0 дауыс
791 көрілді
Менің жасым 17 де, шашыма ақ шаштар пайда болды. Қалай құтылуға болады?

1 жауап

0 дауыс

Шаш не себепті ерте ағарады?

Шаштың ағаруы шаш фолликулындағы пигмент шығаратын меланоциттерге байланысты. Шаш фолликулы – тері қабатында шаштың өсуін гормондар, нейропептидтер мен иммунитет жасушаларының өзара әрекеті арқылы реттейтін орган. Оның жұмысының бұзылуынан адамның шашы ағара бастайды. Шаштың өсуіне витаминдер де ықпал етеді. Олар жасушаларды “жөндеп”, бұзылуына жол бермейді. Дегенмен шаштың ерте ағармауына қандай витамин жауапты екені әзірше анықталған жоқ. Трихологтың айтуынша, шаштың 36 жастан бастап ағаруы – қалыпты жағдай.

Шаштың ерте ағару себептері:

  • күйзеліс;
  • қандай да бір созылмалы ауру;
  • тұқымқуалаушылық;
  • витамин жетіспеушілігі;
  • дұрыс тамақтанбау;
  • қоршаған орта жағдайының нашарлауы.

Шаштың ерте ағаруына гормондар да әсер етеді. Гормондар – ағзаның барлық функциясын реттейтін өте белсенді заттар. Олардың мөлшері тепе-теңдікте болады. Күйзеліс кезінде осы тепе-теңдік бұзылады. Оның салдарынан түрлі ауру пайда болады. Мысалы, қалқанша безінің кейбір аурулары шашты ерте ағарта бастайды.

Мәдина Мырзакеева. Фото жеке архивінен

Кей адам біреуге “шашымды ағарттың” деп ренжіп жатады. Негізі оның бұлай деуінің жаны бар. Өйткені ренжіткен адамы мұның уайымдап, күйзеліске түсуіне әсер еткен. Ал күйзеліс шаштың ағаруына әсер етеді, – деді Мәдина Мырзакеева.

Иммун жүйесінің бұзылуы да шаштың ағаруына әсер етеді. Күйзеліске түскен адамда ағзаның тіндеріне “шабуыл жасайтын” аутоиммун аурулары пайда болуы мүмкін. Шаштың бірден ағаруын аутоиммун ауруларының белгісі деп есептеуге болады. Қатты қайғырған адам шашының аз уақытта күмістеліп шыға келуінің бір себебі – осы.

Жаңадан туған сәбилердің шашы 3 айлығынан бастап өзгереді. Басында олардың шашы сары болуы мүмкін. Бір жасқа толғанда нәзік әрі ақшыл түсті сәби шашы шығады. Ал 6 жасқа келгенде бала шашының түсі толық өзгереді, – дейді маман.

Ақ шашты бояу зиян ба?

Мәдина Мырзакеева ақ шашты бояуға болатынын айтты, бірақ оған үйір болып алмау керек және бояудың шашқа зиян тигізбейтін түрін таңдау керек.

Иллюстрация: Dribbble.com/©Laura

Қына немесе басма сияқты бояулар шаштың сыртын – сірқабығын ғана бояйды. Олар шашта ұзақ ұсталмай, жуған сайын кете береді. Ал орнықты бояулар шаш білігінің ішкі бөлігін бояйды. Ол үшін бояғышқа тотықтырғыш, яғни оксидант қосады. Оксидант шаштың сапасын бүлдіреді. Шаштың құрылымын бұзып алмас үшін оны жиі боямаған дұрыс, – дейді трихолог.

Біржола құтылу мүмкін бе?

Ақ шашты түбінен жұлып алса, қайта шықпайды деген түсінік бар. Трихологтың айтуынша, мұны мифке жатқызуға болады, керісінше, шашты жұлғанда оның фолликулы бүлініп, бұл органды әлсіретуі мүмкін. “Ағы бар шашты тықырлап алып тастаса, орнына қара шаш шығады” деген тұжырым да – миф.

Шаштың ағаруын толық тоқтату немесе оны емдеу мүмкін емес деуге болады. Тек бұл процесті баяулатуға болады. Бұл жағдайда мезотерапия көмектесуі мүмкін. Мезотерапия дегеніміз – дәрі комбинациясының аздаған дозасын тері астына енгізу, бірақ емдеудің бұл түрін пайдалану қаншалықты қажет екенін және дәрі-дәрмек дозасын тек дәрігер белгілейді. Шаштың не себепті ағарып жатқанын нақты білу үшін тексерілу керек. Дұрыс тамақтанып, витаминдер ішіп, шашты күтуге арналған заттарды уақтылы пайдаланса, шаштың сапасы жақсарады. Күйзелмеуге тырысып, ұйқы режимін дұрыстау қажет, – дейді маман.

Шаштың саулығына ең әуелі ішіп жүрген тамақ құрамы қатты әсер етеді. Тамақ рационында шаш саулығына қажет витаминдер болмаса, тұқымқуалаушылықпен берілген шаштың ағаруы ерте басталып кетуі мүмкін. Құрамында витаминдер мен қанықпаған май бар балықты, бұршақ дақылдары мен бидайды, көкөніс пен жемісті ас мәзіріне жиі енгізген дұрыс.

Толығырақ: https://baribar.kz/121036/shashtynh-erte-agharuyn-birzhola-toqtatugha-bola-ma/

...