Киіз үй – көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, көшіп-қонуға ыңғайлы баспанасы. Қыста жылы, жазда салқын келетін бұл құрылыс жер сілкінісі сияқты жаратылыстық апаттарға төзімділігімен, сәулет өнерінің жинамалы және жылжымалы үлгісі сынды болмысымен танымал. Киіз үйдің пайда болуы және қазіргі қаңқасының қалыптасуы сан мың жылдық тарихты бастан кешірді. Археологиялық қазба деректерден киіз үйдің қола дәуірінде қолданысқа түскені анықталды. Грек тарихшысы Геродоттың заманымыздан бұрынғы V ғасырда сақтардың киіз үйлерде отыратындығын қағазға түсірсе, үйсін еліне келін болып түскен Қытайдың хан династиясының ханшасы Ши Жүннің: Дөңгелек үй, туырлық там орнына, Ет жеп, айран ішеді ас- суына,-деп «жырлағаны» бар. Осыған қарағанда, зерттеушілердің киіз үйдің жасы «бес мың жылдан асып жығылады» деген межесі де негізсіз емес секілді. «Қай халықтың болса да рухани әлемі, ең алдымен, оның дәстүрлі өнерінен көрінетіні мәлім» (Өзбекәлі Жәнібеков). Дәл сол сияқты қаңқасы ағаштан, туырылығы киізден жасалған дәстүрлі қөлөнер туындымыздың бірегейі – киіз үйдің бойынан да халқымыздың бүкіл рухани әлемі, ұлттық болмысы, дүние танымы, естетикалық көзқарасы менмұндалап тұр. Мәселен: Геометрия, математика, физика ғылымдарының заңдылықтарын негізге алған кейбір зерттеушілер «уықтың біртіндеп иіліп, күштің уықтың қарынан иініне ауысатыны профилы парабола екендігін; киіз үйдің күмбез тәрізді жасалуы күн тіке түсетін беттің неғұрлым аз, ішкі көлемнің көп болуын қамтамасыз ететінін әрі ауа алмасуға өте қолайлы болатынын; киіз үйдің әдемі көрінуі оның пропортсияларына немесе «алтын қима» өлшеміне байланысты екенін; жалпы формасының дөңгеленіп келіп, бұрыштардың болмауы оның әсемдігін арттыра түскенін» алға тартса, астрономия ғылымы тұрғысынан зерттеушілер «темірқазық жұлдызы дәл ортасына орналасқан солтүстік нүкте шеңбері – киіз үйдің шаңырағына, тік сызылған аспан бойлықтары – киіз үйдің уықтарына, көлденең сызылған аспан ендіктері – киіз үйдің керегесіне ұқсайтынын» дәйекті дәлелмен көрсетеді. Алып аспанды «көк күмбезі» деп атаған халқымыз төбедегі аспанды шаңыраққа, одан төменгі кеңістікті уыққа, көкжиекті керегеге ұқсатып, киіз үйін ғаламның ортасы, кіндігі» деп танығандығына талас жоқ. Бұл жөнінде белгілі зерттеушісі Атилла Сансызбайұлы «Киіз үйдегі кеңістік – қазақ дүние танымының тоғысқан жері. Киіз үй – ғаламның моделі. Шаңырақ – күннің символы. Күлдіреуіш – төрт тарап. Уықтар – күннің сәулесі. Ошақ – адамның оты. Төр – ақ пен қараның ара жігін ажырататын адамның орны. Сол жақ босаға – әйелдің; оң босаға – еркектің символы» (ықшамдалып алынды) деп түйіндегеніне қарағанда, атамыз қазақтың «Есігің – есің, босағаң – сесің, табалдырық – тәубең, маңдайша – мәртебең, шаңырақ – пірің, туыс – керегең, төр – дәрежең, ошағың – ырыс, түтінің – тыныс, белдеуің – қорған, түндігің – тегің, туырлық – елің, уығың – ерің, осының бәрін көтерер – қасиетті қара жерің» деп тұжырымдауында да үлкен мән жатыр. Киіз үйді қазақтың ғана «еншісіндегі дүние еді» деуден аулақпыз. Қазақтан тыс, қырғыз, моңғұл ұлттары да киіз үйде тұрмыс кешіріп, «киіз туырлықтылар» атанды. Алайда, әр ұлттың ұлттық салт-сана, діни сенім, тұрмыс мәдениетіндегі ұқсамастықтарға сай, киіз үйінде де айқын парықтар бар. Осы парықтарды ескерген зерттеушілер киіз үйді «қазақ үй» және «моңғұл үй»(гэр) деп екіге бөліп, олардың парқын: «үй ағаштарының жасалуы ұқсамайды; сыртқы жамылшыларының пішіліп, жабылуы ұқсамайды; сыртқы пішіні ұқсамайды; бау-шу, өрнектері, ішкі жиһаздалуы ұқсамайды» деп 4 түйінге жинақтайды. – Көшпелілердің сан ғасырлық тәжрибесі, өмірлік қажеттілігі, ой өрісі, талғам- танымы бір ғана киіз үйдің бойына шоғырланғандай. Олардың сұлулық туралы талғам-түсінігі, дүниені сұлулық заңдылықтарымен игеру мүмкіндігі негізінен осы киіз үй арқылы көрініс тапты,- деп жазады атақты ғалым Ақселеу Сейдімбек. Айтып-айтпай, киіз үйдің бойындағы сұлулықты тілмен түгендеу мүмкін емес. Оны көзімен көріп, оған түнеп шыққан жолаушының таңдай қағып, тамсанбағаны жоқ.
Толығырақ:https://www.6alash.kz/kz/article/kygiz-uydin-qudiretine-joq-talas.html#gsc.tab=0