Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде қоғамымызда ең жиі кездесетін түрі – жүрек қыспасы (стенокардия). Басты себеп – жүректі қоректендіретін күре тамырдағы қан айналымының бұзылуы. Жүрек қыспасының салдарынан қан тамырлары тарылады. Тамыр тарылған соң жүрек өзіне қажетті қоректік заттар мен оттегі ала алмай зардап шегеді. Мұндайда адамның кеуде сырты немесе жүрек тұсы күйдірген тәрізді ауырады, қысады немесе кеудені басып тұрғандай сезінеді. Оның әсері сол қолға, мойынға, арқа тұсына беріледі. Кейде ауру белгісі басқаша болып келеді. Іштің жоғарғы жағы ауырады, адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Кейбіреулер мұны асқазан ауруы деп түсініп, басқа ем алуы мүмкін.
Миокард инфарктісі – жүрек бұлшық етінің жансыздануы. Кенеттен болған физикалық, психикалық жүктеме әсер етеді. Миокард инфарктісі – кенеттен пайда болған, ұзақ уақытқа созылған миокард ишемиясының салдарынан оның өлеттенуі. Әдетте миокард инфаркты кезінде тамырдың қысылған жерінде жедел қан ұйып қалады. Миокардтың кенеттен өлеттенуі адамның кеуде тұсын қатты ауыртады. Науқас мазасызданады, суық тер шығады, өңі бозарып, еріндері көгереді. Миокард инфарктысы жүрек етінің жыртылып кетуіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан инфаркт алған адам өзін-өзі міндетті түрде күтуі керек. Біріншіден, арнайы тәртіпті қатаң сақтауы, денеге ауыртпалық түсіруден абай болу, сол сияқты жүйке жүйесін де бірқалыпты сақтауға тырысу керек. Екіншіден, диетаға отыруы, қауіпті факторлардан арылуы, үнемі кардиолог дәрігердің бақылауында болып, кеңесін бұлжытпай орындауы тиіс.[толық ақпарат][1]
[1]: http://jasai.kz/?page_id=1078