0 дауыс
212 көрілді

Қожа Ахмет Ясауи жайлы кім не айтты? 

1 жауап

+1 дауыс
Халық арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерге жүгінсек, Арыстан бап Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы деген тұжырым бар. Соның бір айғағындай, Арыстан баптың есімі Қожа Ахметтің «Хикмет» атты өлеңдер жинағында бірнеше рет аталады. Ал бұл туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер былай өрбиді: Мұхаммед [с.а.у.] дүниеден өтерде өзінің дінін ұстаушы, исламға адал берілген мүриттерін жинап: «Мен көз жұмғасын, бірнеше жүз жылдан кейін менің ілімімді жалғастырушы бір әулие дүниеге келеді. Соған менің аманатымды кім сақтап, еш қиянат жасамай, жеткізіп береді?»-деп сұраған екен. Сонда топ ішінде тұрған Арыстан бап: «Уа, аса қадірлі пайғамбарым, егер маған сенсеңіз, аманатыңызды мен жеткізіп берейін!» — депті басын ие тағзым етіп. Сол кезде Мұхаммед [с.а.у.] Арыстан бапқа бір түйір құрма жемісін беріпті. Осы құрманы Арыстан бап бес жүз жыл тілінің астына салып, бойтұмардай сақтаған екен. Бұл екі арада Арыстан бап әбден қартаяды. Бірақ аманатты сұрап ешкім келмейді. Содан Арыстан бап, бәлкім, кездесіп қалармын деген үмітпен ел аралап шығады. Талай-талай елдерді кезіп, жер-жаһанды шарлайды. Содан Отырар өлкесіне жеткенде, Арыстан баптың жанына бір бала жақындап келіп: «Ата, менің аманатымды бермейсіз бе?» — дейді. Сол жерде Арыстан бап: «Қарағым, іздегенім сен едің, міне аманатың», — деп, тілінің астындағы құрманы алып беріпті. Ал ол бала Қожа Ахмет екен. Пайғамбардың аманатын тапсырған Арыстан бап сол жерде қаза болып сонда жерленіпті.
А.Дүйсенбі

Қожа Ахмет өлерінде маған келетін адам ең алдымен Арыстан бабтың басына зиярат етсін деп өсиет қылыпты. «Арыстан бабқа әрине, Түркістандағы Әзірет Сұлтаннан тіле» деген сөз содан қалыпты.

Ш.Керімтегі, 235 б.

[Қожа Ахмет Ясауи] (…) тіпті «жалаң аяқ, жалаң бас, жыртық шапан киіп жүреді екен, көшеде жүрген көрінген бала-шаға қожа Ахметті жынды деп қуалап сабайды екен, ол сонда да «қолдарың ауырып қалды-ау»,— деп оларды қайта мүсіркейді екен.

О.Дастанов, 6б.

Ахмет Ясауидің атағы атырапқа жайылғанда,  шәкірттерінің саны жүз мыңға жеткен. Ахмет Ясауиді қызғанғандар да болған, олар жала жаба бастайды. Ахмет Ясауи әзіреттері оларға сабақ беру үшін, шәкірттерінен оң қолын әрдайым таза ұстаған Қажы атаны таңдап, мына құтыны Қорасанға апарып, бәріне көрсет дейді. Қажы ата айтылған жерге барғанда, барша халықпен бірге жала жабушылар да келеді. Құтыны Қожа Ахмет жібергенін айтып, ашып қалғанда, аппақ мақтаға оранған қып-қызыл шоқты көріп бүкіл халық таң қалды. Жала жапқандар қате әрекет еткендерін түсініп, кешірім сұрайды.

Көркем Сәрсен

Қожа Ахмет Ясауи жас күнін Сайрамда, әкесі Ибраимнің үйінде өткізді. Ол кезде Түркістан қаласы көтеріліп, Сырдария мен Арқа қазақтары саудамен сонда көп жиналатын. Қожа Ахмет оларға үлгі айту үшін Сайрамнан Түркістанға келеді. Ол кісінің Түркістанға келгенін ескі қазақ тайпалары (қыпшақ, қоңырат) аса жақсы көріп, Арал теңізінің бойындағы ұлыстар оған арнап құстай ұшатын жүйрік Ақ мая әкеліп тартады. Аңыз бойынша, Ясауи таң намазын Түркістанда оқып, Ақ маясымен ұшып барып кешкі намазды Мекеде оқитын болған.

 Әлкей Марғұлан, 52 б.
...