Біржан сал Қожағұлұлы қазақтың дара туған ерекше дарынды дана тұлғаларының бірі, табиғатынан өнер үшін айрықша жаратылған құбылыс, нағыз феномен. Ол заманында аса биік дауысына жан теңеспеген ұлы әнші, таңғажайып әндері ел жүрегінен мәңгі орын алған үздік композитор, өлең сөздің сұңғыла шебері, арқылы туған ақтангер ақын. Егер оның суырып салма айтыскерлігіне келсек, «Біржан мен Сараның» айтысы бұл дәстүрлі ұлттық өнеріміздің классикалық үлгісіне айналған теңдесі жоқ алтын мұра.
Бұлбұлдан – лебіз, аққудан – саңқыл, тотыдан – толғау, қыраннан – самғау алған Біржан салдың асқақ дауысы тыныс тылсымның кеңдігін, өлшем екпіннің дәлдігін арқау етіп, Бетховен айтқандай, «тыңдаған жанның жүрегінен жалын шығарды». Ырғақ пен сұңғыла сарын, әсем саз вокалдық музыканың барлық тарамдарын игерген, эмоциялық құлшыныс, өзінің аса биік даусына әуендік жарасым, әуездік қисын, сарындық таза құйылыс, соны ырғақ, сөз бен әнге жүйелі үйлесім, етене бауырлас сәйкестік тауып, профессионалдық шеберлік дәрежесіне еркін жетті. Әрі аса биік, әрі мүлтіксіз көркем етіп орындау үшін Біржан сал үздік һәм сиқырлы үндерге табиғи желіс тауып, ажарлы мәнер бере білді. Міне, шеберліктің терең тамыры, асыл арнасы осында жатыр. Оған қоса дүлдүл ақын өлеңді қолмен салған суреттей тірілтіп, күшті дауысын одан әрі күшейте түсті, ол жан-жақты дарындылықтың шырқау шыңына жетті.
«Қарқаралы басында жалғыз арша» – десе, Арқаның киелі де кербез жаратылған сол аймағын көрмесең де, тау басындағы жалғыз арша көз арбаған сұлу қыздай естен кетпейді. Сондықтан да «Жалғыз арша» махаббаттың жасыл желкеніндей желбіреп, көз алдыңда елестей береді. Міне, сөз бен әуенді бауластыру жолындағы Біржанның даналығының, бір қыры осында жатыр. Осынау әнді автордың өзінше беріліп жарқырата, жалындата, қарқындата, құйқылжытып, қыздыра орындағың келіп тұрады.
Қазақ музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері, атақты композитор дирижер, халық әртісі, өнер ғылымдарының докторы, академик Ахмет Жұбанов өзінің (Алматы. Қ.М.К.Ә. Баспасы. 1963) «Замана бұлбұлдары» атты, көп жылдар бойында жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретіндегі кітабында Біржан сал жайлы асыл пікір білдірді. Онда: «Біржан қазақтың халық музыка мәдениетінің алыбы. Оның өмірі, творчествосын терең зерттеу, үлкен, терең, жан жақты еңбегін жарыққа шығару біздің бүгінгі таңдағы ардақты борышымыздың бірі. Өмірін демократиялық өнер жолына сарп еткен, өктемдікпен, жүгенсіздікпен, кертартпалықпен әні, өлеңі арқылы күресін соңғы демі біткенге дейін жүргізіп келген өнер қайраткері, азамат Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады» – деген екен. «Біржан мен Сараның» айтысы Біржанның ақындығының биік шыңы болумен бірге бүкіл қазақ ақындығының биік шыңы» дей келе Есмағамбет Ысмайылов Біржанның халық поэзиясы мен жазба әдебиетін ұштастырғанын атапты. Бұл да құнды пікір. Біздің де «бүгінгі таңдағы» ардақты борышымыз ақын, әнші, композитордың шығармашылық алтын мұрасын ақындық, музыкалық, әлеуметтік эстетикалық, философиялық негізде жан жақты түрде түбегейлі зерттеп ел қолына жеткізу деп білемін. Осы орайда Біржан салдың өлеңдері мен айтыстарының жинағын шығаруды қолға алдым. Бұдан бұрын әйгілі «Гәккудің» авторы, Біржан салдың ең үздік шәкірті Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өлеңдер жинағын «Фолиант» баспасынан 2005 жылы баспадан шығаруға ат салысып едім, Ақан Серінің өлеңдерін де жинастырып жүрмін. Үкілі Ыбырайдың мен жинастырып, құрастырған жинағын көргенде марқұм Сәкен Жүнісов (Сәкен Сері) қатты қуанып: «Мен Ақан Серіні жинайын, сіз Біржан салды қолға алыңыз» – деп еді. Сол келісіммен Біржан атамыздың өлеңдері мен айтыстарын жинастыра бастап бұл күнде баспаға жолдадым.
Біржан салдың өмірі мен шығармашылық дарынын кең ашу жолында С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұманов, Е.Ысмайылов, А.Жұбанов көп еңбек сіңіріп, арттарында айқын із қалдырды.
А.Жұбанов музыканың үлкен жанашыры Есім Байболовтың 1923 жылы Біржан салдың үлкен ұлы Теміртаспен кездесіп ауызба ауыз алған мәліметтеріне сүйенеді. Онда: «Теміртастың айтуынша Біржан 1894 жылдың көктемінде жазға салым қайтыс болған» – деп мәлімдеген. Оған қосымша айтқанда: «Әкем алпыс үштен алпыс төртке қараған шағында өлді, онда сегіз, тоғыз жастағы бала едім» деген анықтамаларына сенбеске лаж жоқ. Біржан салдың шын мәніндегі жақыны, белгілі қайраткер Есім ағаның айтқанына сүйенген Ахмет Жұбанов ағамызда қате жоқ шығар, деп кәміл сенемін. Бұл орайда Біржан атамыздың өз сөзіне сүйенсек «Дүние» атты өлеңінде:
«Саясы көп болады ну қайыңның,
Жігітке керегі не уайымның.
Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ,
Білмеймін не қыларын құдайымның» – дегені тарихи шындық. Біржан соққыға да ұшырады, күйзеліс азап та тартты сондай күндерінде басының ауырғандығын да өзі де мойындап отыр. Біржанның басына зақым келтірген Азнабайдың поштабайының таяғы емес, «араздығы бар көршілес руларға барып сауық-сайран құрдың» деп, өз ағалары Нұржан мен Ержан және ағайындары қатты соққыға салса керек. Олар Біржанды жынданды деп байлап қояды. Бұл трагедияның зардабы үш жылға созылады. Оны да Біржанның өз сөзімен айтсақ:
«Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,
Солардан үлгі алған мен Біржан сері.
Алпыс үш мүшеліме толғанымда,
Дүние кері айналып кетті кері» десе, қорлыққа салған науқастың да, арқанның да байлауда жатқан боздаққа қатты батып, ақырғы дем бітер мезеттің жақындағанын сеземіз. Баласы Теміртастың әкем 63 жасында қайтыс болды дегені, ол 1894 жыл екені күмән тудырмас керек. Алпыс жасында жабысқан бас ауруы үш жылдан кейін кең дүниемен қоштастырды:
«Алдымда шам шырағым Теміртасым,
Тілегім сенің ұзақ болсын жасың.
Бауырым, балапаным қош болыңдар,
Байқаймын ажал, шіркін, құтқармасын» – дегені сол қимас сезімге бөленген туған жер, бала шаға жеткіншектерінің болашағын ойлап, айтқан аталық соңғы сөзіне ұқсайды.
Біржан салдың туған жылы 1831, қайтыс болған жылы 1894 дегенге тоқталғанды жөн көрдім. Ол шешімге ұзақ зерттеудің нәтижесінде Ахмет Жұбанов, кеше ғана өмірден өткен белгілі музыка зерттеушісі досым, құрдасым Зейнұр Қоспақов та тоқталды.
Зейнұр Үкілі Ыбырайдың еңбектерінің кей жерлерін анықтай түсуге де жәрдемдесіп еді. Бұл мәселені қорыта айтарым Біржан салдың 1831 жылы туғанына көзім жетті. Сондықтан «қазақ энциклопедиясына», оның басшыларына айтарым: келешекте ескі сарынмен бұрыс кеткен жерлерін түзету амалын жасап, үлкендердің өмірлеріне мұқият қарауды тілеймін. Өйткені энциклопедияның ұжымының өзі танымал ғылым ошағы емес пе, ендеше ғылыми тұрғыдан қарау жағын өрістету парыз. Біржан атамыз 175 жастан өтіп кетті үнсіз қалдық, ұяттау болды.
Ақындық пен композиторлықтың дүлдүлі арқалы азамат, белгілі батыр, әрі асқан жырау Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия Бахрамұлы Шақшақов) 190 жасқа, Еуропаны дүр сілкіндірген асқақ әншіміз Әміре Қашаубаев 120 жасқа толады деген ескертпелер газеттерде жүр. «Ұлтым, ұлтым» деп жамырауға шеберміз, ұлтымыздың осындай өнер жұлдыздарын атауға келгенде шорқақпыз. Сегіз сері дүлдүл жайлы жүрдім-бардым айта салуым келіспес, кезінде дұрыстап кірісермін деп ойлаймын, тек Алла саулық пен сәтін берсін, ол тегін адам емес, артына өшпес жарқылын тастап кеткен жарқын жұлдыз, ұлы перзент қой. Біржан сал Сегізді ұстазым десе, ол елдің ерен дүлдүлі.
Көкшетау өңірі, Сырымбеттің етегінде, Есілдің жағалауын жас кезімде еркін жайлап өскендіктен анам жағынан Үкілі Ыбырайға, ата жағынан Ақан Серіге және олардың аға деп сыйлаған ұстаздары Біржан салға деген сүйіспендік ана сүтімен дарыды десем артық болмас. Үш алыпты бір елдің, бір атаның ұлдарындай көріп Көкшетау Есіл өңірінде сал, серілер үмбетін құрып мектебін ашқандай көріп, өлеңдерін ертеден айтып жүрдім.
Ол кезде керей, уақ, атығай, қарауыл деп бөлінбейтінбіз. Өз басыма Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ бәрі де туған аталарымдай көрінетін. Оған қоса халық ақыны, әкемнің жақын ағасы Молдахмет Тырбиұлы және Үкілі Ыбырайдың немересі, өзімнің туған бөлем әнші ақын Мұса Асайыновтар бұл төрт дүлдүлдің арасына рулық жік салмайтын. Үш жүзге бөлінгендерді жек көріп, «Атамның берген ақылы» деген өлең жазып, бөлімпаздардың кесірін де татқанмын. Қазір ғой, тәуелсіздіктің бір жетістігіндей шежірешіл болып алдық, үш, жүз бе, үйді-үйге бөлініп теріс қарайтыңдар да табылып жатыр. Айтайын дегенім де: Біржан сал атамыз да керейдің ұлы екен, Үкілі Ыбырай бабамыздың «Атыңнан айналайын керейім-ай, құдайдың арнап берген мерейін-ай» деп сыйлаған өлеңі де еске түсті.
Біржан салдың қанына сіңген даналықтың бір мәйегі ел бірлігін сақтау. Ол Ақсары болысының беделді биі болған мың жарым жылқылы атасы Қожағұл Бертісұлын қанша арқау етсе, «Ақсары, Тоқсары мен екі Керей» деп қана өзі шыққан керей елін ғана емес, қатарлас өскен атығай, қарауылды бауыр тартып бәрінің бастарын қосуға тырысқан. Ол, ол ма ойшыл ақын: «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын» деп шалқып, кейде «қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын» деп бүкіл елге қызмет еткенін алға тартады. Осы ойды Сәкен Сейфуллин:
Қазақта кім білмейді Біржан салды,
Ағызған қызыл тілден шекер болды.
Сан ақын жарысқанда талай тойда,
Үздік боп бәйгіні ақын Біржан алды» – деп үлкен сүйіспеншілікпен жырға қосыпты. Біржан сал ел төңірегінде қалып қоймас ұлы өнерін шет елдерге жеткізуді армандайды. Сонда:
«Қырымға қарайтұғын ақиықпын,
Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.
Тұлпармын Көрғұлының ғиратындай,
Алдына жүгірсе мал салмайтұғын» – деп асқақ арманын қосып тасқындата жырлайды. Азаматтық үлкен мінез білдіріп, ел бірлігімен бүкіл елдің ұлағатты ұлдарын паш етеді: «Қарқабат, Қарақожа ата бабам» деп керейін де ұмытқандай болады. Ол өз ата-бабасын еш қашан ұмытқан жоқ, ол екі дай дауда елде бар асылдарды сүйеу етеді. Қалай десек те, көз көрген үлкендер Біржан салды Сегіз серіден кейінгі қазақтың сал, серілерінің шоқтығы биік ағасы, әншіліктің атасы санайтын. Міне сол ұғымды өмір бойы көкейіме сақтап, бұлтартпай ұлағаттап келемін.
Біржанның ата-тегін кеңінен зерттеген ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов, Ахмет Жұбанов болса, сол ағаларымыздың еңбектерінен нәр алып, кейінгілердің деректеріне сүйенеміз. Теміртастың сөзін арқау етіп Ахмет ағамыздың жазғанын негізге алуды жөн көрдім. Ақын атамыздың арғы атасы Бертіс ертеректе Обаған өзенінің бойын мекендепті. Жалпы ата-бабалары Қызылжарға (Петропавл) қарасты Аққосақ болысындағы етек-жеңін кең жайған, қарағайлы қалың ормандай керейлерден тарайды. Керейдің ішінде Ақсары, одан тараған Нұралы, Көшекке жататын ауылдар қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданының жерін мекендейді. Біржанның арғы аталары бұл жерлерден көшіп кетіп, Көкшетау дуанындағы тұратын аталас Ақсары керейлерді сағалап, Бурабайға ұштасып жатқан қарағай, қайыңы аралас, атығай, қарауылмен паналас айдын шалқар Жөкей көлінің жағасын мекендейді. Ақсары бабаларынан Нұралы, Нұралыдан Батыр, Батырдан Кенже, Кенжеден Бертіс туады. Бертістен: Ақшуақ, Айшуақ, Жаншуақ, Қожағұл, Қожамқұл атты бес ұл туған. Айшуақтан Ержан, Нұржан, Қожағұлдан: Тұрлыбай, Нұралы, Ералы, Тұрлыбайдан Біржан туған екен дейді. Нұржанды Біржанның туған ағасы атайтындар да жоқ емес. Көкшетау дуанындағы Ақсары болысының биі Қожағұл Бертіс тегінің болғаны тарихта сақталған шындық. Біржан атасы Қожағұлдың қолында өсіп, жасында өмірдің тарыншылығын көрген жоқ. «Жақпадым өзім әкем Тұрлыбайға» – десе, бұл атасы мен әжесінің баурында өскен бұла тентек жас Біржанның еркелігі емес пе. Тұрлыбай ерте өліп, Біржан Қожағұл атасының баласы болып кетіпті. Оны өз сөзімен:
«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын.
Байлыққа мансапқа да құмар емен,
Өзім сал, өзім сылқым неге зармын» – десе шындық осы. Біржан сал бабамыз дүниеден озғанда Бурайбайдағы Көкше елінің қайғысын бөлісуге Сырымбеттен Ақан сері, Үкілі Ыбырай бастаған Атығай, қарауыл, Есіл жақтан Сегіз серінің баласы Мұстафа бастаған Гүлтөбе Маманайды ен жайлаған керейлер қатынасыпты деп, Молдақмет Тырбиев атамыз айтып отыратын. Бұл жағдайлар Біржан салды Есіл-Көкше аймағына ортақ тұлға екенін дәлелдейді. Бүкіл қазақтың сүйікті ұлы Біржан сал жайлы бұл да бір үзік сыр.
Қазақ даласына атақ-даңқтары кең жайылған Сегіз сері, Орынбай, Шөже, Нұркей, Тоғжан, Нияз сері, Арыстан ақындар Біржан салдың ес білгелі ардақтап өткен ұстаздары.
«Сегіздей асыл адам жаралмайды,
Халқына болып өткен шын жағыдайлы.
Керейден жүз мың әйел ұл тапса да,
Ешбірі Сегіз Сері бола алмайды» – десе өзі де керейден шыққан дүлдүл ғой, бірақ Сегіз серіні өзінен әлде қайда жоғары ұстайды. Сол замандағы көне көзді қариялар Біржанның әншілігіне жан теңестірмепті. Бірде, Шоқанның әкесі Шыңғыс төренің үйінде айтыскер ақындардың аға сұлтаны атанған Орынбайдың тапқырлығына, Біржанның әншілігіне отырған хан-төренің тұқымдары мен қарадан шыққан шонжарлар таңданыпты. Орынбаймен таласар Арыстан, Шөже, Тоғжан, Жанақ бар ғой, ал Біржанмен әншілік жағынан терезесі тең түсер жан жоқ деп келісімге келіпті. Сонда Біржанның өзі: «Түбінде бәрімізден озатын жас пері Ыбырай болады. Құлагер Көкшенің төрт аяқтыларынан шыққан пері болса, әншіліктің жас перісі осы болады. Бір қызығы Ақан серінің Құлагер өз аты болса, Ыбырай өз інісі ғой, құттықтаймын» – депті. Тоқсан алтыдан асқан кезінде мәжілістес болған Омар қариядан және Үкілі Ыбырайдың өз аузынан осы әңгімені естіген Молдақмет Тырбиұлы, Молдақмет Ержанұлы сияқты қариялар бұл әңгімені елге аңыз етіп жайды. Есмағамбет Ысмайылов та, Ахмет Жұбанов та осылайша жазып кетті. Айтайын дегенім Біржан алдындағы Сегіз серіні қаншалықты құрметтесе, артындағы шәкірттерін ұмытпаған екен, тиісті әділ бағасын беріп отырыпты. Есмағамбет ағамыз: «Жаяу Мұса, Басқараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан Сері, Балуан Шолақ, Әзделбай, Үкілі Ыбырай, Бейбіт, Ғазиз, Иман – Жүсіп, Кемпірбай, Сабырбай, Шашубай, Ағашаяқ Біржанның мектебінен өрістеп өнер қанатын жаяды» – деп үлкен ортаны әдемі әңгіме етіпті. Біржанның «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар», «Телқоңыр», «Көлбай-Жанбай», «Айтбай» сияқты өлеңдері нәзік лиризмге, мөлдір сезімге бай махаббат назы тақырыбына жатады. Осы сарындағы әндерінің әр қайсысы кейінгі ақындарға, композиторларға ұстаздық сабақ болды. «Құда келді» деген өлеңіме бірнеше ән шықты сондағы: «Біздің елдің әні бар «Жамбас сипар», бір сипамай қоймайтын мен де қиқар» – дегенім елге ұнаса ол – Біржан атамыздың әсері.
Біржанның қақпақылдары ақындығының айшықты бір қыры, ұшқырлығы, тапқырлығы, өте сергектігін танытады. Бір жылы Баянаулдың аға сұлтаны әйгілі Шорманның Мұсасы қарадан шыққан хан атанып жүрген кезінде Сағынай, Мәтін-Дәулен, Нұрбек тағы басқа дөкейлер Омбыда мәжілістес болып отырғанда Біржан кіріп келіпті. Отырғандар Мұсаға атақты ақын Біржан – деп таныстырыпты. Сонда Мұса менсініңкіремей: «Бұл да ән сала ма екен» – деп қалыпты. Біржан домбырасын қағып-қағып жіберіп, безілдете жөнелтіп:
«Мұсеке, біздің әнге кенелерсің,
Дауысымды есіткенде бұлбұл дерсің.
Көтеріп көкке қарай мен шырқасам,
Бұл үйдің сындырармын терезесін» – дейді. Мұса мырза ләм-им демей үнсіз қалыпты. Біржанның асқақ әншілігі, ұшқыр және дәлме-дәл тура тиетін жебедей сөзі тап осылай талайдың аузын жаптырған ғой. Бұл шумақ іспеттес қағытпалар Біржанда жеткілікті
Біржанның дүлдүлдігін әншілігі өзгеден, үздік көтеріп тұрса, оның әділет үшін күресін, зорлық пен зомбылыққа жаны қас қайсар мінезін, елді елжіреткен де елеуреткен әнімен, өлеңімен айғақтаған туындыларының көш басында «Жанбота» тұр. Жанбота Ақсары елінің болысы екен, Омбыдағы губернатор Көкшетауға келеді деген дайындық жиынға ертіп барып, дауға қалдырып, өзіндей көрші елдің болысы Азнабайдың поштабайынан таяқ жегізеді. Ыза-кегін сол поштабайдан алмақ өлеңі, Құрманғазының бір күйі «Перовский маршы» атанып кеткені сияқты, «Жанбота» атанып кетіпті.
Біржанның сол заманның аяқтан шалғыш кесірлері мен кесапаттарына арналған бұл атақты өлеңі ақынды ақиық алғыр қыран іспеттес, жалтармас жолбарыстай алғыр көрсетеді. Әннің Жанботаға арналып кетуінде де көп себеп бар көрінеді. Өз жерінің болысы Жанбота Азнабайдың поштабайына жазасын тартқызып, кешірім сұрату керек еді. Гәп Біржанды көрші болысы Азнабай поштабайын жіберіп, «алып кел, келмесе ар жағын өзің білесің» дегені бар көрінеді. Поштабай өз болсының орындаушысы, сондықтан, бар бәле Азнабайда және онымен Біржан үшін көңіл жығыспайын деп зәбірленген Біржан үшін тіл қатпай қалған Жанботада. Сондықтан өлеңнің:
«Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолынан домбырамды алды тартып.
Тартса да домбыраны бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, о, дариға, өлгенім жоқ», – десе, қай елге, қай жиынға барса да жас жігіттер мен қыз-келіншектер алдынан шығып, кілемге түсіріп көтеріп әкететін атақты Біржан салды көптің алдында көргенсіздік жасайтын поштабайдың сотқарлығына душар боламын-ау деп ойламады. Бірақ, ақынның қаруы таяқ емес, асқақ әні мен өткір өлеңі болса, ол сәлден соң Жанбота отырған үйге кіріп келеді де домбыраны сағақтата безілдетіп, арыстандай айбатты, жолбарыстай ызалы даусымен, ащы әнді биіктете түсіп, ыза-кектің қысымында ақиқатты ашып салып, шерін шығарады. Ол халықтың алдында өнер берген өз құралымен есер болыстар мен «ұр да жоқ» қолшоқпар, керенау поштабайға лағнетін айтты. Жиналған жұртшылық көз алдында ар-намыстан ада жүгенсіздікке, содыр әкімшілікке қарсы атылған оқтай айбарлы да қыран мінез қырғын әнге дән разы болды.