Кеңірдек 5-інші арқа омыртқасының тұсынан оң және сол жақ өкпеге баратын 2 ауатамырға тармақталады. Ауатамыр (гр. bronchus — тыныс алқымы) кеңірдектің жалғасы. Ішкі беті сілемейлі қабықшамен қапталған. Ауатамырлар өкпеде өте көп тармақтарға бөлінген. Ең жіңішке тармақтары ауатамырлық тармақшалар (бронхиола) (гр. bronchioli - кішірею) деп аталады. Ауатамыр тармақшаларының ұштары шоғырланып, іші ауаға толы өкпе көпіршік-терімен (альвеолалармен) аяқталады. Альвеоланың (лат. alveolus - ұяшық, көпіршік, қуыс) диаметрі 0,2-0,3 мм, қабырғалары бір қабат эпителий жасушаларынан тұрады. Өкпе көпіршіктерінің сыртын тұтас қылтамырлар торлап жатады. Қылтамырлар мен өкпе көпіршіктері қабырғаларының арасында газ алмасады. Көпіршіктердің ішіндегі ауа құрамынан оттекі қанға өтеді. Қылтамырлардағы қанның құрамындағы көмірқышқыл газ өкпе көпіршігіне өтеді.