Лувр (Louvre) — Париж қаласындағы сәулет ескерткіші, өнер мұражайы. Алғаш француз патшаларының сарайы, кейіннен үздік өнер туындыларын сақтайтын мәдениет ордасы ретінде, ескі қамал орнына 13 — 14 ғасырларда тұрғызылған. 17 ғасырдың 2-жартысында Лувр патша сарайы болудан қалып, патшаның жеке көркемсурет коллекциясын сақтау ордасына айналды. 1791 ж. революция Конвент декреті негізінде Лувр өлттық көркемсурет мұражайы мәртебесін алып, 1793 ж. 8 қарашадан халыққа қызмет көрсете бастады. Мұражайдың негізін бұрынғы корольдік мұралар жинағы, сондай-ақ монастырлар мен шіркеулерден және бай әулеттерден жиналған, жалпы ұлттық мүддеге қызмет еткен коллекциялар құрады. Лувр экспонаттары Наполеон жаулап алған елдердің қымбат қазыналарымен, шетелден сатып алынған өнер туындыларымен, түрлі қайырымдылық шаралардан түскен бұйым, заттармен толықтырылды. 20 ғасырдың 90-жылдарындағы кескіндеме мен мүсіндеме каталогі бойынша Лувр қоры 30 мыңдай болған.
Мұражай 6 бөлімнен тұрады:
Шығыс мәдениеті;
Көне Мысыр жәдігерлері;
Грек — рим жәдігерлері;
Мүсіндеме;
Кескіндеме және сурет;
Қолданбалы безендіру өнері.
Луврда дүние жүзінде аса қомақты саналатын шығыс елдері жәдігерліктері жинақталған. Сондай-ақ француздың таңдаулы өнер қайраткерлерінің туындылары қойылған. Картиналар галереясы бай.
Луврда:
“Нике Самофракийская” (б.з.б. 4 — 2 ғ. соңы)
“Афродита Милосская” (б.з.б. 2 ғ.)
Б. Микеланджелоның “Құлдар бейнесі” мүсіндері
Леонардо да Винчидің “Жартастағы Мадонна”
“Джоконда” туындылары
С. Рафаэльдің “Б.Кастильоне портреті”
Джоржоненің (Джорджо Барбарелли да Кастельфранко) “Қыстақтағы сауық”
В.Тицианның “Биялай киген бозбала”
П. Веронездің “Канедегі некелесу”
Я. Ван Эйктің “Канцлер Роленнің Құдай-анасы”
П. Рубенстің “Елена Фаурмент балаларымен” портреті
Х. Рембрандттың “Вирсавия”, т.б. көптеген туындылары қойылған.
Лувр құрамына 1947 ж. Жә де Помның бастамасымен (галерея ретінде) ашылған Импрессионизм мұражайы мен Оранжерея (К. Моненің “Құмыралар” атты сериялы панносының тұрақты экспозициясы және көрме бөлмесі) кіреді.