0 дауыс
7.0k көрілді

2 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
[link text][1]


  [1]: http://kk.wikipedia.org/wiki/Қожа_Ахмет_Ясауи_кесенесі
+2 дауыс
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады:

    Қазандық;
    Үлкен Ақсарай;
    Кіші Ақсарай;
    Құдықхана;
    Кітапхана;
    Асхана;
    Көрхана;
    Мешіт;

 Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің негізгі және қосалқы бөлмелері

Ол порталы оңтүстік-шығысқа, ал бүйір беттері тиісінше оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығысқа қарайтын етіп салынған. Келген адам орталық залға бас порталдың сәнді есігі арқылы кіреді. Қазандық Қазақстан мен Орта Азиядағы кірпіштен өрген күмбездердің ішіндегі ең үлкені, диаметрі 18,3 метрлік күмбезбен көмкерілген. Бұл бөлмеден өткен соң оюмен өрнектелген ағаш есік арқылы Қожа Ахмет Ясауи мүрдесі жатқан бөлмеге кіруге болады. Көрхананың қос қабат күмбезін кейде Мұхаммед Ханафия порталы деп те атайды. Қазандықтан өзге бөлмелерге қарай қос қатарлы сегіз дәліз тарайды. Бұл дәліздер ғимаратты сегіз дара блокқа бөледі. Әр блокта архитектурасы да, пайдаланатын мақсаты да әр қилы бөлмелер бар. Оңтүстік-батыс блокта мешіт орналасқан. Ал оңтүстік- шығыс блокта халимкана бар. Халимканада дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халим әзірленетін болған. Солтүстік-шығыс блокта құдықхана, ал солтүстік-батыс блокта Үлкен Ақсарай орналасқан. Оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жақтарының орта тұсында өзінің архитектуралық тұрқы жағынан біртектес, қабатты залдар — Кіші Ақсарай мен кітапхана бар. Кесенедегі сегіз дәліздің алтауы өтпелі де, екеуі — тұйық. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек зират болумен шектелмей, мешіт-медреселік қызметтерді де атқарған. Түрлі мақсаттағы бөлмелердің басын осылайша біріктіру өз заманының тамаша үлгісі болып табылады. Кітапхана мен Ақсарай бөлмелері көлденең аркалармен жабылған. Төбені осылайша жабу түрлі пошымдағы күмбездерге, тұрқы шаңырақ тәрізді иықтар мен жаппаларға негіз болып тұр. Бұл жаппаларда көтеруші аркалардың өзара қиылысу элементтері Орталық Азия архитектурасында сол кезге дейін кездеспеген елеулі жаңалық болып табылады. Негізгі бөлмелер — қазандықта, көрхана мен мешітте қос қабатты арқалар жоқ, олардың әрқайсысының қабырғаларынан төрт- төрттен ойықшалар жасалған. Күмбездердің ішкі беті алуан тұрпаттағы сталакиттермен көмкерілген. Бұлар арша ағашынан жасалған білезіктермен бекітілген. Кесененің сырт қабырғаларының көмкерілуі үш бөлікке жіктеледі.
Өрнектелген жазулар

Оның орта бөлігіне үлкен көлемдегі өрнектелген жазулар түсірілген, жоғары жағына — эпиграфтық фриз, төменгі жағына (ірге бөлігіне) биіктігі — 1,85 м тас кенере жүргізілген. Ӏрге бөлігі қашалған тас тақталармен дәнекерленген. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құраннан алынған сөздер жазылған. Эпиграфтық фриздің жазулары терракоталық фонда құйма кірпіштермен өрнектелген. Фриздің биіктігі — 2,37 м. Жазулар көгілдір қышпен өрнектеліп, қара көк түсті кірпіш¬термен көлеңке түсірілген. Ғимараттың солтүстік бетіндегі екі бұрыштың екеуінде циллиндр түріндегі діңгектер бар. Бұл діңгектерге де куфа қарпымен жазылған жазулар мен ою- өрнектер түсірілген. Жазулардың арасынан "Алла", "Мұхаммед", "О, жарылқаушы", "Билік Аллада", "Алла менің әміршім" деген секілді, т.б. сөздерді оқуға болады. Кесененің солтүстік-шығыс бетінде Ӏлияс хан ойығының үстіндегі фриз соңында "Шираздық Қожа Хасан" деген сөз және "һиджраның 800 жылы" деп жазылған. Көрхананың қатпарлы күмбезінің жоғары жақтауы мен алты бұрышты тақтайшада куфалық стильмен шираздық мозаикашы Шемс Әбд әл-Уақабтың есімі жазылған. Ол күмбездің қатпарлы қабырғаларына өрнектер жасаған шебер еді. Бас порталдың екі жағы биік мұнарамен жиектелген зәулім аркасы бар. Оның ені — 50 метрге, ішінің ұзындығы — 18,2 метрге, биіктігі — 37,5 метрге тең. Порталдың салынып бітпей қалған қос қанаты үстінен арка үш бұрыш тәрізденіп көрінеді. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасы ғана бар-ды, оның құрылысын 1583—98 ж. Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтады. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған.
Тайқазан (Қазандықта(Орталық зал) орналасқан)

Орталық зал — қазандық төбесі жалаң қабат күмбезбен көмкерілген төртбұрышты бөлме. Қазандық күмбезі сегіз қырлы, діңгек үстіндегі желкенге табан тірейді. Қазандық күмбезінің ішкі жағы — 18,2 метрге , сырты — 20,5 метрге тең. Қазандық көрхана және мешіт кабырғаларының теменгі жағы алты бұрышты көгілдір тақтайлардан тұратын биіктігі — 1,5 метрлік майолика тыстамамен қапталып, мозаикалық өрнектермен әшекейленген. Әрі мозаикалық бедермен көлеңкелендірілген. Ал еденге жанасар тұста бетіне өсімдік өрнегі салынып, тастан қашалған белдеушелер жүргізілген. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да халық өнерінің лағыл-маржандарының қатарына жатады. Бұларда да оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һиджраның 799 жылы 20 рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі — әулиенің көрханасы болып табылады. Бұл — қабырғаларының ұзындығы — 7,15 метрлік төртбұрышты бөлме. Қабырғаларында сталактиттермен әшекейленген тайыздау ойықтары бар. Көрхананың төбесі қос қабатты күмбезбен көмкерілген. Ішкі күмбезі — құрылыстық, сыртқы күмбезі — көркемдік міндет атқарады. Көрхана күмбезі бұрыш-бұрыштағы төрт білікке тіреліп, биік мойындықпен көтерілген. Сыртқы күмбезі қатпарлы. Бұл қатпарлар өсімдік өрнекті пішіндес мозаикамен қапталған. Солтүстік портал қабырғаларының көркемдігі көрген жанды таң қалдырады. Үш ширектік діңгекшелері алты қырлы тақталармен қапталған, көгілдір түсті бояулармен айшықталған. Көрхананың дәл ортасында Қожа Ахмет Ясауидің сағана-құлпытасы орнатылған. Ол жасыл түсті яшмадан жасалған, ернеуіне нәзік өрнектер салынған. Қазандық пен көрханадағы Сафар шебер өрнектеп жасалған ағаш есіктер көркемдігімен көз жауын алады. Көрхана есігінің ою-өрнектері сүйекпен ерекше нақышталған. Есік жұқа темірмен қақталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Есіктің үстіндегі тас тақтайға көрхана Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылғандығы жайында жазылған. Кесененің мешіті де аса бір тамаша архитектуралық құрылыс.
...