0 дауыс
411 көрілді
Дулат Исабековқа, хат керек 200 сөз жеткілікті.

1 жауап

0 дауыс
Қадірменді Дулат аға! «Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын» деген Сіздің жазбаңыз жарияланды. Бұл соңғы кездерде «Тіл мәртебесін көтеру – ұлтаралық араздықты қоздыру емес», «Ұлттық мүддені қорғау – мемлекеттік тілден басталады» деген сынды ел асыға күткен бастамаға қарсы, соны басып тастауға бағытталған жазба болып көрінді маған. «Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын» деп салыпсыз, ғафу етіңіз, мұныңыз тілді тірілту тірлігіне қақ маңдайдан соққы беретіндей салдары ауыр, шындыққа жанаспайтын залалды пайымдау. Неге?

«Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын» дей келе, ойыңызды былайша өрбітіпсіз: «Біздің бүкіл экономикамыз, ұлттық идеологиямыз, керек десеңіз, ұлттың болашағы шетелдіктердің қолына өтіп бара жатыр. Тіліміз, дініміз мұның қасында... Арыстанның аузына түсіп бара жатқан қоян бір мүшемді сақтап қалайыншы деп әрекет ету керек пе, жоқ әлде өзінің өмірін түгел сақтап қалуға тырысу керек пе?».

Осы уәжіңізді зерделейік. Тіл – пәленше мүшенің бірі емес. Кәрі тарих куә, ол ұлтты сақтап қалудың шешуші тетігі. Бұл-бір. Екіншіден,«Тілді қоя тұрайық, онан да зоры бар» деген ән биліктікі және саясаткер қулардікі. Мұны басқа емес, қазақ тілінің күрескері һәм дуалы ауыздың бірі деп жүрген Сіздің айтқаныңызға таңмын. Қазіргі қазақ қоғамының «сырты бүтін, іші түтін». Тіл тұтастығына кім араша түспекші (ұрпақтың түрі, шашы, көзі қазақ, ал ішкі әлемі бөтен, бірақ ақыл-есің шошитын бұл құбылысқа да етіміз үйренді)? «Қазақ елінде мемлекетті басқару мемлекеттік тілде жүргізілсін» деген тіл туралы Заңды халық тәуелсіздік таңындай зарыға күтіп отыр. Бұл жанайғайды билікке кім жеткізбек?

Абай: «Бірлік малға емес, ақылға бірлік» деген. Ғылымы кенже ұлттың, ақыл-ойы да кенже, құр еліктеу содан. Өз күшіне сенген елдер өркендеп, ғылым мен өнерді дөңгелетіп отыр.Олар шаруашылыққа субсидияны тек ақшалай ғана емес, ғылым арқылы құяды.«Біздің бүкіл экономикамыз, ұлттық идеологиямыз, ұлттың болашағы шетелдіктердің қолына өтіп бара жатыр» деп жылап-сықтаймыз. Бірақ шетелге жығыл, қарызға бат деген кім бар? Кінәні қазақ өзгеден емес, өзінен іздесін де. Ұлттық мүддеден тайқыдың ба,  онда пәле қайдан деме! Анық бір нәрсе, «Қытай (Ресей, мейлі Америка) бізге көз тігіп отырға» мықты тосқауыл қою, жаңағы ішкі тірлік пен ар-намысты оятуға тірелмек. Қит етсе болды, қара халықты үреймен жасыту, сол үшін сырттан жау іздеу тек билікке тиімді, бұл ең оңай, әрі сенімді тәсіл (кешегі совет билігі әйтпесе Америка басып алады деп үркітіп, халықтың қаржысын қару-жарақ пен ядролық полигонға аямай төккен-ді). Сіздің сол қарабайыр саясаттың торы мен арбауына түсіп қалғаныңыз неткен өкініш.

Дулат аға, қатты кетсем кешіріңіз, Сіздің «Тіл, тіл! - деп шулағанды қойыңдар» деген үндеуіңіз ақылға қонымсыз. Ұлттық мүдде мен экономиканы шатастырып алғаныңыз да жарамады. Шындықты мойындау – қазақ халқы құз шетіне жеткенін айту ең өзекті қажеттілік. Тіл (рух) үшін күрес, ең қасиетті күрес. Ақыл бірлігі сол үшін керек, «тілден де сұмдық трагедия бар» деген былдыр-батпаққа алданып қалмайық, ағайын.
...