Қазақ елінің ардақты перзенті, ұлы даланың дана ұстазы, артында мәңгі өшпес із қалдырған Ұлы Абайға 175 жыл толып отыр. Қазақ елінің өткені мен кеткенін, жеткенімен мен жететінін бір ізге салып қалыптастыруда Абай шығармаларының алар орыны ерекше.
Абайды мұқият оқыған адам оның көзкарастары күні бүгінгі күнмен тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті.
Абай шығармаларын оқу барысында оның қиын заманның қилы қитұрқысын басынан өткергендігін айқын көруге болады. Абай шығармаларын оқи отырып, оның поэзиясында шығыс поэзиясына тән нәзіктік, сыпайлық, батыс көркем әдебиетіне ұқсас жіті зерттеушілік зерделілік бар екенін байқауға болады.
Абайша айтсақ әр «адам болам» дегеннің Абай шығармаларын саралау, зерттеу кезінде жаңаша көз қарас, жаңаша сезімге, жаңаша білім көзіне жолығатыны бесенеден белгілі. Шыншыл ақынның асыл мұрасы сол замандағы қараңғы таптың тұмшаланған санасының сағасында қалып қоймай, бүгінгі ұрпақтың ұқсап бағатын, бірге жасайтын мәңгілік музасына айналғаны сөзсіз. Абайдың мәнді шығармалары, өтімді, адамзат ақылманына айналған 45 қара сөзі, философиялық толғанысқа толы аудармалары, поэмалары іргелес елдер мен барша әлемге кеңінен танылғандығы көңілді марқайтады. Қазақ елі бүгінгідей тарихи кезеңде, әлемдік деңгейге шығып, дамыған отыз елмен иық түйістірер жағдайға да жетті. Елдің қалыптасу кезеңінде рухани бедерінің айшықтала түсуінде хакім Абайдың орны ерекше. Қилы тарихымыздың қырық қатпар ақиқаты бүгінгі заманғы құбылыстармен тікелей жалғасып жатыр.
Абай өткерген, тағдыр талайы мен рухани ізденістерінің қиыры мен қиындығын, тұңғиығымен тамырын тереңінен пайымдап, дұрыс талдап, қорытындыласақ бүгінгі дәуірмен талай сабақтастығын, бүгінгі қоғамды салиқаландыра түсетін талай нәр таба алар едік. Терең талант, мұқалмас жігер иесі Абай өз заманында тереңінен толғанып, өзегін өртеген ішкі жүрек сырын мұңайып та қуанып та, мысқылдап та, ашына да жеткізе білді.
Кез келген істің басы-қасында бірінші ақылдың орыны ерекше ендеше сөз басын Абайдың мына бір өлеңінен үзінді келтіріп, басталық.
«Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап,
әуре қылар ішінен қулық сақтап,
өзіңе сен өзіңді алып шығар
еңбегіңмен ақылың екі жақтап»-, Хәкім Абай алдымен өзіңдегі ақыл иесіне сүйенуге, ақыл жетілмей тұрып, ештеңеге үміт етпеуге кеңес бергендігін айтқым келеді. Абайды мен сараң заманда, салиқалы тәуекелге барған ерекше парасат пен ерекше рух иесі деп түсінемін.
Сондықтан Абай өзінің шығармаларымен абыройы асқақ, рухы аласармас асылға айналып отырғаны хақ. Біз Абай туған дәуірді терең бойламайынша, оның асыл мұраларын бойымызға сіңіре алмаймыз.
Оның кәусар дария шығармалары, ежелгі дүниеден мәңгілікке дейін көл-көсір боп көсілген рухани әлемге, рухани ғарышқа, таңғажайып қиялға, азапты да,
ләззатты талпыныс, армандардың саф баспалдағы бола білді. Ол адамзаттың ішкі жан дүниесіне үніліп, болмыстың терең сырларын ашатын аса мәнді философиялык лириканы дүниеге әкелді.
Сезімтал ақын, сергек ойшыл, ғұлама дала тіршілігін өзге дүние тіршілігімен салыстыра зерттеп түсінгісі келді. Бала кезінен таныс араб, парсы тіліндегі кітаптарды қайта ақтарып, Шығыс поэзиясына, тарихына, философиясына жаңаша баға берді.
Толығырақ: https://ust.kz/word/maqala_abai_alemi_bizdi_jeti_tunde_adastyrmas_temirqazyq_ispetti-249616.html