Дербіс Ата (Қаракемпір) ұрпақтарының қауымдасқан тобына
5 жыл толуына орай, Атырау облысы Қызылқоға ауданы
төрінде өткен, алғашқы тарихи құрылтай кездесу
2024 жылдың 31 мамыры мен 1 маусымында Қаракемпір руының қасиетті қара шаңырағы, ежелгі ата қонысы аталған, Атырау облысы Қызылқоға аймағына бас қосудың сәті түсті. Миялы селосы Жангельдин аумағына қарасты Ойыл өзені бойында 5 жылдық кездесу жоғары деңгейде болып өтті. Құрылтайға 200 адам жобасына деп, 3 киіз үй, асқа 1 жылқы, және 4 жандық сойылып және ұзындығы 5,25 метр, ені 2,40 метр, 120 фотодан тұратын арнайы 5 жылдық банері жасалды. Жоспар бойынша 31 мамыр күні алыстан келген қонақтарды қарсы алып, арнайы құрылған ағаш үйлерде жергілікті ағайындардың дайындаған қонақ асы беріліп, тілек сөздер айтылып, ән - күйлер шырқалды. 1 маусым күні таңертеңгі сағат 9:00 - 12:30 аралығында Аталар рухына тағзым, дұғалар бағыштау мен басталды. Алыс – жақыннан 5 жылдық құрылтайға келген қонақтар Миялы басы Сақал Ата қорымына дұға бағыштап, түнек үй кешеніне барып, жеті нанға дұға бағышталып ақтан ауыз тиді. Әр мен қарай Секер – Самай беткейі, Кіндіксай елді-мекені, (Қаракемпірлер қауымы) қорымдарына Аталар рухына дұғалар бағышталды. -- Сағат 13:00 де Дербіс ауылында 5 жылдық құрылтайды жүргізіуші ініміз Сырымжан Тілеген Әссалаумағалейкүм!!! Барша ағайындар мен қонақтар!!! Қаймағы бұзылмаған құтты мекен – майлы қоға, талай не бір атақты тұлғалар шыққан, Қызылқоға ауданы төріне қош келдіңіздер деп, алыс жақыннан келген 150 ге жуық қонақтарды киіз үйлердің төріне шақырып..............
Сексен жылдық тарихы бар ауданым,
Жусаныңның тата алмаған жау дәмін.
Сен көсіліп жазық далам жатқанда,
Мен өзімді дей алмаймын таудамын.
Дұшпандарды аттатпаған екі елі,
Көлемі үлкен, ұзындығы, беті ені.
Ойылы мен қыраты бар, қыры бар,
Қызылқоға – қазағымның мекені.
Киелі жер, өшпейді оның оты әлі,
Тайсойғандай даласы бар жоталы.
Қызылқоға – батырлар мен әйгілі,
Жазушылар, ақындардың отаны.
Өз даламның өнеріне байланам,
Жағалата жас қанатын жайған ән.
Қызылқоға – төрт түліктің мекені,
Өзен – көлді, төбелерді жайлаған.
Шертілмейді бұл далада бөтен күй,
Талай тұлға осы жерде көтерді үй.
Халел, Салық, Ғабдол менен Зейнолла,
Мәтен ата, Қазыбек би, Бөкен би.
Талай ерлер баса көктеп сай тастан,
Атой салып алаңқайда айқасқан.
Құныскерей, Айбас – Тұрлан – Сақал батыр, Дербістей,
Бабаларым басты жаумен шайқасқан.
Ну қамыс пен көгілдір көл, жылғалар,
Жол-жөнекей төмпешік пен қыр қалар.
Мұрат ақын, Қалидолла, Ығылман,
Осыларды суреттеген тұлғалар.
Бетке ұстап, желмен есе шаңдарын,
Шыққан нағыз шыңдалумен шын дарын.
Тасшағылдың шағылы мен Қарабау,
Ақкөл, Бүйрек, Қаракөлдің құмдарын.
Білгенімде даңқты аудан екені,
Төбем көкке жетпей тұрды екі елі.
Миялымен шектеседі Жангельдин,
Көздіқара, Халел елді мекені.
Аудан жері дейтіні жоқ қалайы,
Қариядай қырау шалған самайы.
Сағыз, Мұқыр, Кенбай, Мәтен кен орны,
Жантерек пен Жамансордың маңайы.
Қоға қандай, еңкейе өскен екпестен,
Жусан исі бұрқыраған, текті өскен.
Қызылқоғам жері байтақ, жан-жағы,
Оралменен, Ақтөбемен шектескен.
Бұл мекенде қоғам да бар зиялы,
Бұл өңірде әр адамның қиялы.
Айналаға ауданымен танымал,
Қызылқоға орталығы Миялы.
Жүргізуші: Жалпы Қаракемпір руының қасиетті қара шаңырағы, ежелгі ата қонысы аталған, Қызылқоға аймағына, Дербіс – Қаракемпір бөлімінің қауымдасқан тобына 5 жыл толуына орай өтіп жатырған, құрылтай кездесуге Қош келдіңіздер деп!!! Алғашқы тілекті - құрылтайды ашуға, қонақтарға қош келдіңіздер айтуға, ақсақалдардан бата сұрауға, ортаға Абдрахманов Хамидолла ағамызбен Құрылтай төрағасы Байжауын Бисенбай ағамызды шақырды. Құрылтай төрағасы Дербіс Ата (Қаракемпір) қауымдастығының құрылуы туралы қысқаша айтып өтіп, Қызылқоға ауданы Миялы – Жангельдин бойынша әр ру басынан арнайы шақырылған ел ағаларына және де «Шағырай» ҚҚ, «Бай ұлы Шеркеш Ата» ҚҚ, «Қазыбек Би» ҚҚ алқа билеріне Дербіс (Қаракемпір) ауылы төрінен орын алып сый құрмет көрсетуіміздің нәтижесі Дербіс (Қаракемпір) ұрпақтарының алар орны биік, алдағы мақсат – жоспарлардың орындалатыны алыс емес екенінің дәлелі, бізді бес Арыс Шеркеш ұрпақтары мойындауы, одан әрі қанаттандырады, біздің негізгі мақсатымыз тарыдай шашылған ағайынның басын қосу, жеті атасын толық білуге жұмыстану, ағайынның Ордасын құру. «Мына дүниеде ең қымбат сыйлық және құрмет – ағайынына, бауырына уақыт бөлу» Еліңді сүйу, ана тіліне құрметпен қарау, білімге ұмтылу, жеті атаңды білу, осы үшін еңбек етіп қажырлансақ бізді ең озық ұлт болуымызға жетелейді. Қарттарымыз аман, жастарымыз білімді қажырлы болсын деп, Құрылтай төрағасы келген қонақтарға рахметін айтып, сөзін аяқтады.
Құрылтай ашылғасын ауыл туралы ән шырқалды. Әрі қарай жүргізуші Қызылқоға ауданының қысқаша тарихы туралы айтып өтті:
Жалпы Қызылқоға ауданының тарихын, қысқаша айтатын болсақ: Ауданды алғаш құру туралы шешім 1928 жылы наурыздың 27-сінде қабылданған. Іргесі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қаланған. 1942 жылы ұжымшар орталығы болды. 1949 жылы Тайсойған механикаландырылған мал шаруашылығы стансасына айналды. “Мия” шөбі көп шығуына байланысты ежелгі тұрғындар мекендерін «Миялы» деп атап кеткен екен. Аудан орталығы 1952 жылы Қарабау ауылына, ал 1959 жылы Миялы ауылына көшірілді. Бүгінде аудан құрамында 10 ауылдық округ, 26 елді мекен бар. Аудан бойынша мәдени - әлеуметтік мекемелер: 13 балабақша, 13 орта мектеп, 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 1 мектеп-гимназия, 2 музыка-өнер, 2 спорт мектептері, 7 мәдениет үйі, 14 селолық клуб, 1 кинотеатр, 27 денсаулық сақтау мекемелері бар. Қызылқоға жерін Ойыл және Сағыз өзендері қиып өтеді. Ауданның территориясы 24,9 мың шаршы км. Қызылқоға ауданы батысында Атырау облысының Индер ауданымен, солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Қаратөбе аудандарымен, шығысында Ақтөбе облысының Ойыл және Байғанин аудандарымен, оңтүстігінде Атырау облысының Мақат және Жылыой аудандарымен шектеседі.
Сөз кезегі, алыстан арнайы шақырылған «Шағырай» ҚҚ, «Бай ұлы Шеркеш Ата» ҚҚ, «Қазыбек Би» ҚҚ атынан келген қонақтарға берілді. Сөз алған өкілдер, Дербіс Ата (Қаракемпір) қауымдастығының өтіп жатырған 5 жылдық құрылтайымен шын жүректен құттықтап, ризашылықтарын білдіріп, арнайы әкелген сыйлықтарын табыстады. Және қоғамдық қорлардың атқарған жұмыстары туралы баяндап, алдағы жоспарлары туралы айтылды. Сөз соңында Жақсылықов Ерғали Тәженұлы! мен Құсайынов Абылай Нықышұлы! Қазақстан бойынша «Шеркеш» бөліміне қатысты барлық үлкен шараларда басшылық жасап, ұйымдастыру қаблетімен, жас буынға және болашақ ұрпаққа рухани бағыт – бағдар беріп жүргендері үшін, Қазақстан бойынша «Дербіс Ата» Қауымдастығы атынан Алғыс хаттар мен марапатталды. Қонақтардың тілек сөзінен кейін Жетесбай Байбек Аманбекұлы және Ислямғали Абылай Қадыржанұлы екі күй - Ерке сылқым мен Балбырауынды қатар орындады.
Келесі сөз кезегі, Миялы - Жангельдин басы бойынша, Құрылтайға арнайы шақырылған барша Ел ағаларын, тілек сөзге ортаға шақырды. Ортада тілек айтқан қонақтар, өздерін таныстырып, Дербіс Ата (Қаракемпір) қауымдастығының өтіп жатырған 5 жылдық құрылтайымен шын жүректен құттықтап, ризашылықтарын білдіріп, алдағы атқарылатын шаруаларына сәттілік тіледі. Тілек сөзден кейін жергілікті ініміз Кетенің баласы Мәдиев Қайролла Қазенұлы Қызылқоға әнін шырқады.
Жүршізуші:
Ауылға барамын мен анда-санда,
Аламын қуат жиып жанға сонда.
Суы да туған жердің балдай тәтті,
Шымырлар бойымдағы қан да сонда.
Жастықты жылдар жұтып, жалаңдаған,
Әр күнін қимай көңіл алаңдаған.
Сағындым ауылымның адамдарын,
Куәсі балалықтың далаңдаған.
Батырып кешті бірге арайлаған,
Жол жаққа анам жиі қарайлаған.
Дәм жазса барып қалам деп жүргенде,
Ақ кірді бұйра шашқа орайлаған деп, барша алыс - жақыннан келген, Дербіс (Қаракемпір) ағайындарды ортаға тілек сөзге шақырды. Ортаға шыққан барлық ағайындар ата қонысқа сағынышпен келгендерін айтып, ыстық тілектерін айтып, ұйымдастырушы жігіттерге және жергілікті ағайындарға риза болып рахметтерін айтты. Осы аралықта Махамбет ауданынан келген Махамбет Өтемісұлы ағамыздың 5 жылдық құрылтайға шығарылған өлең жолдарының тұсауы кесілді
*5 жылдық мерейтойға арнау*...
Қазақ елім, туған жерім, Алашым
Кең далаңды жайлаған халқың үшін дарасың
Теңер болсақ өзіңді талмай соққан жүрекке
Тамырындай тараған рулардан тұрасың.
Ұлы,Орта,Кіші аталған жүздерің
Бір атаның көреді баласындай өздерін
Қаны бірдің - жаны бір бөтені жоқ
Көріскенде тұрады бұрып жылы жүздерін.
Шеркешпіз ата текке тартып туған
Тараймыз он екі ата Байұлынан
Елін, жерін қорғауда аты шыққан
Шағырай - бойға біткен біздің ұран.
Барша Шеркеш ұранына айналған
Ақ Жайықтың бойын еркін жайлаған
Қалдырдың ба ұрпағыңа тапсырып
Шағырайым, жүзі суық айбалтаң.
Біріккен ортамызға шүкір дейік
Жұдырықтың ішіне жүрген сыйып
Сол бірліктің шығарған шоқтығына
Есен аға аруағын құрметтейік.
Қойыс сынды Жайықтың ет бауыры
Аты шыққан батыры сол дәуірдің
Бір ұядан Дербіске дәріс берді
Қайтарып абыроймен ер қаруын.
Сонан бері заман өтті талай - талай
Тоқтайық осы жерден бауырлар ай
Қай әжеден кім туды деп қазбаласақ
Ол ордан шыға алмаспыз кері қарай.
Қуаныш пен реніштің салмағы тең
Туысқандық тамыры болар терең
Кездестік міне бүгін мерей тойда
Құдіретті аруақтардың қалауымен.
Қолайсыз отырғышың арқалықсыз
Үлкенсіз ақыл қосар іс парықсыз
Жас буын інілердің арқасында
Біршама игі істер атқарыппыз.
Ойлап бүгін көз салсақ артымызға
Іс қылмадық сөз келер арымызға
Қалың Шеркеш Дербісті "Арыс" десе
Көбейер ед аталық санымыз да.
Құтты болсын бауырлар мерекеміз
Бірлік болсын, қашпасын берекеміз
Құшақ жайып сағынып жүрейік те
Дербістің ұрпақтары - Сіз бенен Біз !!!
Автор: Махамбет Өтемісұлы.
Оқыған: Сырымжан Тілеген.
Осылайша үш сағат шамасына созылған шай дастарханыда аяқталды.
Арада 1 сағаттық үзілісте, спорттық сайыстар мен 1 маусым балаларды қорғау күніне орай сайыстар болып өтті.
- Қой көтеру бойынша: ересектер арасында 1,2,3 орындар. (Қатысам деушілерге шектеу жоқ) Жүлделер: 1 орын Сек (қой малы), 2-3 орындар ақшалай жүлделер. Дербіс Ата (Қаракемпір) қауымдастығы атынан 1,2,3 дәрежедегі дипломдар мен марапатталды.
- Қозы көтеру бойынша: жас өспірімдер арасында 10-13 жас аралығы. 1 орын қозы, және барлық қатынасқан балаларға ақшалай жүлделер мен марапттаулар табысталды.
- Боранқұлдан келген Саламат немересі Дербіске және Доссордан келген Орынбек немересі Дербіске, Дербіс Ата (Қаракемпір) қауымдастығы атынан қозылар (марқа) берілді.
- 1 маусым балаларды қорғау күніне орай батуттар құрылып, әр түрлі аниматорлардың қатысуымен - балмұздақтар, сусындар, тәттілер, ойыншықтар таратылды.
Сайыстар аяқталғасын Үлкен аста болды. Аста тілек сөздер жалғасып, құрылтайға келген ағайындар ішінен, Қазақстан бойынша «Дербіс Ата» Қауымдастығы атынан 5 жыл ішінде «Шеркеш» бөліміне қатысты барлық үлкен шаралар кезінде белсене араласасып, жас буынға және келешек ұрпаққа рухани бағыт – бағдар беріп жүрген төмендегі ағайындар алғыс хатпен марапатталды:
1. Маханов Тасболат Аралбайұлы 1948ж. Құлсары қаласы
2. Сисенғалиев Демеу Ықсанұлы 1949ж. Ақтөбе қаласы
3. Оралов Қами Таңбайұлы 1952ж. Атырау қаласы
4. Сағиев Іңірбай Сағиұлы 1952ж. Миялы селосы
5. Раманкулов Мұрат 1953ж. Шардара ауданы
6. Тайтуллин Табылды Қаржаубайұлы 1954ж. Ақтөбе қаласы
7. Шөкенов Мәтен Шөкенұлы 1954ж. Жангельдин ауылы
8. Избулов Махамбет Өтемісұлы 1955ж. Махамбет ауданы
9. Қисманов Дүйсекен Ысқақұлы 1955ж. Құлсары қаласы
10. Алтынбеков Ізбасар Қайрақбайұлы 1958ж. Атырау қаласы
11. Мұхамбетқалиев Сәрсенбек Тұрмұхамбетұлы 1958ж. Есет ауылы
12. Бегениязов Жұмағали Бисенғалиұлы 1958ж. Құлсары қаласы
13. Аманшаев Қыдырхан (Қалдықадыр) Жұманұлы 1960ж. Ақтау қаласы
14. Сағынов Серікқали 1961ж. Сағыз ауылы
15. Қонарбаев Өтеген Әбдешұлы 1962ж. Боранқұл ауылы
16. Нүрпейсов Бақтыбек Абатұлы 1965ж. Қостанай қаласы
17. Жаумытбаев Аманкелді Мұханбетұлы 1968ж. Ақтау қаласы
18. Қорғанбаев Әділбек Әбдібайұлы 1972ж. Алматы облысы, Іле ауданы
Жергілікті ағайындар келген қонақтарды шығарып салып, келген ағайындар қыймастық пен тарқасты. Осылайша Қаракемпір руының қасиетті қара шаңырағы, ежелгі ата қонысы аталған, Қызылқоға аймағында, Дербіс – (Қаракемпір) бөлімінің қауымдасқан тобына 5 жыл толуына орай өткен, құрылтай кездесу өз мәресіне жетті.