Бас ауруынан айықтыратын 18 тәсіл
1. Көп адам басы ауыратынын алдын-ала сезеді. Дәрігерлер ондайда тиісті дәріні ішу арқылы ауруды басталмай тұрып басып тастау керек дейді.
2. Бас ауыра бастаса қиялға беріліңіз. Мысалы, ауруды ішіне су толған қызыл шар деп елестетіңіз де, оны жарып жіберіңіз. Сумен бірге ауру да «ағып» кетеді.
3. Басыңызды ақырын уқалаңыз. Саусақ ұшымен мұқият массаж жасау жақсы көмектеседі. Болмаса ағаш тарақпен маңдайдан желкеге дейін тарауға болады.
4. Бас ауыра бастағанда жарты сағат ұйықтап алу да жақсы көмектеседі.
5. Самай мен шеке қысып, ұйықтауға мүмкіндік бермесе қараңғы әрі салқын бөлмеге кіріп, креслоға ыңғайланып отырыңыз да, жақсы да көңілді нәрсе ойлануға тырысыңыз.
6. Түнде басыңызды көрпемен тұмшаламаңыз. Олай етсеңіз оттегі аздығынан таңертең төсектен басыңыз ауырып тұруы мүмкін.
7. Қолайсыз жату да басты ауыртады. Желкеңіздің омыртқаларына тіреу болатын оңтайлы көпшікке жатыңыз.
8. Спирттік ішімдікке құмартпау қажет. Ал «ұрттайтын» болсаңыз шараптың сапасы мен түсіне назар аударғаныңыз жөн. Қызыл шарап тәрізді қоңыр түсті ішімдіктер басты көбірек ауыртады.
9. Шоколад, кофе, какаоға құмарлық та бас ауруына себеп бола алады. Олардың құрамындағы заттар қан тамырларын тарылтып тастайды. Сол себепті олардан бас тартуға тырысыңыз.
10. Магнийді көп қолданыңыз. Ғалымдар басы үнемі ауыратын егде кісілердің қан құрамында осы элементтердің аз болатынын айтады. Сондықтан тағам құрамында бұршақ, астық өнімдерін бітеу түрін, теңіз өнімдерін, жаңғақты көбірек пайдаланғаныңыз дұрыс.
11. Дәрігердің кеңесінсіз дәрі мөлшерін көбейтпеңіз. Өйткені кейбір дәрілердің жанама әсері басты ауыртады.
12. Көзіңіз талмасын. Компьютер алдында көп отырсаңыз әрбір 45 минут сайын көзіңізді 30 секундтай алақаныңызбен жауып отырыңыз.
13. Бас ауырғанда көзіңіздегі линзаны ала тұрыңыз. Себебі бұл кезде жанардың сезімталдығы артып, көру жүйесі кернеп, бас ауруы одан әрі күшейіп кетеді.
14. Сүт түсті шырақты пайдаланбау қажет. Оның көзге елеусіз лыпылы миды қажытады, басты ауыртады.
15. Еңсені қашанда тік ұстау керек. Еңкеймеңіз, бүкшимеңіз, басыңызды төмен түсірмеңіз. Тік отырып, тік жүрсеңіз сергек боласыз, бас та ауырмайды.
16. Бас ауырған кезде қолыңызды шынтақпен қоса ыстық суға малып отырсаңыз жақсы әсер етеді.
17. Таңертеңгілік аш қарынға айран ішіп тұрса, ол бас ауруының алдын алады.
18. Уақытылы тамақтану, желдетілген бөлмеде жайлы ұйықтау, серуендеу, суға шомылу, емдік гимнастика жасау бас сырқатын басады, тоқтатады.