"Беттегі әжімдердің кейбірі ағзадағы сырқаттан хабар береді" деп те оқығанмын. Жасы ұлғайғанда әжімнің түсуі заңды. Ал мезгілсіз пайда болуы кейбір қыздардың ерте жастан косметикаға үйір болуынан шығар деп ойлаймын. Сондай-ақ терісі ақсары адамдарда қара торы адамдарға қарағанда әжім тез пайда болады. Және құрғақ бетке әжім тез түседі. Сондықтан құрғақ бетті суықтан, желден, күнге қатты күюден сақтау керек. Беттің майлы немесе құрғақ екенін былай білуге болады: бір парақ таза қағазды бетіңізге сіңдіре жабыстырыңыз. Парақты алып қарағанда, бетіңіз майлы болған жағдайда онда май дағы тұрып қалғанын байқайсыз. Құрғақ болса - парақ та таза. Мұндай жағдайда бетке майлы кремдерді жағу керек шығар. Майлы беттің де өзіндік проблемалары жоқ емес, оған қызарған бөртпелер мен безеу үйір келеді. Жалпы, әжімді болдырмаудың негізгі жолдарының бірі - салауатты өмір салтын ұстану, тағамды талғаммен ішу, үнемі қыржиып жүрмей, позитивті болу, т.б. Сосын әжім кетіреді екен деп түрлі кремдерді талғаусыз қолдана бермеу керек. Одан да жеміс-жидектен жасалған маскалар (өзіңіз жасап алатын) жасаған дұрыс.