Өмірге не себепті келдік?!
*Бала кезімізде айналамызда болып жатқан құбылыс атаулының барлығы қызық болып көрінетін. «Ай неге туады? Күн не үшін шығады? Кемпірқосақты неге қуып жете алмаймын? Жаңбыр не үшін жауады? Қардың не пайдасы бар?» деген сынды бітіп бермейтін сұрақтар мазалап, үнемі сол сұрақтардың жауабын іздеп жүретінбіз. Уақыт өте келе ақылымыз толып, мектеп қабырғасында көптеген табиғи құбылыстардың болу себептерін түсіндік. Түсінгендіктен де айға бала кездегідей тамсана қарап, жұлдыздардың бірін қолыммен ұстап көрсе ғой деген ойлар мазаламайтын болды…
Дегенмен мен қаншалықты мән бергім келмесе де мән беріп, таң қалмайын десем де таң қалатын бір жұмбақ бар бұл әлемде. Ол – адамдар. Олар жұлдыздар сияқты алыста емес, сол себепті күнделікті күйбең тірлікте адамдардың түр – түріне кез боласың. Бірақ соған қарамастан олар мен үшін шешімі жоқ жұмбақ әлем болып қала беретіндей. Олардың ойлары, іс – әрекеттері мені таңдандыра береді. Мысалы:
1. Өмірге бір-ақ рет келеміз, сол себепті бәрін көріп қалу керек, өкінбестей етіп өткізу керекпіз дейміз, бірақ сол өкінбестей етіп өткізуді ішімдік, темекі, есірткі сынды зиянды заттарды қолданумен шатастырып аламыз.
2.Адамдар мен туралы не ойласа соны ойласын, өзімнің қандай екенімді өзім білем ғой дейміз, бірақ солай дей тұра әлдекім өзіміз туралы жағымсыз пікір айтса «Жоооқ, мен ондай емеспін! Шын мәнінде...» деп қандай екенімізді дәлелдей жөнелеміз.
3.Шулы, көңілді ортада отырып та жан дүниең құлазып, өзімізді жападан жалғыз жандай сезінеміз.
4.Махаббат жоқ, сезім деген алдамшы дүние дейміз, бірақ сол «алдамшы» сезім үшін көз жасын көл қылған сәттеріміз аз болмайды өмірде.
5.Махаббат бар, болған, бола береді дейміз, бірақ сол сезімді бағалап, қадірлеп жатқанымыз шамалы.
6.Өзіміз қателік жіберген болсақ, шалыс бассақ айналамыздағы адамдардың бізге түсіністікпен, кешіріммен қарағанын қалаймыз, бірақ алдекімдердің қателіктеріне «Мен оның орнында болсам олай етпес едім. Сұмдық!» деп таң қала қараймыз.
7.Мінсіз адам болмайтынын білеміз, біле тұра ойдан жасап алған мінсіз адамды іштей іздеп жүреміз.
8.Басына қайғы орнаған әлдекімге өзіміз орындай алмайтын ақыл айтып, кеңес береміз.
9.Өмірімізде орын алатын сәтсіздіктерге кінәлі көбінесе өзіміз емес, досың, туысың, мемлекет, тағдыр, Құдай «кінәлі» боп шығады. (Бәлкім ақталудың бір жолы шығар, бірақ бұл өз өзін алдау ғана емес пе?)
10.Алдымызда күтіп тұрған сан асуларды көзге ілмей, өткен күннің елесімен, алдымызға емес, артымызға қарап жүріп кетеміз кей кездері.
11.Тірі кезде жақтырмаған адамды өлген кезде жақсы қасиеттерін айтып, мақтай жөнелеміз. Бұл жақсы қасиет пе, алде жасандылық па?
12.Әттең… өмірге қайта келсем ғой, бұл қателіктің орын алуына жол бермес едім дейміз, бірақ өмірге неше рет қайтып келсең де қателікті қайталайтынымызды сезбейміз. Себебі адамдар қателіктен сабақ алуды үйренбеген. (Өзгенің қателігі сабақ болмау — өкініш, ал өз қателігіңнің өзіңе сабақ бола алмауы қасірет шығар.)*