+2 дауыс
16.0k көрілді
*Белгілі адамдар айтқан тұрмыс салт туралы сөздері керек еді. Шығармағаға эпиграф ретінде. Өтінем көмектесіңіздерші! Алдын ала рахмет))*

 :o :) (sun)

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Қазақ халқының бүкіл тұрмыс-тіршілігін, қуанышы мен қайғысын сөзге сыйғызған әдеби бай мұраларды Ә.Қоңыратбаевтың зерттеуі заңды құбылыс. Өйткені, ғалым саналы ғұмырында ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға, зерттеуге ерекше көңіл бөлген. Ғалымның фольклористика саласында жазған ғылыми еңбектерінің бір саласы — тұрмыс-салт жырларына арналған.

Басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да көп заманнан бері келе жатқан тұрмыс-тіршілігі, еңбек-кәсібі, әдет-ғұрпы, салты бар. Бұлардың бәрі адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өміріне, экономикалық жағдайларына байланысты туып қалыптасқан және сол негізде дамып отырған.
Халқымыз көп ғасыр бойына жасаған тұрмысы, еңбек-кәсібі, әдет-ғұрпы, салты жайында неше түрлі шығармалар шығарған. Бұл шығармалар «тұрмыс-салт жырлары» деп аталады [1,б. 14].
Орыстың ұлы жазушысы М.Горький тұрмыс-салт жырларын халық ауыз әдебиетінен бастау алатынын айта келіп, «халықтың өткендегі тарихын, тұрмыс-күйін, әдет-ғұрпын жақсылап зерттейміз десек, оны дұрыстап түсінеміз десек, ауыз әдебиетін білуге тиістіміз. Бұл жөнінде ауыз әдебиеті бізге өте көп мәлімет береді», — дейді М.Горький [2,б. 14].
Ә.Қоңыратбаев сюжетсіз өлеңдерге қатысты: «Елдің тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы, түрлі наным-сенімдерге байланысты туған сюжетсіз ұсақ өлеңдерді тұрмыс-салт жырлары дейміз», — деп [3,б. 44] анықтама береді-де, содан кейін барып жырларды мазмұны мен тақырыбына қарай былайша бөліп қарастырады. Олар: 1) Бақташылық жырлары, яғни төрт түлік мал туралы жырлар; 2) Діни-әдет ғұрыптар тудырған жырлар (жарапазан, бәдік); 3) Үйлену жырлары (той бастар, жар-жар, сыңсу, жұбату, беташар); 4) Ұлыс жырлары, бөбек жырлары; 5) Жаназалау жырлары (естірту, қоштасу, жоқтау) т.б.
Алайда, қазақ фольклористикасында басқа да ғалымдар тұрмыс-салт жырларын зерттеумен айналысқан. Олардың бірі — М.Ғабдуллин. Ол өз кезегінде, тұрмыс-салт жырларын зерттей келе, оны үлкен екі топқа бөледі: 1) Төрт түлік мал, еңбек, кәсіп жайындағы шығармалар; 2) Әдет-ғұрыпқа байланысты туған шығармалар [4, б. 14].
Сол сияқты ғалым Б. Кенжебаев тұрмыс-салт жырларын арнайы бір салт шартын орындау ретінде айтылып қолданылатын өлеңдер» — дей келе, оларды өз кезегінде 4 түрге бөледі: 1) Мал шаруашылығы жайлы өлеңдер; 2) Діни-салт өлеңдер; 3) Үйлену өлеңдері; 4) Мұң-шер өлеңдер.
Осы жіктелестерге қарап отырып, біз Ә.Қоңыратбаевтың төрт түлік малға байланысты туған жырларды «бақташылық жырлары» деп бөлекше атағанын байқаймыз. Оны ғалым былайша түсіндіреді: «Бір кездері жабайы, аңдарды ұстап, үй түлігіне айналдырған шаруаларды халық төрт түлік малдың „пірі“ деп ұғынып, солар жайында түрліше, аңыздар тудырып отырған. Сол кезеңнен бастап бақташылық жырлары туса керек», — дейді-де, өз ойын: «бұрын жабайы, аңдарға сыйынған халық енді төрт түлік малды құт санап, олардың Шопан ата, Шекшек ата, Жылқышы ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба деген иелеріне табынған», — деп жалғастырады. Демек, ғалым бұл атауды көшпелі мал шаруашылығымен, яғни мал бағумен айналысқан халқының тұрмысымен байланысты таңдап алғанға ұқсайды. Ал, діни-әдет ғұрыптарға байланысты туған жырлар жайлы ғалым: «Қазақ фольклорынан көшпелі тайпалардың ежелгі наным-сенімдері басты орын алады. Оның көріністері — бәдік, жарапазан, алғыс-қарғыс, арбау, бақсылық сарындары», — деп айта келіп, әрі қарай Шоқанның «қазақ арасындағы шаманизм нанымдарының қалдықтары» деген еңбегіне кең көлемде талдау жасайды. Атап айтсақ, зерттеуші шамандық ұғымына, оның негізгі белгілеріне ерекше тоқталады. Сөйтіп, одан әрі бәдік айтысы, жарапазан жырлары жайлы сөз етеді».
Бәдік айтысы туралы Ә.Қоңыратбаев: «бәдік жырларында магия, тотемизм, мифологиялық сарындар бар. Оны дуализм дейді. Дуализмнің арғы тегі жақсылық пен жамандық тартысы түрінде келеді. Бәдікті бір ғана адам кеселі емес, мал емдеуге-де қолданған», — деп тұжырымдайды.
Ал, М.Ғабдуллин болса, діни ұғымдарға байланысты туған шығармаларды сөз еткенде, біз оларды ертеде қараңғылық жағдайда болған адамдардың ой-өрісі, дүниетану дәрежесі қандай болғанын және ол қазақ ауыз әдебиетінде қай түрде суреттелгенін білу жайын көздейміз, — дей келе, оған бәдік, арбау, жалбарыну өлеңдері, бақсы сарыны, жарапазанды жатқызады.
Ә.Қоңыратбаев жарапазанды: «бір кезеңде діни әдет-ғұрыпқа байланысты айтылған өлеңдер», — деп атап, «жарапазан жырларынан ислам дініне байланысты әдет-ғұрып көбірек орын алған. Бақсылық сарынында «тәңірі» сөзі басым болса, жарапазанда «алла», «құдай», «пайғамбар» дейтін сөздер үстем, — дейді. Сондықтан жарапазанды діни әдет-ғұрыпқа байланысты туған жыр деп қабылдайды.
Осылайша Ә. Қоңыратбаев өз тұжырымын нақты мысалдармен дәлелдейді.
Ал, М.Ғабдуллин: «бесік жыры, шілдехана сияқты балаларға арналған жырларды әдет-ғұрыпқа байланысты туған шығармалардың қатарында қарастырса, Ә.Қоңыратбаев «бөбек» жыры, — деп бөлек алып зерттейді. Оған шілдехананы, жаңылтпаш, өтірік өлең, бесік жырын жатқызады.
М.Ғабдуллин: «Қазақ халқының өткендегі тұрмыс-салтына байланысты туған шығармалардың енді бір түрі — адамның көңіл-күйін, қуанышы мен қайғысын, іштей тартқан мұң-шерін, ауыр қазаға душар болғандағы күйініш-күйіктерін білдіруге арналған лирикалық өлең-жырлар. Бұл өлең жырлар арқылы өткендегі адамдар ауыр қаза күйігін серпіп тастауды, оны жеңілдетуді көздеген», — дей келе, әдеп-ғұрыпқа байланысты туған шығармалардың өзін «көңіл-күйін білдіретін шығармалар»[5,б.69] деп бөлектеп, оған қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтауды жатқызады.
Сол сияқты Ә.Қоңыратбаев: «отбасының тағдырына, жас буынның өсіп жетілуіне байланысты туған жырларды „үйлену жырлары“ деп, олардың өзін жар-жар, сыңсыма, қоштасу, жұбату, беташар, тойбастар деп бөліп қарастырады. Мұндағы бір ерекшелік жаназалау жырларындағы қоштасу мен жұбату мұнда да бар. Бірақ оларға ғалым жаназалау жырларының қатарында арнайы тоқталып өтеді. Яғни, тарихи оқиғаларға, адам қазасына байланысты туып, ел аузында сақталған естірту, көңіл айту, қоштасу, жоқтау сияқты салт жырларын жаназалау жырлары дейміз» [6,б.169] деп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, өзіндік белгілері мен ерекшеліктерін саралап көрсетіп, халық арасында сақталған, кең тараған кейбір үлгілеріне талдау жасайды.
Мұнда жеке адам, қала берді бүтін бір халықтың көңіл күйлерінің сан алуан толқыны бар. Жерімен, елімен, жарық дүниемен қоштасу өлеңдері ел басына түскен ауыр күндерде туған. Оның өлген адамның тірі күнінде айтқан өсиеті түрінде кездесетін үлгілері-де болады. Халық өмірінің осындай сәттері-де поэзия тілінде өрнектеліп отырған. Мұң-шер өлеңдерінің бірнеше түрлері бар. Оларға қоштасу, естірту, жоқтау өлеңдері жатады. Тұрмыс-салт жырларының бұл арнасын біз мұң-шер өлеңдері деп те атаймыз.
Қазақ әдебиетінде мұң-шер өлеңдері деп аталып жүрген жырларды М.О.Әуезов «Әдебиет тарихы» (1927) деген еңбегінде сыршылдық салт өлеңдері қатарына жатқызып, оларды ретіне қарай 2 түрге бөледі: 1) Жалпақ елдің салтымен байланысқан шер өлеңдері (наурыз, жарапазан, бата беру өлеңдері, бақсы сарыны); 2) Қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдері (жар-жар, сыңсу, беташар, тойбастар).
Бұлай тұрмыс-салт жырларын екіге бөлу үлгісі М. Әуезовке дейін А.Байтұрсыновта кездеседі. Тек А.Байтұрсыновта тұрмыс-салт жыры орнына «сарындама» ұғымы қолданылады да, оны іштей «салт сөзі», «ғұрып сөзі», «қалып сөзі» болып өзгеше бөлген (Әдебиет танытқыш. 1926.) Мәселен, А.Байтұрсынов «салт сөзіне» мақал-мәтелмен қатар, әдебиет жанрына жататын мысал түрін-де жатқызған. Бұл арада фольклор мен әдебиет жанрларының ара-жігі ажыратылмағаны көрінеді.
Ал, С.Сейфуллин фольклордың ауызекі даму ерекшелігін дұрыс айқындаған. Жалпы С.Сейфуллин фольклорды: эпос, ертегі, тұрмыс-салт жырлары т.б. деп жүйелеген. Егер қазақтың тұрмыс-салт жырларын М.Әуезов сыршылдық салт өлеңдері деп қарастырса, С.Сейфуллин салт өлең-жырлар ұғымында алған. Мұндағы қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдеріне М.Әуезов (Әдебиет тарихы, 1927) жар-жар, қоштасу-танысу, беташар үлгілерін жатқызса, С.Сейфуллин зерттеуінде бұлардың қатары, сондай-ақ тойбастар, сыңсыма, жұбату-үгіт, айт келін түрлерімен толықтырады. Ал, дінмен байланысты өлеңдер деп М.Әуезов бақсы сарынын, жарапазанды атаса, С.Сейфуллин бұларды ескілікті дін салтынан туған дей отырып, олардың қатарына, сондай-ақ шақыру, арбау, байлау, күн жайлату, бұлт пен жауын шақыру, бәдік т.с.с. түрлерін жатқызған. Ал, мұндағы фольклордың шақыру, арбау, бәдік түрлері Х. Досмұхамедұлы еңбегінде (Қазақ халық әдебиеті, 1928) ғана кездеседі. С.Сейфуллин еңбегінде фольклордың алғаш рет күн жайлату, бұлт пен жауын шақыру түрлерінің ажыратылуы, сөз жоқ, фольклортану ғылымының жетістігі болып табылады. Сондай-ақ С.Сейфуллин ажыратқан Шопан атаға, Жылқышы атаға, Ойсыл қараға, Зеңгі бабаға, Сексек атаға арналған жануарлар турасындағы жыр үлгілері-де — алғаш зерттеушілер назарына ұсынылғаны, сөз жоқ, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болды.
Тұрмыс-салт жырларында көне эпостық шығармаларға негіз болған мұң-шер өлеңдері мен саят жырларынан бастап, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты, қуаныш пен сүйініш-күйінішті көрсететін лирикалық ән-өлеңдер-де, тарихи шағын жырлар да кездеседі. Соның ішінде наурыз жырлары, төрт түлік мал туралы өлеңдер ең көне түр болып саналады. Мұндай жырларда ежелгі адамдардың еңбек кәсібі түрлі тотемдік түсініктері, табиғаттың жұмбақ сырына үңіліп, оған табынудан туындаған ұғым-түсініктері сипатталады. Мысалы, «Жылқышы ата» (кейде Қамбар ата деп те айтылады), «Шопан ата», «Зеңгі баба», «Ойсыл қара», «Бозінген», т.б. Төрт түлік мал жайындағы жырлардан тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен байланысты болған шаруа адамының көп заман бойына төрт түліктің иелеріне: «Малымызға ауру, індет жіберме, одан сақтай гөр, малымызды өсімтал ет», — деп, жыр арқылы тіл қатады, әрқайсысына арнайы тілек айтады.
Әрине, төрт түлік жайындағы шығармалардың бәрі бірдей ескі наным, ескі ұғымдарды жырламайды. Олардың көпшілігі төрт түлік малдың адам баласына келтіретін пайдасын, атқаратын қызметін әңгіме етеді.
Түркі халықтарының тұрмыс-салт жырлары тақырып, мазмұн, түр, жанр жағынан ұқсас келеді. Мысалы, нәрестенің дүниеге келуі, үйлену, дүниеден қайту, жаңа жыл салтанаты, еңбек мерекесі, т.б. дәстүрлі салттар түркі халықтарында өлең-жырсыз өтпейді.
Қазақтың тұрмыс-салт жырлары да жеке немесе топтасқан түрде белгілі бір әуенмен орындалады. Ә.Қоңыратбаевтан басқа қазақ зерттеушілері-де тұрмыс-салт жырлары терминін түрліше қолданған: салт өлеңдері (Ә.Диваев, Б.Кенжебаев), сарындама (А.Байтұрсынов), сыншылдық салт өлеңдері (М.Әуезов), салт өлең-жырлары (С.Сейфуллин), тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар (М.Ғабдуллин), әдет-ғұрыппен байланысты өлеңдер (Б.Уахатов), т.б. Б.Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» (1974) еңбегінде тұрмыс-салт жырларының көне түркілік дәуірден бергі үлгілері мен жиналу, зерттелу жайы жан-жақты қамтылып, өлеңдер жанрлық тұрғыдан 4 түрге жіктелген. Алайда халықтың тұрмысы мен салты үнемі өсу, жаңару үстінде болғандықтан жырларды жіктеу-де өзгеріске ұшырап отырады.
Қорыта айтқанда, Ә.Қоңыратбаевтың тұрмыс-салт жырларына байланысты ғылыми тұжырымдары мен қазақ фольклористика ғылымының дамуына, зерттеуіне қосқан үлесі мол. Ә.Қоңыратбаев әрбір жырдың шығу тегіне, өзіндік ерекшеліктеріне жіті мән беріп қарап, толымды да тұшымды пікірлер айтты. Десек те, ғалым еңбектерінің зерттелмеген қырлары да жетерлік.

 

К.Т. Құдайбергенова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.
С.У. Төлегенов, Агроинженерия және көлікті пайдалану кафедрасының оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ғабдуллин М., Ысқақов Б. Халық ауыз әдебиеті. — Алматы: Мектеп,1974. -14б.
2. Бұл да сонда. -14 б.
3. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. -Алматы: Ана тілі, 1991.
4. Ғабдуллин М. Халық ауыз әдебиеті. -Алматы: Мектеп, 1984.
5. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. -Алматы: Мектеп, 1974.
6. Қоңыратбаев Ә. Шығармалары. -Алматы: МерСал 2004. -Т.1.

0 дауыс
Эпиграф керек?!
...