Адамзат тарихының сан мың жылдық тарихында билік жүргізген сан алуан қанішерлер мен қанқұйлы жендеттер болған. Алайда ХХ ғасырда жүзеге асырылған тоталитаризм зұлматындай қасіретті адамзат тарихы білмейді.
ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 млн. адам қырылып-жойылыпты. Солардың 110 миллионы немесе үштен екісі, коммунистік бағдардағы елдердің үлесіне келеді.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында билік жүргізген, коммунистік сипаттағы тоталитарлық мемлекеттің негізін қалаған В.И.Ленин мен тоталитарлық мемлекетті тікелей қалыптастырған И.В.Сталиннің тұсында 46,6 миллион жан құрбан болған.
Осынау жазықсыз жандарды ажалға ұшыратып, қабірлер үстінде социализмді толық жеңіске жеткізіп, тоталитарлық мемлекет құрған Сталиннің тоталитарлық теорияны өзі ойлап таппағандығы белгілі. Тоталитаризм теориясының тамыры өте тереңде жатыр, ол ғасырлар қойнауынан бастау алады. Сталин - тоталитарлық теорияны шын мәнінде жүзеге асырған қанқұйлы практик, сонымен бір қатарда оны дамытушы да. Әрине, ол тоталитарлық мемлекетті қалыптастыруда өзінің ұстаздарынан асып түсті.
Ленин мен Сталиннің билігі кезінде контрреволюциялық әрекетте айыпталып 3 777 380 адам сотталып, олардың ішінен 642980 адамға өлім жазасы қолданылды, 25 жылдан төмен мерзімге 2 369 220 адам түрмелер мен лагерь-колонияларға қамалды, 776 180 адам жер аударылып, сүргінге жіберілді. Контрреволюциялық әрекетте айыпталғандардан 2 900 380 адам соттан тыс жазаланып жапа шекті. Сталин шын мәнінде қара шекпенді Ресейге ауыстыра салынған Рим императоры іспетті еді: ол Ресейді өзіне бағындырып, Рим сияқты орасан зор империяны құрып алды, бірақ мұнда, оның өзімен қоса, еркін адамдар болған емес. Оның империясы түп-түгел маркстік-лениндік идеяның құлақкесті құлдарынан тұратын. Бухарин оны «Марксті оқыған Шыңғысхан» деуші еді, ал, шындығында, ол одан гөрі көңіл көтеруге, театрға, аярлыққа, кісі өлтірушілікке құмар Неронға көбірек ұқсайтын.
1929 жылы Сталиннің нұсқауымен КСРО аумағы бойынша еңбекпен түзеу лагерьлерін көбейту мақсатында арнайы жоспар жасалды. Бұл лагерьлер жөнінде 1930 жылы 7 сәуірде жоба қабылданды. 1920-30 жылдардан КСРО аумақтарында концентрациялық лагерьлер Колымада, Магаданда, Воркутада, Сібірде, Оралда, Қазақстанда және де басқа аймақтарда жаппай құрыла бастады. Қатал мақсаттағы Орталық Соловецк лагері «ұлы» көсеміміз В.И.Лениннің ұсынысымен 1918 жылы құрылғанын ескерер болсақ, онда АРХИПелаг ГУЛАГ-тың бастаушысы Ленин көкеміз болады да шығады. Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ-тік басқару жүйесінің үлгісін жасап берді. Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, Социалистік Республикалар Одағын құрмас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүргізілді.
№1 чекист Ф.Э.Дзержинский болса, №1 әскери ревком Л.Троцкий болды. Ал бұл жүйелердің нөмірі бірінші саяси басшысы В.И.Ленин екені белгілі. Ал оның ұлттар арасындағы басшысы Лениннің сенімді серігі И.Сталин болды. Бұл орындардан белгілі дәрежеде үміті барлар Каменов, Рыков, Зиновьев, Бухариндер болды.
Бұлардың бәрі кезінде патша түрмелерінде отырған, белгілі саяси көзқарасы, білім-жігері бар әккі революционерлер еді. Революционерлер дегеніміз төңкерісшілер деген ұғым бере отырып, ол саяси мәнге ие болды. Коммунистік партияның көсемдері дегеннің бәрі Ресей патшалығы кезінде саяси көзқарасы үшін шетелдерде қашып жүрді. Болашақ үкіметті алу үшін шетелден ақшалай көмек алды. Қару-жарақты ұстап қалу мақсаттарында большевиктердің үлкен тобы жұмысшы-солдаттар арасында саяси жұмыстармен айналысты.
Түрмелік «көсемнен» пролетариат көсеміне дейін өскен утопиялық социализмнің авторы В.Ленин «Дүниежүзінің пролетарлары, бірігіңдер!» деп дүниежүзілік билік жүргізудің лагерьлік жүйесін жасады. Мұның жеңісін де, жеңілісін де қоғамдық өзгеріс өзі-ақ көрсетіп берді. Қысқаша айтқанда, Соловки арал лагері - КСРО-ны басқарудың лагерьлік жүйесінде «көрнекілік» роль атқарды.
Қолындағысын күштеп тартып алу, аштан өлтіру, тілді ұмыттыру, ассимиляцияландыру, дінсіздендіру, соғыс қаруларын сынау, интернационалдандыру секілді жеті түрлі мақсат Соловки аралында арнайы қолданылған болатын. Мұның әкелген сорақылығы көп еді.
Еңбекпен түзеу лагерьлерінің тарихын зерттеуде маңызды орынды одақтық дәрежеде көлемді деректер жинақтаған Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты алады. Бұл мұрағатта КСРО ІІХК (НКВД) - ІІМ Лагерьлер Бас Басқармасы (ГУЛАГ) жүйесінің мұрағаты құжаттары сақталған. Лагерьлер Бас Басқармасы Кеңес өкіметінің ең үлкен құрылымдарының бірі болды. 1940 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Лагерьлер Бас Басқармасы 53 лагерьден, оның көптеген бөлімшелерінен, республикалық, өлкелік, облыстық еңбекпен түзеу колонияларынан (170 өндірістік, 83 ауылшаруашылықтық, 172 «контрагенттік», сонымен қатар басқа ведомстволардың шаруашылықтары мен құрылыстарында жұмыс істейтіндер) және жасөспірімдерге арналған 50 колониядан тұрды. («Социологические исследования», 1991, №6, с.10-11).
«Аргументы и факты» газетінің анықтамасына және 1940 жылғы 1 наурыздағы ГУЛАГ ақпаратына назар аударсақ, мынандай мәлімет аламыз.
ГУЛАГ тұтқындарының саны - 1 668200. Олардың 352 мыңы - еңбекпен түзеу колониясының жалпы режимінде отырғандар. 192 мыңы - колонияның өндірістік және ауыл шаруашылығы жұмысына тартылғандар. Бұлардың 28,7%-ы - контрреволюция ұйымындағылар, 5,4%-ы - өте қауіпті қылмыскерлер, 12,4%-ы - саудагерлер, 9,7%-ы - ұрлықшылар, 9,7%-ы - басшы аппарат қызметкерлері, 1,5%-ы - социалистік меншікті талан-таражға салушылар да, 2,7%-ы әртүрлі қылмыс түрлері деп көрсетілген. Алайда тарихшы Рой Медведевтің зерттеуі бойынша, ГУЛАГ тұтқындарының саны 66 миллионнан асып жығылған.
1930 жылдан 1953 жылға дейін контрреволюциялық іс-әрекеті үшін сотталған 3 778 254 адамның 786098-і бірден атылған (ГАРФ, ф. 9414, оп.1, д.129, л.42).
ГУЛАГ-тың Кеңес Одағында үлкен «империялық» беделі болды. 1934 жылдан саяси көзқарасы үшін сотталғандарды тәрбиелейтін тағы 10 лагерь КСРО-ның теңіздеріндегі адам аз тұратын аралдарда құрылды. Бірде-бір лагері жоқ екі-ақ республика болды. Олар - Армения мен Грузия. Біз біртұтас ГУЛАГ кеңістігінің өзімізге қатысты КАРЛАГ аумақтық бөлігін алып қарайық. Қарағанды еңбекпен түзеу лагері ГУЛАГ-тың бөлінбес филиалы ретінде кең-байтақ Қазақстанның аумағында орналасты. Бұл лагерьді сталиндік тоталитарлық жүйенің Қазақстандағы Соловкиі деуге болады. Бұл лагерьдің орталығы - Долинка поселкесі еді. Мұнда Қазақстан мен Орта Азиядағы өндірістік- шаруашылық, әскери-ведомстволық, жазалау-тәрбиелік пульті орналасты. Бұл лагерьдің бастығы өкімет құрамына енгізілді де, басқару жүйесі Мәскеудегі лагерьлер Бас басқармасына бағынды.
Бұл Бас басқармаға әскери трибуналдық жазалау жүйесі де бағынды.
1931 жылдың 1 шілдесіндегі ақпаратқа қарасақ, КАРЛАГ-та 21 323 тұтқын 47 ұлттардан құралыпты. Олардың 2276-сы - кулактар, 5307-сі - орташалар, 5140-ы - кедейлер, 506-сы - батырақтар, 2864-і колхозшылар екен.
1929-1933 жылдар арасында Қазақстан ОГПУ-ының мәліметі бойынша, 22933 адамның ісі 9805 іс бойынша қаралып, олардың 3386-сы ату жазасына бұйырылған. 13151 адам 3 жылдан 10 жылға дейін концлагерьге жіберілген. Екі жылдың ішінде КАРЛАГ тұтқындарының саны 20262-ге жеткен. 1936-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргінде КАРЛАГ тұтқындарының саны тіптен көбейе түсті. 1936 жылдың өзінде 39 мың адамға жеткен.
КАРЛАГ тұтқындарының көбеюі табиғи құбылысқа айналды да, мұндағы тұтқындар саны әркез әрқалай көрсетілуі құпияға айналды. Себебі келген адамдар саны көрсетілмейтін, туыс-туғандарына хабарланбайтын.
КАРЛАГ-тағы тұтқындар адам айтқысыз қатты жазаланған. Осындай қиындыққа наразылық білдіргендер бас көтеріп отырған. Мұнда 1939 жылы халық жауы ретінде екінші рет сотталғандар көтеріліске шыққан. Олардың 349-ы үш жылға, 68-і бес жылға, 18-і сегіз жылға, 105-і он жылға қайта сотталған. 9 адамға ату жазасы берілген (Бұл да сонда, 157-бет).
1917 жылдан бергі күллі Кеңес тарихы толып жатқан адам құқығын бұрмалаушылықтарға, ол - ол ма, кей реттерде ашықтан-ашық жасалған тұқым құртушылық (геноцид) көріністеріне толы. Солардың ішінде - миллиондаған шаруалардың өмірін қиған, көптеген ұлттардың тұқымына зардабы тиген 20-30-шы жылдардағы ұжымдастыру туғызған аштық, мүлде жазықсыз жандарды жаппай атып-асумен түрмелерге қамау, Сталинге жақпаған тұтас халықтарды «күмәнді» және «жаулық пиғылда» деп жариялауда жатыр.
Сонау өткен ғасырдың соңында Ресейден, Украинадан, басқа да аймақтардан Қазақстанға өздері ойлағандай бос жатқан жерлерден дәмелі көптеген қоныс аударушылардың ағылып келгені белгілі. Бұл лек ешқашан тыйылған емес, алайда ХХ ғасырдың алғашқы он жылында сталиндік реформаны іске асыру барысында шырқау шегіне жетті. Жыл сайынғы көшіп келушілер саны 140 мың адамнан асып жығылып отырды. Қоныс аударушылардың бестен бір бөлігі жат елде сіңісіп кете алмай кейін қайтып, қалғандары жайғасып, иеліктеріне шаруашылық алып, осында мәңгіге қоныстанып жатты. Сол кездерде Қазақстанға келгендердің ұзын-ырғасы 1 миллион 200 мың адамнан асады. Сөйтіп, ұжымдастыру кезінде Қазақстанға 250 мың мал-мүлкі алынған бай-құлақ жер аударылған еді. Соғыстың алдыңғы жылдары түрлі республикалардан өнеркәсіп құрылысын жүргізу сылтауымен тағы да 1 миллион 200 мың адам қоныстандырылды.
Нақ сол жылдары республиканың күллі аумағы көбінесе жүйеге қас деген жалған желеумен жіберілетін адамдарды, сондай-ақ қылмыскерлерді айдайтын орынға айналды. Мұнда түрмелердің, лагерьлердің және күштеп қоныстандыруға арналған орындардың тарам-тарам жүйесі жасалды. Қазақстанда қанша қамалғандардың, айдалумен әкеліп қоныстандырылғандардың болғанында қисап жоқ. Олардың сан мыңы өмір сүрудің қиыншылығына шыдамай дүниеден өтті немесе көпшілігінің көзін жазалау-қудалау аппараты құртты.
Соғыс қарсаңында және соғыс кезінде «сатқындық пиғылда» деген жөн-жосықсыз айып тағылған тұтас халықтарға қарсы қатаң қуғындау шаралары қолға алынды. Бейбіт жатқан, бейкүнә жандарды тығыз-таяң жүк вагондарына тиеп, біздің далаға жөнелтіп жатты. Оңдаған мың күштеп қоныс аударылған адамдар осындай тағылық айдаудың салдарынан аштықтан және дерттен дүние салды.
Сол кезде Қазақстанға 100 мыңға жуық Қиыр Шығыс корейлері, 800 мыңдай Еділ бойының немістері, КСРО-ның Батыс аймақтарынан 100 мыңнан аса поляк, Терістік Кавказдың 500 мыңнан астам тұрғыны күштеп қоныстандырылды. Қазақстанға күштеп көшірудің қара дауылын Қырым татарларының, гректердің, қалмақтардың ондаған мың отбасылары, басқа да Кеңес халықтарының өкілдері бастан кешті.
Ресми деректер бойынша, сол кезде Қазақстан жұрты 1,5 миллионнан астам адамға көбейген екен. Соғыс кезінде 350 мыңнан астамның әкелінгені анық.
Ұлттар мен ұлтшыл-уклонистер туралы айқай-шуды ушықтыруға және жергілікті зиялыларды қудалауда өлкелік партия комитеті ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі Н. И. Ежов зор «үлес» қосты. 1937–1938 жылдары лаңкестік жаппай сипат алды. Ұлт зиялылары «халық жаулары» деп айыпталып, сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Қазақ әдебиетінің негізін салушылар – С. Сейфуллин (1894–1938 жж.), Б. Майлин (1894–1938 жж.), І. Жансүгіров (1894–1938 жж.), М. Жұмабаев (1893–1938 жж.), М. Дулатов жазаға ұшырап өлтірілді.
Жазалау шараларының құрбандары:
Қазақ тілі ғылымының негізін салушы А. Байтұрсынов;
Тілші ғалым, профессор – Қ. Жұбанов,
Қазақтың тарих мектебінің негізін салушы – С. Асфендияров,
КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы басшыларының бірі – М. Төлепов т. б.
Социалистік құрылысты бұрмалаған жеке адамға табыну идеологисясының зардаптары:
Сталинизмнің идеологиялық аппараты халықтардың тарихи зердесін жоюға бағытталды
Ұлттық зиялылардың көрнекті өкілдерін қырып-жойды
101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңы атылды. «Халық жауларының» 40 мыңы ақталды.
Сталиншілдіктің басты қылмысы:
Әміршіл-әкімшіл жүйені қолдану.
Лагерьлер жүйесін құру.
Халықтарды күштеп көшіру.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу.
Толығырақ: https://melimde.com/jj-alfashi-oris-revolyuciyasi-jildarindafi-azastan.html?page=6