0 дауыс
790 көрілді
Жойылып кеткен тілдердің (арамей, страрословян) маңыздылығын, не себептен жойылғандылығын білгім келеді?

1 жауап

0 дауыс

1.Әріп жазуы буын жүйелі жазудан кейін пайда болды. Таза күйінде консонантты-дыбыстық жазу II мың жылдықтың екінші жартысында пайда болса, вокалданған-дыбыстық жазу (вокализованно-звуковое письмо) біздің дәуіріміздің I мың жылдығының басында пайда болған.

Әріп жазуының пайда болуының дүние жүзілік мәдениеттің дамуы үшін үлкен маңызы болды. Жазу жүйелерінің ішінде әріп жазуы — ең қолайлы жазу. Әртүрлі тілдерде буын саны мен сөздің санынан дыбыстың саны әлдеқайда аз. Осыған орай дыбыстарды таңбалау үшін, әдетте, 20-дан 40-қа дейінгі таңба санының өзі жеткілікті болады. Әріп жазуындағы таңбалардың мұндай шағын мөлшері жазуды меңгеруді, сауаттылыққа үйретуді жеңілдетеді. Әріп жазуы — сөздерді ғана емес, сонымен бірге, олардың дыбыстық жағы мен грамматикалық формаларын да дәлме-дәл белгілеу үшін өте-мөте қолайлы жазу.

Ертедегі әріп жазуы (финский жазуы, ежелгі еврей жазуы, арамей жазуы және т. б.) консонантты-дыбыстық жазу болды. Ондағы таңбалар тек дауыссыз дыбыстарды ғана белгілейтін болған. Жазудың бұл жүйесі дауыстыларға қарағанда дауыссыздардың қызметі мен мәні басым тілдерде пайда болып, қалыптасқан. Мысалы, семит тілдерінде (ішінара хамит тілдерінде) сөздің түбірі дауыссыз дыбыстардың тіркесінен құралады да, оларға дауыстылар қабаттасқанда, ол дауыстылар түрлене отырып туынды сөздің әр түрлі грамматикалық формаларын білдіреді.

Консонантты-дыбыстық таңбалар алғаш рет египет жазуында пайда болады. Ежелгі египет тілінің семит тілдерімен (ассиро-вавилон, финикий, ежелгі еврей тілдері және т. б.) бірсыпыра ортақ жақтары болған. Мысалы, египет тілінде дауыстылардан дауыссыздардың мәні басым. Бұл тілде де сөздің түбірі дауыссыздардан құралады. Египет жазуы таза дыбыстық жазу болмаған. Бұл жазу қоспа (комбинированные) жазу түрінде болды да, онда идеографиялық логограммалар мен фонетикалық логограммалар, екі немесе үш консонантты таңбалар мен консонантты-дыбыстық таңбалар қабаттаса қолданылған.

Зерттеушілер ең алғашқы таза дыбыстық жазу мен финикий жазуын атайды. Жазу тарихының мамандарының пікірі бойынша, финикий жазуының ескерткіштері (Ахирам, Асдрубаал, Абибаал, Элибаал жазба ескерткіштері және т. б.) біздің заманымызға дейінгі Х—XI ғасырларда пайда болған.

Финикий жазуында 22 таңба бар.

Олардың әрқайсысы жеке дыбысты таңбалаған. Финикий жазуындағы таңбалардың барлығы да дауыссыздар мен жартылай дауыстыларды белгілеген де [мысалы, w (waw), j (jod) ], дауыстылар жазуда түсіріліп,ешбір әріппен таңбаланбаған. Финикий алфавитіндегі әрбір әріптің өзінің аты бар және әріптің дыбыстық аты әрқашан әріп атының бірінші дыбысына сәйкес келеді (мысалы: b — bet, d — dalel). Финикий аріптерінің аты әріптің дыбыстық мағынасымен ғана емес, сонымен бірге оның графикалық формасымен де байланысты болған. Мысалы, waw (вав) деп аталатын әріп (семитше waw «шеге» дегенді білдіреді w әрпін ғана белгілеп коймайды, сонымен бірге формасы жағынан шегені еске түсіреді (көзге елестеді).

Ертедегі консонантты-дыбыстық жазудың қатарына финикий жазуымен бірге протохонаан, протосинай, угарит жазулары енеді. Финикий жазуымен қатар Аравия жарты аралында оңтүстік семит жазу жүйелері болған. Батыс семит әріп жазуларының ішінен үшеуі (угарит, протоханаан, протосинай жазулары) жойылып кеткен. Ал финикий алфавиті кейінгі әріпті-дыбыстық (буквенно-звуковое) жазу жүйелерінің жасалуына негіз болған.

Логографиялық жазу мен буын жүйелі жазуға қарағанда, әріп жазуы бір елден екінші елге ауысуға икемді болды. Әріп жазуының өте-мөте қарапайымдылығы, әр түрлі тілдерге жанасымдылығы, халықтардың арасындағы сауда қатынасы мен мәдени қатынастың және т. б. қатынастардың дамуы — осының бәрі әріп жазуының дүние жүзіне кең тарауына мүмкіндік берген қолайлы жағдайлар болып саналады. Кейбір халықтар басқалардан әріп жазуын кабылдай отырып, оның алфавиттік құрамын өз тілдерінің дыбыстық жүйесіне икемдеп өзгерткен. Мысалы, финикий алфавитінің негізінде грек жазуын жасауда, ал грек алфавитінің негізінде грек жазуын жасауда, ал грек алфавитінің негізінде славян жазуынжасауда осылайболды (В. А. Истрин).

Әріп жазуының таралуы біздің заманымызға дейінгі I мың жылдықтың алғашқы ғасырларынан басталады. Әріп жазуы негізгі екі түрлі бағытта таралды. Шығыста финикий жазуының негізінде пайда болған арамей жазуынан Азия халықтарының әріп жазу жүйелері жасалып таралады. Батыста финикий жазуының негізінде пайда болған грек жазуынан Европа халықтарының әріп жазу жүйелері жасалып таралады. Шығыстағы әріп жазуы жүйелерінің көпшілігінде белгілі дәрежеде финикийлік консонантты принцип сақталса, батыста грек жазуынан бастап, барлық жазулар воколданған-дыбыстық жолмен дамыды.

Шығыстағы әріп жазуы жүйелерінің барлығы да (ежелгі еврей жазуынан басқалары) шығу тегі жағынап арамей әріп жазуынабарып тіреледі дедік.

Алғашында арамей жазуының финикий жазуынан пәлендей айырмашылығы болмаған. Кейіннен арамейліктер жазуға кейбір өзгерістер енгізеді, жеке әріптердің таңбаларын оңайлатады. Арамей жазуын ежелгі семит халықтары — еврейлер, ассириялықтар, вавилондықтар және басқалар қабылдай бастайды.

Арамей жазуының негізінде жасалған жазу жүйелерінің генеаеологиялық схемасы.

Арамей жазуы персиялық сына жазуымен (персидская клинопись) қатар Персияның мемлекеттік жазу жүйелерінің біріне айналады. Арамей тілі мен жазуы біздің заманымыздың III— IV ғасырларында арамейліктердің оңтүстіктен қоныс аударғаң арабтармен ассимиляциялануының нәтижесінде жойылып кетеді.

Арамей жазуынан тараған жазулардың төрт түрлі бұтағы бар. Олар мыналар: еврей жазуы, иран жазуы, сирия жазуы және араб жазуы. Осы бұтақтардың әрқайсысынан бірнеше жазулар жасалып дамыған.

Семит тілдерінің бірі — араб тілінде дауыссыз дыбыстардың қызметі айрықша. Олар сөздің консонантты негізін құрайды. Араб алфавиті дауыссыздар мен жартылай дауысты әріптерден құралған. Дауыстылар ең алғашқы араб жазуында дәлме-дәл емес, шамамен белгіленген (мысалы, «әліп» кейде әр түрлі, дауыстылардың бірнешеуін белгілеу үшін қолданылған) Кейіннен араб жазуында дауыстыларды таңбалау үшін жазудың үстінен немесе астынан койылатын таңбалар пайда болады. Араб жазуындағы әріптер жеке-дара тұрғандағы қалпы сөз басында келуі немесе сөз ортасы мен сөз аяғында келуіне қарай төрт түрлі графикалық формаға ие болады. Араб жазуы құрылысы жағынан флективті сөздерінің түбір құрамы консонантты болып келетін семит тілдері үшін қолайлы болғанмен, басқа тілдер үшін жанасымды бола алмады. Араб жазуы түркі тілдерінде сөйлейтін халықтарға ертеректе тараған болатын. Араб жазуы түркі тілдерінің дыбыстық құрамына да, агглютинативті сипатына да сай келмеді. Сондықтан оны түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар өз тілдерінің, дыбыстық ерекшеліктеріне ыңғайластырып өзгертті, қосымша әріптер мен диакритикалық белгілер енгізді. Алайда араб жазуының консонантты сипаты, графикалық жағынан күрделілігі түркі тілдері үшін жат, қолайсыз екендігін көрсетті. Түркі тілдерінде сөйлейтін Кеңес Одағындағы халықтар латын алфавитін, кейінірек орыс алфавитін қабылдады. Индонезия мен Турция араб жазуынан латын жазуына көшті Араб жазуы араб елдерінен басқа, Иранда, Ауғанстанда. Пакистанда, Малазияда т. б қолданылады.

Әріп жазуына, әсіресе гректер үлкен өзгерістер енгізіп, оның дамуына ат салысты. Олар дауыссыздарды ғана емес, сонымен бірге дауысты дыбыстарды да таңбалау үшін арнаулы әріптерді енгізді. Грек жазуы финикий жазуынан шыққан дедік. Бұған мынадай дәлелдер бар: 1) финикий жазуы сияқты, грек жазуы да әріп жазуы болды; 2) өзінің дыбыстық мағынасы және графикалық формасы жағынан грек әріптерінің көпшілігі финикий әріптеріне сәйкес келеді; 3) грек әріптерінің аттары да финикий алфавитіндегі әріптердің аттарына өте-мөте ұқсас; бұлар (әріп аттары)—формасы жағынан әріптерді елестететін заттардын семит тіліндегі атаулары; ал грек алфавитіндегі әріп аттарының грек тілімен ешқандай байланысы жоқ; 4) финикий жазуы мен ертедегі грек жазба нұсқаларындағы жазудың бағыты да бірдей (оңнан солға қарай) болған. Грек жазуының бағыты кейіннен өзгерген (солдан оңға қарай).

Грек алфавитінің классикалық деп аталатын вариантында 24 әріп бар (17 дауыссыз, 7 дауысты), ал финикий алфавитінде 22 әріп болған. Гректер финикий әріптерінің графикалық формасына кейбір өзгерістер енгізген; финикий алфавитіндегі әріптердің аталуын негізінен сақтай отырып, гректер олардың атынын соңына а дыбысын жалғастырған (мысалы: alef— alfa, bet— beta және т. б.).

Грек жазуынан барлық европа алфавиттері жасалып таралады. Мысалы, батыс грек жазуы негізінде этрус, копт және латын алфавиттері жасалып, латын алфавитінен күллі батыс европа халықтарынын алфавиттері таралып дамыды.

Грек алфавитіне қарағанда классикалық латын алфавитінің құрамы басқаша болды (12-таблицаны қараңыз). Грек алфавитіндегі кейбір әріптер (мысалы, «тэта», «омега», «пси») латын алфавитіне енбеді; қайсыбіреулері (мысалы,«ипсилон», «ро»,

хи») дыбыстық мағынасын өзгертіп барып енді. Кейбір әріптер латын алфавитіне енгенде, мағынасын сақтап, формасын өзгертті (мысалы, «ламбда»), Көне дәуірдегі грек жазуы мен латын жазуында әріптер бас әріптер (прописные) және кіші әріптер (строчные) болып ажыратылмағанда, бас әріптің таңбалары ғана болған. Кіші әріп таңбалары орта ғасыр дәуірінде ғана жасалған.

Латын алфавиті француздар, испандықтар, румындар, италияндар, ағылшындар, немістер, шведтер, датчандар, финдер, венгерлер, чехтар, словактар, поляктарға тарады. Америка мен Австралиядағы жазу жүйелері түгелімен, Африкадағы жазу жүйелерінің көпшілігі және Түркия мен Индонезияның қазіргі жазулары латын жазуына негізделген. Латыналфавитіне негізделген европа халықтарының және т. б. халықтардың жазу жүйелерінің қалыптасуы грек алфавитіне (жазуына) негізделген славян жазуына, әсіресе орыс алфавитіне негізделген. КСРО халықтарының жазу жүйелерінің жасалып қалыптасуынан басқаша болды. Грек жазуының негізінде славян тілі үшін айрықша алфавит жасалды да, ол көне славян тілінің (старославянский язык) өзіндік ерекшелігі бар дыбыстық құрамын дұрыс көрсете алды. Орыс жазуына негізделген КСРО халықтарының алфавиттерінде әрбір тілдің дыбыстық ерекшеліктерін таңбалайтын қосымша әріптер алынып, ол алфавиттер еліміздегі тілдердің әрқайсысының дыбыстық құрамын түгел қамтып белгілей алатын болды. Ал мұны батыс европа халықтарының латынға негізделген алфавиттері жайында айта алмаймыз. Батыс европа халықтарының жазу жүйелерінде, тілдерінің дыбыстық құрамының әр түрлі болуына қарамастан, біркелкі дерлік алфавиттерқолданылады. Оларда байырғы латын алфавитіне елеулі өзгерістер енгізілмеген. Бұл алфавитің құрамындағы 23 әріпке орта ғасыр дәуірінде жаңадан екі-ақ әріп (w, j) қосылған. Мұнан басқа жаңалық: латын әріптерінің бірі — v (и) орыс тілінің у немесе в әрпінің мағынасын білдіру ынғайына қарай екі түрлі таңбамен (начертание) қолданылатын болды. Сөйтіп, батыс европа халықтарының жазу жүйелерінде латын алфавиті елеулі өзгеріссіз, толықтырусыз қолданылып келеді. Толықтыру да, өзгерісте енгізбей, алфавитті жай қабылдай салудың салдарынан батыс европа тілдерінің дыбыстық құрамы мен алфавиттерінің арасында алшақтық келіп туды. Мысалы, француз тілінде 17 дауысты, 18 дауыссыз, неміс тілінде 16 дауысты, 21 дауыссыз; ағылшын тілінде, дифтонгтарды қоспағанда, 15 дауысты, 15 дауыссыз дыбыс бар. Ал қазіргі батыс европа алфавиттерінде дыбыстардың осынша мол түрлерін белгілейтін 26 ғана әріп бар (оның алтауы дауыстыларды, жиырмасы дауыссыздарды таңбалайды). Осыдан батыс европа жазу жүйелерінде әріптердің асты-үстінен койылатын көптеген диакритикалық таңбалар мен екіден жетіге дейін әріптердің тіркестері қолданылатын болды. Мысалы, х, ч, ш, щ дауыссыздары батыс европа жазу жүйелерінде әріптердің мынадай тіркестерімен беріледі:

Тіл мен жазудың арасындағы үлкен алшақтық батыс европа халықтарының жазу жүйелерінде көптеген замандар бойы елеулі реформаның жасалмауынан болып отыр. Мысалы, француз жазуында XIII ғасырдан, ағылшын жазуында XIV ғасырдан бері ірі өзгеріс болған емес. Бірінеше ғасыр бұрын қабылданып, елеулі өзгеріске түспеген жазу жүйелері тілдердің жүздеген жылдардың бойындағы дамуын, ондағы өзгерістерді, әрине, көрсете алмайды. Мұның өзі, әсіресе ағылшын тілі мен француз тілінде дәл осылай болып отыр. Айтылуына орфографиясы жақынырақ келетін тілдердің қатарына неміс, голланд, венгер, швед, норвеж тілдері және жазуында реформа жасалған т. б. кейбір европа тілдері жатады.

Оқу үйренгендегі басты мақсат – керек сөзді жаза білу, жазылған сөзді оқи білу.Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені. Сөз айту – дыбысты ауызбен тізу. Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп сөз шығара білмейді. Себебі, олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді. Оқуға балалар әріп үйренеміз деп келмейді, оқу,жазу үйренеміз деп келеді. Бірақ әріпті білмей, әріптің қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу үйрену қиын. Сондықтан осы күнде оқуы тәртіпті жұрттар балаларға әріп көрсетпей тұрып,әуелі дыбыспен жаттықтырады.Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді, онан келетін пайда көп: дыбыстарды тізіп үйренсе, әріптерді тізу қиын болмайды. Сөздің ішінде қанша дыбыстар бар екенін айыруды білсе, әріптерін қою қиын болмайды.

Мұндағы негізгі қағида мынау: әуелі балаларға әр түрлі дыбыс бар екенін білдіру, екінші, балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыс барын айырту; үшінші, бөлек – бөлек дыбыстарды тіздіріп сөз айтуды білдіру. Мұны білген соң, балаларға әріп көрсетіп оқытса, оларды құрастырып, сөз етіп айтуға балалар қиналмайды.Мұны білмей тұрғанда балаларға әріп көрсету жарамайды.Енді әріптерді бөлшектеп үйрету жолын айталық. Мұғалім созып “ а” деп айтады да, балалардан сұрайды, қандай дыбыс естілді? Балалар: “а” деген дыбыс естілді. “ а” әрпі. Мұғалім созып басқа бір дыбыс айтады. Мысалы: “с”,мұның турасында да “не дыбыс естілді?” деп сұрайды. Балалардың жауабы дұрыс болса, мұғалім тағы бір басқа дыбыс айтады. Осылай бірнеше әріптерді айтқаннан кейін балалар әріптің әртүрлі болатұғынын біледі және бір әріптен бір әріпті айырып тануға күші жетеді.Сонан соң сөз ішіндегі әріптерді айыруға да шамалары келеді.Сөз ішіндегі әріптерді әріптерді балаларға бөлшектеп үйрету үшін әуелі бір буынды сөздер алынады.

Келесі бір күні балалардың жазғанын оқытқызып,онан соң әліппедегі баспасын оқытқызып,екінші сабаққа түсу. Екінші сабақтағы әріп “з”. Бұл әріпті көрсетуден бұрын, мұғалім ішінде “з” келетін бірнеше қысқа сөздерді айтып,балаларға қандай дыбыстар барын айыртқызады. Сонан соң “з” деген дыбыстың әрпі мынау деп көрсетеді және жазғанда қалай жазылады, оны да көрсетіп, “аз”, “аза”, “зар”, “азар” деген сөздерді кеспе әліппемен я болмаса тақтаға жазып, ең болмаса әліппедегі баспаларын оқытады. Бірден қосып оқи алмаған жерлерде сөздерді буындап бөліп қосқызады.Мұнан арғы сабақтардағы әріптерді бөлшектеп үйрету жөні және реті осылай болады.Яғни әр әріп үшін әуелі сол әріп ішінде келетін қысқа-қысқа сөздерді айтып,дыбысын айырту. Екінші, үйрететін әріпті кеспе әліппеден алып,яки тақтаға жазып көрсету;үшінші, ішінде сол әріп бар сөздерді оқыту, жазғызу; төртінші,жазғандағы қателерін балалардың көзінше түзету.

Дереккөз: https://all.aikyn.kz/qazaq_tili/

...