0 дауыс
897 көрілді
Сәлеметсіздер ме! Kaspi.kz қосымшасы арқылы Telegram сайтындағы бір алаяққа ақшаны көбейтіп беремін деген бір алаяққа ақшамды жіберіп қойып, алданып қалдым. Не істесем болады?

1 жауап

0 дауыс

Интернетте онлайн қызмет пен сауда-саттық түрлері дамыған сайын онымен бірге киберқылмыс пен алаяқтық та қатар жүреді. Ғалам желісіндегі алаяқтардан қалай сақтанған жөн? Олардың арбауына түскенде не істеу керек? Кімге, қалай шағымдану қажет? Осы және басқа да сұрақтарға заңгер Болатбек Ержан жауап берді.

Алматылық студент Айжан Instagram желісінде көйлек сатып алмақшы болып, парақша иесінің шотына 10 мың теңге аударған. Егер киім ұнамай қалса, ақшасын қайтару келісімі болған. Бірақ Айжанға ақша да, көйлек те қайтып келмеді. Ол бұдан кейін ешқандай әрекет жасамаған. Айжан мұндай жағдайда полиция ештеңе істей алмайды деп ойлайтынын жасырмады.

Алаяққа алданып қалғанын білген адамға заңгер уақыт өткізбей, бірден полицияға арыздануға кеңес береді. Болатбек Ержанның айтуынша, егер өзге де жәбірленушілерді тауып, құқық қорғау органына бірге арыз жазсаңыз, алаяқты табу жеңілдейді.

Бірақ көбі полицияға бармай-ақ үміт үзеді. Азаматтардың көбі құқығын қорғауға келгенде “полиция алаяқты табатынына кепілдік бермейді” деп қолын бір сілтейді. Бірақ сол адам 100% кепіл бола алмайтын алаяққа сенді, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, Қазақстан қалаларында мұндай қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы тергеу тобы құрылған.

Арнайы құрылған тергеу тобы көптеген қылмысты ашып келеді. Сондықтан азаматтар полицияға арызданса, қалған шаруа – тергеушілердің міндеті, – дейді ол.

Заңгер осындай іске қатысты тәжірибесін айтты.

Қытай алаяқтары Қазақстан кәсіпкерін 20 мың долларға алдап кеткенде алаяқтар жайлы көптеген дерек тапқан едік. Австрияда тұратын алаяққа қарсы екі елде қылмыстық іс қозғап, бірнеше елде тұратын жәбірленушілерді жинай алдық. Іс біздің пайдамызға шешілді. Қылмыскерлер жазаланды, – дейді Болатбек Ержан.

Интернеттегі алаяққа ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы бойынша 4 мың айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады немесе төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Залал мөлшерінің ұлғаюына байланысты жауапкершілік 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.

Интернет арқылы сауда жасағанда қаржы аудармас бұрын одан не талап ету керек?

  • Зат сатып аларда сатушының құжаттарын (жеке куәлік, паспорт) түгел талап ету керек.
  • Сатушы жеке тұлға болған жағдайда арнайы келісімшарт жасағаны дұрыс. Себебі интернет-дүкенді басқаратын жеке тұлғалардың көбі жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеле бермейді. Мұндай жағдайда тұтынушылар туралы заңнама талабы қолданылмайды.
  • Егер сатушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болса, онда олардың тіркеуін растайтын құжатын талап ету керек. Тұлғаның реквизиті арқылы ол жайлы ақпаратты желіден табуға болады. Мысалы, оның қарыздары, сот істері және оны әшкерелейтін өзге де ақпарат оңай табылады.

Заңгердің айтуынша, алаяқ адам міндетті түрде күдік туғызады. Олардың көбі өте тиімді, жеңіл ұсыныс жасайды. Мысалы, “кепілсіз қарыз ақша беруге”, “бағаны төмендетуге” немесе тауарыңызды “қымбатқа сатып алуға” дайын болады.

Соңғы екі жылда Қазақстанда елдегі киберқауіпсіздік саласын дамытуға бағытталған базалық тұжырымдамалық негіз жасалды. “Қазақстанның киберқалқаны” тұжырымдамасы мен интернеттегі қылмыстың түр-түріне тосқауыл қоюға қауқарлы заңнама актілері тобы қабылданып, іске асырылып жатыр.

Толығырақ: https://baribar.kz/104391/internet-alayaghyna-aldanghanda-ne-isteu-kerek-zanhger-kenhesi/

...