0 дауыс
270 көрілді
Ұлттық құндылықтардың отбасына əсері

1 жауап

0 дауыс

           Ұлттық құндылықтың бастауы-отбасы  

      «Қай халық болса да өз тарихын, төл дәстүр-салтын, ауыз әдебиетін, тілін қастерлейді,»-дейді академик М. Қозыбаев. Қай халық болсын, өзінің рухани-мәдени құндылықтарын көздің қарашығындай сақтай алмаса, сыртқы күштердің рухани-мәдени жаулаушылығына қарсы тұра алмасы анық. «Қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан айырылма» демекші, халқымыздың салт-дәстүрлерінің құрып кетпеуіне, ұлттық құндылықтарды сақтауға үлесімізді қосу, ұмытылып, өше бастаған дәстүрлерімізді жаңғырту- біздің азаматтық борышымыз.

     Тәуелсіздік алған 25 жылдан бері елімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елімізде 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Әр ұлттың өзінің өзгелерге ұқсамайтын, ерекшелендіріп тұратын қасиеттері, ұлттық құндылықтары болады. Қазақты ұлы ұлт ретінде өркениетті елдердің бағалай бастауы-қанымызға сіңген төл қасиетіміздің арқасы.

     Өткенге көз жіберсек, ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол» т.б. мақал-мәтелдерден отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше екенін, ата-ананың жүрген жолынан өскелең ұрпақ қандай да бір сабақ алып өсетінін көреміз.

     Қоғамда әр түрлі отбасылар бар. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзін ұрпақ бойына сіңіріп, шағын мемлекетті басқарып отырған өнегелі отбасыларымызды көріп, риза боламыз. Салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай сақтай білген, өнегелі отбасылар-ұрпағым үйренсін деп озық дәстүрлерді алға жалғастырып келеді. Аналарымыз отағасын пір тұтып, алдынан кесе көлденең өтпейді, қас-қабағын бағып, бала-шағасына да әкені құрметтеуді үйретеді. Бұндай өнегелі отбасыдан ақылды, парасатты, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген үлгілі ұрпақ өсіп шығады.

     Айналып өтетін отбасылар...  Кейбір ата-аналардың айтатыны өтірік, ойлағаны ақша. Тепсе темір үзетін әкелер отбасынан айырылып,  ішімдікке салынып жүр. Ал аналарымыз басқа біреудің етегінен ұстап, балаларын жетелеп кетіп қалып жатыр. Бұндай ата-аналар балаларына  қандай тәлім-тәрбие береді? Ғұлама ғалым  М.Әуезовтің «Ел боламын десең - бесігіңді түзе,» - деген ұлағатты сөзінде қаншама ой жатыр?! Балаға  тәрбие бесіктен бастап берілуі керек қой. Ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуінен сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Ата-ана жұмыста жүреді, баласына қарауға уақыты да жоқ. «Баланы киіндірсем, тамағын тойдырсам болды, тәрбиесіне мектеп қарайды. Мұғалім не істейді?»- деп ойлайтындар да жоқ емес. Ал мектеп қабырғасында жүрген кейбір оқушылар мұғалімнен мүлде именбейді. Кейде ұл-қыздарымыз көшеде үлкен бар, кіші бар деп қымсынбай, құшақтасып кетіп барады. Кей жастардың үлкендерге, ұстаздарға деген құрметтің аздығы да мені қынжылтады. Жасыратыны жоқ, мектеп жасындағы қыздардың тұрмысқа шығуы көбейіп барады. Өмірлік жар тауып, бақытты өмір сүру әр адамның ізгі арманы. Бірақ кәмелетке толмаған, мектепте оқып жүрген, өмірдің оңы мен солын ажырата алмаған ұл мен қызымыз үйленсе, бұл қаншалықты орынды? Кәмелетке толмағандардың үйленуі мен ажырасып жатқан отбасылардың белең алғаны сонша- оған ешкім таң қалмайды. Гүлге күтім болмаса, гүл солып қалады. Бала да сондай, оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек.

    Еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050:  Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»  атты Жолдауында: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн», деген болатын.  Жатқа еліктеу- ұлттық санасы жетілмеген  елде  ғана болатын көрініс. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана халқымыз. Ата-бабамыз ұстанған дәстүрді ұмытпай, ұлттық тәрбиемен жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Отбасымызда ұрпақ тәрбиесін оң жолға қойып,  өзге елге еліктеуге қатаң тыйым салып, Қазақстанның  туын көкке желбіретер  ұлағатты ұл мен қыз тәрбиелейік.

...