Серік Бекетаев, 24 жаста, АҚШ-тың Калифорния штатындағы Маунтин-Вью қаласында орналасқан Google бас кеңсесінде жұмыс істейді.
Жас бағдарлама жасаушы компанияға ҚБТУ-да үшінші курс оқып жүрген кезінен бастап түйіндеме жібере бастапты. Сол уақытта оның компанияда жұмыс істейтін таныстары болыпты, жас маман солардан ұсыныс хат жазып беруді өтініпті. Осылайша, ол Google-дағы бірінші сұхбатын студент кезінде өткізеді. Алайда сол уақытта оған сай келетін команда болмаған екен.
"Сұхбаттың бірінші кезеңін сол кезде өтіп қойғанмын. Кейін ірі компанияларда жұмыс істеуге деген қызығушылығым кеміп, стартаптарды жасауға ауысып кеттім. Өз стартапымды жасауды шештім, Силикон жазығын аралап, жігіттермен кездестім. Кейін Google екінші рет сұхбаттасуға шақырды, мен ол кезде магистратурада оқып жүрдім. Тағы барып, сұхбаттастым, бұл жолы мен команда таптым да, олар маған ұсыныс жасады. Үшінші ретте мен бас тартқым келмеді, себебі ыңғайсыз болды әрі ірі компанияда жұмыс істеп, тәжірибе жинағым келді", - деді Серік. Бүгінде оның Google корпорациясында жұмыс істеп жатқанына бірнеше ай болды.
Ол стартап жобасымен бауырының айналысып жатқанын айтып берді, ал өзі болса жаңа жобамен байланысты жұмыстан қол үзді. Стартап "SparcIt" деп аталады. Компания оны дамытатын жаңашылдығын бағалаумен әрі жаттығуларды жасаумен айналысады. Ол қолданушыны тапсырылған жұмысты қалыпты жолмен шешуге емес, түрлі шешім жолдарын ойлап тауып, тың жолмен жүруге шабыттандырады. Осыдан кейін қолданушының жауабының қайталанбастығын, бірқилылығын және тиімділігін анықтайтын шкалада бағаланады.
Серік өз жобасынан неліктен бас тартуға мәжбүр болғанын айтты. "Мұнда, ірі корпорацияға жұмысқа тұрарда олармен келісімшартқа отырасың, онда басқа жобаларыңның болмауы керек екені жазылады. Немесе негізгі жұмыстан тыс жасаған дүниелерің Google меншігіне өтіп кетуі мүмкін. Кез келген ірі компанияның осындай талабы болады. Сондықтан біреудің ісіне араласуға тыйым салынады, бұл өте қауіпті", - деп атап өтті ол.
"Мен ірі компаниялардың фанаты емеспін, себебі шағын болса да өз жобаңды үздік етуің керек. Ал үлкен компанияларда өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. Ірі корпорацияларға нақты бір тәжірибені алу деген мақсатпен баруың керек. Менде осындай мақсат пайда болды және сондықтан олармен бірге жұмыс істеуге бел будым. Сен үздіктердің үздігімен бірге бастайсың, сосын түрлі мәселелерде олардың қалай ойлайтынын білу қызық болады. Мұнда да қосымша тәжірибе аласың", - деді жас маман.
Оның командасында жеті адам жұмыс істейді. Командасы сервер бөлігімен айналысады, мобиль девайстарына тіркелу жолдарын жеңілдетеді. Оның қызметі Software Engineer деп аталады, бірақ жас маманның айтуынша, бұл қызмет 11 дәрежеге бөлінеді. 11-ші дәреже компанияның вице-президентінің деңгейімен бірдей екен. Бұл шкала белгіленген болса да, жас қызметкердің айтуынша, олар еңбекқорларға жиі ынталандыру беріп отырады: акциялар мен бонустар.
"Мәселен сен бір әріптесіңе көмектессең, ол сені компания атынан бонустармен марапаттай алады, яғни әріптесің компанияның ақшасын саған бере алады. Ол бұдан еш шығынданбайды. Оның қалтасынан немесе жалақысынан емес. Мұнда өте иілгіш жүйе, тырысып жатсаң әйтеуір жетістікке жетесің. Ірі компанияларда олар үстіңнен алтын жаудырады, ол жақтан сосын шыққың келмей қалады. Шығу да қиын, стартап жасау да маңызды болмай қалады", - деп қорытты сөзін Серік.
Ал компанияда жұмыс істеудің тиімсіз жақтары жайлы сөйлей келе, Серік мүмкіндіктің жоқтығын атады. "Ірі корпорациядарды жұмыс істей отырып, жағдайыңыз жақсы болады, сіз миллиондаған немесе миллиардтаған қаражат таба алмайсыз, ондай жоқ. Жоғары сатыларға көтерілу өте қиын, шын мәнінде өте қиын. Google-дың 50 мың қызметкері бар және олар үздіктердің үздігін таңдағандықтан, сіз де сол үздіктердің қатарында боласыз, сәйкесінше, қалған жігіттерден оқ бойы озып кете алмайсыз. Бұл бәсекеге толы сала", - деді Google қызметкері.
Ал жағымды жақтарын атаған Серік оқығысы келетіндер үшін корпорацияның ақша төлеп беретінін жеткізді. Жоғары деңгейге жеткеннен кейін Google жақсы жалақы бере бастайды екен.
Мадияр Айтбаев, 24 жаста, Google корпорациясының Лондондағы кеңсесінде жұмыс істейді, Ұлыбритания.
Бұл - Мадиярдың бірінші жұмысы. Оның лондондық кеңседе жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асыпты. "Мен кеңседе Software Engineer, бағдарлама жасаушы ретінде жұмыс істеймін. Android командасындамын. Мұнда қалай келдім? Мен осыған дейін Силикон жазығындағы Imo.im-де тәжірибе жинадым, сол жақтан мен жайлы біліпті. Кейін олар маған сұхбаттасуға шақыру жіберді. Барлық сұхбатынан өттім. Міне, осында келдім", - деді Мадияр.
Ол компанияда жұмыс істеудің тиімді тұсы деп иілгіш жұмыс кестесін атады. Айтуынша, бастысы жұмыс істесең болды: 24 сағатқа дейін кеңседе қалуыңа рұқсат береді екен. Кез келген уақытта келіп, кетіп жүруге болады. Тіпті жексенбіде де. Ол сонымен бірге алатын тәжірибе мен тегін тамақты атады.
"Мұнда орташа деңгейден жоғары деңгейдегі бағдарлама жасаушылар істейді. Бір жылдық қана тәжірибем бар, сондықтан алар асу алда. Бұл жұмысым өзіме ұнайды. Мұндағы айлығымыз Лондондағы орташа жалақыдан жоғары, орташадан айтарлықтай жоғары, яғни Google-дің барлық кеңсесінде жалақы орташадан жоғары болады. Оның үстіне тегін тамақ, тренингтер. Мұнда қалағаныңның бәрі бар, тіпті массаж да бар. Мұның барлығы келісімшартқа кіреді", - деп түсіндірді Мадияр.
Ержан Өткелбаев, 25 жаста. Google корпорациясының Польшадағы Варшава кеңсесінде жұмыс істейді.
Ержан Варшавадағы кеңседе көп жұмыс істемегенін айтты. "Мен Google кеңсесінде өткен жылдың қазанынан бастап жұмыс істеймін. Менің де қызметім - Software Engineer. (...) Бағдарламау жасау бойынша түрлі олимпиадаларға қатыстым. Интернет арқылы өткізілетін көптеген жарыстар бар. Сондықтан да шығар, компания маған шақырту жіберді. Бұл бірнеше жыл бұрын болған оқиға. Кейін тағы да хабарласты. Сұхбаттасудан өтуге мүмкіндігім болды. Кейін телефон арқылы сөйлестік. Маған бірнеше тапсырма берді, оны бір сағат ішінде орындадым. Осыдан кейін мені Оutside round-қа шақырды. Бұл жолақыны, тұратын жерімді және тағы басқа шығындарымды өтеп, сұхбатқа шақыру деген сөзді білдіреді. Мен Лондонға барып, сұхбаттан өттім. Сұхбат шамамен үш сағатқа созылды. Жалпы төрт сұхбаттан өттім", - деді Google-да жұмыс істейтін тағы бір қазақ маманы.
Ол бұлт технологиясымен айналысатын командада жұмыс істейтінін нақтылады. Ержанның айтуынша, Google кеңсесі жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасайды, бірақ мұның дамуға кері әсері де бар екен. "Google компаниясы барлық жағдайды жасайды, содан адам еркінси бастайды. Мұнда кез келген уақытта қалаған ісіңмен айналыса аласың. Мысалы шаршап қалсаң, гейм-румға кіріп, ойын ойнайсың, ұйқың келсе, ұйықтап аласың. Барлығын бірдей айтып бере алмаймын", - деді Ержан.
Бірақ ол осы жағдайдың барлығын тегін алғандықтан, жалқаулыққа салынуға да болатынын айтты. "Яғни Google-дағы жақсы жағдай жасайды, ал сен өз ісіңмен айналысуың, бағдарлама жасауың ғана қалады. Дамуыңа да мүмкіндіктер өте көп. Ал қалғанының барлығын Google өзі жасайды. Ал егер стартап дегендерге көшсең, мұның айырмашылығы жер мен көктей. Адам Google-да жұмыс істесе еріншек болып кетуі де мүмкін", - деді Өткелбаев.
Ол компанияда жұмыс істеудің тиімді тұсы деп медициналық шығындардың Google есебінен өтелетінін атады. "Бізде емделуге арналған жерлер көп", - деді Ержан.
"Варшавадағы кеңсе өте үлкен, бірақ ол таяуда ғана халықаралық болды. Сонда былтыр бұл жер ресми құжаттарда да тіркелмеген болуы мүмкін. Сөйтіп, бұл жер кеңейіп, қазір 120 инженер жұмыс істейтін орынға айналды, адамдар әлі де келіп жатыр. Қазір бұл кеңседе қазақстандықтар жоқ, бірақ білуімше, бірнеше айдан кейін тағы бір қазақстандық келеді", - деді Өткелбаев.
Барлық үш сұхбаттасушымыз тиімді тұстары деп тегін тамақты және басқа да ыңғайлы жағдайларды атады. Компаниядағы жақсы мүмкіндіктерге қарамастан, бұл мәселе кеңсе орналасқан елге байланысты екен. Бұл әр елдегі түрлі салық саясаты мен заңнамасына тәуелді.
Серік, Мадияр және Ержан алдағы бірнеше жылда отанға оралмайтынын айтып отыр. Себебі олар қажетті деңгейде тәжірибе жинамапты. Алайда олар Қазақстанды, достарын, ұлттық асты сағынғанын мойындады.
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/internet/google-kompaniyasyinda-jumyis-steytn-kazaktar-268292/