0 дауыс
42.7k көрілді
Қазақ поэзиясында өзін жаңа бір әлемге айналдырып жіберетін ақындар болмады емес,болды.Бірақ олардың бәрі бірдей сол құдіретті поэзия есігін ашты деп айта алмаймыз. Дегенмен Жалғыз поэмасымен қазақтың талантты біртуар ақыны Жәркен Бөдешұлы сол есікті ашқан сыңайлы.

Жоғарыдағы пікірді негізге ала отырып Жалғыз поэмасы мен автордың ақындық стиліне әдеби сын жазыңыз.Көзқарасыңызға 2-3 дәлел келтіріңіз
Өзіндік көзқарас білдіру.2-3 дәлел келтіру,пікірді негізге алу,әдеби сын форматын сақтау,логикалық бірізділікті сақтау

1 жауап

0 дауыс

«Жәйірден басқа жауы жоқ» жас Жармұһамбеттің өлеңін ести сала «бұл ақын болмаса, мұрнымды кесіп берейін» деген сөзі жас талапты мойындау, талантын бағалау екенін сол жиында отырған жас ақындардың бәрі түсінген-ді. Мұқағали басымен «мұрнымды кесіп берейін» деп айтқан сөзі жас таланттың ақындығына қойылған кепіл сияқты сезіледі. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Жармұһамбет – Жәркен болды. Қазақ әдебиетінің табалдырығын жаңа аттаған жастан тартып, ақсақал-абызының аузында жүр. Мұқағалидың кепілі ақталды ма? Ең басты сұрақ осы.

Бейімделудің әртүрлі формалары болады. Туған жерін қиып, атажұртына келген ақынның бұл жерге бейімделуі оңай болған жоқ деп ойлаймын. Мәскеуде оқығанымен, талантымен ортаны мойындатқанымен, оның жаны, рухы атамекенге бейімделе алған жоқ. Ол бәрібір «Жәйір тауын» аңсайды. Тым болмаса бір рет қақтығысып қалуды армандайды. Ақын сыртқы келбетімен ортамызда жүргенімен, ішкі әлемі, қиялы мүлде басқа дүниеде. «Мен келсем, келдім туыс, бауырым деп, Алатау, Арқа, Алтай, Сауырым деп…» жырлаған ғазалдарына үңілсеңіз, атамекенге деген ерекше құрметті, ілтипатты көресіз. Бұл – ақынның азаматтық позициясы екенін де ұғасыз. Бірақ Жәркен ақын бұл жерді перзенті сияқты сүймейді. Ол «Жәйірді – анам» дейді. Ол Жәйірдің перзенті. Ақынның бір ішкі мұңы да осы. Оның шығармашылығының алтын қазығы – Жәйір. Бұл туған жер тақырыбын айналып өткім-ақ келіп еді. Өйткені, Темірхан Медетбек Жәркен Бөдешке арнаған мақаласында бұл туралы айтқан. Басқа да мақалаларда көп айтылып келеді. Қайталағың келмегенімен, ақынның шығармашылығындағы Жәйір концепциясын айналып өте алмайсың. Еріксіз аялдайсың. Ақынның жанын тура өзі сияқты сезіне алмағаныңмен, өлеңнің жанын түсінесің. «Туған жерге барғанда» өлеңіндегі телегей теңіз махаббат пен ауыр сағынышты, алып іңкәрлікті көрмеу мүмкін емес те:

«Қараған, бұтаның түбінен,
Ұйқысы қанып түнімен –
Ойнап шыққан қояндай,
Орғып-орғып жүгірем.
Орғыған сайын алқындым,
Алқынған сайын шарқ ұрдым.
Соңымнан қалмай жүгірген –
Тасбұлақ,
Өзен,
Самалды,
Болдыртып артқа қалдырдым.
Ойдан қырға орғыдым,
Қырдан нуға орғыдым,
Нудан суға орғыдым,
Табанға қатты батса да,
Орғыдым таудан, тасқа да.
Желбезек ерні түрілген,
Желге қарсы жүгірген.
Ілеспей қалды бөкен де,
Жылтылдап ұшқын түгінен…».

Бұл – ұзақ өлең. Бірақ осы өлеңдегі ақын рухынан басқа Жәркеннің ақындық қуатын байқаймыз. Бұл – ерекше көп жазатын адам. Және өлеңдерінде болсын, дастандарында болсын фольклорлық сипат айқын білінеді. Жазып отырған жырының ішінде өзі, уақыты жүреді:

«Маңдайымнан, табаннан мынау
қатал нарықтың тұрғанымен сызы өтіп,
Қайғыланып қан жұтып,
Мұнарланып мұңайман.
Рамазан айында Қадыр түнін күзетіп,
ағыл-тегіл шабыт бер деп тіледім,
Сөз маржанын тауып бер деп тіледім.
Боз інгенді сауып бер деп тіледім,
Шайтанымды қағып бер деп тіледім.
Айнымайтын бақыт бер деп тіледім,
Баяны ұзақ уақыт бер деп тіледім.
Отанымды, елімді, ұлан-байтақ жерімді,
Дін, тілімді сақтай гөр деп тіледім.
Несібемді қақпай бер деп тіледім –
құдіреті күшті Құдайдан».
(«Оралханға оралу» поэма-монологынан).

Бұрынғы суырыпсалма ақындардың кейпінде көз алдыңа келетін ақынды өз қатарластарымен рухтас, стилі ұқсас деп мүлде айта алмаймыз. Бұл, бүгінгі ақындарға қарағанда, бұрынғы және ертеңгі ақындарға көбірек жақын сияқты. Ертеңгі дейтін себебіміз әдебиет айналып фольклорға келеді. Жаңа стильдер, тың мазмұндар ежелгі мұраға қайта бас сұққанда пайда болады. Тіпті, Батыс әдебиетінің мықты жазушыларының ар жағында «Мың бір түннің» жатқанын айтсақ та жеткілікті шығар. Оның үстіне Жәркен Бөдештің іздеушілері ылғи жастар. Арғы бет, бергі бетіне қарамай, күллі ақын боламын деген жігіттер Бөдеш- ұлын іздейді. Жәй іздемейді, ақынның қуатты поэзиясына ынтығып іздейді. Жастар жақсы көрген ақын, болашаққа сол жастармен барады.
Өткен ғасырдың 60–80-жылдары дүркін-дүркін газет бетіне шығып, қайта-қайта кітаптары басылып жатқан ақын-жазушылардың көбінің аты бүгін беймәлім. Газетіміздің сексен жылдығы қарсаңында ескірген тігінділерді ақтарып отырып та бұған көз жеткізгенбіз. Тіпті, елу жылға да толмай ұмытылып кете береді. Ал Жәркен оқылатын ақын. Ұмытылмайтын. Әрине, жалпы бұқаралық сипат алып, даңқты да болып кетпейтін шығар, кім біледі… Бірақ ақын боламын дейтіндер іздеп жүріп оқиды. Жұмекенді, Тынымбайды іздейтіндері секілді.

Цвейгке жазған хатында Горький: «Шығармаларын жазушының өзінен артық ешкім түсінбейді» деп жазады. Бұл сөз, күллі шығармашылықпен байланысы бар адамдарға қатысты. Және шындығы басым. Жәркен Бөдеш өз шығармашылығына қаншалықты үңіліп көрді екен? Бір сұхбатында тілшінің: «…арғы беттен келген ақын-жазушылардың шығармаларында міндетті түрде «көш» жүреді. «Мен пәлен жылы, пәлен көшпен келіп едім» – деп, тағдырын шығармашылығына арқау етіп жатады. Байқаймын, сіздің өлеңдеріңізде «көш» тақырыбы көп емес сияқты…» деген сұрағына ақын: «Көшті жырлап, шығармашылығыма оралман екенімді арқау етпеймін. Өйткені, ата-жұртымды адаспай таптым. Мен оралман емеспін. Ата-жұртымды аңсап келген қазақпын. Ата-жұртын аңсап келген күрескер ақынмын» деп жауап беріпті. Көшті жырлау дегеніңіз «Көш. Көш…» деген сөздерді айтудан тұрмаса керек. «Бауырым көшіп келгенмен, ауылым көшіп келмеді» деген екі ауыз сөзінің өзінде ақынның ішкі қасіреті, арманы жатыр. Әрине, күрескер ақын. Ол өмір бақи өз рухымен күресіп келеді.

Қарапайым, кей ақындардікімен салыстырғанда қарабайыр, ұсқынсыздау тұрмыс кешіп жүрген аяулы ақынның өлеңдері мазмұн, ой, идея жағынан өте бай. Жәркеннің поэзиясындағы бір ерекшелік деп көне тәмсілдерді (притча) өлеңге айналдырып, содан көркем туынды жасауы. Тіпті, ол тәмсілдерді өзі ойдан құрастыруы да мүмкін. Қалай болған күннің өзінде оқырманын ойсыз қалдырмайды. («Орақ пен балға», «Күрек», «Қарт пен теңге», «Шыңғысханның құдығы», т.б.).

Не айтсаң да құп көретін (онысы жас баланы жасытып алмайын дегені), айтқаныңның бәрі алдында дұрыс болып шығатын ақынның болмысы да қызық. Ол ешқашан біреумен жаға жыртысып, айғайласқан адамға ұқсамайды. Кейде ағаның ініге кіші көріп аузына келгенін айтып жататын кезі болады. Кейде інінің ағаның артық кеткен кезін кешіре алмай, бұртиып жүрген сәті кездеседі. Ал Жәркен сондай әрекеттерден тысқары жүреді. Біреуді жек көрсе, іші біледі. Біреуді жақсы көрсе де, құрметі ішінде.

«Болған емес ешкіммен бақ-таласым,
Бауыр тұтам қазақтың бар баласын.
Мағжаннан қалған қарашаңырақ,
О, дариға-ай,
Жәркеннен де қаларсың!», – деген осы шумақта ақынның бар шындығы жатқандай. Күйбең тіршілікке қаншалықты байлансақ та, күйкі өмірге қаншалықты алдансақ та бәрі өтеді. Сол өткінші өмірде қазақтың бар баласын бауыр тұтып, ешкіммен бақ таласпай өту қандай қиын. Мүмкін сол бақталасатын қасиеті болмағандықтан қатарынан алыс, кейінгіге жақын, қалың оқырманға сүйкімді шығар.

Қазіргі уақытта ақындардың атақты болуға қаншалықты құқығы барын білмеймін. Әлем елдерінде де қазір мынау ақын екен, я жазушы екен деп бас сап, құрмет көрсетіп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан ақындарға құрмет көрсетілмеді деп ренжудің өзі қаншалықты орынды деп ойлап қаласың. Бірақ бағалану жағынан өте әділетті болуымыз керек-тін. Өкінішке қарай, олай емес. Біздің конкурстар үлкенді-кішісі болсын әділет жолын ұстанбаған. Сондықтан да шын жүйрік озбайды. Жәркеннің мүшәйралардың жеңімпазы деп көп естімейтініміз де сондықтан болар.

Ақын Оралхан Бөкейді қатты жақсы көреді. «Түбі сен мен туралы жазасың, мен сен туралы жазамын» деген жазушы сөзі орындалмастай болған. Осы сөзді айтқан жылы көркемсөз шебері бақиға аттанып кетті. Бұл дүниеде «түбі сен мен туралы жазасың…» деген сөз ғана қалды. «…мен сен туралы жазамын» деген нәзірі естелікке ғана айналған. Осы сөзін жадында берік ұстаған ақын «Оралханға оралу немесе Алтайдың ауасы» атты поэма-монолог жазды.

Жәркен Бөдеш объектілеріне өте адал. Толық зерттеп, зерделеп барып, жазу үстеліне отырады. Қаныш Сәтбаевқа, Махамбет пен Жақияға, Жоһар Дудаевқа, Оралханға көлемді шығармалар арнады. Және олардың көркемдік деңгейіне, ақынның эстетикалық талғамына көп сын айта да алмай қаласыз. Сын айту міндет болмаса да…

Ақындар бір қалыпта тұрмайды. Бәрі өседі, басқа арнаға түседі, түрленеді не өшеді. Басында жарқ етіп көрініп, артынан әнге сөз жазып жүріп жоғалып кеткендер қаншама. Олар өздері бар болғанымен, олардың поэзиясы, қуаты жоғалған. Бірақ соны мойындағылары келмей, өлерменденіп жүретіндер де бар. Бір қалыпта тұрмайды дегенді әртүрлі ракурста қараған жөн. Қасымның үмітін ақтаған Ғафу сияқты ақындар аз. Сол аз ақындардың көбі бастапқы бояуларын жоғалтады. Әр кітабын бір-біріне ұқсатпаймын деп те адасып жататындар аз емес. Бұл сөзімізбен ешкімді айыптамаймыз. Бұл – әдебиеттің, ақын-жазушы болудың қиындығын көрсетсе керек. Көп ақындар басында табиғи жазады. Оның өлеңіндегі тегеурін, олпы-солпы түсе қалған жолдар бәрі жарасымды болып тұрады. Өлеңіндегі сазы, буын, ырғақ ерекшеліктері де табиғилығының көлеңкесінде қалып қояды. Кейін ақын өсе келе, өлеңнің техникасын жақсы меңгереді. Өлең жазғанда ұйқастан, ырғақтан, суреттеулерден саңылау жібермейді. Бәрі әдемі сияқты көрініп тұрғанымен, табиғилығынан айырылған өлең, жансыз, көзімізге қуыршақ қалай көрінеді сол секілді әсер етіп қалады. Ондай ақындар бізде тіпті көп. Яғни ақындықты әбден меңгеріп алған. Ал Жәркен баяғы табиғилығынан ажырап қалмаған. Оның көп жазатындығы – артықшылығы, әрі кемшілігі. Ал табиғилығы басты ерекшелігі. Оның өлеңдерінің форма жағынан түрлері көп. Бірақ қай формаға салса да, баяғы табиғилығынан танбайды. Біз көп айтатын блоктық қорқыныш деген сол. Ақынның Қабанбай батырдың тұлпарына арнаған «Қубас ат» өлеңі:

«Тірі болсаң Қабанбай мінген Қубас ат,
Құйрығыңнан алар едім-ау ту жасап.
Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,
Анамыздан батыр болып тумасақ,
Ақын болып тумасақ.

Беу, Қубас ат,
Қубас ат,
Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.
О дүниеден кісінеші күмбірлеп,
Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.
Беу, Қубас ат,
Қубас ат».

Осындай қарапайым күрделі (простая сложность) шумақтарымен-ақ Жәркен поэзиясы айбарлы. Ақынның этнографиялық жадының өзі оған үлкен тақырыптарды қозғайтын қуатты ақын болуға мүмкіндік беріп тұрғандай.

«Боз жусан,
Боз бетеге,
Боздақ қыр,
Боздақтарға бай елмін.
Ботасын ерткен боз інген,
(Айналайын көзіңнен),
Екіқабат әйелдің қасына кеп боздап тұр.
Құрсақта жатқан ұлан ұл,
Тосып жатты құлағын…».

Осындай қасіреттерді қысқа шумақтармен ашуға болатыны тағы дәлелденгендей. Алпысыншы жылдардан кейін прозаға поэзияның талабын, поэзияға прозаның талабын қою басталған. Оның басы Жұмекен, жалғасы Жәркен дерсіз…

Жәркен поэзиясының діңі – Жәйір, мұңы – жалғыздық. Ақынның өлеңдерін оқып отырғанда автордың жалғыз екенін үнемі сезесіз.

«…Жоғалтпасам,
Қайда?
Кәні?
Қайран әкем, әз анам,
Жарық дүние көріп ем ғой,
Мен солардан жаралып.
Жоғалтпасам,
Қайда?
Қыздар құшақтасып гүл кешкен.
Жоғалтпасам,
Достар қайда?
Жаны құрбы, бірге өскен.
Жоғалтпасам,
Қайда, қайда?
Тырдай арық жорға тай,
Ертелі-кеш екі бала
алма-кезек мінгескен…».

Мына өмірде ешкімге артық сенбейтін, ешкімнің сеніміне кіруге де тырыспайтын, тағдырдың ащы-тұщысын бір кісідей көрген тарамыс-тарамыс Жәркен болмысы өлеңдерінің ар жағында қарауытып тұрады. Бейне бір даланың тарпаңындай, бар қуатын ішіне тартып, жасырып тұрған кәрі тұлпарға ұқсайды.

«Жалғыз» поэмасы – жалғыздық концепциясының шыңы. Жалпы, адам жанының жалқы, шын мәнінде әр пенденің жалғыз екенін, ешкімнің қайталанбайтын жаратылыс екенін айқындай түседі. Өз замандастарына қойылған ескерткіш сияқты. Туған даласының әр аймағын, әр тасын, замандасының әрқайсысын жалғыз деу арқылы, олардың Жәркен үшін аса қымбат екенін көрсетеді. Өзін жалғыздау арқылы өз болмысын терең тани түседі. Жалғыз адам қашанда ой үстінде болады. Еркіндікке құлаш ұрады. «Жалғыздықты сүймеген адам еркіндікті де сүймейді» (Шопенгауэр). Мүмкін ақынды айналасындағылар шын түсінбегеннен жалғыз.

Жалпы, жалғыздықты кез келген шығармашылық иесі сезінеді. Білетіндердің сөзіне сенсек, адам санасы белгілі бір деңгейге өскенде өзін жалғыз сезіне бастайды. Сол жалғыздықтан қиналғанымен, рухы тынышталады. Баяғы замандағы ғұламалардың елден оқшауланып, бөлек ғұмыр кешулері де сондықтан болса керек.

Бұл поэма қазақы тәмсілмен басталады. «Ғұлама таулардың тұрғыны арқар, құлжаны кәнігі аңшылар күзде, тек қана күзде аулайды. …Қуатты, қоңды шіркіндер мергеннің қақ жүректен көздеп атқан тосын оғы дөп тигенде былайғы аңдар сияқты бірден құлап түсіп, жантәсілім етпейтін көрінеді. …қорғасын оқтың уы денесіне жайылғанша, сағаттап, тәуліктеп жылжымай қарысып тұра береді екен. Мұны аңшылар қауымы «оққа сүйенген жалғыз арқардай» деген тәмсіл арқылы еске алады».

Жәркеннің де жүрегінің сау-тамтығы жоқ. Өмірдегі болмысына қарап, ешкіммен бармақ басты, көз қыстыға бармаған, біреудің ала жібін аттамаған кісі екен деп ойлайсың. Әңгімесін тыңдағанда өзін Жәркен ақын ретінде алып шығатынына сенетін жалғыз серігі жыры екенін түсінесің. Мына қоғамда сенері де, сүйенері де өлеңі. Жалғыз жырға сүйенген шайыр Жәркен деп ойлайсың. Ойлайсың да, жалғыздығының шыңы поэма болғанда, түйіні мына өлең екен дейсің:

«Ұл кетті Ұлытаудан ұлар аулап,
Қыз кетті қына теріп, қыр алаулап.
Мен қалдым қараша үйдің іргесінде,
Жыландай белден соққан бұралаңдап.
Ошақтың күлін төккен борпаң жерге,
Бозінген түні бойы шығады аунап.
Бозайғыр үйірінен адасып қап,
Бозбие айдалада жүр алаңдап».

P.S.: Жетелеп жеткізген жетпісің құтты болсын, қазақ өлеңінің дәруіші!

Толығырақ: https://dalanews.kz/16460

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
1 жауап
Белгісіз 18.09.2021 Мектеп сұрақ қойды
0 дауыс
3 жауап
0 дауыс
1 жауап
...