Таңғы ас барынша мол пайда әкелуі үшін тағам өнімдерін мұқият таңдау қажет. Сусындардан жидек шырыны, минералды су, бір кесе қантсыз шай немесе кофе қолайлы. Сусын организмді оятуға әрі ас қорыту үдерісін бастауға көмектеседі.
Диетологтардың пікірінше, ең тамаша ас – ботқа. Сүт өнімдерін де назардан тыс қалдырмаңыз. Таңертеңгілік ішілген бір құты сүт немесе айран, желінген бір кесе сүзбе аса пайдалы В (жүйке жүйесі қызметін жақсартады), А (әлсіздікпен күреседі) тобы дәрумендерімен байытады.
Нанның пайдасы мен зияны жөнінде көпшілік арасында көптеген пікірталастар бар. Алайда мамандардың айтуынша, майды тым қалың жақпасаңыз, нанның ешқандай зияны жоқ. Артық салмақтан арылушылардың ірі тартылған ұннан пісірілген нанды таңдағандары жөн. Ал қуырылған жұмыртқа мен шұжықты аз жеуге тырысыңыз, оның пайдасы жоқ десе де болады. Жүгері қауыздары секілді дайын таңғы астардың да пайдасы аз. Оларда бағалы дәрумендер мен микроэлементтер бар, алайда осы пайдалы заттарға қоса, қантың да калориясы да мол. Әсіресе шоколадты және глазурлі қауыздардан сақтаныңыз.