Мен сізге қандай тағам жеуге болмайтынын білмеймін бірақ мыналардыда қарап көр:
Дұрыс орындалу шарттары
– Хайыз бен нифастан таза болу. Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін Оразаның қазасын өтейді. Ал ер адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ауыз бекітуіне кедергі емес. Бірақ мүмкіндігінше, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу — абзал.
– Оразаның әрбір күніне ниет ету. Таңертең сәресіге тұрып, ораза ұстауға ниет ету — бұл құлшылықтың дұрыс орындалуы. Тілмен ауыз бекіту дұғасын айту жақсы амалдардан. Дегенмен, ниет еткенде екі ойлы немесе шарт қоймау керек. Мәселен, «Ертең пәленше қонаққа шақыра қалса, аузымды ашуға, егер шақырмаса, ораза ұстауға ниет еттім» дегендей ниет жарамсыз.
Бұзатын жағдайлар
– Ешқандай себепсіз біліп тұрып әдейі бір нәрсе жеу. Олай істеген жағдайда, ораза кәффаратын өтеу керек. Бірақ тағам ауызда езіліп, жұтылмайтын болса, дәмі де тамақтан өтпесе, онда ораза бұзылмайды. Сонымен қатар, біреуді ғайбаттағаны үшін, қан алдырғаннан кейін ораза бұзылды деп, әдейі жеу де кәффаратты қажет етеді.
– Аузы берік жанның зайыбымен жақындасуы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ондай жағдайда кәффарат үшін бір құл азат ету, оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан үзбей Ораза ұстау керектігін міндеттеген. Ал оған да күші жетпесе алпыс жоқ-жітікті тойдыру қажеттігін айтады.
Бұзбайтын жағдайлар
– Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей ерлі-зайыптының жақын қарым-қатынаста болуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені оған жегізген де, ішкізген де Аллаһ».- дейді. Енді бір хадисте Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес екендігі айтылады (Ибн Мажа, Сиям, 15). Алайда ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.
– Таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін осындай күйде жүргеннің оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз.
– Қан алдыру немесе сүлік салдырудың да оразаға зияны жоқ. Құлаққа су кіру, бұлық ағу, көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу Оразаны бұзбайды.
– Тіс жұлдырудың асыл міндетке кесірі жоқ. Ауыз бен мұрынға су алып шайқаудың үкімі де дәл солай. Бірақ тамаққа кетпеуді қадағалау қажет.
– Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, Оразаға зияны жоқ. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту Оразаны бұзбайды. Сонымен бірге, салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию ауыз бекітуге зиянды емес.
Оразаның пайдасы
– Расында, нұр шашқан айдың адамзатқа берер пайдасы мол. Ең әуелі ауыз бекіту — пендені күнәдан сақтайды. Құранның Бақара сүресінің 185-аятында айтылғандай, күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетуіміз үшін бізге бұл айда ораза ұстау парыз етілген. Оразаның мақсаты — мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу екендігі белгілі.
– Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары да мол. Кейде адам баласы байлықтың соңына түсіп, аштықты ұмытады. Ораза сондай пенделердің көкірек көзін ашуына зор мүмкіндік. Қоғамда тепе-теңдіктің орнауына септігін тигізеді.
– Ораза сабырлылық пен төзімділікке үйретеді. Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Бойдағы ашу мен жеңілдігіне сабыр етіп, ақылы молая түседі.
Ауыз бекіте алмайтындардың ахуалы
Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға пітір садақа беру — уәжіп. Бұл топқа ауруларының айығуы үміт етілмеген пенделер мен ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар міндетінің орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады немесе пітірді ақшалай береді. Мәселен, бір кедейді алпыс күн таңғы және кешкі уақытта тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең және кешке тамақтандыруы қажет. Бұл туралы Құранда Аллаһ Тағала: «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір , жарлының тамағын төлесін(Бақара», 184-аят)» ,– дейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, облыстық орталық мешіт қызметкерлерінің айтуынша, биылғы Рамазан айындағы пітір садақа жан басына 100 теңге болып белгіленді. Әрбір мұсылманның аталған теңгені ораза біткенше мешітке барып беруіне мүмкіндігі бар.
Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет:
}أللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَ صَوْمَ الْغَدِ مِنْ رَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْ لِي ما قَدَّمْتُ وَ ما اخَرَّتْ{ُ
Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәл-ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту». «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».
Ақпараттар: http://kz.otyrar.kz/2012/07/oraza%D2%A3-%D2%9Babyl-bolsyn-%D2%B1sta%D2%93an-zhan/
http://ummet.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1196&Itemid=102