1) Біртұтас мемлекет, унитарлық мемлекет — мемлекеттік немесе ұлттық-мемлекеттік құрылыстың бір түрі. Оның территориясы әкімшілік-аумақтық бөліктерге (аймақтарға, облыстарға, округтерге, аудандарға, департаменттерге және т.б.) бөлінеді.
2) Федеративті мемлекет - заңдық тұрғыда белгілі дәрежеде саяси дербестігі бар жекелеген мемлекеттік құрылымдардан құралған күрделі одақтық мемлекет. Ұлттық-тілдік фактордың рөліне қарай федеративті мемлекет құрылымын былай анықтау қалыптасқан:
- территориялық негізде құрылған федеративті мемлекет (АҚШ, Австралия, Австрия, ГФР, Аргентина, Венессуэлла, Бразилия, Мексика);
- ұлттық негізде құрылған федеративті мемлекет (Үндістан, Бельгия, Нигерия, Пәкістан);
- аралас ұлттық-территориялық негізде құрылған федеративті мемлекет (Ресей, Канада, Швейцария). Федеративті мемлекетке тән, барлық федеративті мемлекеттер негізделген бес бастапқы принциптер: 1) федералды заңның жоғарылығы; 2) мемлекеттік құрылым негіздерінің бірыңғайлығы; 3) федерация аумағында адамдардың, тауар айналымының еркін қозғалысы; 4) федерация субъектісінің біржақты өз бетінше мәртебесін ауыстыруға тыйым салу; 5) мемлекеттік аумақтық тұтастыққа зиян тигізетін федерация субъектісінің бөлінуіне жол бермеу.
3) Конфедерация (кейінгі лат. confederatіo – одақ, бірлестік) – мемлекеттік құрылым формасы, бұл ретте Конфедерация құрушы мемлекеттер өздерінің тәуелсіздігін толығымен сақтап қалады, әрқайсысының өзіндік мемлекеттік билік жүйесі және басқару органдары болады; арнайы бірлескен органдар тек белгілі бір (әскери, сыртқы саяси, т.б.) мақсаттағы іс-әрекеттерді үйлестіріп отыру үшін жасалады. Конфедерацияға мүше елдердің бәріне бірдей ортақ заң шығарушы орган, ортақ азаматтылық, территория, әскери күштер, салық жүйесі болмайды. Осындай егемен елдер одағына мүше әрбір мемлекет өкілдері Конфедерация органдарын құрады, олар қабылдаған шешімдер одақтас мемлекеттердің үкіметтері және заң шығарушы органдарының келісімі мен бекітуі арқылы жүзеге асады. Конфедерация құру туралы келісім Конфедерацияның құрылуының құқықтық негізі болып табылады.