«Өтпелі кезең» – бұл 11 жастағы қыз бен 13 жастағы ұл баланың биологиялық бой жету кезеңі деуге болады. Ол белгілі бір жас арасында өтеді дегенмен, әр адамда әр түрлі байқалуы мүмкін. Сол сияқты қыздар мен ер балалар арасындағы «өтпелі кезеңде» де өзіндік айырмашылық бар. Мәселен, қыздарда жасөспірімдік дағдарыс жұмсақ жағдайда өтеді, ұлдарға қарағанда ерте басталады және тез аяқталады. Ал ұл балалар бұл кезде ашушаң, бұзықтау, тіл алмайтын, өзін-өзі ересек етіп көрсетуге талпынатын болып келеді.
Психологтар жасөспірімдік дағдарысты ата-ана мен бала арасындағы осы кезге дейін созылып келген табиғи байланыстың үзіліп, жаңа өмірге қадам басуы деп түсіндіреді.
Бала дүниеге келгеннен үлкендердің қамқорлығында болатыны белгілі. Ол тіпті жүрсе де, тамақ ішсе де ересектерге тәуелді болады. Кейіннен өз бетінше жүріп, мектепке барғанмен де нақты шешім қабылдайтын тұстарда бәрібір моральдық-психологиялық тұрғыда өзінен үлкендерге бағынышты болып қала береді. Ал әлгіндей биологиялық жетілу кезінде оның ағзасындағы өзгерістер өз алдына, бала өзіндік құпия сақтап, өз бетінше шешім шығаруға талпынады. Ол өмірге нағыз ересектерше қарай бастайды. Осы кезде ата-ана мен бала арасындағы көзге көрінбей созылып келе жатқан «резеңке» үзіледі. Мұның бәрі жасөспірім психологиясына әсер етеді де, дағдарыс басталады.
Мәлімет көзі: zamana.kz сайты