Әз - таза деген сөз.
Жыл басы. Наурыз - Жаңа жылдың басы. Бұл күн, яғни наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні - аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Сондықтан халық санасында ол - Әз Наурыз деп аталады. Бұл күн - сонымен қатар жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Осы күннен бастап Жаңа жыл басталады. Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тие бастайды.
Көне мереке. Наурыз мерекесінің халық арасында аталып келе жатқанына, кейбір деректер бойынша 5 мың жылдай болған. Яғни, қазіргі дәстүрлі діндерден бұрын пайда болған.
Наурыз - діни мереке емес. Кейбір елдерде Наурызға тыйым салынған. Мысалы Сирия мен Иракта. Сонымен қатар Түркияда 1991 жылға дейін Наурызға тыйым салынып келді.
Наурыз - Ұлыстың ұлы күні. Егер шығыс елдерінде бұған дейін соғыстар, қарулы қақтығыстар болып келсе, бұл күні олар тоқтайтын болған. Сонымен қатар, адамдар бұрынғы өкпе-наздарын ұмытып, бұл күні бір-бірімен татуласады. Бар жақсысын киініп, бір-біріне қонаққа барады. Бұл күндері әр түрлі ұлттық ойындар, жарыстар өткізіледі. Мысалы: бәйге, жамбы ату, палуандар күресі. Сондай-ақ алтыбақан құрылып, әндер шырқалады. Ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қазақстанда Наурыз мерекесі жыл сайын кең ауқымда атап өтіліп келеді.
Наурыздың Халықаралық мәртебесі. 2010 жылы 19 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында «Әлем мәдениеті» атты күн тәртібінің 49 тармағы аясында «Халықаралық Наурыз күні» деп аталатын қарар қабылданды.
Наурыз сөзінің мағынасы. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Наурыз, (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн). Орталық Азия халықтары арасында Жаңа жылдың басы болып саналады.