0 дауыс
11.1k көрілді
Дулат Исабековтің "Қарғын" романы. Роман өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазылған. Жазылған кезінде де, одан кейінгі уақытта да актуалдылығын жоғалтқан жоқ. Тәуелсіздік кезеңінде туылған жас буын үшін де бұл шығарма өзекті болып тұр. Мұның сыры неде? "Қарғын" несімен құнды? Сіз бұл шығарма туралы не айта аласыз?

4 жауап

0 дауыс

"Қарғын" романының қазақ оқырманы үшін құнды болуының тағы бір себебі - қазақтың жаны суреттелетіндіктен деп ойлаймын. Қай кейіпкердің тағдырын алсаңыз да, ондай тағдырды өміріміздің өн бойында кездестіріп келеміз. Ішімізге түйіп келеміз. Жазушының шеберлігі, осы мінездің, күйзелістің, сезімнің бәрін психологиялық дәлдікпен ашуы жіне қорытуы. Адам жанының бір қалтарысында қалар, ешқашан ешкімге дауыстап айтылмас кейбір сырларды жайып салуы да - жазушыға деген оқырман сенімін арттырады. 
Шығарманы жас деңгейіне қарай әр оқырман әрқалай қабылдайды. Бұл, өзіме қызықты құбылыс болып көрінді. Мәселен, Бағиланың қатарлас құрбылары оны түсінбей, кешірмей, айыптап жатса, жасы ұлғайған оқырман романдағы әр кейіпкердің тағдырына түсіністікпен қарауға дайын. Осы талқылауымыздың негізінде "Қарғынның" әр кейіпкеріне жеке-жеке тоқталуға шақырамын. 

Мен үшін аса маңызды болған мәселенің бірі - кейіпкерлердің күйі, қалпы, болмысы. Олардың осылай қалыптасуына не әсер етті? Олардың ойлау деңгейі мен өмірді түйсіну деңгейі неге әртүрлі? Оқырман ретінде осы сұрақтарға романнан жауап таптым. Қаламгердің күрделі алгоритммен жұмыс істеп, оқырман көкейінде туындар сансыз сауалды алдын-ала болжауы ұнады. 

Жасынның ой еркіндігі, уақытқа қарсылығы - бір кейіпкердің ауқымына сыймайтын зор функция атқарып тұр. Оның адам мен адам, заман мен қоғам арасындағы қайшылықтарға күйіне жүріп, кейде соның бәрінен биіктеп кететін тәкаппарлығына сүйсінем. Жасынның аузынан шыққан мына сөздердің астын сызып қойдым: "Мен тоқ адамдарды жек көрем. Оларға өнер де, ұлт та, дүниедегі өзгерістер де, ертеңгі күн де қажет емес". Мынау да Жасынның сөзі сияқты. Жазып алып қойған екенмін. "Адам мойны бас пен кеудеден неге жіңішке десем, киілген қамытын сыпырып тастай алмау үшін екен ғой". Жалпы шығарманың өне бойында "мойынсұнудың" бірнеше сатысы бар. Бағила мен Қаратайға дейінгі аралықта оның бәрін іштей сезіп, көкейіңе түйіп отырасың. 
Әлі де толғаныстарымызды жаза түсейік, достар!

0 дауыс

Романның құндылығы оның ішіндегі - күрес. Адамның ішкі жан дүниесінде болып жатқан арпалыс. Романның өн бойы күрес, ақыл мен сезімнің, жеке өмір мен қоғамның арасында ешқашан бір арнада ақпайтын, аға қалса, бір-біріне кесірін тигізетін арна. Кейіпкер сол арнаның бірін таңдаса, екіншісіне кесірін тигізеді, сондықтан қанша арпалысса да, өзінің шарасыздығын біледі. Бұл романның басты идеясы, ал қалған көтерілген тақырыптар тек соны айқындай түсу үшін немесе соны көрсету үшін таңдалған жол болып табылады. Мысалы, Жасын - ол білімді, көзі ашық, дүниеге, қоғамға деген көзқарасы басқалардан мүлдем бөлек сол ортада өзін ЖАЛҒЫЗ сезінетін және өзін іздеу үстіндегі кейіпкер. Жасын арқылы автор әрбір адамның өзі өмір сүретін қоғамда алатын орны бар екенін көрсете отырып, оның арпалысын сыртқа шығартпай, өз-өзіне жеңдіртеді. Себебі, адам қиялы мен оның сезімінде шек жоқ, ал қоғамда шектеулі сызық бар. Егер сол сызық болмаса, әр адам өз дегенін істесе (Бағилаға деген сезімнен бас тартуы), қоғамда хауыс болар еді. Бағила сол хауысты туғызуға дайын, себебі ол әлі жас, ал Жасын оған жол бермеу керектігін түсінді. 
Сэр - бұл тек күнделікті өмірдегі күйбің тірлікті, ондағы болып жататын келеңсіз жағдайларды көрсету үшін алынған кейіпкер.
Қаратай - адам баласының (сана тұрғысында) тым ұсақталып барып, қайта көтерілуіне ешқашан кеш болмайтынын көресету үшін және кез-келген қоғам адамды жеңетінін көрсетуге алынған.
Лике- нағыз реалистік кейіпкер, ол біледі, ол түсінеді, сондықтан іштей арпалысқа түсудің қажеті жоқ екенін, оданда жол іздеу керектігін меңзейді.

Жалпы, романда адамның қоғам алдында, отбасы алдында, ата-ана алдында міндеттері бар екенін және соны орындау үшін талай нәрседен бас тартуға тура келетіні туралы жазылған. Бұл өз кезегінде қазірге кезде көптеген жастарға керек нәрсе. Сондай-ақ, роман ІРІ мен ҰСАҚТЫҢ ара жігін көрсетуге арналған.
Роман туралы көп айтуға болады, тіпті пікір талас туғызуға да.

0 дауыс

Қарғын романы 80 жылдары жарық көрсе де бүгінгі уақытта да өте өзекті шығарманың бірі деп есептеймін. Менің ойымша романның құндылығы сол кезеңдегі кейіпкерлердің басынан өткерген оқиғалары, олардың арасында болып жатқан қарым-қатынастардың бүгінгі күнде де адамдар арасында орын алуында. Мәселен адамдардың бір-біріне жағу үшін, біреуге жағыну үшін жағымпаздануы. Бұл қылықтарды Сәргел мен Тұрғаттың бойларының ерекше байқауға болады. Олар атағы мен абыройы үшін көп дүниелерді құрбан етуге бар. Сондай-ақ Сәргелдің ізденбей-ақ, зерттемей-ақ оп-оңай диссертациясын қорғап, ғылым докторы болып шыға салуы оқырманға ой салар. Жары Мәлике «Білеміз қалай доктор болғаныңды. Үш ауданның он жылдық тарихын тіздің де шықтың. Кімге керек ол? Не үшін керек? Сол аудандарға екі-ақ рет бардың, зерттеуге уақыт қимадың, мені қызғандың. Бар фактілерді өздері жіберіп тұрды. Сол да ғылым ба, сол да мақтаныш па?» деп іштей тілге тиек етеді. Бұны мысал қылып келтіріп отырған себебім қазіргі уақытта да дипломдық, диссертациялық жұмыстарының сатып алып я біреуге жаздырып, не болмаса «копировать, вставить» көмегімен қорғап шығып жатқан адамдар қаншама. Ащы болса дәл осы көріністер бүгінгі күннің шындығы. Сол сияқты романды оқу барысында маған түрлі ой салған басты кейіпкердің бірі – Бағила. Ақылды, мінезді, білімді, сұлулықтың музасына айналған қызды неге кішкентай балалардың тағдыры алаңдатпады екен? (Жасынның 2 баласы). Олар періште, ал олардың әкесі Жасын Бағила үшін барлығынан бас тартуға бар. Дәл осы жағдайлар Бағиланың немесе Бағиланың анасының я болмаса сіздің басыңызға түссе не істер едіңіз?

0 дауыс

Дулат Исабековтың шығармалары – өмірдің өзінен алынып, айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстарды шынайы суреттейтін туындылар. Соның ішінде «Қарғын» романын оқып болғаннан кейін диссертациялық жұмысымның тақырыбына тікелей қатысты екенін білдім. Бағиламен сол кезде бәріне танымал Жасын Мәдиев жайлы шығарманы барлық оқырман қауымға оқуға кеңес берер едім. Маған бұл шығармада ұнамаған кейіпкер - Бағила. Кейіпкердің бойынан қазақ қызына тән ұяңдық, сыпайылық, инабаттылық сияқты қасиеттерді байқай алмадым. Өзі жақсы танымайтын адаммен кездесіп қана қоймай, жігіттен қай жерге бара жатқаны туралы сұрамайтынына таң қалдым. Жасынның жары, екі баласы бар екенін біле тұра, отбасылы адаммен қалай кездесуге болады? Жасынның әйелінің орынына өз шешесін неге қойып көрмеді екен деп ойлаймын. Ал ұнаған кейіпкер - Қаратай. Әсіресе, ұнаған сәті әуежайда Сәргелге марқұм болған әйелі мен ұлдарының суретін уйіне іліп қоюды ескертетіні және совхоз басшы болса да, ауыл тұрғындарының үйін аралап, өзінің қарапайымдылығын көрсеткені. Дәл осы кейіпкер секілді әкелер көп болса екен деймін.

Ұқсас сұрақтар

...