+5 дауыс
4.8k көрілді
"Аға өлсе іні мұра"- деген қазақта сөз бар, осыған қалай қарайсыздар?

4 жауап

+4 дауыс
 
Жақсы жауап
Әмеңгерлік — дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі; күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан “аға өлсе, жеңге — мұра, іні өлсе, келін — мұра”, “әйел ерден кетсе де, елден кетпейді” деген қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. Әмеңгерлік институтының тек әлеум-құқықтық қана емес, сондай-ақ тәрбиелік-гуманистік мәні де зор болған. Біріншіден, көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз өзі күнелтуі, күйеуінен қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын. Бөгде, тегі бөлек біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытуы мүмкін. Екіншіден, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы мүмкін. Үшіншіден, бөгде біреуге күйеуге шығатын болса, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуы ықтимал. Мұның ауыр қиянат боларын қазақтар жақсы түсінген. Сондықтан, аталған факторларды ескере отырып, қазақ ғұламалары “Жеті Жарғы” нормаларында ері қайтыс болған жесірдің “елден кетпеуін”, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің “әмеңгері” деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яки, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаныашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.
+6 дауыс
Ол салт негізі қазақта бұрындары болған ғой, қазірде кездесіп жатады. Кеңес үкіметі кезінде қатты сынға ұшыраған. Ол негізінен бауырларын (ағасының балаларын) жатқа жібермейін, жетім қалдырмайын немесе ешкімге телміртпейін деген ниеттен туған болуы керек. Бәрі де келісіммен болса онда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Әрине бұл пікірге де қарсы дау айтуға болады ғой.
Р.S. Бірақ өмірде не болмайды.................
+4 дауыс
Әмеңгерліктің бір жақсы жағы халық арасында жетім, жесір азаяды.Біз қазақ халқы жетім, жесірді жылатпаған халықпызғой.Мынадай заманда әмеңгерлік қалып барады.Оның дәлелі саны жоқ, көзі жасқа толған жетімдер.Мен өз басым білмеймін..........Бірақ басқа түссе баспақшыл демей ме? расымен білмеймін.....
+4 дауыс
Әрине, білеміз. Әмеңгерлік деген - қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі.
Бұрыңғы заманда, "әмеңгерлік" жиі кездескен. Егер қыздың күйеуі қайтыс болған жағдайда, күйеуінің інісіне тұрмысқа шыққан. Бүгінгі таңда бұндай оқиғалар кездесіп жатады. Дегенмен, қазір бұл әдет-құрып біртіндеп ұмытылып бара жатыр десе де болады. Өз басым бұл дәстүрдің ережелерімен келісе алмаймын. Себебі, күйеуіңнің інісі - сенің де інің емес пе?! Күйеуіңнің туысқандары - саған жат емес. Өзіңнің бауыр басқан адамыңа, ініңдей көрген жанға қалай тұрмысқа шығуға болады екен?! Мен осыны түсінбеймін)
...