+2 дауыс
12.4k көрілді
Кім маған мына шығармаларды күрделі жоспармен эпиграфпен жазып береді. 200 ед беремін.

1. Ұлттық сал-дәстүрлер тағылымы (тұрмыс-салт жырлары туралы).
2. Сөз мәйегі (мақал-мәтелдер бойынша).

3. «Ер Тарғын» жырындағы Тарғын батырдың образы.
4. «Қыз Жібекті Төлеген ақылменен танып тұр ...» («Қыз Жібек» жырындағы махаббат тақырыбы).
5. «Шешенің судай төгілген...» (қазақ шешендік өнерінің өзіндік ерекшеліктері).
6. «Белгілі қанша жұртқа атым – Сара» («Біржан мен Сара» айтысындағы Сара Тастамбекқызының бейнесі, туғанына 160 жыл).
7. Ежелгі дәуірдің ерен ескерткіштері (Ежелгі дәуір әдебиеті).
8. Жауһар жырлар (ХV – ХVІІІ ғ.ғ. әдебиеті).
9. Бұқар жыраудың толғауларындағы Абылай ханның асыл бейнесі (Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 345 жыл толғауына орай).
10.  Бұғауға бағынбаған жырлар (Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының (195 жылдығы), Мұрат Мөңкеұлының (170 жылдығы) шығармашылығы бойынша)
11.  «Аттанып едім көп үшін...» (Махамбет поэзиясындағы асқақ арман, туғанына 210 жыл).
12.  Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы.
13.  Ы.Алтынсарин әңгімелерінің тәрбиелік мәні.
14.  «Атымды адам қойған соң...» (ұлы Абайдың рухани мұрасы туралы ой-толғау).
15.  Абайдың «Ескендір» дастанындағы философиялық түйін.
16.  «Адамдық борышың – халқыңа қызмет қыл» (Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 155 жыл толуына орай).
17.  «Сарыарқа -сайран жерім-ай» (Нарманбет Орманбетұлы ақындығының бастау көздері).
18.  Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы халық бостандығы мәселелері (туғанына 155 жыл).
19.  Қазақтың біртума әнші-ақындар шоғыры (Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Әсет Найманбайұлы, Иман Жүсып, Мәди Бапиұлы, Естай Беркімбайұлы сияқты тума таланттар шығармашылығы).
20.  Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылық еңбегі (туғанына 170 жыл толуына орай).
21.  «Атадан Біржан сал боп тудым артық» (қазақ халқының ардақты әншісі Біржан сал Қожағұлұлының әдеби мұрасы».
22. Замана бұлбұлы (Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы).
23.  «Менің пірім-Сүйінбай»Жамбыл мен Сүйінбай поэзиясындағы үндестік).
24.  «Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам ...»Алаш қозғалысының көшбасшысы А.Байтұрсынұлының туғанына 140 жыл).
25.  М.дулатұлының «Бақытсыз жамал» романының қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны.
26.  С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романының әдеби-тарихи тұрғыдағы маңыздылығы туралы (ақынның туғанына 120 жыл толуы қарсаңында).
27.  С.Көбеевтің «Қалың мал» романындағы жастар бейнесі (туғанына 135 жыл).
28.  Сәбит Дөнентаев – сюжеттік шағын өлеңнің, сатираның шебері.
29.  «Сыр сандық» (Сәкеннің сыршыл лирикасы).
30.  М.Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылық жолы (туғанына 120 жыл).
31.  Суреткер (Ж.Аймауытовтың әдеби мұрасы туралы толғаныс).
32. Б.Майлин шығармашылығы -өз дәуірінің көркем шежіресі.
33. І.Жансүгіров -ірі эпик ақын.
34.  М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абай образы.
35.  Жазушы және замана (С.Мұқановтың шығармашылығы бойынша).
36. Отан үшін от кешкен (Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы Қайрош образы).
37.  Ғ.Мұстафин шығармаларындағы дәуір келбеті.
38. «Әдебиет -халықтың санасы, рухани өмірінің бояуы мен жемісі» (1960-1990 жылдар аралығындағы қазақ прозасы: Хамза Есенжанов, Ілияс Есенберлин, Әбдіжәміл Нүрпейісов, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, және т.б. Жазушылар қатарынан оқушының өзі қалаған қаламгердің шығармашылығы туралы ой-толғанысы).
39.  «Жыр жазамын Абайдың үлгісімен...» (қазақ поэзисының інжу-маржаны: Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-әлі, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов шығармашылықтары қатарынан оқушының сүйікті ақыны туралы ой-толғау).
40.  Тахауи Ахтанов ың «Шырағы» сөнбесінің романындағы өмір сүйгіштік рух (жазушының туғанына 90 жыл).
41. Халықтың қадірлі қаламгерлері (Тайыр Жароковтың туғанына 105 жыл, Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 90 жыл, Қалтай Мұхамеджановтың туғанына 85 жыл толуы қарсаңында).
42.  «Анамның тілі – Ай, Күнім менің»
43.  Қазақстанның жұлдызды ғасыры («Қазақстан -2050» Стратегиясы).
44.  Халқының қаһарман ұлы (жазушы, әйгілі баһадүр Қасым Қайсеновтің туғанына 95 жыл).
45.  «Сүйемін туған елімді дарқан...»
Тағы да шығармалар бар ма?Бізге де етиханға осы тақырыптар келеді екен.
Белгісіз

4 жауап

0 дауыс
45.Сүйемін туған елімді дарқан

      Туған жердей жер болмас,

      Туған елдей ел болмас.

                            Мақал

    Жоспар:

   І. Маған қымбат құндылықтар

   ІІ.Сүйемін туған елді дарқан:

1.Туған елдің түтіні де ыстық

2.Туған ел кереметтері

3.Туған елімнің мақтаныш азаматтары

ІІІ. Сүйіп өтем мәңгілік туған елді немесе Қызмет етем халқыма
+1 дауыс
5.                                                                                                                                             Қазақ шешендік өнерінің піспегі –    

                                                                                                                                                  шешен билер де,күбісі халық.

  Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген. Ежелгі грек, рим елдерінде шешендік өнерді "риторика" деген атпен жеке пән ретінде оқыған. Дүние жүзіне әйгілі ерте заман шешендері Пратогор, Демоссфен, Цицерон, Квинтилиан сияқты өз заманының мемлекет қайраткерлері, ел аузына қараған ойшылдары болған. "Риторика" ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған. М.В.Ломоносовтың 1748 жылы басылып шыққан "Шешендікке қысқаша басшылық" атты еңбегі бұл өнердің Ресейде дамып, қалыптасуына түрткі болды.

Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.
Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше.
Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған болатын. Ол: "Қазақтар... мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын", – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.
Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді.
Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. "Қазақ әдебиеті тарихы" (1927 ж.) еңбегінде "Билер айтысы" деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады.Халық мақалдарында: "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді", "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", "Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді", "Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды", – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген.
Сөз туралы Бөлтірік шешен: "Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл", – деп толғайды. Бұлар – "Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі". Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау: ...Көш бастау қиын емес – Қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес – Шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын – Шешімін таппас дау бар, –
деп дұрыс аңғартады. Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет.
Шешендік сөздерге тән ерекшеліктер. Біріншіден, қазақ шешендерінің сөздері жазбаша емес, ауызша айтылып дүниеге келеді де, одан кейін бірден-бірге жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Екіншіден, айтыла келе бастапқы нұсқа қалып өзгертіліп отыруы мүмкін. Үшіншіден, шешеңдік сөздер кейінгі айтушылар тарапынан қажетіне қарай өзгеріп қолданылып отырған. Шешендік сөз ақындар айтысы сияқты сөз тартысы дау үстінде, ел тағдыры талқыланған ұлы жиын кеңес кезінде, оңаша ой толғау не сұхбат, әңгіме-дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет түрінде де өмірге келген.
Шешендік сөздер көбінесе түсінік сөзден басталады. Түсінік сөзде айтылмыш шешендік сөздің немен байланысты, қандай жағдайда туғандығы мен кім айтқаңдығы баяндалады. Шешендік сөздің, айтылар ойдың негізі – мазмұн. Сөз нақтылы, нені айтса да сендіретіндей, иландырып қарсыласын мойындататындай дәлелді айтылған. Жазба әдебиетіміз дамыған кейінгі дәуірде шешендік сөздер саптан шыққан жоқ. Заманға сай жаңа мазмұн, жарасымды тұр тапқан шешендік сөз нұсқалары көбейді. Шешендік сөздің шыны – айтыс. Мұнда ауыз әдебиетіне тән барша қасиеттер тоғысқан.
Шешендік сөздер мән-мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді.
Шешендер сөзі – халқымыздың тілдік қазынасы. Ол көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне ұқсас болып келеді.
Ертеден-ақ, халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеген, әділін айтқан шешендері, білімпаз билері болды. Би – халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден қалған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес.
Ш.Уәлихановтың: "Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған. Би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екеңдігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған", – деген сөздерінен би – халықтың көкейіндегісін айтқан, жарыққа шығарған әділет жоқшысы екенін танимыз.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов: "Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді", – деді. Демек бұл қастерлі мұра – шешендікпен айтылған билер сөзі ұмытылмайды, қай кезде болса да халық жадында.
0 дауыс
Ілияс Жансүгіров - лирик ақын Жалпы ақындық қасиет адамға ерте қонатындығы, әдетте өлең шығару жас кезден басталатыны дүйім жұртқа мәлім факт. Бірақ сондай дарынға түрткі болатын игілікті жайт - ойы мен көңілін қозғар орта болмаса, оған қандай да бір жағдай жасасаң да, одан шығар нәтиже шамалы. Ілиястың өскен ортасы да, өмір кешкен қоғамы да оның ең алғаш қалам тартып, ақындық жолға түсуіне түрткі болған, дарынын, ішкі талант құбылыс-қасиетін ашқан, әсемдік әлеміне жетелеген – Жетісу табиғаты мен өзінің туып-өскен жерінің сұлулығы. Әдетте, сұлулыққа тәнті болған адам ғана құштарланады, іңкәрлік сезімге бөленіп, толғанысқа, қиял-сезімге бой ұрады. Бұл жайтты Ілияс та басынан кешірген. Бойындағы сезімтал қасиеті оның ойын сан-саққа жүгіртеді, қинайды, әбден қалжырап, бәлкім қасындағы өзін сезетіндей адам табылмағасын, қолына қалам алуы да ғажап емес. Алғашқы өлеңдерінің бірінде былай деп жырлайды: Ащы көңіл, Тұщы өмір, Төсек – темір, бар ма дос? Қайғы баптап, Ойды шақтап Сырғанақтап жүрмін бос. («Шам-шырақ») Немесе: «Жел жалауды желбірет!» - деп, ішкі дертті қалай шығаратынын білмей дал болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ілиясқа жас, албырт кезінде табиғаттың сұлу көрінісі ерекше әсер еткен. Табиғатқа іңкәрліктен туған балғын жырлары айналадағы тылсым сәт пен жарқыл қаққан өмір көріністерінен туса, кейінірек эпикалық шығармаларға батыл ауыз салады. “Ілияс поэзиясындағы мөлдір арнаның бірі - табиғат лирикасы”- дейді академик Р.Нұрғалиев өзінің “Арқау” атты монографиялық еңбегінде. “Туған жерін, елінің тау-тасын, өзен-көлін беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап сұлулығынан өз шабытына нұр алып, сан алуан бояулары буырқанған ғажап суреттер салды. Бұлардың ішінде нақты географиялық адресі танылған (“Ағынды менің Ақсуым”), табиғаттың бір сурттегі көрінісін бейнелейтін (“Ақшам”, “Бұлт”, “Желді күн”, “Жазғы таң”), құбылысты көз алдыңа әкелетін (“Жауында”, “Жел”, “Тас”) сан алуан үлгілері бар. Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылардағы ойлар, символдық бейнелер, ишарат образдар философиялық идеяларға жетелейді, көп мағыналы сарын-әуездерді тудырады”. Шынында да ақынға суреткерлік, қылқалам шеберлігі секілді қасиетке ие болмай, ірі полотно жазу мүмкін емес. Ілияс өз бойындағы осы бір буырқанған қасиетті ауыздықтай ала алды ма? Жоқ ! Шынайы дарын тірі, көрікті табиғатты сезіне отырып оның тылсымынан шыға алмастан, оны мүмкін-қадірінше одан әрі игергісі келетіндіктен қаламын сілтей берді. Қазақ ортасында өлең өнері ертеден-ақ ерекше орын алды десек, табиғатты жырлау кенже қалған тақырыптардың бірі. Ілияс мұны сезінбеуі мүмкін емес. Сезінді де, осы тақырыпқа ерекше ден қойды. Ілиястың табиғат лирикасына орай жазылған қай өлеңін алып қарасаңыз да, ондағы стил өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы айқындалып тұрады. Өлеңіндегі эпикалық кеңдік, теңеу, эпитет, метафора, градация, эпифора, анафора байлығы оның поэзиясындағы негізгі белгілері десек, одан халықтық, фольклорлық леп ескендей сезіледі. Олай болуы заңды да. Халқымыздың құт-берекесі дарыған, көне заманнан даналық пен ақындық мекені болған Жетісу жерінің перзенті Ілияс бала күннен бастап өлең мен жырдың қойнауында туып, сонда өсіп-өркендеген. Нәтижесінде, нағыз халықтық пафоста, танымдық-білімдік тұрғыдан берері мол, этнографиялық ғылым саласына жақын жазылған өлеңді оқып тамашалайсыз. Ақ үйге алты қанат келсем кіріп, Босаға, маңдайша мен табалдырық, Кереге алты жапсар, алпыс уық, Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық. Құр, таңғыш, басқұр, арқан, екі аяқ бау, Төрт ірге, есік жабық, ши туырлық, Он бес бау ішкі-сыртқы белдеу, желбау, Тұскиіз көрпе, көпшік, шай шымылдық Текемет, жастық, шапан, кілем, сырмақ, Алаша, бешпет, көйлек, сәлі бөрік, Самаурын, үстел кесе, шәйнек, шәугім, Дөдеге, сандық, кебеже, ақ түндік... Бұрын-соңды мұндай өлең жазылмаған. Бұл қазақ поэзиясындағы жаңа серпін, жаңа үрдіс. Бұл өлең үлгісін Ілияс жас шағында жазған. Қазірде ұмытыла бастаған үй- жабдығын өлеңмен өріп, атауын атап, түсін түстеп беру Ілияс шығарамларын ерекше ажарландырады. Осы тұрғыда жазылған өлең үлгілері Ілияс поэзиясында кейінгі кезеңдерде берік орын алған. «Жетісу суреттері» өлеңі Ілиястың ең айшықты шығармаларының бірі. Өз тұрғысында М.Әуезов бұл шығарманы бағалап, былай деген еді: «Мен Ілиясты бұрын білуші ем, өлеңдерін оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін», - дейді. «Жетісу суреттерінде» ақын 52 тіршілік иесін атап өтеді. Өлең жолдары былай келеді: Мінеки. Алатауға біткен торғай: Қара, боз, суық, бұқпас, сипті, шымшық, Шапшақай, майлық, маубабұқа, шөже, Тоқылдақ, сан–сапалақ атаулысы... Ал аңдар атаулысы: сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр, шибөрі, қарсақ, сусар, бұлғын, жанат, таутеке, арқар, қарақұйрық, суыр, марал т.б. Жыртқыш құстар: тазқара, балтажұмар, құмай жұртшы, су бүркіт, лашын, тұйған, тұнжыр, тынар, мықи, ителгі, бәрпі, қырғи, тұрымтай, бидайық, бүркіт, тығанақ тағы басқа да құстар мен қазірде ұмыт болған ағаш-шөптердің атаулары өлеңде ерекше жарасым тауып, табиғи түрде орын тепкен. Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша, Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар. Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен, Үйеңкі, сырғай, балғын, тораңғылар, Сарыағаш, түйеқұйрық бауыр құрттар, Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік, Сықылды ағаштардың талайы бар...» - деп, Жетісудың бай, шүйгін табиғатын жырға қосады. Тегінде, «Жетісу суреттері» «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетсудағы су суреті», «Жетсу жәндігі», «Жер түгі» тәрізді бес бөлімнен, 333 жолдан тұратын көлемді туынды. Бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жайнаған, ерекше пафоспен жазылған қазақ поэзиясындағы еш қаталанбас құнды поэзиялық мұра. Қазақ әдебиетінің құнарлы саласының бірі - поэзия болса, Ілияс сол құнарлы салаға бар күш-қуатын сарқа жұмсаған алпауыт ақынның бірі. В.Г.Белинский Пушкин мен Лермонтов поэзиясына орай «Бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір-поэзия дүниесі, осы құбылыстарды құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның жаны мен тетігі. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы мен сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» - десе, бұл анықтама Ілиястың да поэзиясына қатысты айтылған сөз. Олай болатыны - жоғарыдағы атап өткеніміздей, Ілияс поэзиясы бастан-аяқ қазақтың халық әдебиеті мен халық тілінен нәр алып дамыған шығармашылық десек, оның тағы да бір қайнар бұлақ көзінің бірі - классикалық орыс әдебиеті. Бұл бұлақтан өз тұсында әуелі ұлы Абай сусындаса, сол Абайдың сан-салалы поэзиясынан Ілияс та үйреніп, өзіне тәлім алған. Кейін жиырмасыншы жылдары Пушкин, Лермонтов, Крылов, Державин, Некрасов т.б. ақындардың шығармаларымен көбірек шұғылдана отырып, олардың бірқатарын қазақ тіліне аударады. Сонымен бірге әлем әдебиеті классиктері Гюго мен Гейне, Гете, татар ақыны Ғ.Тоқайды, тәжік ақыны К. Лахутиді және басқа да дүние жүзі поэзиясының өкілдері мұраларының қыр-сырына үңіліп, одан үнемі үйреніп, үлкен ізденіс жасағаны Ілияс поэзиясының диапазонын кеңейтті. Ілияс Жансүгіров поэзия әлеміне жастай келді десек, атап өткеніміздей, балғын, талапкер шағында Абайдың поэзиясы оған ерекше әсер етті. Әйтпесе, Ілиястың жас шағындағы «Құтырған күндеріндегі» өлеңдері әр-әр жерде айтылған жерінде қалып, көп мұралы сақтаусыз шашылып қала берген. Сол өлеңдерінің алғашқыларының бірі «Балдырған» атты жинақ дәптерінде енген Абайдың әсерімен жазған өлең нұсқасы төмендегідей келеді. Салды бұлақ енді әнге, Құйқылжытқан келді әнге. Тау мен тас мұңданып, Арғы мен салды бергі әнге. Ағаш, тоғай қуанып, Әкетті ертіп жерді әнге. Жан-жануар таңырқап, Тамсандырды елді әнге. Тоқсан толғап қайырып, Тоқтады барып әреңге...» - деп жырлайды. Мұнда не ұйқас, не форма, не өлең өлшемдері сақталмаған. Бұл Абайға дейінгі өлеңдері. Бұдан кейін, өзі айтқандай, «... Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік,сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды, Келсе де, келмесе шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым...» - дейді. Ақын поэзия әлеміне 18 жаста келеді. Оны дәлелдейтін мына факт. 1958 жылы Қалижан Бекқожин «Халық өмірінің өрен жыршысы» деген мақаласында: «Біздің әдебиетшілеріміз Ілиястың ақындық өнер адымы 1919-1920 жылдардан басталды деп келді. Бұл қазір теріске шықты. Алматының Пушкин атындағы көпшілік кітапханасының архив қорынан жуықта ғана табылған Ілияс Жансүгіровтің өз қолымен жазылған екі өлең дәптері ақынның өлеңді 1915-1916 жылдардан бастап жазғанын дәлелдейді». 1986-1988 жылдар арасында баспа бетін көрген «Бес томдық шығармалар жинағында» Ілияс Жансүгіровтің бұл томында ақын өлеңдерінің жазылу хронологиясына қарай жасалумен байланысты, оның «Күзгі гүлге» өлеңімен ашылып отыр. Бұған дейін Ілияс Жансүгіров творчествосы 1915-1916 жылдардан басталады делініп, келсе, ақынның Қазақ ССР Мемлекеттік архивіндегі өз қорынан табылған (№37 папка, 127-бет) осы өлеңі ол пікірді өзгертіп, оның творчествосының бұдан гөрі сәл ілгеріректен басталатынын дәлелдеп отыр». Бұл ақынның өз қолымен жазған «Балдырған» және «Қызыл жалау» атты өлең дәптері. Яғни, сол дәптерінде жоғарыдағы аталған «Күзгі гүлге» өлеңі 1912 жылы жазылған. Ал баспа бетін тұңғыш рет 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің 15-сі мен 22 тамызы күнгі «Тілек» және «Сарыарқаға» деген атпен жарық көреді. Ілиястың бұдан кейінгі шығармалары баспасөз беттерінен жиі шығып, творчестволық өсу эволюциясы басталады. Осы кезеңдегі поэзияның денін былай деп көрсетеді: «Мен төңкерістен әрі жерде хат шығарып, қисса оқудан артық сауатым болмаған ауыл наданымын. 1917 жылдың тұрғысындағы бостандық пен көбейе бастаған газет-журналдар мені үлкен жазуға еліктірді. Еліккенен еш нәрсе шығара алмадым.. 1921 жылы «Жас Алаш» газетінде 22 мартта шыққан «Жас замандастарға» деген бас мақала менікі және сол нөмірде «Жалпы жасқа» деген өлеңім де басылды. Менің алғашқы баспасөзге шыққан, бірінші шыққан мақалам осы»-дейді. Жоғарыда аталған «Сарыарқа» газетіндегі басылған жырларын атамағаны ол өлеңдеріне көңілі толмаса керек. Бұл Ілиястың әлі де болса ақындық шеберлігі толыспаған, өзіне сенімсіздеу, сыни көзқарас танытатын тұс. Осы кезеңге орай Әбділда Тәжібаев Ілияс поэзиясы жөнінде төмендегідей тұжырым ұстанады: «Біздің байқауымызша, мүмкін үстірт те болар, Ілияс Жансүгіров лирикалары үш басқышқа бөлінеді, әрине шартты түрде: Бірінші басқыш: Ілиястың әлі өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын тұсы. Екінші басқыш - Ілиястың өзін-өзі таба бастаған, бірақ ақындық мәдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің әрі шұбарлаң, әрі шұбар тұсы. Үшінші басқыш - Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңінің түрі мен мазмұнын келістіре тауып, лирикалық жырларына эпикалық қуат берген тұсы», - дейді. Ілияс әр тұста да өз творчествосына аса жауапкершілікпен қараған болса, Ә.Тәжібаевтың көрсеткенідей, алғашқы басқышта «Әлі өзін таппаған, өзгелерге ұқсайтын» кезеңді басынан өткерген. Бойындағы қасиеті - қаншама білімі биіктеп, өлең жырлары мен шығармаларын халық сүйсініп оқып, құрметтесе де өзіне көңілі толмаған. Үнемі өзіне сын көзбен қарап, туған әдебиетіне де жанашырлықпен сезімін әрдайым айқындап отырады. Енді бір 7-8 жыл өткесін өз-өзіне келген ақын сол тұстағы әдебиетте белең алған дөкір социализмнің оралымсыздықтары, кезең идеологиясын жақтаған шикі, талғамсыз шығармалар туралы ойына қаншама тұсау салса да, қажетті жерде аяусыз сын айтатын сәт те туады. «....Бірқатар құрғақ жасасындар, рапорттар жазылады. Колхоз, совхоз, тракторды жалпылап, жасасындар, науқан жайында өлеңмен үлкен рапорттар, ұзын-ұзын поэмалар мен баталар беріліп жатты. Оны ел сүйсініп оқыған жоқ, қайта жүрегін айнытты. Сөйтіп, біз сол екі жылда, 1930-1932 жылдың ішінде әдебиетіміздің, әсіресе өлеңдердің құнын арзандатып, сапасын төмендетіп алдық. Менің «Социалдық ауыл», Сәкеннің «Социалистан», Сәбиттің «Көмір-коммунизм», «Алатаудың алыбының» қақ жартысы, Бейімбеттің «Рапорт», Қалмқанның «Екпінді», Асқардың «Құрылыс», Мәжиттің «Құрылыс жыры», «Социализм жыры» деген жинақтары, Тайырдың «Коммунизм таңы», Ғалымның «Балға-орағы», «Доңғалағы», Исаның «Колхоз, Совхоз», Жақанның сол жылғы өлеңдері, Өтебайдың «Ақ алтын», «Қара алтындар» тағы басқалар-сапасы төмендеген шығармалардың белгілері. Бұларда адамды жырлаған мазмұн, тартыс жоқ, тек жалпылау «Көп жасасын» болды. Адамды көрмей, ауылдан қашып, тек «трактор», «аэроплан», «бесжылдық», деп жалпыларп, жауыр поэманы көбейтіп алдық. Поэзияда әлі жемісі көркем, тілі бай, мазмұны күшті үлгілі өлеңдер жоқ. Қызықты тартыс жоқ. Өлеңге жан бітіретін лирика жоқ..» деп, құрдас қаламгерлердің көркемдік кемшілігін жасырмай ашық айтады да, әдебиет сыншысы есебінде қаламы уытты екенін танытады. Көздеген мақсаты - қазақ әдебиетінің жарқын болашағы, шығармалардың көркемдік аясының кеңеюі, образдардың айқын ашылуы, реализмнің кең өріс алуы, жалпы әдебиеттің дамуын жеделдету еді. Ілияс-өзінің әдебиет әлеміне келіп, өмірінің соңына дейін 20 жылға, творчестволық кезеңіне дейін күшін сарқа мол еңбектенген қаламгер. Ілияс-өз заманың көкейтесті кез келген әлеуметтік мәселелерге үн қосып, өз дәуірінің болмыс - бітімін жан-жақты бейнелелеп, жырлап өткен ақын. ХХ ғасыр басындағы қазақтың ағартушылық-демократиялық бағыттары қаламгерлердің оқу-білімге шақырған идеялық ой-толғамдарына ұқсас «Жаңылғаным», «Талғамалар», «Маңым», «Жыбырлық», «Замандасқа» атты өлеңдерінде төңкеріске дейінгі надандық пен жоқшылықтан шығар бір жол - оқу-білім екеін айтып, сонымен қатар адами - моральдық мәселелерге ден қояды. Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас! Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас! Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң, Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас!- «Жыбырлақ» өлеңінде де қазақ ішіндегі жаман әдеттен ада болуға шақырады. Сынға салдым Шынға салдым, Жас талапкер өзіңе, - деп, одан арғысын әр жастың өз таңдауына береді. Ортаға ұран, үміттік әуез сарындас өлеңдерінде де ел теңдігі үшін жан аямай күресуге, әлеумет пен қоғам ісіне адал, белсене араласуға шақырады. Бұл тұрғыдағы шығармаларға «Жастар ұраны» (1922), «Тілек» (1922), «Жанар тау» (1922) т.б. өлеңдері жатады. Әйел-еркек, жалпы жас! Көтеріл, көрін, көзіңді аш!... Топтал, тұтас, туғандас! Жасасын еркің! Жоғалмас. Жамырас, үлес, жалпы жас, Қосыл, қозғал, қоғамдас! Ақын ертеңгі болашақты бүгін ойлау қажет деген идеяны жастарға арнайды. Жарқын күнге жету үшін, өмірде өз жолыңды табудың қажет десе, бірде өз жолын әлі таба алмаған, алдына мақсат қойған жеткіншектерге «Жастар», «Саналы жастарға», «Баласынан анасына хат», «Оқимын » деген өлеңдер тобын жазады. Қазақстанда кеңес өкіметі орнаған алғашқы он шақты жылдың ішінде күннен-күнге, жылдан-жылға үздіксіз өсіп, жетіліп келген қазақ әдебиетінің сан-саласы тақырыптарының бірі төңкеріске байланысты жырлар. Ол кездегі қазақтың жазушыларының бұл тақырыпты жырламағаны жоқ. Қазақ өміріндегі барлық өзгерістердің негізі Қазан революциясы екенін сезінген жас Ілияс, нендей тақырыпты алса да, оны сол төңкеріс тұрғысынан қарастырып тұрады. Бірақ бұл тұста жас қаламгерде айналадағы болып жатқан өзгерісті толық танымағандықтан, онша терең түсінігі болмауынан, сонымен бірге творчестволық тәжірибесінің аздығынан кейбір кібіртік, сенімсіз аяқ алысы да байқалады. Бұл жолда оның поэзия талаптарын толық түйсінбей, екпінді сөздерді бірінің үстіне бірін тоғытып, жарқыл мен жаңа леп тұрғызуға дыбыс екпінін ойнатуға күш салады. Тілі қаншама бай, ақындық қуаты аса мол бола тұра, өлеңдерінде композициялық бостандық пен ой үстірттігі аңғарылып қалады. Мәселен, 1924 жылы «Желді күн» атты өлеңінде әмеңгерлік салт бойынша еріксіз шалға тигелі отырған жас әйелдің жан-күйін суреттеу үшін ақын күңіренген желге шулаған шөп, ызылдаған бұтаны қосып, өлеңге эмоциялық реңк сапары созылып, көркемдік қасиеттен айрылып қалады. «Жел мен келіншек жылайды, Келе ме деп большевик! Даттап аруақ, құдайды, Жел де, келіншек теңселеді» - деп, ұйқассыз аяқталатын өлең, Ілияс поэзиясына көрік беріп отырған жоқ. Жас ақын поэзиясында ара- кідік болса да кездесетін тағы да бір жайт лирикалық өлеңдерге жанаспайтын ұғым мен түсінікті ауырлатанын, поэзиялық айқындықтан алыс тұрған сөздерді қолдану, эпикалық жырларға тән кесек сөйлемдерді қолдану, эпикалық жырларға тән кесек сөйлемдерді үстемелей бере пайдалануы өлең ішінде сөздің образдық қуатын әлсіретеді. Мысалы, мына төмендегі өлеңді алайық; «Жайлауым желді қарағай, Жайлауында елі жарасқан. Жанымда жайлау жағалай, Жанса, қалай жақ ашпан?» Мұнда ақын дыбыс үдестігі мен аллитерацияны пайдаланғысы келгенімен, үш рет қайталанатын «Жайлау» сөзі өлең ырғағына ауырлық туғызып отыр, әрине оқу түсіну де қиын. Ақын өз кемшіліктерін іштей сезінетін секілді. Әйткенімен, жүре келе халық ішінде ағарту жұысына араласуы, баспасөз жұмысына белсене қатысуы нәтижесінде қаламгердің тәжірбиелік білімі толығып ұғымы ұлғаяды, төңкеріс тарихи орны мен өз өмірі туралы философиялық көзқарасы едәуір дәрежеге көтерілді. Осы тұста оның Мәскеуге оқуға аттануы да бекер болмас керек. Ілияс өміріндегі бұл кезең аса жауапты кезең. Қанша талабы мен таланты болса да, өзінің ішкі олқылығын сезініп, онша алысқа ұзай алмайтынын түсінеді. Басты кедергі- оқудың, білімнің аздығы аяғына тұсау сала берді. Осы кезеңді былай деп жазады: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным – осы 1923 жылдан. «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. «Жетісу әйелі» деген бір журнал шықты. Онда бір өлең, бір әңгімем басылады. Сол «Тілшіде» күні бүгінгі шейін жазып тұрам. Тәшкендегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» журналдарына материалдар жібере бастадым. Бұлардың басылғандары да, басылмағандары да болды. Әлеуметтік қызметіне кеткендігім, Жетісудың облыстық атком мүшесі, ағарту бастығы, институт басқарушысы, газет шығарушы ... білім аздығы, надандығым басымдағы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсай бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп осы күнгі оқып жүрген мемлекттік журналистер институтына түстім. Тәшкенде алты ай оқыдым ГИЖ–де оқығалы – 3жыл . Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам»,- дейді. Мәскеуде оқып, өзінің теориялық және тәжірибелік білімін толықтыра келе, идеялық тұрғыдан тез есейіп, жаңа суреткерлік соны биікке еркін көтеріледі. Осы тұста ақындық аяқ алысы да төселіп, поэзияның эстетикалық мазмұны мен түрі тереңдей түседі. Алдымен өзінің туған табиғатын жырлаған ақын, кейін Жетісу жерін, одан кейін тек Қазақстан жерін жырлаумен шектеліп қалмай, Ресейдің кең байтақ даласы мен орманын жырға қосады. 1927жылы жазған «Ресей жері» өлеңінде кең толғанған ақын, орыс жерін өзінің туған жерінен кем көрмей, майда мақпал торқадай қара топырақты, қыздың қола шашындай томсарған тоғайды, кілегей күрең тортадай бұлты бар орыс жерінің әсем суретін салып, ондағы адамдардың еңбекшілдігін үлгі етіп, сүйсіне жырлайды. Достық, бауырмалдық, туысқандық, интернационалдық сезімге толы өлеңдерінің ішінде «Ұштасқан үш тілек», «Заводта», «Мәскеу-Қазақстан» ақынның үздік шыққан туындыларының белгісі. Ақын осы асыл сезімдерін поэзия тілімен сомдап, жайнатып көрсеткен, «Мәскеу-Қазақстан» ұзақ сюжетті өлеңінде даладағы жаңа өмірдің жайнай түсуіне тікелей қолғабысын тигізбек боп аттанған жұмысшылардың ішкі толғанысы, оларды қарсы алған қазақтың ен даласы әдемі суретпен, терең толғаумен әсерлі берілген. Кеңес заманының тұсындағы халықаралық жағдай мен жер жүзілік оқиғалар - әр уақытта да ақынның көңілін аударып келген басты тақырыптардың бірі. Бұл Ілияс Жансүгіровтің қалам жұмысына араласқаннан бері үнемі жазылып жүрген, оның поэзиясынан әжептәуір орын алатын тақырып. 1922 жылы «Тілші» газетінде «Саясат қошқарлары» деген сықақ өлеңінде Батыс Европа елдерінің ала ауыз дипломатиясын мазақтаса, 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналындағы «Қос аяқ» өлеңінде билеуші таптарды сұм жылан образына теңеп, сынап – мінейді. 1926 жылы мамыр айында Ұлыбританияда күшпен басылған көмір кеншілерінің көтерілісіне «Кім үшін?» деген өлең арнайды. 1925 жылы «Тілші» газетінде «Коммуна» атты өлең жазып, бастырады. Бұл туындысында ақын Париж коммунанасы қаһармандары бастаған ұлы істі Кеңес одағы жалғастырып, іске асырғанын, сол идея дүние жүзін нұрға бөлегенін айтып, жырға қосады. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде атақты француз ақыны Виктор Гюгоның «Қырғында» деген революциялық өлеңін қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарады. Осы тақылеттес шығармаларының ішіндегі айрықша әдемі, мазмұны мен түрі қиысқан, кесек шыққан шығармаларының бірі -«Гималай» атты өлеңі. Гималай – көктің кіндігі. Гималай- жердің түндігі, Мұз- туырлық, қар- үзік Түрілмеген бір күні,-деп, жырлайды. Шумағындағы кіндік, түндік, туырлық, үзік секілді қазақтың ұғымындағы сөздерді метафора ретінде шебер пайдаланған ақын өзінің табиғи сезімінен туған, нағыз толқыған жанның жүрек түпкірінен шыққан шынайы сөзін берген. Бұл өлең – бүгінгі күні революциялық идеядан нәр алып, отаршылықтың бұғауын үзіп, өз тізгінін өзі алып, тәуелсіздік жолға түскен Азия мен Африка елдерінің кешегі өмірі. Ақын Гималайды адам кейіптес етіп бейнелейді. Бұрқақ астында қалған асқардың азат көріп, күңіренген үні шығады. Терегі көкке өрлеп, аңы таста ойнаған құт мекен қаншама байлық ордасы бола тұра, халі мүшкіл тартқан. Ақын Гималайдың осы жайын айта келе, «Гималай асқар неге олай?» деп сұрақ қойып отыруы өлеңін композициялық сапасына, құрылысы менидеялық тұтастығына ерекше әр береді. Өлеңінде талай ғасырлар бойы билеуші таптың табан астына түсіп азап шеккен, бостандығынан айрылған Шығыс елдерінің трагедиялық кейпі сөз болған. Ақын қорлық пен зорлықтан шығудың басты жолы - әлеуметтік тартыс пен саяси күрес, басқа жол жоқ деген идеяны алға тартады. Ілияс өміріндегі айтулы кезеңнің бірі - оның 1928 жылы сол тұстағы Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласында тұңғыш рет «Сағанақ» атты жинағының жарық көруі. Мұнда өзінің «Балдырған» және «Қызыл жалау»атты қолжазба дәптерінен іріктеліп алынған туындылары мен кейінгі баспасөз орындарында жұмыс істеген тұстарында жазған жыр өлеңдері енгізілген. Әдебиетте тұңғыш рет жарыққа шыққан еңбек көңіл тасытар болса, Ілияста жоқ, тіпті ренішті қалпын баспасөз бетінде жариялайды. Ондағы негізгі себеп «Сағанақтың» «Беташарын» жазған Сәбит Мұқанов пен өзінің өлеңдерінің тиянақты реттелмей шығуында болып отыр. «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген ренішті хат былай деп келеді. «Кітапты шыққанда көрдім, сауатсыз, тексінде қатесі қалың. Қатесін қайт теріп аяғына жалғаған бопты. Кей сөзімнің көзі жоқ. Кей пікірімнің ізі жоқ. Жазбам да өзім ылайық қылған бөлімдерге бөлінбеген, бүлінген. Қолы шолақ, құлағы шұнақ, мұрны пұшық, шала туған бала сияқты», деп бейнелі тілмен суреттеп, өкпелі жайын ақтарып тастайды. Бұл реніштерге Сәбит Мұқанов үнсіз қалуды жөн көрмей 1928 жылдың 11 сәуір күні «Бас асауалық» деген мақаласын «Еңбекші қазақ» газетіне жариялайды: «Ілияс, Ілияс болғалы Ілияс жазды деген сөзге ен тағылған жалғыз беташар еді, соған ерін бауырына алып тулап жатыр» деп қабылдайды. Қысқасы, Ілиястың тұңғыш шыққан жыр жинағының жайы солай болса, бұл оқиға оқу бітіріп келген жастың кейінгі қалам сілтесіне ешбір нұқсан келтірген жоқ. Керісінше, қайта өршеленіп, поэзия өлкесіне батыл қадам жасауына ықпал етеді. Сағат санап өскен жаңа өмірдің әр қадам қарқынынан қалмай, қарымды, жақсы жыршысы болу үшін өлең топтамаларын үдете жаза түседі. Ақынның поэзиядағы тағы да бір берекелі арнасының бірі- өзгерген дала келбетн, қазақ жұртының кемел қимылы мен өрісті қадамын, сол замандағы адамдардың рухани келбетін, еңбектегі ерлігін саяси лирикада аша түседі. 1928 жылы творчестволық толысу, шалқыған толғау үлгісінде “ Бүгінгі дала” өлеңін жазды. Бұл туындысында ақын қазақ халқының басынан өткен қорлық- зомбылығы мен кешірген қиямет, азаптарын қазақ жеріндегі арай атқан еркіндік пен бостандықты зор мақтаныш пафоспен жырлады. Кейін бұл жыр толғауы мол сарында “Дала” поэмасына айналды. “Бүгін, бүгін, бүгін дала! Мұндай ма еді бұрын дала? Көктен күні сәуле шашып, Көкке шарпып нұрын дала. Өлкем өсіп ел кенелді, Көгім жайнап жер гүлденді. Тауым ашып қазынасын, Жомарт жерім шашты кенді. Елім жаңа жұртқа қонды, Жұрт жұмысқа қойды қолды. Білім бұлақ сусын болды, Елдің өмірі жырдай болып. Сұмның күні қуғын болды…” - десе, соңғы жыр шумағын “мұндай ма еді бұрын дала?”- деп қорытады. Бұл Илияс поэзиясының дәстүрлі әдісі. Ілиястың өндіріс тақырыбына арналған өлеңдерінде өзіндік үн бар, дауысы бөлек, жырлау формасы да ерекше. Мұнда басқа ақындардан айырмашылығы - индустрия тақырыбын игеруде ұлттық образдарды, фольклорлық үлгілерді бейнелеу мен көріктендіруді қазақ ұғымына сай жаза білу, шебер ұйқастырып, ұтымды пайдалана алуы. Мысалы, “ Алтын қазан” өлеңін былай жырлайды: “Сақырлап машиналар тасығандай, Үгіп тұр тасты, кенді насыбайдай. Тетіктеп бір жұмыскер жүргізіп тұр. Өзінің бір жақсы атын қасығандай. Мырышты алып жатыр илеп нандай, Қорғасын шыжғырылып, еріп майдай. Арылып арамынан алтын жатыр, Кілегей сүтке қаймақ ұйығандай…” -деп кете береді. Жанды сурет. Күнделікті көріп жүрген қазақ жеріндегі, өміріндегі күйкі тірліктегі құрал- жабдықтар мен болар- болмыс, қазақы болмыс - бітім мен көріністер. Бәрі де таныс. Бәрі де күнде қолымен ұстап жүрген, пайдаланып жүрген дүниелер. Аталмыш “ Алтын қазан” өлеңі- қазақтың он бір буынды қара өлең түріндегі, әшекейлі де әуезді жазылған жұмыр, жатық туынды /қазіргі Ленингорск/ айналасындағы табиғаттың көркі, ішкі- сыртқы сипаты мен сол өндіріс орныны игеріп жатқан жас қазақ жұмысшыларының бейнелері көркем суреттелген. Сондай–ақ, өндіріс тақырыбына жазған “Заводта” өлеңі Мәсекудегі заводта болғанда көрген әсерінен туса, “ Жаңа дала” өлеңі Қазақстаннның өзіне орнаған өндірістерді көргендегі қуаныштан туған өлеңдер. Қазіргі дәуірде қанша құбыжық көрінгенмен, қазақ тарихындағы “ақтаңдақ беттер” саналатын коллективтендіру кезінде арналған туындылар Ілияс шығармаларында орын алатыны жасырын емес. Сол тұстағы кезең 1930-31 жылдары бет ыңғайына қарай қоғамда орын алып отырған солақай саясаттың белгілерінен ада шығармаларды Ілияс та жазған. Бұл Кеңес одағында өмір кешкен әр саладағы творчествалық өкілдердің басынан өткен жайт. Эпикалық поэзиядағы халықтың тарихи өмірінің бейнеленуі Ілияс Жансүгіровтің ұзын сарынды эпикалық поэмалары қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерді, ел басындағы қуаныш пен ауыр күндерді, әр заманда өмір сүрген адамдар өмірін жырлауға арналған. Өнер тақырыбындағы алғашқы «Күй» атты поэмасын 1929 жылы жазды. Сырттай қарағанда, бұл поэмада халық жадында сақталған «Боз інген» аңызы толғанатын сияқты. Ал, үңіле зер салсақ, поэма арнасы сол аңыздан кеңірек. Поэма ертедегі халық дарынының құдыреттілігін, адамның жан дүниесін тебірентетін сиқырлы эстетикалық күшін танытуды мақсат еткен. Ақын алдына қойған ол мақсатын орындап шыққан. «Күй» - лиро-эпикалық шығарма. Поэманың сюжеті бар. Сол сюжетпен қиюласып, тамырласып жатқан лирикалық шегініс те мол. Баяндау, суреттеу қатар жарысып, поэманың жалпы бітімі сындарлы болып шыққан. Поэманың сюжеті «Боз інген» аңызына негізделген. Поэмада қобызшы Молықбай шалдың айтқаны дей отырып, сол аңызды бастан - аяқ түгел әңгімелеп береді. Халық аңызының идеялық-көркемдік жүйесін сақтай отырып, ақын өзіндік айтпақ ойды да анық аңғарта кетеді. Мәселен, Бағылан бай мен оның серіктері дағдарып отырғанда, оғанақыл тауып беретін – жетім тазша. Аңыздағы да, поэмадағы да жетім тазша – халық өкілі. Бұл жердегі идеялық түйін айқын. Зеректік, білгіштік, ақылдылық – сол дәуірдегі еңбек адамдарының - халықтың бойында деген пікірді білдіру. Сол пікір поэмада айқын өрнектеліп, оқырман зердесіне құйылып жатады. Поэма кейіпкері қобызшы Молықбай шал да – халық өкілі. Оның бойындағы бұқыраған өнер – халық жасаған ғажайып өнер көрінісі. Поэманың идеялық нысанасы осы бір түйінге саяды. Ақын көне өнердің иесі «бақайшағы маймаңдаған жорға» Молықбай шалдың қартайған шағындағы портретін келісті бейнелейді: “Жар қабақ, сида, арсақай сар шұбар шал Жарықшық, үні тозған, қаңсыған шал”. Осы «еңкейіп екіндідей күні кеткен» шалдың қобызбен «Ақ көбік» күйін аңыратуын, «Боз інген» күйін күңірентуін, «Көк көбік» күйін күрілдетуін, «Ер Әлінің дүлдүлін» дүрілдетуін ақын шабыттана толғайды. Ақын қобызда тартылған күйді де, сол күйді тартушы қобызшының өнерін де үлкен шеберлікпен тамылжыта суреттеп берген. “Бас бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз, Қозғалар «құлақ күйден» жосып қобыз. Көтерген көк түндігін күй өргегі Құлатып асқарда – ағын, мәңгіде – мұз. Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл, Алатау, әсем бұлақ сылдырап тұр. Қиқылдап қырда – қызғыш, көлде - қаз-қу, Қыңқылдап таңдай қаққан талды бұлбұл. ... Кейде күй талмаураған, толықсыған, Кейде өжет, кейде долы, албытсынған. Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек, Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған”. Міне, бұл ақын суреттеп отырған қобыздағы күйдің бейнесі. Әдетте, тартылған әдемі күйдің сазын сөзбен жеткізу мүмкін емес дейміз. Бұл рас. Қобыздағы күйдің әсерін, оның мазмұнын айтып беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған ақын болу керек. Ақын болғанда қарабайыр ақын емес, дүлдүл ақын болу керек. Ал, І. Жансүгіров күйдің суретін әсерлі өрнекпен беруде ерекше талантын айқын танытты. Күйдің «кейде талмаураған, толықсыған» шағын, «кейде өжет, кейде долы, кейде паң, кейде дарқан» қалпын дәл бейнелейді. Бүкіл табиғаттың тамылжыған жанды келбетін, адамдардың көңіл күйінің алуан сырын бейнелеген ғажайып күйдің әсерлі толқынын ақын аудармай, қаз-қалпында бере алған. Ақын жырының өзі де әсем бір сазға айналып, оқырманның құлағынан кіріп, бойын алып кетеді. Күйді, сол күйдің құдіретін жеткізіп айта білген тіл өнерінің асыл қасиетін танып,тамашалай түсесің. Халықтың сондай алтын қазынасы болған ғажайып күйлерді орындаушы, қолынан өнер тамған қобызшыны да ақынның шабыттана, әсерлі суреттегенін көріп, қайран қаласың. Қобызшыны Молқыбай шалдың «Боз інгенді» боздатқан өрен өнерін жеріне жеткізе толғай отырып, ақын сол күйді тыңдаған шақтағы адамның алатын сиқырлы әсерін әдемі де шебер суреттейді. Туған халқының рухани байлығын, күш-құатын танытатын күй өнеріне де, сол күйді сақтап жеткізуші қобызшы өнерпазға да ақынның ризашылығында, жүрек махаббатында шек жоқ. Тұтастай алғанда, «Күй» - ақынның тарихи тақырыпқа поэма жазудағы алғашқы творчестволық сәтті ізденістерінің жемісі. Жоғарыда айтылған кейбір қайшылық-олқылығына қарамастан, «Күй» - қазақ поэмасының тарихындағы өнер тақырыбына арналған алғашқы сәтті туындының бірі. Ілиястың 1934 жылы жазылған «Күйші» поэмасы қазақтың эпикалық поэзиясындағы елеулі құбылыс болды. «Күй» ақынның поэма жанрындағы өнер тақырыбын қозғауының басы, әдемі бастамасы болса, «Күйші» соның сатылы, заңды жалғасы еді. «Күйшіде» ақын өнер тақырыбын өрістете түсті. Көркемдік шешімі тұрғысынан қарағанда, ақын ілгеріледі. Сюжеттік, композициялық, образдық, тілдік шеберлік бағытында ақын алғашқы поэмасынан гөрі «Күйшіде» өсу, биіктеу үстінде болғанын толық аңғартты. Поэма басында Арқадан көшіп, Алатауға беттеген хан Кененің ордасы бейнеленеді. Халық жиналып, ханға қошемет көрсетіп, той жасайды. Біреулер ерулікке бие сойса, біреулер ат сыйлап, мәре-сәресі шығып жатыр. Көп халықтың ішінен не берер малы, не сыйлығы жоқ, жалғыз шешесі бар кедей жігіт күйші келіп, дүйім жұртқа күй арқылы қуаныш, ләззат сыйлайды. Рахаттан кім қашсын? Кененің сылқ-сылқ күлген сұлу қарындасы Қарашаш Күйшінің рахат берер күйлеріне тәнті, соған ғашық болады. Осы тұста шығарма желісі оқыс оқиғаға тап болады. Күйшінің майталман өнерпаздығы өзіне пәле болып жабысады. Ол туған ел мен жерін, шешесін тастап, Қарашашқа күй шертіп, рахатқа батыру үшін басы бүтін құлдыққа берілмек. Күйшіге бұл ауыр тиген соққы. Әрине, қара жұмыс істемейді, тек Қарашашқа күй тартып беру керек. Осы сәтте еркіндік, бостандықтан айырылған күйші ескі сарынды, қайғылы, күйінішті күй тартып, мұңға батады. Оның бүкіл әуенінен қуанышты леп су сепкендей басылған. Азаттықтан айырылып, жарым көңіл күй кешкен өнерпаз, көп ұзамай тағдыр жазуына мойын ұсынып, Қарашаш отауына да үйренеді. Үйренгені аздай «қара қас, қалың қабақ, ордадағы сырықтай, бойы сымдай, балға ашытқан қымыздай» ханшаға сезім көңілі оянып, ғашықтың дертіне ұшырайды. Осы тұста Күйшінің күй ырғағы да сезім толқындарына толып, ұшқыр қиялды елестететін, түлкі алатын құмайға, аңға шапқан тазыға айналып, шат-шадымын, шабыт шақырар әуенге бет бұрады. Күй тартқан күйшінің ішкі тебіренісі Қарашашқа әсер етпей қоймайды. Күйшінің домбырасынан төгілген күй тасқыны қыздың көз алдына фантастикалық бейне, көріністерге айналып, дегбірін алады. Өйткені, Күйшінің ой-қиялы шексіз, бірде самал желге айналса, қыздың бетінен өппек, суға айналса, шомылдырмақ, қымыз болып сусынға айналса, сұлудың ернінен сүймек, ал алтын, күміске айналса, қолынан білезік болып тағылып, жүрек лүпілін сезбек. Домбыра пернесінен төгілген күй Қарашашты тебірентіп, есінен айырады, Күйшіге қосылмақ ойы да болады. Бірақ ол ойынан тез қайтады. Хан тұқымын қалай былғамақ. Ендігі тұста сюжеттік желіге мына жайт тап болды. Түн мезгілінде Әлімқұл датқаның ерке, сері баласы Сапақ Қарашашты оятпақ боп қасына барғанда, ұйқысы сергек қыз оянып, көзін аша сала, Наркескенге ұмтылады. Ашуы бұрқ-сарқ қайнайды. Ел-жұртты аяғынан тік тұрғызады. Ғашық дертіне шалдыққан күйші көрген түсіме, әлде өңі ме, сон біле алмай әрі-сәрі күй кешеді. «Қызды оятқан өзім шығармын» деп ажал құрығына даяр тұрады. «Зәнталақ! Пері қаққан! Сен жүрсің бе!»– деп күйшіге тап берген жендетті қыз тоқтатып, «Тиіспе менің күйшіме, оны істеген ол емес, Әлімқұлдың шолжаң ұлы» деп зекіп тастайды. Боз баланың бұл қылығы соғыс өртін тұтандыратын үлкен зобалаң, кесапат әкеледі. Түбінде Үйсін, Дулат ортақ мәмілеге келіп, жгіттің бет - аузынан күйелеп, мойнына масқаралап құрым байлап, киімін түк қалдырмай шешіп алып, жаяу-жалпылатып Қарашаштың алдына әкеледі. Көңілі танып, халыққа сес көрсеткен қыз-жігітті өлтірмей, көзінен сорасы аққан әкесі Әлімқұлға береді. Осы оқиға Күйшінің өрекпіген көңілін басып, жүрегін суытып, қанын қарайтады. Күй сарыны да өзгеріп, тартылып жүрген тәтті, сырлы, сезімді әуен мұңды, қайғылы, өлімді сарынға айналады. «Күйген» , «Суға кеткен», «Желмая», «Атылған аққу» күйлерін бірінен кейін бірі кезектесіп, Қарашаштың салтанатты, әшекейлі сұлу сарайын мұңға батырады. Күйші сұлу Қаршашқа деген сезімі жоғалған, оны сұр мегежінге, жиырылған кесірткеге, албасты, мыстан кемпірге балайды, күй сарыны үнемі осыны сездіреді. Қыз өз қиялында «бұл жігіт емес, жылап отыр, саусағы да жез тырнақтың тұяғы секілді» деп күйшіден жеріп, күйді тоқтатады. Бір мезет көңілі тасып тұрған Қарашаш Күйшіден «тілегің не ?» деп сұрағанда, «Тілегім мың қайтара – бір-ақ тілек, басыма бостандық бер, елге қайтам» дейді. Мұндай жауап күтпеген кербез қыз, ұзақ ойланып, жібергісі келмесе де, «болсын» дейді. Одан күн артынан күн өтіп, ай артынан ай келеді. Қыз жігітті жібергісі жоқ. Ақырында қыз жүрегі жеңіледі. Күйшіге астына ат мінгізіп, еліне қайтарады. Еліне келгенде Күйші шабыттанып, «Азат» деген күйді шертеді. Ілияс Жансүгіровтің осы «Күйші» поэмасы кең тынысты, асқақ әуенді, қатыгездік пен зұлымдықты өнер арқылы жеңе білген қазақ әдебиетіндегі қайталанбас ірі де көркем туынды. Мұнда негізгі сюжетпен қоса, Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психолгизм, адам сезімдерінің шарпысулары ақынның шалқар шабытына, шексіз фантазиясына, табиғи ағысына барынша ерік берілгені айқын аңғарылады. Қарашаш – «Күйші» поэмасындағы басты кейіпкердің бірі. Автордың түпкі ой қазығы бойынша, ол – ұнамсыз тұлға. Солай бола тұрса да, оның кейбір адамдық қасиеттерін де ақын жарқыратып алға жайып салған. Ол алған беттен таймайтын, орта жолда бөгеліп қалмайтын, алдына қойған мақсатын орындамай тынбайтын, қайратты, кесек мінезді тұтас характер. Ол мәмілеге келуді, шегінуді білмейтін өр тұлға ретінде есте қалады. Қарашаш ақылсыз әумесер де емес. Ашумен қатар ақылы да бар. Қарашаш - әр алуан сыр-сипатымен терең бейнеленген күрделі кейіпкер. Ол тарихи тақырыпқа жазылған поэмалардағы дараланған типтің бірі. Поэмада күйші жігіт жөнінде онша көп мәлімет жоқ. Кедей екені, шешесі бар екені айтылады. Ақын оның портретін, мінездемесін бере қойған жоқ. Бізге дейінгі зерттеушілер айтып жүргендей, поэмадағы күйші жігіт екі түрлі сыр-сипатымен, яғни өнерпаздығымен көзге түседі. Ал, хан феодалдарының құлдық бұғауынан босатуға ұмтылу, рухани байлықты жасау – халықтық қадір-қасиет үйсін күйші жігіт арқылы көрінеді. Күйші жігіт өмірінің нақтылы көріністерін, сезім күйін, арман дүниесінің бұралаң-қалтарыстарынан нәзік те әсерлі тіл бояуларымен суреттеу арқылы халық өкілінің әп-әдемі бейнесін ақынның мүсіндеп бергені – поэмадағы елеулі көркемдік жетістік. Оның ең басты қасиеті бойына жинаған асқан халықтық дарыны - өнерпаздығы. Шығарманың «Күйші» атануы да осы бір өзекті сарынмен тікелей байланысты. Күйші жігіт басында оянған махаббат сезімін де ақын келістіре толғайды. Жалпы жастық, махаббат деген үлкен рухани күш. Ол адамды шабыттандырады, қанат бітіріп, көкке ұшырады. Бойға бұрқыраған жігер-күш беріп, тау қопартады. Адам санасын нұрландырып, мол жарыққа кенеледі. Қарашашқа ынтыққан поэмадағы күйші жігіт халі осындай. Бұрынғы өзі тартып жүрген тоқсан түрлі күйді қоя тұрып, шабыт қанатына мінген өнерпаз өз жүрегінің жаңа күйін – махаббат күйін төгеді. Поэмадағы күйші жігіт – есте қаларлықтай кесек тұлға. Ақын оның асқан өнерпаздығын, өміріндегі бұралаңы бар күрделі сәттерді құлпырта сөз бояуларымен айқын суреттеп берген. Домбырадағы тоқсан құбылған құдіретті күйдің адам сезімдерімен ұштасқан кейде реалистік, кейде романтикалық кейпін -өрісін ақын өрен шабытпен өлең өрнегіне шебер түсірген. Күйші жігіттің барлық қадір–қасиеті – халықтың бойындағы асыл мінез, қадір-қасиеттердің жарқын көріністері. Бұл шығарманың бүкіл рухынан көрініп тұр. Поэмада адамдар тұлғасы нақтылы сипатталған. Бірі ұнамды, бірі ұнамсыз дегендей. Поэманы оқығанда есте қалып қоятын кейіпкердің бірі - хан Кенесары Қасымов. Кенесары – тарихи шындыққа сәйкес, өзінің зұлымдығымен, жауыздығымен айқын көрінеді. Бұл жөнінде акаемик Қ. Жұмалиев: «Ақын сөз арасына, кейбір ғана қысқаша сурет, баяндау, репликалар арқылы, Кененің жексұрындық мінез-құлық әрекеттері де шеберлікпен көрсетеді. ...Жауыздық, қара жүректілік, менмендік, қара халықты менсінбей, оларға тәкаппарлықпен қараушылық бәрін бір-екі шумақпен-ақ ақын түйіп берген емес пе?»[1] - деп поэмадағы Кенесары бейнесі жөнінде дәл топшылау жасады. «Күйші» поэмасының қозғайтын негізгі мәселесі қазақ халық күйлерінің – күй өнерінің ғажайып сыр-сипатын, қоғам, адам өміріндегі ерекше рөлін көрсету десе де болғандай. Міне, осы бір халықтың рухани байлығын тіл өнерімен әсерлі толғаған ақын поэмасында сол құдіретті өнерді жасаушы авторын да үнемі есте ұстап отырады. Ақын ғасырлар бойы жасалған рухани байлық – күй өнерін жасаушы халық, халықтың дана дарыны деп дұрыс түсінеді де, сол халықтың нақтлы өкілі ретінде үйсін руынан шыққан күйші жігітті алады. Күйші жігіт те поэманың орталық кейіпкері. Ұнамды кейіпкер. Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасының көркемдік сапасы аса жоғары. Сонымен қатар, идеялық мазмұны да терең. «Күйші» кезінде де, кейін де идеялық қадір-қасиетімен жарқырап көзге түседі. Қазақ поэмаларының тарихындағы аса көрнекті туынды ретінде бүкіл жұршылыққа кеңінен танылған, оның халықтық шығарма – асыл рухани байлық екені хақ. Сондықтан да, «Күйші» поэмасы Ілияс талантының шарықтаған шағының тамаша туындысы. Қазақ поэзиясының тарихында ерекше орын алатын тіні мықты шығарманың бірі – «Дала» поэмасын Ілияс Жансүгіров 1930 жылы жазған. Оны алғаш «Еңбекші қазақ» газетінде бастырған. Поэмада ақын қазақ халқының образын далаға балап жырлаған. Көбіне ишарат, символдық мағына беретін философиялық тереңдігі бар сөзбен көрсетеді. Поэманың басты кейіпкері - әр заман аңғарында зар шеккен, өмір үшін күрескен халық. Халықтың басынан кешкен тарихи оқиғаларды толғау үшін қолайлы тәсіл ретінде шығарманың өн бойында араласып отыратын бір қария адам бар. Поэманың басында, ол былай деп жырлайды: “Көпті көрген бір кәрі, Талай-талай заманнан, Тепкі көрген қыр жалы, Дөңде отырады осы кез”- деп, поэманың қорытынды бөліміне «тарих дейтін шал болам» деп аяқтайды. Поэманың сюжеттік желісі осы қарт адамның шежіресіне құралған. Ақын оны тарихи-философиялық тұрғыдан көрсетпек болып, оған аңыз, ертегі, көркем баяндау мен айшықты образдарды астастырып беруге күш салған. Оның бедерлерін поэманың тарауларына берген атаулардан айқын көреміз. Мәселен, әр тарауға «Ақтабан», «Құл көгені», «Құрбандық», «Сандал», «Бостандық», «Аласапыран», «Айдау», «Той бастау» деген атаулар беріп жырлайды. Поэма 1730-1930 жылдар арасын, яғни 200 жыл уақытты толығымен шолып айтпақ. Осы ұзақ уақыт ішінде орасан зор кеңістікті алып, нақты сурет, картина арқылы ықшам, қысқа да нұсқа жырлап, бүкіл бір елдің тарихын алдыға жайып салады. «Ақтабан» тарауында жау шапқанда азан-қазан болып үріккен халықтың ұлардай шулап, шұбырынды күй кешіп, қайың сауып, ши шайнап, бақа, жылан қақтаған оқиғасына кезіксек, «Құл көгенін» оқығанда, көгендегі шал мен баланың ыңырсыған зарын естіп, «Құрбандықта» қорлыққа шыдамай, Еділге түсіп өлген тұтқын қыздың бейнесі көз алдымызға келеді. Ал «Отар жорығында» отаршылыр мен өз елін қоса тапқан қазақтың билеуші табының жасаған қорлығы мен озбырлықтарынан зар илеген қарапайым халықтың қайғы-мұңы сезіледі. Тұтастай алғанда, революциядан бұрын жат жұрттық отаршылдық тепкісі, шапқыншылық, таптық езгіден құтылып, жоқшылық, сауатсыздық, мешеулік атаулыдан арылып, өсіп-өркендеу жолына түскенін ақын шабыттана жырлайды. Сонымен, «Дала» поэмасы көркем тарихи, қазақ халқының шежіресі іспетті шығарма деп қабылдасақ, ондағы ел өмірін жырлаған кезіндегі ақынның аңқылдаған желдей екпіні мен қарқыны өлеңге көтеріңкі үн мен қуат беріп, шығарма шырайын күшейтсе, екіншіден, оқиғаның тарихи шынайылылығына көз жеткізеді. Поэмада бұлтартпас қоспасыз тарих беттері мен поэзиялық қанат бітірер күш-қуат астасып, шығармаға ерекше жарасым берген. «Дала» поэмасы – Ілияс Жансүгіровтің тақырыбы маңызды, идеясы айқын, ал көркемдігі алуан үлгіде көрінетін тағылымды туындылардың бірі. Уақыт жағынан екі ғасырды қамтитын поэма ұлы даланың сыры мен мұңын, қазақ халқының даму тарихының бел-белестерін шабытты сәтпен де мазмұндық-көркемдік үйлесімімен де, ең негізгісі нақты оқиға-көріністері мен бейнелі образ, тілімен тартымды, жинақы жеткізеді. Ақынның өнер тақырыбына жазылған тағы бір туындысы – атақты «Құлагер» поэмасы. Бұл поэманы ақын қазақ халқының ардагер ұлы Ақан серіге арнаған. Ақан сері – ХІХ ғасырдағы қазақ елінің рухани мәдениетінің тарихынан елеулі орын алатын белгілі өнер қайраткері. Ол – дарынды композитор, ақын әнші. Өзі өмір сүрген заманының әр қилы мәселелерін айқын өнер тілімен көрсете білген, оның әдеби, музыкалық мұрасы мол. Ақан серінің әдеби музыкалық, әншілік еңбектері жайлы көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері бар. Сол еңбектердің барлығында Ақан серінің асқан өнерпаздығы, халықтың рухани азығы болған тамаша поэтикалық, музыкалық шығармалар бергені айрықша атап көрсетілген. «Құлагер» поэмасы 1936 жылдың қараша айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше сандарында жариаланады. Бұл ақынның эпикалық жырларының ең соңғысы және поэзиясының ең биік шыңы. Сол газет нұсқасы бойынша пікір айтқан әдебиетші, сыншылардың сын-ескертпелерін ескере отырып, автордың поэманың соңғы нұсқасын кітап етіп шығаруға әзірлегені жөнінде М. Қаратаев былай дейді: «Ілияс Жансүгіровтің жазушылық қызметі 1937 жылы үзіліс тапты. Үзіліс алдында оның жазып үлгіргені – «Құлагер» поэмасын кітап етіп шығаруға әзірлеген толық, кемелді нұсқасы еді. Газет нұсқасы бойынша әдебиет ортасы поэмаға дән ризалығын білдірумен бірге, жақсара түсу үшін, бірқатар ақыл-кеңес айтқан болатын. Ілияс соның бәрін ескеріп, бірнеше ай бойы өңдеп, жөндеп, толыққан нұсқасын баспаға ұсынған кезде бұл нұсқа жарық көрмей қалды да, қолдан шығып кетті. Қазір жариаланып жүргені газет нұсқасы». Зерттеушінің атап көрсеткеніндей, «Құлагер» поэмасының толыққанды, кемелденген соңғы нұсқасы қолға түспей жүр. Поэмаға арқау болған оқиға – тараудың басындағы тұсында сері болсын, пері болсын, өмірімен ұнаған Ақан және тұлпар ат Құлагер. «Күйші» поэмасындағыдай, бұл поэмада да Ақан өмір сүрген заманға, қоғамға деген ақынның авторлық тенденциясы айқын. Поэманың толғану атты кіріспесінде-ақ Ілияс Жансүгіров Ақан сері өмір сүрген феодалдық заманға өз көзқарасын толық білдіріп өтеді: “Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ, Көңілі судай тасып, оттай маздап. Ескі күні елім көрген енді ойласам, Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ”. Негізгі мақсаты – ескі өмір мен бүгінгі ұрпақты таныстыра отырып, сол шірік заманға өз замандастарының ыза, кегін өршіте түсу. Осылай толғана отырған ақын халқының ескі тарихын, тұтастай қаралап, мансұқтамайды да. Қанайшылар билеген сол қара түнек заманда еңбекші халық жасаған рухани асыл қазынаға да үңіледі. Сырттай қарағанда, поэманың негізгі сюжеті Ақан серінің бір әніне ғана құралған сияқты. Ал, мұқият қарағанда, поэманың идеялық шеңбері одан да кеңірек. Сол бір уақиғаның керегесін кеңіте отырып, ақын бас кейіпкер Ақанның трагедиясын ашады. Ақан трагедиясы Ақан сияқты мыңдардың трагедиясы екенін жинақтап танытады. Ақан өмірін жырлай отырып, сол бүкіл феодалдық заманның зұлымдығын, ірік-шірігін әшкерелей түскен. Поэманың идеялық түйіні, міне, осында. Мәселен, поэма сюжеті экспозициясы болып есептелетін «Ас» тарауын алайық. Ақан серінің трагедиясына себеп болған аты шулы Құлагер оқиғасы осы Сағынайдың асы үстінде өтеді. Ал, сол асты терең суреттей отырып, ақын әрі сол тұстағы әр түрлі әлеуметтік топтардың өмірін көзге елестетсе, әрі сол заманның әлеуметтік сыр-сипаты жайлы түйінді-түйінді пікір түйеді. Осы асқа тұлпарын мініп, Ақан да келеді. Ойы –Құлагерді бәйгеге қосу. Құлагерді алғаш рет көрген жұрт: «Бітімі ойқы-шойқы, салпы ерін, салбыр тірсек екен, жазық бауыр, сыйыр сүйек, ұзын тұрық екен, бұл ешқандай бәйге ала алмайды, бұған мініп қоян атса, қойшыға мінгізсе жарасар, ең дауасы – семіріп соғымға сою ғой» - десіп даурығады. Тұлпардың мықты тегін тек Күреңбай сыншы ғана танып «Бабында екен, бағы осы аста ашылар» деп баға береді. Бәйгеге 1300 жүйрік қосылмақ. Олар Сырдың қыз-қарасы, Жарылғаптың жирені, Семейдің сұр сіркесі, Алатаудың Ақанаткері, Балқаштың бейпіл Бөртесі, Алтайдың серпінді Көктұйғы , Меруерт жалдас Шудың Ақсұры, серке санды Көкшетаудың Құлагері, Ұлытаудың ұбайы, Қаратаудың Құмайы – осының бәрін ақын әр жүйріктің нақты қасиетін тамаша образ арқылы береді. Осы суреттеулер мен бейнелерден белгілі ат сыншысы Күреңбайдың көзімен көрсетеді. Поэманың басында осы сюжеттермен қоса асқа келген түрлі әлеуметтік топты да көркем тілмен бейнелеп өтеді. Ет жеп, қымыз ішіп семірген образдарды қызыл көз, саба құрсақ, кебеже қарын болып келеді, семіздерін өгізге, бұқаға, қошқарға теңейді. Осы жайсыз образдарға қарсы контраста ақын Ақан серінің өнерін қояды. Ақан бойындағы асыл өнер осы тұста ерекше сұлуланып кетеді. Оның көкейінен тәтті, мұңды, сұлу сазды әуендері бірінен кейін бірі асып, халықтың зор қошеметіне бөленді. «Ақ саусақ», «Үш тоты», «Ақмарқа», «Сырымбет», «Көкшетау», «Кербез керім», «Ой ерке», «Жайма қоңыр» әндері Ақанның көмейінен нақышты әуенде шығады. Ләззат әлемі, сұлулықпен астасып, әр тыңдарманға рахат сыйлайды. Табиғатынан аңқылдақ, ешкімнің бетінен қақпайтын өнерпаз әнші, жүрегіне кек байлаған дүлей күш иесі, арамза Батыраштың ішкі ой-жауыздығын сезбейді. Ақын осы тұста қандай трагедия күтіп тұрғанын аздап болса да байқатып өтеді. Ақан бәгеге қосылған Құлагердің тізгініндегі жетім балаға қамшы салмай, қалып та қоймай шауып отыр деген сөзінен мүлт кетпей зулап отырады. Жыланды өзегінен өткен соң атты өз еркіне жібергенде, Қусақ көлін айнала келе Құлагер Көктұйғынмен қатарласа шабады. Көктұйғын Батыраштың сәйгүлігі. Өзекке түсіп қайта қырға шыққанда алды Көктұйғын, екінші – Айтпақтың күреңі, одан кейін – Шорманның Бурылы. Ал Құлагер көрінбейді. Өйткені, екі көзі қанталаған жендет, Батыраштың суық қол, ақбоз атты, қара киімді қарақшысы Қылта өзекте Құлагердің шекесіне айбалта ұрады. Құлагер өлімі Батыраштан келгенін сезген халық селдей қаптап қара жүрек жауызды таптап жіберердей толқиды. Бірақ нақты айғақ табылмай дал болады. Ал асыл Ақан айдалада Құлагердің басын құшақұтап көзінен қанды жас ағады. “Шынымен кеткенің бе, Құлагерім, Қасымда қасынысып тұрар едің. Баспа-бас қызға бермес жануарым, Басылар өлгенімше қайтып жерің ?... Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар, Соғып ем жан тымда, қанатым да, Табылмас енді маған сендей тұлпар ! ...”- деп, зар қаққан Ақанның әйгілі шығармасының өз мәтінін ақын поэмаға дәл де орында кіргізген. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – сюжетті поэма. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар асты бейнелеген тарауларда ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, сонымен байланысты Ақанның қайғы-шерге көмілуін суреттеген тарауларда баяндалған. Өзге поэмаларға қарағанда, бұл поэманың сюжеттік-композициялық бітімінде өзгешелікте бар екені рас. Мәселен, оқиғаны басынан бастамай, аяғынан алып қарасақ та жеткілікті. «Туған жер» атты басқы тарауда ақын Көкшетауда жападан-жалғыз қайыңды көлеңкелеп отырған қара шалды, оның үстінде ілулі тұрған аттың қу басын әңгімелейді. Міне, осы әңгіме-жұмбақтың сырын айтпақ боп ақын шегініс жасайды. Бүкіл оқиғаны сол шегініс арқылы береді де, «Аттың азалы әні» деген соңғы тарауда баяғы алдыңғы тараудағы қара шал мен аттың қу басына қайта оралады. Поэма сюжетін құрудағы бұл қаусырмалы композицияны ақын шебер де ұтқыр пайдаланады. Поэманың бас қаһарманы – Ақан сері Қорамсаұлы. Осы бас кейіпкер өмірін бейнелеген поэма жанрының шеңберінен аспай, осы жанрдың адам образын мүсіндеудегі көркемдік мүмкіншілігін белгілі дәрежеде ұтымды пайдаланғанын көреміз. Ол ең алдымен оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып өтеді. Бұл ретте ақын Ақан серіге кең көлемде мінездеме беріп кетеді. Сол мінездеме арқылы Ақан серінің ұнамды тұлғасы анықтала бастайды. Поэмадағы ақынның авторлық мінездемесіне қарағанда: Ақан билік айтқан ел жуаны би емес, «ауыл торып, ел шулатқан ұры» емес, «мешіт салып, зекет алып, дүниенің нәжісін бойға жаққан молда» емес, тіпті, байдың жалшысы да емес, өз малын баққан қарапайым шаруа да емес. Поэманы оқып отырған оқырманның осы тұста заңды сұрағы туатыны аян. Ақан енді кім? Бұған жауап ақынның Ақанға берген мына сипаттамасынан табылады: “Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен, Өмірді өткізген жан өз қрқынмен. Өмірдің ащы емес, тұщысын да Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкіңмен. Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден, Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген. Қызықтың айдынына құлаш ұрып, Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген... Кісі емескөп қатынды үйірлеген, Болған жоқ бір пендеге тию деген. Текті құс тазалықты қолына ұстап, Арманы-ақ сұлулықты сүю деген”. Міне, осылайша ақын Ақан серінің халық ішінен шыққан көркемөнердің көрнекті өкілі – асқан өнерпаз ретінде көрсетеді. Поэмадағы Ақан сері образын сөз еткенде Құлагерді айту аса қажет. Ақынның Құлагерді суреттеуі және оның қадір-қасиеттерін баяндауы бас кейіпкер бейнесін тұлғаландырып тұр. Ақан серінің Құлагері туралы және сол Құлагердің өкінішті қазасы жайлы шығарған әнінің хикаясы жөнінде ақынның поэма жазуы – қазақ поэмасының тақырыптық-мазмұндық арнасындағы ұлттық ерекшелікті де аңғартады. Атқа байланысты оқиға жайлы арнайы поэма жазуы ақынның өз халқының ежелден келе жатқан ұлттық психологиясымен тығыз байланысын танытады. Ілияс Жансүгіров ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиеттегі дәстүрді тек қана жалғастырып қойған жоқ, өзінше өрістетті. Мәселен, Ілияс суреттеген Құлагердің Қобыландының Тайбурылынан, Алпамыстың Бйшұбарынан, Қамбардың қара қасқасынан, Төлегеннің Көкжорғасынан өзгешелігі бар. Ауыз әдебиетіндегі аттар әсірелеу арқылы берілсе, Ілияс Құлагерді әсірелемейді де, кейіптеп суреттемейді. Құлагер – Ақан серінің сұлулығы, идеалы. Оның түсінігінде ондай тұлпар енді келмесі анық. Сол тұлпармен жүрек түкпіріне ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, ел арасында жайраңдап жүруі де екі талай. Құлагерге жұмсалған айбалта, Ақанның өзіне тиген, ол енді тірі өлік. Сол заманның зұлым-күшінің нақтылы өкілі ретінде поэмада көрінетін кейіпкер – Батыраш. Ол – Ақан серіге қарама-қарсы бейне. Ақан серімен майданданға ашық шықпай, жар астынан бұқпантайлап келіп, өз арам ниетін іске асырады. Ашық әрекетке баспайтыны – ол Ақан серінің жақтайтын дүйім елден қаймығады, жасқанады. Батыраштың ұнамсыз кейіпкер екені оған ақын берген мінездемеден көреміз. Бір жерде ол туралы: “Батыраш бала жастан атқа құмар, Айқайшыл ат әперген баққа құмар. Арам ой, атанамыс ұр-шоқпары, Кір көңіл, сарайының батпағы бар”, - деп сипатталған Батыраш. Осы Батыраштың зұлымдығы поэма оқиғасының шиеленісуі, әрі шешілуі үстінде көрінеді. Ал, поэманың тіл байлығы төтенше. Өзге поэмалардағыдай, бұнда да ақын еркін төгілген, образды бейнеге бай құнарлы тілімен оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, бірден баурап алады. «Құлагер» поэмасындағы ақынның көркемдік шеберлігі, тілінің аса шұрайлығы жайлы М. Қаратаев «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген ғылыми зерттеуінде: «Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, серпінде, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғыраған кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мәнінде поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады» - деп түйген болатын. Тілінің байлығы, тазалығы, мөлдірлігі мен бейнелілігі жағынан «Құлагер» - қазақ поэзиясындағы ең үздік поэмалардың бірі. Қысқасы «Құлагер» дастаны ақын туралы, оның тағдыры десек те, оның негізгі өзегі – Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік орта және замана лебі, қуанышы мен қайғысы кең көлемде жырланған ірі лиро-эпикалық поэма. Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясында қайталанбас, аса ірі, кең тынысты шығарма жазған эпик ақын. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламын жоғарыда аталған поэмалары сарындас, сапасы да еш кем емес «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде аяқталмай, жарық көрмей қалған. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда оның тірі кезінде 20 жыл бойы жазып кеткен мол мұрасы қазақ әдебиетінің барлық сапасына үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түсті. «Мақпал» поэмасының тақырып ауқымы мен оқиға өмірімен көлемді туындының табиғаты танылады. Поэма мазмұны әдебиет тарихында кездесетін, нақтырақ айтсақ Ұзақ пен Балтаның қарсы құда болуы, Мақпал мен Шабденбектің дос-жар жүріп, байланыстары сүйіспеншілікке ұласу, қазақ тұрмысының ауыр сәттері, әйел теңсіздігі тағы басқа мәселелерден қоғам жайы, адам мен уақыт арасындағы қатынас едәуір көрінеді. Кей тұстары «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасындағы Қарабай мен Сарыбайдың арасындағы қатынастар, классикалық мұралар мен Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дстандарының үлгі-үрдістері де танылады. Алайда, әлеуметтік теңсіздік сыры, адам портреті мен оған психологиялық мінездеме беру, көркемдік амал-тәсілдер талап деңгейінен көрінбеген. «Рүстем қырғыны» - қазақ халық өміріндегі жаугершілік кезеңді – қалмаққа қарсы күресті, феодалдық дәуірдің керітартпа қақтығыстары азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрес болса, рулық кездегі адамға, малға байланысты күрес-тартыс ескілік көзқарастары, соның сарқыншақтарын танытады. Әсіресе, Найман мен Үйсін руының арасындағы қақтығыс, адам тағдыры,ел намысысын тезіне түседі. «Исатай» поэмасында белгілі нарын қозғалысындағы еркіндікті, азаттықты аңсаған оқиға негіз болған. Исатай төңірегіндегі шаруалардың топтасуы, ортақ жауға деген ашу-ызалары сенімді өріс алады. Сондай-ақ, өнер иесі, кедей – Жалдықара мен хан тұқымынан шыққан Қарлыға арасындағы сүйіспеншілік, еркіндікке ұмтылулары сендіреді. Автор Исатай бейнесін төңірегіндегілердің ауыз бірлігін, ортақ жауға өшпенділіктерін нанымды ашады. «Байкал» поэмасы Сібір халықтары арасында кеңінен тараған аңыз желісінде жазылған. Поэма оқиғасы Байкал есімді шал меноның қыздары төңірегінде өтеді. Мазмұны, Ангара атты қыз Енисей деген жігітке ғашық болады. Байкал оларға қарсылығын араларына тау-қорған қойып береді. Ангара басындағы ауыр жәйді Бұлақ сіңілілеріне айтып, солардың көмегімен жол тауып Енисейге қосылады. Ангараның Енисейге қосылып, Байкал көлінің дауылды сәттерін ақын адам өмірінің жастық сәтіме, өмірдегі, ордабасындағы көзқарас, тіршілік тынысымен аңыздық сюжет негізінде жеткізеді. Мазмұны тартымды, сюжеті қызық, әсерлі оқылатын бұл поэма – махаббат тақырыбын сәнді суреттеумен мәнді. Негізінен алғанда жоғарыда еске алған поэмалар қазақ ауылының өмірін, ондағы таптық тартысты, жаңа дәуір адамның ой-санасын, елдік пен ерлік жолындағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді танып-таразылауда берер дерегі, рухани нәрі мол. Ілияс Жансүгіров әдебиет саласының басқа жанрларындағы еңбектері жетерлік. Сондай бір қыры – фольклористағы еңбегі. Жасынан өнерге жақын болып өскен Ілияс ел аузындағы әдеби мұраларға, сиқырлы сөзге ерекше ден қойған. Бала кезінде әкесінің әсері болса, өсе келе өз бетімен жинаған ескі әдеби мұралары, творчестволық өсу жолына көп қолғабысын тигізеді. 1933 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған мақаласында былай дейді: «Қазақ ел әдебиетінің осы күнге шейін жүзден бірі жиналған жоқ». Қоғамдық өмірдің ірі қайраткері, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің творчестволық мұрасын аз сөзбен бағалағанда, ол – халқының мәңгі қадірлеп, ардақтауына, мақтаныш етуіне лайық, кесек поэзиялық мұра қалдырған ер тұлғалы нағыз азамат ақын. Ілияс өзінің өмірбаянымен бірге, халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігін, салт-анасын, мінез-құлқын жан-жақты толғаған заңғар ақын. Қазақ халқы барда, егеменді еліміз тұрғанда ұлтжанды ұлы ақынымыздың аты биіктей түседі, даңқы асқақтай береді. Қазақстан тарихындағы саяси-әлеуметтік науқан – қазақ жеріндегі ірі байлардың мал-мүлікін тәркілеу, өздерін жер аудару науқаны 1928 жылы басталды. Оған қызу ат салысқан творчествалық одақтар үгіт-насихаттық жұмыстарды жан-жақты жандандырып, өз тараптарынан үлесін қосып жатты. Әдебиет саласындағы өкілдер қалың қауымға үгіт-насихат жүргізу мақсатында өлең, әңгіме, очерк, дастандар мен деректі шығармалар жазып, көзге түсті. Ілияс бұл науқандық шараға арнап «Кәмпеске» деген шағын поэма жазды. Поэманың басты кейіпкері – Мұқан байдың дүниесін тәркіленген сәттегі ішкі психологиялық қиналысы бейнеленген. Мұқанның малының алынуын, жинаған дүние-мүліктің жалшы-жақыбайға үлестірілуін, зират басына апарып көмген тайтұяқ алтыны мен жамбысы ортаға салынып, шаңырағының ойраны шыққанын ақын фольклордағы жоқтау өлеңінің формасы арқылы шебер көрсете білген. Дүние-мүлік пен елден айырылып, жер аударылған Мұқан мен әйелі Ұлжан бөтен ел мен жұртқа бара жатыр, олардың сауық-сайран дәурені біткен, поезд бұларға адам жұтатын айдаһар болып елестейді. Ақынның мұндағы меңзейтіні – ескі элементтердің жаңа заманның жаңалығын қабыл ала алмайтыны, олардың ғұмыры бітіп, құрдымға кеткенін көрсету. Коллективтендіру тақырыбына жататын тағы да бір ірі туындысы – 1922 жылы жазылған «Жаңа туған» поэмасы. Басқа шығармамалрмен салыстарғанда, бұл туындысында реалистік бейнелеулер мен образдық ой-толғамдар бояуы қалыңдау шыққан. Поэманың кіріспесінде қазақ даласындағы болып жатқан ұлы өзгерістерді айта орыра, көпшілік қауымның коллективтік еңбекке қалай кіріскенін баяндайды. Алғашында жеті үйден құралған артель болса, кейін адам саны көбейіп, колхоз дәрежесіне көтерілді. Міне, осы тұста колхоздандыру кезінде асыра сілтеу, шолақ, саяси шикі белсенділердің өрескел қылықтары, соңында қалың жұртты аштыққа апарған кезеңді ақын бүкпесіз, ашық жариялайды. Ілияс Жансүгіровтің аталмыш тақырыпқа арналған «Мәйек», «Кеңес» атты поэмалары жазылған. Бұл циклдағы ой мен науқандық кезеңдегі актуалды саналатын тақырыптарды мейлінше ашық, батыл айту пафосы айқын көрініп тұр. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық ғұмырындағы әлі де болса анықталмаған, зерттелмеген жайттар барын айтсақ, оның соңғы нүктесін қоятын күн әлі ерте секілді. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламынан шыққан, дүйім жұртқа белгілі, бұрындары таңдамалы туындыларында жарық көрген, «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде толық аяқталмай, немесе жарық көрмей қалған туындылары қатарында болса, солардың ішінде сапасы жағынан еш кем емес «Қолбала» деген поэмасы да барын айта кеткен дұрыс. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда, оның тірі кезінде жазып, жарыққа шығарған аталмыш мол эпикалық мұралары ішінде «Құлагер», «Күй», «Күйші», «Дала» поэмалары қазақ әдебиетінің барлық сапасына жауап беретін, үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түскендігі кеше ғана еді. «Қолбала» поэмасы жарыққа ақынның көзі тірі кезінде жарыққа шықпаған. Поэманың бір кейіпкері ретінде сурттелетін Ханкелді туғанынан сотқар, ұры, қайырсыз болып өссе, оның жайлауы Күзек, қыстауы Мойынқұм болып, елге жауша шауып, жайсыздық танытады. Сол елде «Қаракөз, аққұбаша жетім бала» өсіп келе жатса, оның аты «Қолбала» екені айтылады. Сол Қолбала өзі әнші, өзі әділетті болып өссе, ұрыларға туралықпен жөн айтқаны жақпайтыны танылады.Сюжеттің келесі бөлімі Сол Қолбаланың жайсыз түс көріп, оны Үш Қайнардын шыққан көріпкел Бәйтенге жорытады. Бәйтеннің жоруынша, Қолбаланың сақ болып, айналасына жіті көз тастауын өтінеді. Арада біраз уақыт өтіп, көп нәрсе ұмыт болады. Қолбаланы өзінің ұры Ханкелді бастаған ағайындары өлтірмек болып, «тойға жүр» деп алдамалап, Арал дейтін жерге апарады. Сол жерде мерт етіп, сүйегін құмға көміп кетеді. Қолбаланың әйелі күйеуі кешіккен соң сұрау салғанымен, одан еш нәтиже шықпайды. Кейін өлімнің арты анықталғанда, Ханкелдінің қасындағы баукеспе ұрылары құн төлеп, Қолбаланы ұмыттырады. Поэманың негізі қысқаша сюжеті осында. Поэманың нұсқалары шамалауымызша, ауызша таралған болса керек. Сол айтылған сәтте қағазға түскендіктен, ондағы кейбір жолдар түсініксіздеу шыққан. Бұл әрине, дайындап газетке шығарған автордың кінәсі емес, оны естіген адамның жазуында болса керек. Мәселен, поэма басында, алдыңғы нұсқасында: «Үшқайнар, Ақсу, Діңгек жүрді қыстап...» деп Үшқайнар жер аты болып қабылданса, ол кейінгі нұсқасындағы «Үш Қайнар» ру аты ретінде айтылған. Мұндағы ақынның айтпағы «Үш Қайнар» руының ол тұста Ақсу мен Діңгек жерінде қыстап жүргені айтылмақ. Сонымен бірге, кейінгі жолда «Шығады жайлауға да жаз жылыстап» деген жолды кейінгі нұсқасындағы «Жаз жайлауға шығады ел жылыстап» дегені дұрыс келеді. Ал кейінгі жолдағы алғашқы нұсқасындағы «Баласы Солтанбайдың үшеу екен...» деген жолдар мағынасы дұрыс болғанымен, оның екінші нұсқасында «Солтанайдың баласы үшеу екен...». Бұл жерде Солтанай ма, әлде Солтанбай ма? Ол жағы белгісіз? Осыны анықтау болашақтың еншісінде болмақ. Сол Солтанай әлде Солтанбай ма? Соның баласы алғашқы нұсқасында «Қангелді», «Ханкелді» деп орфографиялық жағынан келгенде дұрыс оқылғаны орынды болар деген ойдамыз. «Қанекең» деп деп алғашқы нұсқасында, екінші нұсқасында «Ханкелді» делінген. Сол Ханкелді «Қайырсыз қанды, суыт, ылғи ұры» делінсе, ол «Қайырсыз, қаны суық, ылғи ұры» болуы керек. Себебі, «Қайырсыз қанды суыт, ылғи ұры» деген тұрақты тіркес қазақта қолданылмайды. «Содан бері бірталай заман өтті, Күз кезімнің уағы келіп жетті» деген сөйлем түсініксіз. Ол «Содан кейін бір талай заман өтті, Күз күземнің уағы келіп жетті», яғни «күз кезімнің» емес, «күз күземнің келіп жеткені» жөнінде айтылған. Поэмада қазірде халық арасында, тарихи деректерде белгілі адамдардың есімін де кездестіруге болады. Солардың ішінде Найманның ішіндегі Қайнар руынан шыққан игі жақсылары Шынасыл, Әбдібай, Тұрсын, Тәшен секілді адамдар қатарында атақты меценат болған «Мамания» мектебін ашқан Тұрысбек пен Сейтбатталдың әкелері Маман Қалқабайұлының есімі де кездеседі. Ілиястың поэзиясының ауқымы қаншама мол, шалқар болса, оған айтылар ой-пікір де осал болмаса керек-ті. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейінгі тұста жарық көрген (1960 жылдар мен 1986-1998 жылдары)таңдамалы шығармаларына қазақ әдебиетттану ғылымының аса көрнекті ғылыми-зерттеушысі академик Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынхан Әдірахманова, Рымғали Нұрғалиев, Бақыт Сарбалаев және тағы басқа ілиястанушылар өз тарапынан ақын поэзиясынның сан-салалы құпиялары мен ашылмаған қыр-сырын дәйекті зерттеу еңбектері мен монографиялар жазып, сол арқылы дүйім жұртты бір серпілтті. Осы игі қадам арқасында әдебиет жиырма жылға тарта поэзия нәрімен сусындатқан Ілияс ақынның кейбір танылмай, көрінбей жатқан асыл көмбелері, тіс жарар таза бұлақ кәусары баяу жылжып, қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылды. Бүгін Ілияс Жансүгіровтің күйлі, сыршыл сан ғасырлық, «Сұлу сөзбен алтын сарай салдыртқан» өлмес поэзиясы қазақ жұртының қымбат қазынасы, осы арқылы оның өр тұлғасы алаш елінің құлай сүйген адал да қадір тұтар сүйікті перзентіне айналды.
0 дауыс
Биздин де тапсырма басымыз дан асып жатқан шыгар. Тапсырмаларың 200 ед жетпитте
...