0 дауыс
836 көрілді
Не себеппен Конактар аталганын оз созынызбен жазыныз деген суракка жауап керек срочно!!

1 жауап

0 дауыс

Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы шоқтығы биік туындының бірі – "Қонақтар" әңгімесі. Шағын ғана әңгіменің идеясы мен айтар ойы тереңде.

Бір қарағанда, "Қонақтар" әңгімесі әке мен ұлдың арасында немесе ата-ана мен бала арасында ренішті, көңілтолмаушылық пен зілді суреттеген шығарма болып көрінуі мүмкін. Алайда әңгіменің айтар ойын одан да терең, одан да биік ұғымдардан іздеуге болады.

Ерғабыл қарияның жалғыз ұлы Сапабекке көңілі толмайтыны, үміті мен разылығын ақтамаған перзенті екені рас. Алайда Сапабектің өзі елге белгілі геолог, шетел аралаған, табысы мол маман. Бірақ Ерғабыл қарияға мұның керегі шамалы. Оған ұлының қара шаңырақты құрметтеп, ата салтты ұстанғаны, ата-ананы сыйлап, қамқорлық танытқаны қажет.

Еуропаша киініп, орысша сөйлеген, ауыл тұрмысына бейімі жоқ келіні мен қазақша түсінбейтін немересіне де шалдың көңілі толмайды.

Ерғабыл қария үшін өзі өсіп өнген үйдің түтінін өшірмей, қара шаңырақты ұстап қалған ұрпақ қана адал сүт емген, ата-ана парызын өтеген бала. Ал жалғыз ұлы Сапабек ауылға жылына бір рет келіп, аман-саулықтың өзін жөнді бермейтін ұл болып шықты. Одан туған ұлды (немересін) да ата жүрек қабылдай алмайды.

Ата салтты құрметтейтін қария үшін ұлының жоғары білім алғаны емес, ұлттық құндылықтар мен салт-сананы жоғары тұтатын ұрпақ керек. Яғни, әл-Фараби айтқандай, ұрпақтың тәрбиелі болғаны қажет.

Жоғарыда айтқанымыздай, әңгімені ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастан да тереңдеп қарастыруға болады. Әңгімедегі оқиға өткен ғасырдың 80-жылдарын қамтыған. Бұл уақытта – қазақ халқы өзінің ұлттық құндылықтарынан, салт-дәстүрінен айырыла бастаған кезі. Төлен Әбдікұлы постмодернистік жазушы ретінде қазақ қоғамындағы бұл үрдісті ерте байқай білді. Әрі мұны шығармашылық метафорамен "Қонақтар" атты әңгімеге айналдырды.

Ерғабыл қарияны Төлен Әбдіковтің әңгімедегі прототипі деп алсақ болады. Жазушы әңгімеге ата салтты ұстанған қария бейнесіне еніп, қоғамда болып жатқан жат дүниелерге көңілі болмайды. Әсіресе, еуропалық беймағлұм мәдениетке бас сұққан жас ұрпаққа өкпе-назын жеткізеді. Олардың ата мұраны, қазақ түсінігіндегі іргелі ұғым – қара шаңырақты сыйламайтынын бетіне басады. Қазақ халқын "ата-ана" деп алсақ, жаңаша тәрбиеге бет бұрған ұрпақты "Сапабек пен келіні" деп алуға болады. Қазақ халқы ата-ана ретінде ата дәстүрден жұрдай ұрпағына реніші қара қазандай, өкпесі тон боп қатқан беріштей.

Төлен Әбдікұлы жазушы ретінде қоғамда үрдіс алып бара жатқан мұндай жағдайға бейжай қарай алмайды, ішінен өзегі өртеп барады. Сол себепті Ерғабыл қарияның образына еніп, қазіргі қоғамға өкпе-наз айтатындай.

"Қонақтар" әңгімесі – әлі күнге дейін өзегін жоймаған шығарма. Қазіргі қоғамы да осы дерттен айыға алмай отыр. Ұлттық мұраны, халық салт-дәстүрі мен ата жолды ұстануды ұмытып барамыз. Дүбәра ұрпаққа айналған жұрт бұл өмірде "қонақ", яғни, бары да, жоғы да білінбейді.

Әңгіменің "Қонақтар" аталуында да сыр бар. Ерғабыл қарияның қара шаңырағына келген өзінің туған ұлы мен немересі емес, оның аман-саулығын біле келген, жүре соққан құдайы қонақ қана. Олардың қария үшін қадірі қонақтық қана. Өз үйіне өзі қонақ болып отырған ұрпақ, шын мәнінде, өте ауыр әрі қасіретті жағдай.

Жазушы осынау ғаламдық идеялардың барлығын шағын шығармаға ғана сыйдырып, атауына ерекше мән берген.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/63709/

...