0 дауыс
460 көрілді
XX ғасыр ұрпағынан Ұлы Абайға хат (Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналады) Шығарма жоспарымен эпиграфпен керек тезирек

1 жауап

0 дауыс

Ай толтырып мектепте ұстаздық жолды қолдан келгенше шолып көрдік. Ақиқаты, нұрлы мұғалім болу – ұлттың шын ұсталық ісімен айналысу дерсің. Эталон қайраткерлер мен ұлт перзенттерінің қай-қайсы болсын молда алдын көріп, ісін мұғалімдіктен бастап еді. Бар жұмбақ осы. Мектеп жүрегі – ұстаз бен алғыр шәкірт барда мейірім-шапқат шырағы қашан сөнген?!

Барған күннен «Қазақтың бас ақынына» арналған сабаққа, артынша Абайтануға қатыстық. Балалар еркін де ойлы. «Ол «... сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» (Әлихан), «Қор елде туды да қорлықпен өтті» (Шәкерім), «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. ... халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар»(Міржақып), «Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы» (Мұхтар), «Шын хакім» (Мағжан) «Абай бір өзі – бүкіл халықтың есіміне атау. Абайдың ұлылығы – халықтың ұлылығы» (Ғафу)» деп оқушылар ұғынып сөйледі. Көптің күмбезі көтеріле түскен соң да біздерге ізденіс үстінен тайқымауға тура келді. «Абай сөздері дүниеде қалғаны – қазаққа зор бақ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» дейді Ахаң.

Әр дәуірдің өз пікірі, тілек-ниеті  бар. Бүгінгі 16-17 жастағы, көңілі саф мектеп тұрғындарының Ғабитше «Абай – бізге ұлы мектеп» деп «Абайға хат» арнауы заңды. Ескі әлемнің жаңа кейіпкерлері таңғалдырарлық толғаныстың тұрманы түгел, көрікті үлгісін танытты. Сонымен тәуелсіз елдің  жаңашыл, тазабейіл жас Абайтанушылардың ой-пікірін ортаға салсақ.

Алматы облыстық Академик Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған дарынды  балаларға арналған физика-математика мектеп интернатының 10 «Ә» сынып оқушылары; сынып жетекшісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті, Абайтану пәнінің мұғалімі – Бақытнұр Әділов.

Амансыз ба, Абай ата!?

Мен бұл сәтті асыға күттім. Алдында Пушкинге хат жаздым. Ол хат тек Сергейұлының шығармашылығына арналған және орыс тілінде болатын. Ал бұл хат шындық толы ақ қағаз болмақшы. Сіз сүрген дәуірден біздің дәуір айырмасы: біз тәуелсіздікке қол жеткіздік, бейбіт әрі тыныш ғұмыр кешіп жатырмыз. Әр дәуірдің өз кем-жыртық, кетік тұсы  болады. Мен сіз қараңғылықтан шығар дұрыс жол – білім мен ғылым деп атап көрсеткеніңізді бойыма сіңіріп жатырмын. Ертең олар маған қолшам болатынына сенімдімін.

Біздің дәуір: тіліміз ақсаңдап жатқан заман, жетім үйі мен қарттар үйі көп болуымен жаныңды ауыртады. Қазақты қазақ тонап, қан қақсатып жатқан заман. Адамдар білім-ғылымға көңіл бөлгенімен, адамшылықтан жұрдай болған заман. Әз төлі өз бауыр етін өлімге қиған заман, ардақты ата-ананы жол бойына тастап кете берер қатігез заман – осындай аналар мен балалары бар заман. ... Абай ата менің қуанарым – сізді оқыған қазақ саны күннен-күнге еселеп келеді. (жоғарыда) ... атап көрсеткен қиындықтардың шешімі ... шығармаларыңыздың терең тұңғиығында жатқанын білеміз. ... Сол мұраңызды әр қазақ түсінсе, білсе деп армандаймын. Мені жетелейтін – осы, Абай ата. Қуанышым жақында орындалатынына сенімдімін.

...«Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр

Сырымды тоқтатайын айта бермей»

...Бұл, әрине, соңғы хат емес.

Арман Керімбек

Құрметті Абай (Ибраһим) Құнанбаев!

Мен сіздің өміріңізге қуанамын да сүйсінемін әрі қатты өкініш білдіремін. Қуанатын себебім, қазаққа қайталанбас ұлы тұлға келіп, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін, білімін биік-биік сатыларға көтеріп кетті. Қазақ халқын әлем халықтары танитын, мойындайтын дәрежеге жеткізді.

...Ал өкініш ететін себебім, сіз өмір сүрген кезең, сіз өмір сүрген орта, қоғам өте ауыр, ойлыға қомы келмеген қолайсыз кез тұғын. Бір тұста Патша үкіметінің жасап жатқан озбыр-қысымы; екінші жағынан өзім деп, иек артқан адамдардың сенімге қиянаты, қысастық қысапсыз қастығы; ат айналып қазығын тапқан жұртыңыздың өз ішіндегі алауыздық, ынтымақсыздығы мен қазақтың білімсіздігі өміріңізді қиындатты. Сіз қанша ақсүйек тұқымынан шықсаңыз да өте әділ, шыншыл, жамандыққа қаны қас, надандықпен күрескер ұлы тұлға болдыңыз.

... қанша қию да қию қиын ғұмыр кешсеңіз де артыңызда адамгершілігі мол, тәрбиелік мәні зор шығармалар мен кісілік келбет – өшпес із сайрап жатыр. Ешуақ мүлікпен өлшенбейтін өнегелік үшін сізге мың алғыс!

Әкімбек Медхат

...маған ерекше әсер беріп, көңіліме қонғаны сіздің «Ескендір» поэмаңыз. Осы поэманы оқи отырып, мен бейнефильммен («Александр») салыстырдым. Салыстыру нәтижесінде сіздің әр сәтті, әр сюжет ауысымы мен әр кейіпкерді бейнелеу мәнеріңіз бәрінен ерекше, оқшау көрінді.

...Бірақ сіз болмасаңыз, біз Әуезовті бүгінгі биікте таныр ма едік?! Сол үшін сізге үлген рақмет!

Қадырақын Темірлан

Ассалаумағалейкум, Абай Құнанбайұлы!

...Сонау қиын заманда сіз өзіңіздің емес, халық мүддесін ойлап, халықтың көзін ашуға тырыстыңыз. Қазіргі мен өмір сүріп жатқан ғасырда сіздей адамдар көп болса, бұл өмір жақсы жаққа өзгерер ме еді? Мен сізбен жарты сағат сөйлессем, менен бақытты пенде болмайтын шығар, ә?!

Әлімжан Жақыпов

...Сіздің жұмбақтығыңыз бізді еңбек етуге мәжбүрлейді. Сіздің қара сөздеріңізден «толық адам» бейнесін таба білдік.

...«Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл» – осы үшеуінің қосындысы = «Толық адам» бейнесін анық көрсетеді. Абай ата, сіздің даналығыңыз ғасырлармен өлшенеді. Өлең – өмір... «Өлең – сөздің патшасы» болса, Абай – халық даналығының алтын тәжі.

Айсара Бейсен

...Сіз ақындардың атасы емессіз бе? Әдебиеттің алғаш парағын ашқан кезде сізді таныдым. Шығармаларыңызды оқыған кезде... Дерт азабынан арылып, жасыл жайлауда асыр салып, әрі-бері шапқылаған тай-құлындай желпіне жазып қаламын ... ойлы адам болу үшін қажетті-қажетсіз нәрселерді саралай отырып, біздің өмірдегі өз орнымызды табуға ықпал жасадыңыз.

Сізді зерттеу үшін бізге бес жылдың, тіпті он жылдың өзі кемдік етер, себебі сіз таусылмас дария, бағынбаған шыңсыз ғой.

Сәбина Нұрпейіс

...Сіздің әр қара сөзіңіз біздің қазіргі кезде өмір сүруіміз үшін – күнделік іспеттес. Сіз болмасаңыз Қазақ әдебиеті қалай, нендей халдегісін елестету мүмкін емес. ...Түмен сөздің төлбасы Абайдың жыр сөздерімен әлденеміз.

Жеңісбек Мұхамметкерім

...Сізді оқыған кезде әр сөзіне мән бере қараймын. Ертең бұл өмірден өткен кезде сіз айтқандай топырақтың бір бөлігі болып қалмас үшін, атымды ел әрі келер ұрпақ танитындай болу үшін: ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі болу мен «баянды еңбекті» нысаналау керегін мен жақсы білемін.

...Замана ағымымен адамдар да өзгеріп жатыр. Бәрі жақсы, бәрі керемет емес. Келген жаңа заманның да өзінің жырық-тесіктері бар. Ол жырымдар заманға тәуелді емес, адамға тәуелді. Сәл ғана жылулық лебі сезілсе, ол жыртықты жамауға болады. Бұл замаға жетпейтіні тек мейірімділік пен әділдік.

Жұлдыз Жұмаш

Гүлдің ерекшелігі хош иісінде, кемпірқосақ кереметі жеті түрлі түсінде, ал Абай мұрасының ерекшелігі – ең күрделі де көркем туған қазынаға толы сиқыры, қайта кезікпес соны өрнегі мен сыншыл ойы.

... Абай ата, ...сіз осы өлең атты патшалықтардың иесі, сөз жақсысын тудырушы ретінде Қазақ халқының тарихында әз мінбеден түспес, өзгермес те сөнбес Тұлға болып қалдыңыз. ... Сізден көптеген ірі жазушы-ақын бастау алып, көз ашып, сізге қарап бой түзеді.

Олжабай Беген

...Сіздің шамырқанған-шаттан шабыттан туған туындыларыңыз ақыл мен тәрбие сусынына, адамшылық атты аққа толы Тайқазан секілді. Мен одан бір жұтым ұрттағанда-ақ бойым теріс әдеттен лезде айығатындай сезіледі. Сіздің еңбектеріңіз – қараңғы түнде адастырмас шырақ. Мен Абайы бар елде туғаныма мақтанамын!

Диас Мәлік

Ассалаумағалейкум, Абай ата! 

...Әр нәрсені жасар алдында сіздің қара сөздеріңіздегі негізгі ойларды көңіліме түйіп жасаймын. Қазақ халқының мәдениетіне сүңгіп, түбінен керекті маржанын тере білген, сүзе алған бірден-бір ақын, ол – сіз!

Арман Әкімнұр

...Менің білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз екенін сіздің өлеңдеріңіздегі терең гуманистік, жоғары эстетикалық философияға құрылған ойлар мен астар мағыналардың шешімін іздеу кезінде аңғардым. Жер бетіндегі көкірегі ояу, танымы кең адамның қабылдауы да жан-жақты, әр нәрсеге көңіл бөлгіш, байқағыш, ой түйгіш болатыны секілді сіздің «дүниенің көркін болжау» үшін ғылымды игеру, оның пайдасын сезіп-білу керек деген қағидатыңыз да осы ойдың түйіні ретінде бекітіледі.

...Сіздің өлеңдеріңізді оқыған сайын көңілімнің нәзік пернелерін нақ басқан ән-күй, саз үнінің әрбір толқынды иірімдері ұлы жүректің өлеңі боп қайта туғандай жүрекке тұнады.

Бауыржан Олжабай

Қазір ақын десе басқа ақын емес, бірінші сіз түсесіз есіме. Сіздің өлеңдеріңіз мен үшін күн сәулесіндей, сезсең бойыңды жылытады. Ал Күн сәулесі ешқашан сарқылмайды.

Сізді бізге танытқан, біздің жүрегіміздің түкпіріне жеткізген кітап емес, Бақытнұр ағай еді. Ағайдың арқасында сіз біздің көзге көрінбейтін, бірақ ақылды мұраңызбен жол сілтеп отыратын отбасымыздың бір мүшесі – ақсақалы сияқты болып кеттіңіз. Кітап демекші, қазіргі жастар қауымы кітапты көп оқи бермейміз. Сол – жалқаулық.

... ХІХ ғасырда сіз өмір сүрсеңіз, ХХІ ғасырда ақылды өлеңдеріңіз өмір сүріп жүр. Өлеңдеріңіз жай сөздік пен сөреде өмір сүріп жүрген жоқ, әр қазақтың жүрегіне жетіп, өз орнына жайғасып жүр.

Жанерке Мәдениет

«Абай сүрген дәуір Абай дәуірі деп аталады» деп Әуездің немересі Мұхтар айтқандай Сіз өз заманыңыздың гүуілдеп соққан салқын желге қарсы бекініс-қамал салған ақынысыз. Сіздің өміріңіз халық өмірімен өзектес, сабақтас болды. ...Бүгінгілер қоғамнан өз еншісін бөліп алғысы келеді.

Әсел Қожамбек

...Абай ақынды өмір оқытушысы, үгітші, үлгі берер азамат жыршысы болу керек деп біледі. Өзі «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі болды.

Аян Мақсат

...Сіздей жан қазақ әдебиетінің тарихында бір емес, бірнешеу болса ғой, шіркін..!

Ержан Бурбек

...Абай ата, шығармаларыңыздың күшімен мен әлі күнге дейін үмітпен жүремін. Бойымда «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» деген қасиеттерді ұстана отырып, өзімнің Толық адамға жетудегі мақсатымды атқарып жүрмін.

Әнел Әбдірахман

...Сіздің поэзияңыз түнек өмірге қарсы көтерілген алдаспан қылыш секілді. Өлеңдеріңіз тәтті тәнті ету күшімен кіндіктесіп туғандай, қайта-қайта оқығым келеді.

Елнұр Оңласын

...Сіз – мен үшін тұтас бір әлемсіз. Сіз – аспаны биік, түбі – тұңғиық, ұшы-қиыры көз жетпейтін кең дүниесіз. Адамдар оны ғұмыр бойына игеріп бола алмай келе жатқан алыпсыз.

Ұлан Құрбанғали

...Сіздің қара сөздеріңізді, жыр-дастандарыңызды оқи отырып басқа әлемге кіріп кеткендей боламын.

Ақбота Сәрсенбек

...Сіз дүниеден өткелі қазақ даласы басынан түрлі оқиғалар өткізді, талай дүние өзгерді. Ең бастысы – біздің мемлекетіміз Тәуелсіз. Біз өз еліміздің тарихын білеміз. Тарихтағы сіздің орныңызды да білеміз.

Жамбыл Қажиев

Ар ма, Абай ата?!

...Не себепті заман ағынына қарсы жүздіңіз? ...Бұл сұрақтың жауабы сіздің жыр-ғақлияңызбен танысқаннан кейін-ақ айдан анық белгілі болып тұрады.

Сая Әділ

...Бүгін, міне, заман мүлде өзгерді, 

Қазақпын деп шаттанатын кез келді. 

Десе-дағы, Ұлы баба, қызық-ау, 

Қай ұрпағың дәл өзіңдей сөз терді?!

Аягөз Ақат

...Сіз жазған қара сөздер адамның тірішілікке, өмірге құштарлығын оятып, арттырады. «Көкіректе сәулесі жоқтың көңілінде сенімі жоқ». Сіз жайлы көптеген кітаптар жазылғанымен, біз сізді толық зерттеп болған жоқпыз, бәлкім бітпеспіз де.

Айереке Омарқұл

Ассалаумағалейкум! Жоғары мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибраһим мырза!

...Әзірге, сіз бізден әлдеқайда шалғайда болсаңыз да, сіз халықтың әрқашан рухын көтермекті өтеуші жансыз. Сіздің өлеңдеріңізге арқа сүйейтініміз – бас бостандығы үшін күрескен жастар намыс қуып, озбырлықпен арпалысып жүр.

...Сіздің жақында келмеуіңіз – хақ. Сонда да сізді мәселе шешімін табуға келеді деген үміттеміз. Міне, халықтың үні – осы хат!

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/okushyilarga/jogargyi_syinyip/37120/

...