0 дауыс
9.7k көрілді
Қазақстанның демографиялық саясаты айтынызшы

2 жауап

0 дауыс
> Қазақстанның демографиялық саясаты айтынызшы
Сұрағыңызды нақтырақ қойғаныңыз жөн болар еді,түсініксіздеу, өңдеудің де ретін таппадым.
0 дауыс
Егемендіктің алғашқы жылдары кезінде үрдіс алған демографиялық дағдарыстың ең ауыр нәтижесі – Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 млн-нан астам адамға, яғни 8,2% азайды, халық саны азаюы 2002 жылға (қоса есептегенде) созылып, 2003 жылдан бастап аз да болса өсе бастады. 2007 жылдың басында 15 млн 394 мыңнан аз ғана асты. Бұл жағдайдың негізгі себебі тек 1991-1999 жж. арасында сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде Республика халқы 1 млн 854 мыңнан астам адамға кеміді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы халқының жалпы саны әлі де 1989 ж. деңгейіне (16,5 млн) жете қойған жоқ. Сыртқа кеткендердің басым көпшілігі өз тарихи отандарына қайта оралғандар еді, олардың ішінде тек 1993-1998 жж. – 1 млн астам шығыс славяндар (орыс, украин, беларус), 400 мыңға жуық немістер болды [1]. Бұл көші-қон толқындары Қазақстан халқының ұлттық құрамына күшті әсер етіп, олардың үлестік ара салмағын күрделі түрде өзгертіп жіберді. Қазақтар 1939-1989 жылдардан кейін, алғашқы рет 1999 ж. өз Отанында көпшілікке айналып, 53,4 пайызға жетті, бұрын басым болған орыстардың үлесі 30,0%-ға тоқтап, төмендей түсті. 2007 ж. басында Қазақстан халқының ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар 9,1 млн-нан асып, үлесі 58,6%-ға жетті (1989 ж. – 6 млн 496,8 мың, яғни 40,1%, ал 1999 ж. – 7 млн 985 мың, яғни 53,4%); орыстар – 3 млн 945,1 мың – 25,6% (1989 ж. – 6 млн 062 мың – 37,4%, 1999 ж. – 4 млн 479,6 мың – 29,9%), украиндар – 440,5 мың – 2,86% (1989 ж. – 875,6 мың – 5,4%, 1999 ж. – 547,0 мың – 3,6%); өзбектер – 439,6 мың – 2,85% (1989 ж. – 2,0%, 1999 ж. 370,6 мың – 2,48%), ұйғырлар – 233,2 мың – 1,5% (1989 ж. – 181,5 мың – 1,1%, 1999 ж. – 210,3 мың – 1,4%); немістер – 222,3 мың – 1,4% (1989 ж. – 946,8 мың – 5,8%, 1999 ж. – 353,4 мың – 2,3%). Осы 1989-2007 жж. арасында Республика халқы құрамында қазақтардың үлесі 18,5%-ға өссе, орыстардың үлесі – 11,8%, украиндардың – 2,6%, немістердің – 4,4%-ға төмендеді. Енді, яғни қазіргі жағдайда және болашақта Республика халқының өсіп-өнуі, яғни табиғи өсімі мен көші-қон сияқты оның негізгі екі қайнар бұлағы еліміздің 60% құрайтын қазақ ұлтының демографиялық қасиеттері мен олардың даму үрдісіне байланысты болып отыр. Дәлірек айтқанда, қазақтардың табиғи өсімі мен көші-қоны Республика халқының демографиялық сипатын анықтайтын жағдайға қолымыз жетті [2]. Қазақтар орыс, украин, неміс және басқа европалық ұлт өкілдеріне қарағанда, табиғи өсімі жоғары саналғанмен, 1990 жылдары олардың арасында 3 және онан көп балалық азая түсті. Тіпті бұл жағдай көп балалық тән Оңтүстік Қазақстан аймағында да байқалуда. Қазақтардың табиғи өсімі төмендеуі рыноктық қатынасқа, ауылдың қиыншылықтарына, қымбатшылық пен жұмыссыздық өрістеуіне, әсіресе қазақтар басым орналасқан ауыл-селоның жағдайының күрт нашарлауына және басқа өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарына байланысты еді. Осының нәтижесінде адам мүмкіндігінің дамуы индексі (қалыптасқан халықаралық есептеу әдістеріне сай) бойынша (бұған өмір ұзақтығы болжамы, жан басына шаққан нақтылы табыс мөлшері мен білім алу мүмкіндігі жатады) Қазақстан 1993 жылы дүниежүзінің 175 мемлекеті ішінде 54 орынға ие болса, 1997 ж. 93 орынға төмендеді. Республика халқы ішінде әйелдер үлесі еркектерден басым болса, қазақтар арасында еркектер көп болып отыр, сонымен қабат республика халқы көбіне қартая түссе, қазақтардың басым көпшілігі жастар мен балалар екені байқалуда. Қазақтардың арифметикалық орта жасы бар болғаны 25 жас, ал некеге тұру мен бала тууға байланысты орта жас -21. Бұл кезеңде ауылдағы жұмыссыздықтан қазақтардың қалаға бет бұрғаны айқын көрінгенімен, олардың әлі де жартысынан көбі (2004 ж. – 51,8%) ауылдық жерде қоныс тепкен. Дегенмен қала тұрғындары арасында қазақтар үлесі 1989 ж. 27,1%-дан 1999 ж. 43,1%-ға, ал 2004 ж. – 48,2% жеткенін басып айту қажет [3]. Қазақстанда адамдарының өмір сүру ұзақтығы 1991 ж. 67,6 жас болса, 1998 ж. – 64,4 жасқа түссе, 2003 ж. – 65,8 жасқа жетті. Бұл жағынан Қазақстан жеті ТМД елдері арасында Ресейден жоғары – алтыншы орынға ие болған-ды. Басым көпшілігі ауылдық жерде тұратын қазақтардың өмір сүру ұзақтығы орыстардан кем, бұған Арал, Семей және басқа экологиялық апат аймақтарының зардаптарын қоссақ, қазақтардың өмір сүру ұзақтығына тигізетін теріс әсерлердің көбейе түскенін түсінуге болады. Салыстыру үшін шетелдердегі орташа өмір сүру көрсеткішіне назар аударсақ та болады: ол Жапонияда – 76,1, Испанияда – 75,7, Гонконг пен Израильде – 75,1, Австралияда – 75, Швецияда – 74,8, Грецияда – 74,6, Ұлы Британияда – 74,6 және т.б. [4]. Білім деңгейінде де қазақтар өз Отанында алдыңғы қатарда тұрған жоқ. Мысалы, 1999 ж. санақ бойынша республикада 44 ұлт өкілдері ішінде қазақтар жоғары білім бойынша 8 орында, аяқталмаған жоғары білім бойынша – 10 орында, арнайы орта білім бойынша – 27 орында, ал орта білім бойынша – 11 орында, бастауыш білім бойынша – 34 орында болды. Қазақтардың жалпы саны мен үлесінің өсуі (1989 – 2005 жж. – 2 млн. 190,6 мыңға, яғни 18,2%) біріншіден, табиғи өсімінің басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда жоғарылау болуына, екіншіден – республиканың егемендік алуымен басталған шетелдегі қазақтардың өз тарихи Отанына қайту көші-қонына тығыз байланысты еді. Ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген қазақ» халқы басынан талай демографиялық апаттарды өткізді. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, көрші, әсіресе Жоңғар, Қытай, Ресей, Қоқан, Хорезм мемлекеттерінің шабуылына ұшырап, көптеген территориясынан (халқымен қоса) айрылып қалды. Бұл жерлерді атамекен еткен қазақтар, өз қауымдастығын, тілін, дінін, ділін сақтап қалу үшін күресе берді. Соның нәтижесінде Қазақстанмен шектес орналасқан Ресей, Қытай және Өзбекстанда қалып қойған қазақтар өз тарихи отанына қайта қосылу үмітін үзбей келеді. 1924 ж. Орта Азиялық республикаларда жүргізілген территориялық қайта бөлісте Қазақстан біраз жерінен қол үзіп қалса, кейінірек Өзбекстанға Бостандық ауданы, Мырзашөл алқабындағы жерлер берілді. Д.А. Қонаевтың арқасында Киров, Жетісай, Мақтаарал аудандары Қазақстанға қайтарылғанымен, негізінен қазақтардың атамекенінде 300 мың халқы бар жаңа құрылған 3 аудан мен 5 мал совхозы (Шымқорған, Тимирязев, Қызыл-Құм, Арнасай, Амангелді) Өзбекстанда қалып қойды. Соның зардабынан Шардара су қоймасы тасыған кезде, Қазақстан өзінің бұрынғы Арнасай су бөгетін пайдалана алмай, көп қиыншылықтарды бастан кешіруде. Сонымен қабат, қазақ-жоңғар соғысында, 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісі, кейінгі Кеңес заманындағы азамат соғысы, 1918, 1921, 1931-1933 жж. ашаршылық, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұтқындалу және т.б. қайғылы-қасіретті оқиғалар нәтижесінде көп қазақ өз Отанынан ауа көшіп, шетелдерге кеткені де рас. Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығы жинаған мәліметтері бойынша қазір 40 шетелдердегі қазақтардың саны – 5 млн 600 мыңнан астам, – деп көрсетілген. Оның ішінде – жақын шетелдерде – 3 млн 137 мың; алыс шетелдерде 2 млн 529 мың 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер -Қытай – 2.260 мың; Өзбекстан – 1.750 мың; Ресей – 1.100 мың; Моңғолия -150 мың; Түркменстан – 150 мың; Қырғызстан – 95 мың; Ауғанстан – 30 мың; Түркия – 15 мың; АҚШ – 14 мың; Тәжікстан – 10 мың; Иран – 10 мың; Германия – 9 мың және т.с.с. Кеңес Одағы тарап, Қазақстан егеменділік алған соң, шетел қазақтарының Отанына бағытталған көші-қонның ең күшті толқыны басталды. 1991 жылдан бастап Қазақстанға ТМД республикаларынан және алыс шетелдерден қазақтар көшіп келе бастады. 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта республикаға 137919 қазақ көшіп келді. Олардың басым көпшілігі (50,6%) таяу шетелден, негізінен Ресейден, Тәжікстаннан, Кавказ өңірінен келушілер. Алыс шетелден – Моңғолиядан, Ираннан, Түркиядан, Қытайдан, Ауғанстаннан келген иммигрант қазақтар 49,4% [5]. 1991-1993 жылдары Моңғолиядан келген оралмандар саны 60 мың адамға жетіп, кейінгі жылдары олардың легі біртіндер бәсеңдеді. 1996 жылдан 1999 жылдары аралығында Моңғолиядан келген оралмандар 2259 адамды құрып, бұрынғымен салыстырғанда 25,1 есе аз болды. Осы жылдары олардың 623 адамы кері көшіп кетті. Жалпы 1989 жылдан 1999 жылдары аралығында Республикаға Моңғолиядан 43057 оралман (21636 ер азамат және 21421 әйел) келіп қоныстанды. Олардың басым көпшілігі (76,8%) Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысындағы ауылды жерлерге орнықты. Нарықтық экономикаға көшу жағдайында Қазақстанның бастан өткеріп жатқан қиыншылықтарымен байланысты Моңғолиядан келуші қазақтардың саны қысқарды. Олардың жаңа жерге бейімделуіне шашыраңқы қоныстануы, сондай-ақ орыс тілді ортаға тап болуы қиындық тудыруда. Ираннан келген қазақтар Алматы, Оңтүстік Қазақтан және Маңғыстау облыстарына қоныстануды жөн көреді. Олар Моңғолиядан келген қазақтарға Қазақстанның қазіргі күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалына бейімділік танытуда. Мұндай жағдай Түркиядан келген қазақтарға да тән. 1989-1999 жылдары республикаға Ираннан 2968 қазақ, Түркиядан 1755 қазақ қоныс тепті [6]. Қандастарымыздың өз атамекеніне оралуы заңды қүбылыс. Бірақ оралмандарды елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімдеу өзекті мәселе күйінде қалуда. 1990-жылдардың басында «Қайт, қазақ еліңе!» деген ұранның көтерілуі асығыс болғандығын мойындауымыз керек. Оралмандардың елде жеткілікті деңгейде қолдаушылық таппай бірқатар қиындықтарды бастан кешіріп жатқандығы көпшілікке аян. Сонымен қатар Қазақстанға келуге тілек білдіріп отырған қандастарымыздың саны артып отырғанына қарамастан, оларға бөлінетін квота көлемінің жыл өткен сайын азая түсуі көңілге кірбің келтіруде. Өз тарихи отанынан оралушылар үшін 1993 жылы 10 мың отбасына (50 мың адамға) квота Моңғолиядан келуші қазақтардың саны бөлінсе, ол кейінгі жылдары қысқара түсіп, 1994 жылы 7 мың отбасына, 1995 жылы 5 мың отбасына, 1996 жылы 4 мың отбасына, 1997 және 1998 жылдары 3 мың отбасына, 1999 жылы 500 отбасына, 2000 жылы 600 отбасына ғана квота бөлінді. Кейінгі жылдары ғана квота көбейе түсті. Сонымен, Қазақстандағы қазіргі демографиялық ахуалға, шетелдердегі қазақтар мен оралмандар мәселелеріне қорытынды жасай келгенде, қазақтар қалай көбейеді деген сұрақ туындайды. Ол заңды да, себебі ұлан ғайыр жері бар, ал халқының саны бар болғаны 15 млн. ғана Қазақстан мемлекетінің әрбір шаршы километріне 5,5 адамнан келіп, әлемдегі халық аз қоныстанған елдер қатарына жататыны үлкен ой және қатерлі күдік туғызады. Ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап қалу және экономикамызды жаңа еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін, ел басымыз 2015 жылға дейін республика халқы санын 20 млн.-ға жеткізу қажеттігін баса айтып келеді. Міне сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи-демографиялық ғылым айқындаған екі жолды, табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды оң пайдалану керек. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына өкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылуы қажет. Бұл жөнінде Кеңес заманындағы бай тәжірибені қайта жандандырып, кеңейтіп, байыта түсу, ол үшін мемлекеттік қор құрған да жөн. Ал сырттан келетін оң көші-қонға келсек, шетелдердегі қазақтарды елге қайтару үшін де мұнан да күрделі шаралар іске асса жөн болар еді. Мүмкіндігінше квотаны шектемей, егер оны алып тастауға болмаса, қазақтар тұрған шет мемлекеттермен дипломатиялық жолмен көші-қон үрдістерін жеңілдетіп, тездету, ал көшіп келгендер үшін барлық жағдайды жасау да керек. Шетелдердегі қазақтардың тек жартысын ғана осы 4-5 жылдың ішінде қабылдап алғанда, Қазақстан халқының, әсіресе қазақтардың саны күрт өсуге нақтылы мүмкіндік пайда болар еді. Қазақ халқына тарих берген осындай мүмкіндіктерді толық және уақытында пайдаланып, елдің санын көбейтіп, қатарын нығайта түсіп, өркениетті қауымда өз орнымызды алғанымыз жөн-ақ.
...