Жүзге кірмейтін рулар қайдан тарады?
Тарихшы Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, қазақтардың рулық құрылымы ерте кезден басталады.
"Менің ойымша, жүзге бөліну Ұрыс ханның кезінде немесе оның немерелері Жәнібек пен Керей кезінде басталған. Ол тұста жүздер қазақтардың бір қанаты – Алаш мыңына кірген. Ал қазақ жүздерінің құрамына кірмейтін руларға Төре, Қожа, Сунақ, Төлеңгіт, Ноғай қазақтары, Шала қазақтар жатады. Мұнда әр ру жеке дара және әрқайсы егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Оның ішінде популяциялық генетика әдістерін қолдану қажет", - дейді тарихшы.
Қожалар өзін Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың алғашқы серіктері, исхабтан тараған деп санайды. Қожалар Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың ең жақын 4 серігінен тараған болса, соның ішінде Әбубәкір, Омар және Әзіреті Әліден тараған ұрпақтары Қазақстан территориясын мекен етіп, қазақ руларының бірі болып өмір сүріп келеді.
Қазақтар "ақсүйек" және "қарасүйек" болып бөлінеді. Төреден елді басқаратын сұлтандар, хандар шыққаны белгілі. Дін таратушы ретінде қожаларды да "ақсүйекке" жатқызады. Қалғанын "қарасүйек" деп атайды.
"Үш жүзге кірмейтін рулардың нақты өмір сүрді деп көрсететін жерлері жоқ. Солтүстікте, Қарағандыда қожалар бар, алайда олардың көп бөлігі елдің оңтүстік бөлігінде мекендеген. Жазу-сызуға үйрету, ағартушылық мақсатында олар оңтүстік өңірден басқа аймақтарға арнайы шақыртылған. Олардың басқа үш жүз сияқты тұрақты орналасқан жері жоқ. Арабтар дін таратқанда ең алдымен Оңтүстік Қазақстанға, Қызылордаға келген. Қазірдің өзінше сол жерлерді мекен етіп қалған".