Ғарыш әлемі жөніндегі діни көзқарастарға Польшаның ұлы ғалымы Николай Коперник (1473-1543) күйрете соққы берді. Ол 1507 жылы Жер жәнә баска планеталар Күнді айналып жүреді деген тұжырымын ғылыми жолмен дәлелдеді. «Аспанденелерінің айналысы туралы» атақты еңбегін жазды. Онда: «Жер жұмыр шарға ұқсас, сондықтан ол барлық жағынан өзінің ортасына тартылады. Солай бола түра, оның домалақтығы оның бетіндегі тауларының биіктігінен, аңғарларының тереңдігінен біліне бермейді. Бірақ бүтіндей алғанда ол оның домалактығына нұқсан келтіре алмайды. Теңізде жүзушілердің байқаулары бойынша, су кеңістігінің түрі де осындай, себебі Жер кемеден көрінбейді және керісінше, кеме діңгегінің (мачта) үстінде жанып тұрған от қашықтаған сайын жағада қалған сияқты болып көрінеді де, біртіндеп төмендей береді, ақырында батқан Күндей жоқ болады, - деп жазды.
Коперник өзінің ашқан жаңалықтарын ұзақ уақыт жариялай алмады. Жаңа ілім оны шіркеудің қуғынына ұшыратып қана қоймай, жаппай кінәлауға және келемежге душар етуі мүмкін еді. Күн Жерді айналады дегенге бүкіл дүние жүзі сенетін. Тек Коперник елес ақиқатқа қайшы деп есептеді. Коперниктің ұзақ жылғы еңбегі - «Аспан денелерінің айналысы туралы» кітабының бір данасы ғана тек 1543 жылы ол қайтыс болған күні жарық көрді. Достары кітабының бірінші данасын қолына ұстатқан кезде ол өлім халінде жатыр еді.
Коперниктің ашқан жаңалығының тарихи маңызы зор. Ол басқа планеталар және Күн Жерді айналады деген адасушылықтан құтқарып, ғылымда еркін ойлауға жол ашты. Католик шіркеуі бұл қағиданың адамдарға тигізетін ықпалынан шіркеу беделіне нұқсан келеді, беделін түсіріп, адамдардың қорқыныш сезімін азайтады деп қауіптеніп, оларды және оның жақтастарын қатты қудалап отырды. Осыған қарамастан Коперниктің ашқан жаңалықтары ғылымда бүтіндей төңкеріс жасады.
Римде ескерткіштер көп. Солардың арасында түнде жарық түсірілмейтін, туристерді де онша маңайлата қоймайтын біреуі бар. Ол жан-жағын ескі үйлер қоршаған тар ауланың ортасында, 1600 жылы лаулап от жанған жерде тұр. Осы отқа Джордано Бруно мен оның тамаша кітаптары өртелген екен. Джордано жас кезінде монастырь мектебінде оқыды. Ол уақытта бүкіл әлемнің орталығы - Жер, ал Күн мен барлық планеталар Жердің төңірегінде айналады деп түсіндірілетін. Шіркеу діндарлары мұнымен келіспегендердің бәрін қуғынға ұшыратты, ал қарсы тұрғандардың көзін жойды.
Брунодан шіркеу оқуын маұқлдап, соның айтқанын қайталап, оқытқанын жаттап алуын талап етті. Бірақ ол өз бетінше ізденгісі келді. Бруно дүниенің қалай құрылғаны жайлы басқаша жазылған кітаптарды ешкімге білдірмей жинай бастады. Ол бұл кітаптарды бар зейінімен окыды, онда жазылғандарды ой елегінен өткізіп, өз бетінше аспан шырақтарының қозғалысын бақылады. Сөйтіп ғылым жолына түсті.
Бруно көп жылдар бойы Италияны, Францияны, Англияны, Германияны шарлады. Қайда барса да ол нағыз оқымыстылар үйреткен, өзі шіркеу діндарларына қарсы болған жайттарды білгісі келді. Кейіннен Бруноның өзі де кітаптар жазып, студенттерді оқыта бастады. Ол Польшаның ұлы оқымыстысы Коперниктің Жер күнді айналады деген көзқарасын құптады. Бруноның батыл ойлары одан әрі өрістей түсті. Ол тіршіліктің Жерде ғана еместігін, әлемнің шексіздігін, оның көптеген дүниеден тұратындығын түсініп кана қоймай, басқаларға да үйретті. Бруно поптар мен шіркеу діндарларын келемеж етті, адамдарды Жер мен аспан сырын ұғынуға шақырды. Ол жалынды өлеңдерінде де, ғылыми кітаптарында да осылар жайлы жазды. Оқыған лекцияларында да тебіріне сөйледі. Оның атақ-даңқы Еуропаның көптеген университеттеріне тарады.
Бірақ шіркеу діндарлары ержүрек ғалыммен келісімге келе алмады. Бір жансызы Бруноның досы болғансып жүріп, оны шіркеу жазалаушыларының торына түсірді.
Бруно сегіз жылдай түрмеде жатты. Оны біресе азаптап қорқытты, біресе өз пікірінен қайтуға көндірмек болды. Бірақ оны қорқыту, көндіру, жасыту тіпті мүмкін емес еді. Ақыры Бруноны «қан төгілмейтін» өлім жазасына кесті. Бұл - тірідей отқа өртеу болатын.
Ақпан айының таңертеңгілік мезгілі еді. Рим қоңырауының күңіренген үні жер жарды. Садақшылар көшесінен гүлдер алаңына қарай шеру тартып, әндеткен монахтар келе жатты. Бұл олардың қаза болған адамдарға оқыған дұғасы еді. Монахтар жазадан жасқанбас бүлікші-оқымысты ғалым Джордано Бруноны жазалауға әкелді. Бруноның ерлігі әлі күнге ұмытылған жоқ және ешқашан ұмытылмақ емес.
Бруно, Коперник, Галилейдің айтқандарына сенбеу, оған тыйым салу мүмкін емес еді, өйткені ол шындық болатын.
Үлкейткіш оптикалық түтік-телескоппен ең алғаш аспанға көз салған адам әйгілі итальян оқымыстысы Галилео Галилей еді.
Голландияда дүрбі түтігі жасалғандығын Галилей 1608 жылы білді. Оған осындай дүрбімен түнгі аспанды бакыласа қайтер еді деген батыл ой келді. Галилейдің өзі гылым тарихында тұңғыш екі телескопты құрастырды. Ол телескоптар, әрине, әлі де жетілдірілмеген еді. Кескінді кішісі бар болғаны 3 есе, үлкені 32 есе ғана үлкейтетін. Соған карамастан Галилей осындай қарапайым құралдармен-ақ ұлы жаңалықтар ашты.
1609 жылы күзде ол алғаш рет өз телескопын Айға бағыттап, оның бетінің тегіс еместігін, яғни таулары мен аңғарларын айқын көрді. Сөйтіп Ай сол замандағы кейбіреулердің ұйғарымындай теп-тегіс хрусталь шар емес, ол да Жерге ұқсас дүние болып шықты. Телескоптың көмегімен Шолпан планетасының да Ай тәрізді өзінің пішінін, яки фазасын өзгертіп отыратыны байқалды. Бұл құбылысты Николай Коперниктің тұжырымдағанындай, Шолпан жерді айнала қозғалады демей, Күнді айнала қозғалады деп қана түсіндіруге болатын еді. Бәрінен қызықтысы, алып Юпитер планетасы болды. Коперник ілімі бойынша, Жер мен басқа да планеталар Күнді қалай айналса, Юпитердің төрт серігі де Юпитерді солай айналатын болып шықты. Галилей телескоптың көмегімен көптеген басқа да жаңалықтар ашты. Бұлардың бәрі Коперник пен Джордано Бруноның ілімін дәлелдеді. Ол жаңалықтар әлемнің қозғалмайтын кіндігі Жер мен құдіретті құдайлар тұратын «аспан» жайлы шіркеу қабылдаған Аристотель мен Птолемей іліміне соққы болып тиді.
Коперник ілімін шіркеудегілер сандырақ, бос сөз деп жариялады, ол ілімді таратқан және қорғаған адамды қатал жаза күтіп тұрды. Бірақ Галилей шіркеулік қараңғылықпен батыл күресіп, Коперник ілімінің дұрыстығын дәлелдей берді. 1633 жылы діншілдер 70 жастағы қарт оқымыстыға сот ұйымдастырып, оны ауыр азаптау арқылы өз көзқарасынан бас тартуға мәжбүр етті. Бірақ оқымыстының өз көзқарасынан бұлай қайтуы сырт көзге ғана еді. Ал шын мағынасында Галилей Коперник ілімінің сенімді жақтаушысы болып кала берді. Ұлы оқымыстыны өмірінің ақырына дейін үй тұтқыны етіп ұстап, әрі оған астрономиядан қандай да бір кітап жариялауға рұқсат етпесе де, ол механика саласынан жаңалыктар ашып, ғылымның дамуына игі әсер етті. Діншілдердің ізіне түсуіне қарамастан, Галилей өзінің ғылыми көзқарасының беріктігін көрсете білді. Кейінірек аңыз шықты, онда Галилей өз пікірінен бас тартқан, Жердің айналатынына сенбейтінін мойындаған болып, тізе бүккен қалпынан тұра беріп: «Дегенмен Жер айналады!» - деп дауыстады делінеді. Бұл аңызда адамның еркін ойын тұншыктыруға болмайтындығы бейнеленеді. Сөйтіп ғылым дінге қарсы бас көтерді және оның шырмауынан босанып шықты. Әлем құпиясын түсіндіру және табиғат заңдарын айқындау үшін ғалымдар алдында жаңа, даңғыл жол ашылды.
Толығырақ: https://kk.wikipedia.org/wiki/