Анна Павлованың туғанына 131 жыл
Анна Павловна Павлова (1881—1931) — орыстың балет артисі. 1899 жылы Петербург театр училищесін П.А.Гердтің класы бойынша бітіргеннен кейін, Мариин театрына қабылданды. 1906 жылы балерина атағына ие болды. 1914 жылдан бастап шетелде тұрды. Таңдаулы партиялары: Аданның "Жизель" балетіндегі Жизелъ, Дельдевездің "Пахитасындағы" Пахита, Минкустың "Баядеркасындағы" Никия мен "Дон Кихотындағы" Китри, тағы басқа. Шығармашылығы арқылы балет өнерінде жүргізген М.М.Фокиннің реформасына игі әсер етті. Ол қойған балет премьераларында Павлова негізгі партияларды биледі. Биінің музыкалық және психологиялық тұрғыдан мазмұнды, эмоциялық бояуға толы әрі алуан жанрлы болып келуі, оның өнеріне тән қасиет. Анна Павлова өз кезеңінің ұлы актрисасы атанды. Ол ырғақты өзгертіп немесе кішкене ғана пластиканың суретін ауыстырып, бидің мылқау тілімен сөйлей алды. Анна Павлова классиканың қатаң шеңберінен шықпай жалпылама-шартты балет бейнелеріне психологиялық және қазіргі заманның терең ойларын енгізді. 1910 жылы өз труппасын ұйымдастырып, гастрольдік сапармен Еуропа, Америка және Азия елдерінде өнер көрсетті.[1]