+4 дауыс
1.2k көрілді
Ақжан Машанов туралы кім қандай жақсы мәлімет біледі екен???

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Машанов Ақжан Жақсыбекұлы (1906-1997) – тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі және корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстанда геомеханиканың негізін салушы, жазушы. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде, Геология ғылымдары институтында, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ политехникалық институтында ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты. Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы ? кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған. Ол геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология тәрізді пәндердің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Сөйтіп, өз алдына дербес ғылым саласының ортақ өзегін іздеу барысында Эйлер теориясын жаңғыртатын жаңалық жасады. Ғалым тау-кен өндірісінде геомеханика заңдарын іс жүзінде қолдана отырып, бір-біріне қарама-қарсы екі мәселені шешуді мақсат етті: 1) тау жыныстарының кернеулі-деформация күйінің теориялық негізін анықтау; 2) тау-кен жұмыстары кезінде күрделі кен қазбаларының, жер бетінің орнықтылығын және жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жасау. Осы мәселелерді біріктіре шешу ? тау жыныстарының жер қойнауындағы жай-күйін, құрылымдық ерекшеліктерін және беріктілік қасиеттерін зерттеуге негізделген. Жер астындағы кеннің геологиялық құрылымын анықтау үшін алғаш рет жер қойнауының геометриясы әдісін қолдана отырып, Ақбастау ? Құсмұрын кен өрісін ашты. Қазақстанда геомеханика мектебін құруға және соғыс жылдарында Лениногор, Зырьян, Торғай, Жезқазған, Қаратау кен орындарын ашуға қатысты. Машанов геология, тау-кен ісі, маркшейдерия ғылымдарының мемлекеттік тілде дамуына ерекше көңіл бөліп, қазақ тілінде оқулықтар мен сөздіктер шығарды. Жаратылыстану ғылымдарындағы ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, гуманитарлық мазмұн-сипатта дамытуда көп іс атқарды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғылыми-көпшілік, фантастикалық жанрларына да үлес қосты. Оның «Жер астына саяхат» атты кітабы көптеген оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты. Машанов әл-Фараби еңбектерін түп нұсқасында оқу үшін 60 жасқа таяған шағында араб тілін меңгеріп, ғұлама ғалым еңбектерін тереңінен зерделеуге мүмкіндік алады. Иоганн Кеплердің «Аспан музыкасы» деген кітабындағы көп деректердің әл-Фарабидің «Астрологиялық трактаттарынан» алынғандығына көз жеткізеді. Осы жөніндегі өз ғылыми тұжырымдамасын «Орта Азияның мәдениет шамшырақтары» мақаласында түйіндеп, оны 1972 жылы Кувейтте жарық көретін «әл-Фараби» журналында жариялайды. Артынша Кувейттің белгілі ғалымдары «жұлдыздар туралы алғашқы ғылыми пікір білдірген Әбу Насыр әл-Фараби екенін қазақстандық Ақжан әл-Машани мырза толық дәлелдеді» деп жазды. Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар еңбегі ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеп, оның Отырар өлкесінің перзенті, қазақ екендігін дүниежүзі ғалымдарына мойындатқаны еді. Бұл жолда ол Батыс Еуропа, Азия елдерінің, Лиссабон, Лондон, Париж, Берлин, Қазан қалаларындағы кітапханалардан әл-Фараби еңбектерін жинады. 1968 жылы Дамаск қаласындағы зираттан әл-Фараби жерленген қабірді тауып, 1978 жылы Алматыда бабамыздың 1100 жылдығына арналған халықаралық конференцияны өткізудің көшбасшысы болды. Ол әл-Фараби мұрасын ислам дінімен және қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде фарабитанудың негізін салушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды. «Әл-Фараби» тарихи романында оның көркем бейнесін сомдаса, «әл-Фараби және Абай» еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, ислам ғылымын зерттеуде де көп тер төкті. 1984 жылы Кувейтте шығатын «әл-Ғараб» мерзімдік басылымында «әл-Машани» бүркеншік атымен өзінің зерттеулерін жариялады. Машанов 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық, және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырды. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Жаратылыстану институтына әл-Машани аты беріліп, әл-Машани мұраларын зерттейтін орталық пен Машани аудиториясы ұйымдастырылды.

Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том

...