастап оқиға күрделіленеді.
Әзімбайды жүдетіп,
Сансыз қолды түнетіп,
Жерімнің шүйін қашырып,
Берекесін кетіріп,
Күйеумін деп Назымға,
Шынтақтайсың мамықты,
Аяғыңды көсілтіп, - деп батыр жауына қарсы батыл ұмтылады. Шекесіне құрама болат дулыға қойған, үстіне бадана көзді берік сауыт киген Қамбар жекпе-жекке шыққан шақта Қараманды өлтіреді.
Қыз Назымға таласып,
Екі батыр соғысты.
Бұлт шайнап, мұз бүркіп,
Үркер мен айдай тоғысты.
Түртіп өтіп кеткені,
Тақиядай ұшады.
Екпініне шыдамай,
Атының жалын құшады, - деп қайратты ер Қамбардың күші суреттеледі. Туған еліне деген сүйіспеншілік сезімнің құдіреті қасиетті жеріне ат ойнатқысы келген озбыр топқа тосқауыл жасайды. Күл төгіп, ірге бекіткен, кіндік қаны тамған қасиетті топырақты бар жан-тәнімен қорғайды. Сондай-ақ қыз баланы діні, ділі, тілі бөлек жат елге жіберуді 18 жасар Қамбар намыс санайды.
Үш күн, үш түн бойы шайқасып, ақыры Қамбар жеңіске жетеді. Басына қиын-қыстау іс келгенде ғана батырды керексінетін, байлық пен мансапқа мастанған байлардың келеңсіз әрекетіне тұтас елді жаудан құтқарған Қамбардың ерлігі қарсы қойылады. Барлық ізгі қасиеттер халық өкілі - батырдың бойына жинақталып суреттеледі. Батырлығы асқанымен әлеуметтік жағынан қызына тең көрмегендіктен, Әзімбай қызын Қамбарға бергісі келмейді. Алайда өзі дәрежелес Аршаханның ақыл-кеңесі арқылы ғана Әзімбай батырға қызын қосуға мәжбүр болады. «Күмістен керегесі, уығы алтын, Оңаша сегіз қанат тікті үйді». Осылайша қатарлап қазынаның бәрін жиып, Әзімбай қырық күн той жасайды.
Жырда батырдың серігі, яғни Қамбардың қарақасқа аты көркем кестеленеді.
Мойның алтын табақтай,
Қамыстай екі құлағың.
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың,
Сұлулығың сүмбідей.
Мінеки, ұшқан құстан озатын ересен жүйріктігі, алыс жолға алқынбай жететін қайраты мен төзімділігі, батырдың тілегін танитын, дұшпанның пиғылын сезетін қасиеті, қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп сөйлеп, кеңес беретіндігі» - тек қана батыр тұлпарына тән айшықталған белгілер екені анық. Сондай-ақ батырдың өз басына қатысты «аш бөрідей жалақтап, нар бурадай алысты», «жолбарыстай ширығып», т.б. метафоралы теңеулер қолданылады. «Хан сүйекті Қамбар-ау, қара атыңда жал бар-ау» дейтін Назымның монологының өзі-ақ көп жайды білдірсе керек-ті.
Батырдың көңіл-күй сәттерін, ішкі буыр­қанған толғаныс иірімдерін білдіретін диалог, монологтар да, ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) де мол орын алады. Жауын жеңгендегі ерлігін «Қойға кірді бір бөрі, Бөріктіре қырады, Талай қалмақ сұлады», - деп көтермелей жеткізеді. Жеңілген жаудың сипатын «қызыл қаны ағып жосылды», - деп суреттейді.
Дәстүрлі құдалық салт рәміздік ұғымдардың түрлері көңіл аударарлық. Мысалы, күйеуді «алтын сұңқарға, қалыңдықты «қазға» балап, сұңқарға қазды ілдіру арқылы құда түсуді тұспалдайды. Қалыңдық - «қызыл түлкі», күйеу - «жүйрік тазы» немесе қалыңдық - «піскен түйнек», күйеу - «өткір кездік» сияқты көркемдік образдар молынан кездеседі.
Қорыта айтқанда, елді жаудан қорғау идеясы - жырдың алтын арқауы. Бір шүйке басқа алданып, көңіл бөлмей, Қамбар бірінші кезекте өз тобырының жағдайын ойлайды. Кедейлерге көмектесуді парыз санайды.
Дүниеге келіп кетті не асыл зат,
Жаманнан дат, жақсыдан қалады хат.
Бір дұға оқыңыздар аруағына,
Қамбардың болып жатсын көңілі шат, - деген жолдар бар жырдың соңында.
Олай болса, елдік, ерлік рухын асқақтататын Қамбар бейнесі ғасырдан-ғасырға жетіп, әрбір ұрпақтың рухани азығына алдағы уақытта да айналуға тиіс.

0 дауыс
Қамбар батырдын ата анасынын аты ким?
...