+1 дауыс
35.5k көрілді
Бата беру білеміз бе? Жаза отырыңыздар? Керек болып қалар достарға?

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
Әрине ,*батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді* демекші бата біле жүрейік достар!!!!
![enter image description here][1]


Әумин! – бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға,
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын
Тәніміз бен жанымыз
Жақсы негіз қалансын
Жарасып ән сәніміз!

*Әумин!*

Беташарда беретін бата

Бақытты бол, бағың ашылсын,
Әр күнің шаттыққа толсын.
Босағаңа жамандық жетпесін
Төріңнен жақсылық кетпесін.
Ұлың он шақты болсын,
Қызың моншақты болсын.
Бастарыңа бақ қонсын
Жаратқан ием жақ болсын.
Ынтымақ серік болсын,
Шаңырақ берік болсын.
Дастарқаның кең болсын
Қызықшылық тең болсын.
Ауылың мерекелі болсын
Өмірің берекелі болсын.
Жолдасың ақ болсын
Молшылық тап болсын.
Сән-сәулетің ассын
Мал-дәулетің тассын!

Әумин!

Шілдеханада, тұсаукесерде берілетін бата

Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын,
Ата-анаға мейірлі болсын
Ағайын-туысқа пейілді болсын.
Өнеге-білімге зейінді болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын,
Ел қорғайтын батыр болсын
Шындықты айтар ақын болсын.
Халқым деген жүрегі болсын
Жұртының қамқор тірегі болсын.
Абыройы өрлесін
Ел алдында ерлесін
Жаманшылық көрмесін!

Әумин!

Ас қайыру батасы

Асың, асың, асыңа
Береке берсін басыңа
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай құрғалап
Бақыт қонғай басыңа
Осы отырған боз үйге
Қыдыр ата дарысын
Бәбішесі бұл үйдің
12 құрсақ көтеріп,
Ұл мен қызға жарысын.
Бақыты асып ұлдардың,
Үйдің тіксін ордасын
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын
Іргеден байлық кетпесін
Тәңірім айтқан несібең
Тепкілесе кетпесін!

Әумин!

Жас жұбайларға берілетін бата

Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Тасқа тары өңгенше
Таршылық көрмеңдер!
Мұзға бидай өңгенше
Мұңшылық көрмеңдер!
Жүздерің жайнап,
Келісті болыңдар!
Толған айдай
Өрісті болыңдар!
Қатарларыңнан озыңдар
Қоздаған шоқтай қозыңдар!
Ең алдымен
Берекешіл болыңдар!
Көпке бірдей
Елшіл болыңдар!
Көкорайдай желпілдеп,
Желкілдеп тұрыңдар!
Сексенге келіп
Селкілдеп тұрыңдар!

Әумин!

*Бата*

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң
Ақ тілекті төгейін
Дастарханың мол болсын
Абыройың зор болсын!
Көк жайлауды жайласаң
Тай-құлынды байласаң
Келін тұрсын керіліп,
Салтанаты көрініп.
Сабаң толсын қымызға
Шараң толсын уызға
Өрісіңе мал толсын
Ақ тілеуің жар болсын
Өрендерің ер болсын
Көре алмаған бағыңды
Сындыра алмай сағыңды
Бетін басып жер болсын!
Қара ниет жауларың
Ит пен құсқа жем болсын!
Балалардың сәні өссін
Толған айдай бағы артсын
Абыройы тағы өссін
Қорған болсын халқына
Ел сүйсінсін даңқына!
Сыздатпай жүрегіңді
Қалаған тілеуіңді
Қасыңдағы елден берсін.
Басып жүрген жерден берсін!
Ағайының қолдай берсін
Дос жараның қорғай берсін!
Көліңе балық қайраңдасын
Ел-жұртың жайраңдасын!

*Әумин!*

Сақтық бата

Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта.
Ашыққан бөріден сақта,
Қара жердің көрінен сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Құлқыны құрыдан сақта
Дауылдың кәрінен сақта
Жыланның зәрінен сақта
Аяқ-астынан кезігер –
Бәле-жаланың бәрінен сақта!

*Әумин!*

Бата

Уа, жаратқан ием,
Тілегімізді қабыл ет
Иманымызды кәміл ет
Ынтымақсыз алауыз,
Қырқыстан сақта
Әрі тарт, бері тарт
Жұлқыстан сақта.
Төріңді билер жатыңнан сақта
Көк долы қатыннан сақта
Руға бөлінген наданнан сақта
Жақсылығы өзінен арылмас адамнан сақта
Қара жүрек есерден сақта
Нанды аттаған кесірден сақта
Кеуде көрген көргенсіз келіннен сақта
Мезгілсіз келген өлімнен сақта
Татымсыз тұзыңнан сақта
Көргенсіз қызыңнан сақта
Бетіңе күлген сұмнан сақта
Бетімен кеткен жыннан сақта
Жалғасқан бәледен сақта
Бас кетер жаладан сақта
Қайырсыз малдан сақта
Қазымыр шалдан сақта
Адасқан елден сақта
Ез болған ерден сақта
Төтенше нәубеттен сақта
Міндетшіл жекжаттан сақта
Иә, жаратқан,
Өмір берсең, жайлы ғып бергің,
Дәулет берсең, сайлы ғып бергің.
Әйел берсең әдепті болсын
Алыс-жақынның көңілі толсын
Ұл берсең от болсын,
Қыз берсең шоқ болсын
Келін берсең келісті болсын
Келешегі өрісті болсын.
Құда берсең жолдасыңдай болсын
Құдағи берсең сырласыңдай болсын.
Ата-баба жолынан кім ассын
Құдалық мың жылға ұлассын
Екі жастың бақытын берсін,
Екі жас қызықшылығын көрсін!

*Әумин!*




[*Мына жерден алынған*][2]


  [1]:
  [2]: http://massaget.kz/22-nauryz/993
Досым керемет рахмет
+1 дауыс
1. Торғай облысының Аманкелдi ауданында тұратын Айнагүл мен Сақтапберген Кенжеахметовтердiң отбасында жас сәби туып, оған ырым қылып Сейiт деп жазушы атын қойыпты. Сол бала 1994 жылы алғаш мектепте барғанда ата-анасы Сейіт Кенжеахметұлын тойға шақырыпты. Сонда жас Сейiтке былай деп бата беріпті:


Айналайын, аттасым,

Талантың судай қаптасын,

Атағың Абайдай болсын,

Абыройың Абылайдай болсын,

Жүректi болсаң Қабанбай жебесiн,

iлектi болсаң Бөгенбай жебесiн.

Наурызбайдай батыр бол,

Бауыржандай батыл бол,

Жалғыз болсаң алланы есiңе ал,

Жарлы болсаң пайғамбарды есiңе ал,

Азамат бол, арлы бол,

Қатарыңның алды бол,

Бiлiмiңмен әлдi бол!

Халқың болсын тiрегiң,

Берiк болсын бiлегiң,

Қабыл болсын тiлегiң,

Жүз жыл соқсын жүрегiң.

Дос-жараның сүйiнсiн.

Дұшпаның iштей күйiнсiн,

Басыңа бақыт құйылсын!

Әумин!

Әумин!


2. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Бауыржан Момышұлы Бішкек қаласына әскери қызметке жіберіледі. Ол жолшыбай өзінің туған жері – Жуалы ауданында (Жамбыл облысы) 4-5 күн аялдайды. Батыр ағамыздың жанына облыстың, ауданның біраз басшы қызметкерлері еріп жүреді. Ауыл ақсақалдарымен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңнің әңгімесін тыңдайды.

Сапарының соңғы күні Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған қасіретті қарияның бірінің үйінен дәм-тұз татып шықпақшы болады. Қанша үйдің дәмін татса да, астан кейінгі бата беруді ауыл ағалары атқарады. Енді елден аттанар алдындағы дәм-тұздың батасын беруді жұрт Баукеңнен өтінеді. Баукең сәл ойланады да, тебірене түсіп, былайша термелеп кетеді:

Е, Жаратушы жасаған!

Тілегімізді қабыл ет,

Иманымызды қабыл ет,

Дозақтағы оттан сақта,

Қаңғырған оқтан сақта,

Парақор соттан сақта.

(Жұрт сотқа қарап күледі).

Кірлі сумен жуыстан сақта,

Ынтымақсыз туыстан сақта.

Қара жүрек батылдан сақта,

Дәйексіз тіл тақылдан сақта.

Адалдықты арбағаннан ақыннан сақта,

Ашу жеңген ақылдан сақта,

Қайырымсыз жақыннан сақта.

Қате ісіне қиналмас,

Көк долы қатыннан сақта.

Халықты зәбірлер бастықтан сақта.

Жақынға жала жабатын

Қанқұйлы қастықтан сақта.

Сырты сұлу, іші кір,

Қадір білмес пасықтан сақта.

Өз пікірі татымсыз,

Кісі ақылымен күн көрер,

Татымы жоқ жасықтан сақта.

Несібе кесер кесірден сақта,

Жолы лас жесірден сақта.

Кеудесін керген келіннен сақта,

Мезгілсіз келген өлімнен сақта.

Жалқау бала намыссыз,

Ожданы жоқ ұлдан сақта.

Түнере атқан таңнан сақта,

Жаңбыры жоқ шаңнан сақта.

Әкімінде шапағат жоқ,

Әділдікте шарапат жоқ,

Молдасында шариғат жоқ,

Байларында салауат жоқ,

Кедейінде қанағат жоқ,

Үлкенінде ұлағат жоқ,

Кішісінде инабат жоқ,

Азаматында ар-ұят жоқ,

Көршісінде қошемет жоқ,

Қариясында бата жоқ,

Сөздерінде пәтуа жоқ,

Құр айқай, шат-шәлекей даңнан сақта.

Е, Жартушы жасаған!

Өмір берсең – жайлығын бер,

Дәулеті мен байлығын бер.

Еңбегіміз өністі болсын,

Қамбамыз жемісті болсын.

Көсегеміз көркейіп,

Мыңғырған мал өріске толсын.

Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,

Ағаларды райлы ғып бер,

Апаларды мейірлі ғып бер,

Жезделерді зейінді ғып бер,

Құдағиды кең пейілді ғып бер,

Қарындасты көрікті ғып бер,

Інілерді бөрікті ғып бер.

Әйелді ақ некелі ғып бер,

Баланы қаны толық шекелі ғып бер.

Жиендерді жетелі ғып бер,

Күйеулерді көшелі ғып бер,

Екі айтпайтын еселі ғып бер,

Келіндерді келісті ғып бер.

Қыздарды бақытымен

Ұрпағы көп өрісті ғып бер.

Аттарды желісті ғып бер,

Ағаштарды жемісті ғып бер,

Төскейде төл көбейсін.

Жайқалтып дала егісті ғып бер,

Дәні толық өністі ғып бер.

Ұрпақтарды намысты ғып бер,

Тұлпарды табысты ғып бер.

Жомарт болсаң, Жасаған!

Айтқанымның барлығын,

Ағайынды ақаусыз

Өнегелі өмірмен тату-тәтті,

Табысты ғып бер!

3. Шерхан Мұртаза Жаңа жылға арналған қазақша Бата - Тілегі



- Уа, жаратқан құдірет! Жаңа жылда барлық ауыртпалық, қыстамшылық- қиындық өткен жылмен кетіп, жаңа жылда елімізге, әр от басына тыныштық, бейбітшілік бере гөр!

- Қайран Қазақстанымызды бәле-жаладан, зіл-заладан, қайғы-қасіреттен сақтай гөр!

- Иә, құдай! Еліміздің тәуелсіздігі, еркіндігі баянды болып, халқымыздың бірлігі, татулығы, бауырмалдығы арта түссін, «еңбек – еш, тұз – сор» болғаннан сақтасын.

- Еңбекке ынта-жігер таси берсін!

- Жаратқан құдірет! Ел басшыларына ағыл-тегіл ақыл, имандылық пен рахым бергей!

- Әкімдеріміз нысапты, адал да әділ болсын, оларға биік өріс, нарықты парасат бере гөр!

- Елімізге молшылық, тойымдық, береке берсін.

- Жалқаулар, еріншектер мен араққұмарлар арамыздан арылсын.

- Намысты, батыр да батыл азаматтар ортамызда көп болсын.

- Елімізде әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүріміз өркен жая берсін!

- Халқымыз ізгілік нұрына бөленіп, отбасыларымыздың әрдайым береке арылмасын!
+1 дауыс
Жас баланың күлкісін бер,

Жас ананың ұйқысын бер.

Жомарттың қолын бер,

Жорытқанның жолын бер.

Қыздың қылығын бер,

Судың тұнығын бер,

Асаудың арынын бер,

Түнгі оттың жарығын бер.

Асқар таудың паңдығын бер,

Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.

Даланың жазықтығын бер,

Гүлдің нәзіктігін бер.

Теңіздің тереңдігін бер,

Қыранның көрегендігін бер.

Ердің көңілін бер,

Бүркіттің жігерін бер.

Лашынның жүрегін бер,

Нағыз достың тілегін бер.

Мәңгі-бақи ажырамас,

Шын ғашықтың тілегін бер!

Әумин!
...