Будда діні — б.з.б. 6 ғасырда Будда негізін қалаған философиялық және діни наным. Үндістанның бүгінгі Бихар штатында пайда болған. Будда діні кезінде Оңтүстік Үндістан жеріндегі Шри Ланкадан бастап солтүстікте Сібірге, батыста Еділ өз. бойына дейін тараған. Будда діні басқа ілім-танымдарды бойына оңай сіңірді және оның негізгі қағидасы жан иесіне жамандық жасамау болғандықтан, жер жүзіне соғыссыз тарады. Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша Будда дінін 1 млрд-қа жуық адам ұстанады. Будда діні фәни өмірдің азаптары — ауру, кәрілік, өлімнен құтылу жолын іздейді. Ол өмірдің қасіреті — нәпсінің тілегіне байланысты деді. Адамның денесі уақытша өмір сүреді. Ал нәпсі қанағатсыз тілегімен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәпсінің тілегінен құтылу керек. Ол үшін төрт хақиқатты білу қажет: 1) өмір — азап; 2) азап нәпсіден туады; 3) нәпсіні ауыздықтаса — азаптан құтылады; 4) нәпсіден құтылудың төрт сатысы бар: а) жүректің оянуы; ә) ниет, ақыл, ойды түзету; б) мінез-құлықты түзету; в) адамға ғана емес, бүкіл жан иелеріне деген рақымшылыққа, махаббатқа жету (аїимса — адамға, тіршілік иесіне жамандық жасамау, соның бір көрінісі). Аїимсаны жүзеге асыру үшін Будда Веданы жоққа шығарды. Себебі Веда уағызы бойынша құрбандық шалу дәстүрінен мал көп сойылушы еді. Веда ілімі бойынша жан иесі үш болмыстан тұрады: жан, әркімнің өзіндік қасиетін құрайтын нәзік болмыс және тән. Ал Будда осының соңғы екеуін ғана мойындап, жанды және оның мәңгілік екендігін жоққа шығарды. “Егер адам өлгеннен кейін нәзік болмысы әлемдік болмыспен араласатындай болып жетілсе, ол бұл өмірде қайта тумай, туу — өлу айналымынан (самскара) құтылады, яғни, фәни өмірдің азабынан құтылады” деді. Мұны “шуньявади” (бос кеңістік, яғни, өлгеннен кейін ештеңе жоқ) философиясы деп атайды. Будда діні өзінің даму барысында үш кезеңнен өтті: хинаяна, әркімді туу — өлу айналымынан құтылуды үйрететін алғашқы даналық мектебі (б.з.б. 5 ғ. — б.з. басы); екінші, бодхисаттва — құтқарушы көмегімен құтылу; үшінші, махаяна (б.з. 5 ғ-ына дейін) кезі. Махаяна негізінде будда (көкірек көзі ашылған) болуға мүмкіндік беретін жаңа тиімді әдістер уағыздалды (5 ғ-дан кейін). Ол ваджраяна деп те аталды.