Әрбір адамның жаратылысы әртүрлі. Сондықтан, Ислам шариғаты қыз-жігіттердің бас құрау мәселесінде жас аралығына қарағанда, әркімнің үйленуге болған мұқтаждығын негізге алады.
Ханафи мәзһабында жастардың бас құрау мәселесінің үкімін төмендегідей бірнеше сатыға бөліп қарастырған:
Парыз болған үйлену: Үйленбесе зина жасап қоятын адам. Бұл – үйленуге хал-жағдайы келетін, отбасын асырай алатын, нәпсісін ораза ұстап тежеуге шамасы келмейтін кісінің жағдайы. Ондай адамға бас құрауы – парыз болады. Өйткені, үйленбеген жағдайда зина сынды харам істерге барып, өзіне де, қоғамға да зиянын тигізеді.
Уәжіп болған үйлену: Зина жасап қою қаупі бар адам. Бұл – үйленуге хал-жағдайы келетін, отбасын асырай алатын, нәпсісін ораза ұстап тежей алатын кісінің жағдайы. Ондай адамға бас құрауы – уәжіп болады.
Сүннет болған үйлену: Зина жасап қою қаупі болмаған, бірақ үйленуге қызығатын кісіге бас құрауы – сүннет болады.
Харам немесе макруһ болған үйлену: Үйленген соң отбасын харам табыс көзімен асырау, әйеліне зұлымдық көрсету сынды күнәлі іске баратын болса, ондай адамға үйлену – харам немесе макруһ болады[1].
Яғни, некелесудегі басты мақсат – шәһуат қалауын қандыру емес, керісінше «екі жарты қосылып бір бүтін болып», кемел қоғам қалыптастыруға ат салысу. Міне, бұл үкімдердің аясына балиғат (кәмелет) жасына толған қыз-жігіттердің барлығы кіреді.
Шариғатта үйлену үшін арнайы жас мөлшері бекітілмеген. Хадистерде келгендей, балалар физикалық жағынан толысқан шағында үйленулеріне рұқсат.
Ата-анасының батасын алып үйленіңіз.