0 дауыс
611 көрілді
Анаға деген құрмет тақырыбында шығарма

1 жауап

0 дауыс
Анаға құрмет — адамзат парызы.

Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен ұрпағына әлемнің жарығын сыйлап, асыл қасиеттерді сәбиінің бойына ақ сүтімен сіңірген, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталса керек.

Ана әлемдегі ең кешірімді, ең асыл жан, оның мейірімділігінде шек жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп, ұрпағы үшін өл-өлгенше жанын бере салуға әзір тұратын ананың балаға деген махаббаты мәңгілік, өлшеусіз.

Ана болу — бүкіл өмір бойы жұмсалатын сарқылмайтын рухани күш пен ерен еңбек. Оны барынша құрмет тұтып, қастерлеу әрбір баланың борышы. Перзенттің ғана парызы емес, бүкіл қоғамның бұлжымас міндеті.

Бізге жарық дүние сыйлаған анаға не сыйласа да аздық етеді. Меккеге жеті рет арқалап апарғанның өзінде қарызын өтей алмассың. Себебі ана сияқты бақытыңды ойлап, табаныңа кірген тікенді маңдайына кіргенін қалайтын адам жоқ. Шын бақытыңды ойлап, жанын құрбан етуге даяр жалғыз адам ол — ана. Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалайықшы. Себебі адам өмірде «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек емес?!

Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар жүргізген бір қарапайым тәжірибе осыған дәләл болса керек. Ғалымдар аналарынан айрылған маймыл балалар үшін екі қуыршақ маймыл ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен. Маймыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылған. Міне, сонда кімге болса да бәрінен бұрын керегі мейірім, ана құшағы ғана.

Ананы аспандағы ай мен күнге, жарық жұлдызға, баға жетпес асыл заттарға теңеу дәстүрі де өз тілімізде берік қалыптасқан. Олай болса, анаңды қалай сыйласаң, өз балаңның анасын да солай сыйла, барлық әйел затына, тіпті жас нәресте қызына да құрмет көрсет, оларға қолдан келгенше қамқорлық жаса.
...